«Астана қаласы мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесінің Ережесі
Астана қаласы мәслихатының
2022 жылғы 22 қыркүйектегі
№230/31-VI шешімімен
бекітілген
«Астана қаласы мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесі туралы
ЕРЕЖЕ
1-тарау. Жалпы ережелер
- «Астана қаласы мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесі, Астана қаласы мәслихатының, оның органдары мен депутаттарының қызметін қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
- «Астана қаласы мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесінің ведомстволары жоқ.
- «Астана қаласы мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесі өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
- «Астана қаласы мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесі ұйымдастырушылық -құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы мен мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Астана қаласы бойынша Қазынашылық департаментінде есеп айырысу шоты бар.
- «Астана қаласы мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесі азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
- «Астана қаласы мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесі егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
- «Астана қаласы мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесі өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Астана қаласы мәслихаты хатшысының өкімдерімен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
- «Астана қаласы мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
- Заңды тұлғаның орналасқан жері-Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, «Сарыарқа» ауданы, Бейбітшілік көшесі, 11, индекс 010000.
- Мемлекеттік органның толық атауы:
мемлекеттік тілде: «Астана қаласы мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесі;
орыс тілінде: государственное учреждение «Аппарат маслихата города Астаны». - Осы Ереже «Астана қаласы мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесінің құрылтай құжаты болып табылады.
- «Астана қаласы мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесінің қызметін қаржыландыру Астана қаласының жергілікті бюджетінен жүзеге асырылады.
- «Астана қаласы мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесіне кәсіпкерлік субъектілерімен «Астана қаласы мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесінің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
2-тарау. Мемлекеттік органның миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері.
- «Астана қаласы мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесінің миссиясы - мәслихаттың, оның органдары мен депутаттарының қызметін қамтамасыз ету.
- Міндеттері:
1) қалалық мәслихаттың, оның органдары мен депутаттарының, ұйымдастырушылық, құжаттамалық, құқықтық, ақпараттық-талдамалық қызметін қамтамасыз ету;
2) қалалық мәслихат қабылдайтын шешімдердің қолданыстағы заңнамаға сәйкестігін қамтамасыз ету;
3) қалалық мәслихаттың, оның органдары мен депутаттарының қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз ету;
4) қалалық мәслихаттың, оның органдары мен депутаттарының қызметі туралы халықтың хабардар болуын қамтамасыз ету;
5) қалалық мәслихаттың және оның органдарының бақылау функцияларын іске асыруды қамтамасыз ету;
6) қалалық мәслихаттың ақпараттық жүйесін жетілдіру;
7) қалалық мәслихат аппараты қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды және қайта даярлауды қамтамасыз ету.
- Функциялары:
1) қалалық мәслихат депутаттарына ұйымдастырушылық, құжаттамалық, құқықтық, ақпараттық-талдау қызметтерін көрсету;
2) қалалық мәслихаттың қарауына енгізілетін нормативтік құқықтық актілер жобаларының және басқа да шешімдер жобаларының қолданыстағы заңнамаға сәйкестігін бақылау, қалалық мәслихат қабылдаған нормативтік құқықтық актілердің мониторингін жүзеге асыру;
3) қалалық мәслихаттың қызметін қамтамасыз етуге арналған шығындарды анықтау, іссапар шығындарын өтеу, депутаттарды қажетті кеңсе құралдарымен және депутаттық қызметті жүзеге асыру үшін өзге де тауарлармен қамтамасыз ету;
4) қалалық мәслихаттың және оның органдарының қызметі туралы мәліметтерді бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды ұйымдастыру, қалалық мәслихат қабылдайтын нормативтік-құқықтық актілерді жариялау;
5) келіп түскен ақпаратты, атқарушы органдар басшыларының есептерін жинау, талдау, қалалық мәслихат депутаттарының алдында өз қызметі туралы есеп беретін мемлекеттік органдар қызметінің нәтижелері туралы анықтамаларды дайындау;
6) мәслихаттың ресми сайтын қалалық мәслихаттың қызметі туралы қажетті ақпаратпен толықтыру және оның бөлімдерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
7) қалалық мәслихат аппаратының қызметкерлерін қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарына жіберу.
