Астана қаласында көші-қон процестерін дамыту перспективалары
25.01.2024
Қалалық мәслихатта Азамат Айтхожиннің төрағалығымен заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті. Отырыстың күн тәртібінде «Астана қаласындағы көші-қон процестерінің қазіргі жағдайы мен даму перспективалары» мәселесі қаралды.
Аталған мәселе бойынша бірінші болып Полиция департаментінің Көші- қон қызметі басқармасының бастығы Ербол Махметов сөз сөйледі. Сөз басында ол ұйым қызметінің негізгі бағыттары туралы айтып өтті, сондай-ақ көші-қон қызметінің өткен жылғы жұмыс нәтижелері туралы есеп берді. Махметовтың айтуынша, мемлекеттік қызметтерді көрсетуде оларды автоматтандыру және электрондық форматқа көшіру процесіне басты назар аударылады. Бүгінде қызметтердің бір бөлігі көші-қон қызметіне жүгінген кезде, екіншілері мемлекеттік корпорация және «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы көрсетіледі. Басқарма бастығы көші-қон заңнамасын бұзушы шетелдіктерді әкімшілік жауапкершілікке тарту, елорда тұрғындарын құжаттандыру бойынша статистика деректерін келтірді.
Халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб басқарма көші-қон саясатын іске асырудың бес бағыты бойынша, оның ішінде қандас, босқын мәртебелерін беру, «Ата жол» картасын ұсыну, шетелдік жұмыс күші мен еңбек мигранттарын тарту бойынша бағыттарда жұмыс істейтінін атап өтті
Мүмкіндікті пайдалана отырып, депутат Владислав Сергеев бір мекенжайға мыңға жуық адамның тіркелуі жағдайлары кездесетін жалған тіркеу мәселесін көтерді. Депутаттың пікірінше, бұл мәселені Астананың мәртебесі туралы заңнама аясында шешуге болады.
Депутат Кендебай Адамбек отырысқа қатысушылардың назарын үш мәселеге аударды. Көрші мемлекеттердегі жалақының төмен деңгейіне байланысты таяу шетелден көші-қон процесінің артуы күтілуде. Елордада қаланы дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған жоспары әзірленген, онда құқық қорғау органдарына арналған индикаторлар бар. ҚР көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді, сондай-ақ, 2019 жылы мәслихатпен көші-қон саясатының қағидалары келісілді. Аталған құжаттарды іске асыру қалай жүріп жатыр, мигранттар ағынының ұлғаюы қалаға қандай қауіп - қатер төндіретініне назар аудару керек. Депутаттың пікірінше, бұл отырыста проблемалық мәселелер талқылануы тиіс. Осыған байланысты мәслихатқа аталған барлық мәселелер бойынша, оның ішінде ішкі көші-қон мәселелері бойынша егжей-тегжейлі есеп ұсыну қажет, өйткені олар экономиканың өсуіне, өңірлердің жағдайын теңестіруге тікелей әсер етеді. Сыртқы көші-қон да маңызды және бұл біздің пайдамызға емес, өйткені жақсы мамандар елден кетуде, біліктілігі жоқ жұмысшылар кіруде. Бұл мәселе барлық деңгейде жүйелі түрде бақылауды қажет етеді.
Депутат Қанат Естек мигранттарды тартатын көптеген кәсіпкерлерді толғандыратын сұрақты қойды. Ол қарапайым ХҚКО-тарында шетелдіктердің еңбек қызметі мерзімін ұзарту мәселесінде әуре-сарсаңға салушылыққа байланысты көптеген шағымдар келіп түсетінін атап өтті.
Мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов мигранттардың қай санатқа жататынына қарамастан, Қазақстан заңнамасының бұзылуына ешқандай жол бермеу қажеттігін атап өтті. Мәслихат төрағасының пікірінше, білікті кадрлардың жетіспеушілігі байқалады. Бүгін спикерлердің баяндамаларында мигранттар, уақытша тұрғындар және т.б. тарапынан жасалатын құқық бұзушылықтарға талдау жасалмады, сондай-ақ Каналимов өзіміздің елде бар мамандарды шет жақтан шақыруға байланысты наразылығын білдірді. Соның салдарынан отандастардың жағдайының нашарлауы орын алады. Құзыретті мамандардың қажеттілігі ғана шетелдік азаматтарды тартуға себеп болуы керек. Сондықтан, шетелдік жұмыс күшінің құрамы мен құрылымы бойынша жеке отырыс өткізілетін болады. Өткен жылдан бері депутаттар көші-қон процестерін цифрландыру қажеттілігі туралы айтып келеді, бүгінгі күнде процестер түгелдей цифрланбаған. Ақпан айының басында полиция қызметін дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізу жоспарлануда. Басқарма Проблемалар картасын ұсынуы керек. Бұрыннан тыйым салынып келе жатқанына қарамастан, сайлау процесі кезінде әкімшілік ғимараттарда 60 мыңға жуық адамның тіркелгені анықталған.
Сонымен қатар, мәслихат төрағасы жеке тұрғын үй құрылысы белсенді жүріп жатқан Ақмола облысымен шекаралас аймақтағы 2-3 елді мекенге қатысты мәселені көтерді, олар ресми карталарда жоқ. Бұл адамдардың кім екендігі, қайдан келгені туралы ақпарат жоқ. Бас жоспарды ескере отырып, көші-қон процестерін түзету жүргізілуі керек.
Депутат Қанат Естек әкімшілік ғимараттарда жеке тұлғалардың тіркелуі мәселесі бойынша рейд жүргізуді ұсынды, өйткені ол өзі де өзіне тиесілі ғимаратта бейтаныс адамдардың тіркелгенін анықтаған.
Заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Азамат Айтхожин қалаға кіреберісте бақылау пункттерін орнату қажет деп есептейді, бұл қалаға есірткінің, бұзылған еттің енгізілуіне және деструктивті мінез-құлқы бар адамдардың кіруіне тосқауыл болатынын айтты.