Қазақстан Республикасы Мәслихаттарының 25 жылдығына
Құрметті елорда тұрғындары!
2019 жылы Қазақстан Республикасында жергілікті өкілді органдар ретінде мәслихаттардың құрылғанына 25 жыл толды.
1993 жылы 10 желтоқсанда Жоғарғы Кеңес «Қазақстан Республикасының жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қабылдады.
1994 жылы республиканың жаңа өкілді органдары – мәслихаттарға депутаттарды сайлау өткізілді.
Жергілікті билік органдары мемлекеттік басқарудағы маңызды буын рөлін атқарады және азаматтарға барынша қолжетімді әрі олардың проблемаларын шешумен айналысады. Мәслихаттар елдегі демократиялық өзгерістерді іске асырудың іргетасын қалыптастыруға өз үлестерін қосуда.
Депутаттық корпус әртүрлі жастағы, кәсіп иелерінің өкілдерінен құралады, сайлаушылардың мүдделерін білдіреді және әкімдікпен бірге әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси міндеттерді орындайды.
Қазіргі уақытта елорда тіршілік тынысына қатысты барлық маңызды мәселелер мәслихат арқылы өтеді. Мәслихат сессияларында қаланы дамытудың экономикалық және әлеуметтік бағдарламалары бекітіліп, елорда әкімдігі бөлімшелері басшыларының есептері тыңдалады.
Мәслихаттардың жұмыс практикасына көпшілік тыңдауларды, қала тұрғындарына әлеуметтік сауалнамаларды, тұрақты бейінді комиссиялардың көшпелі отырыстарын өткізу кіреді. Кідіріссіз шараларды қажет ететін өзекті мәселелерді талқылау үшін мәслихат сессияларына, комиссия отырыстарына мемлекеттік органдардың, ведомстволық бағынысты, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары және мүдделі тұлғалар да шақырылады.
Жергілікті бюджеттің атқарылуын және бюджет қаражаты шығыстарын бөлуді бақылаудағы мәслихаттардың рөлі артты.
Мәслихаттың сайтында орналастырылған кестеге сәйкес депутаттар өз округтарының сайлаушыларымен ай сайынғы кездесулерін өткізеді.
Елордалық мәслихат жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету үшін арнайы сайт жұмыс істейді, Facebook парақшасы құрылған.
Мәслихаттың қызметі, алдында тұрған стратегиялық міндеттері туралы халықты ақпараттандыру мақсатында Нұр-Сұлтан қаласының мәслихаты кітабы дайындалды.