- Құқықтары мен міндеттері:
1) белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан және лауазымды тұлғалардан, өзге де ұйымдар мен азаматтардан ақпарат, анықтамалар, есептер, шешімдер жобалары, нормативтік-құқықтық актілер жобаларының бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғаны туралы мәліметтер, ғылыми сараптамалар мен сараптама кеңестерінің қорытындылары, қалалық мәслихат шешімдерінің енгізілген жобалары бойынша қажетті келісулер және өткізілетін сессиялардың және тұрақты (уақытша) комиссиялардың отырыстарының күн тәртібі мәселелері бойынша өзге де құжаттамалар сұрату, мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың қызметкерлерін қалалық мәслихаттың құзыретіне жататын мәселелерді пысықтауға қатысуға тарту, тиісті шешімдер әзірлеу үшін уақытша жұмыс топтарын құру;
2) депутаттардың сауалдарын және депутаттық ұсыныстарды уақтылы қарауды және іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдар мен мекемелерге сауалдар жолдау;
3) қалалық мәслихатқа жолданған заңды және жеке тұлғалардың өтініштерінің орындалу мерзімі мен нәтижесін бақылауды жүзеге асыру;
4) қалалық мәслихаттың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша лауазымды тұлғалар мен мемлекеттік органдарға консультативтік-әдістемелік, ақпараттық, ұйымдастырушылық-техникалық және өзге де көмек көрсету;
5) қалалық мәслихат сессияларын және тұрақты комиссиялардың отырыстарын хаттамалауды қамтамасыз ету.
3-тарау. Мемлекеттік органның қызметін ұйымдастыру
- «Астана қаласы мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесіне басшылықты мәслихат хатшысы жүзеге асырады «Астана қаласы мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесіне жүктелген міндеттердің орындалуына және өз функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болады.
- Мәслихат хатшысын мәслихат сессиясында депутаттар арасынан ашық немесе жасырын дауыс беру арқылы депутаттар жалпы санының көпшілік даусымен сайлайды және қызметінен босатады.
- Қалалық мәслихат хатшысының өкілеттігі:
1) мәслихат сессиясын және оның қарауына енгізілетін мәселелерді дайындауды ұйымдастырады, хаттама жасалуын қамтамасыз етеді және мәслихат сессиясында қабылданған немесе бекітілген шешімдерге, өзге де құжаттарға қол қояды;
2) мәслихат депутаттарына олардың өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына жәрдемдеседі, оларды қажетті ақпаратпен қамтамасыз етеді, депутаттарды мәслихат сессияларына, оның тұрақты комиссияларының және өзге де органдарының жұмысына және сайлау округтерінде қатысу үшін қызметтік міндеттерін орындаудан босатуға байланысты мәселелерді қарайды;
3) депутаттардың сауалдары мен депутаттық өтініштердің қаралуын бақылайды;
4) мәслихат аппаратының қызметіне басшылық жасайды, оның қызметшілерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
5) мәслихатқа сайлаушылардың өтініштері туралы және олар бойынша қабылданған шаралар туралы ақпаратты тұрақты түрде ұсынады;
6) мәслихаттың өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен өзара іс-шараларын ұйымдастырады;
7) өз құзыретіндегі мәселелер бойынша өкімдер шығарады;
8) мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарының және депутаттық топтардың қызметін үйлестіреді;
9) мемлекеттік органдармен, ұйымдармен, жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен және қоғамдық бірлестіктермен қатынастарда мәслихат атынан өкілдік етеді;
10) мәслихат шешімдерінің жариялануын қамтамасыз етеді, олардың орындалуын бақылау жөніндегі шараларды белгілейді;
11) қалалық мәслихаттың қарауына Астана қаласы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы лауазымына тағайындауға кандидатураларды, сондай-ақ оны қызметтен босату туралы ұсыныс енгізеді.
12) мемлекеттік мекеменің атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
13) мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда мемлекеттік мекеменің мүддесін білдіреді;
14) шарттар жасайды;
15) сенімхаттар береді;
16) мәслихат шешімі бойынша өзге де қызметтерді орындайды;
Мәслихат хатшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды оның өкімімен мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірінің төрағасы немесе мәслихат депутаты жүзеге асырады.
- «Астана қаласы мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаға сәйкес мәслихат хатшысымен қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын аппарат басшысы басқарады.
- «Астана қаласы мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесінің жұмыс тәртібі Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы №414-V Еңбек кодексіне сәйкес белгіленген.
4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі
- «Астана қаласы мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесінің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкінің болуы мүмкін.
«Астана қаласы мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесінің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады. - «Астана қаласы мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесіне бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
- Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, «Астана қаласы мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесі өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату
- «Астана қаласы мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесін қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.