Қоғамдық кеңестер туралы үлгілік ереже
Қоғамдық кеңес туралы үлгілік ережені бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2021 жылғы 26 ақпандағы № 69 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 26 ақпанда № 22264 болып тіркелді
ҚР НҚА электрондық түрдегі эталондық бақылау банкі, 04.03.2021 ж.
"Қоғамдық кеңестер туралы" 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 2-1-бабы 2-тармағының 4) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
- Қоса беріліп отырған Қоғамдық кеңес туралы үлгілік ереже бекітілсін.
- Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
- Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму вице-министріне жүктелсін.
- Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы
Ақпарат және қоғамдық даму министрі
А. Балаева
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Бәсекелестікті қорғау және
дамыту агенттігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Мәдениет және спорт министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Стратегиялық жоспарлау және
реформалар агенттігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас
жемқорлыққа қарсы қызмет)
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Сауда және интеграция министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Сыртқы істер министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Төтенше жағдайлар министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Энергетика министрлігі
Қазақстан Республикасы
Ақпарат және қоғамдық даму
министрі
2021 жылғы 26 ақпаны
№ 69 Бұйрықпен
бекітілген
Қоғамдық кеңес туралы үлгілік ереже
1-тарау. Жалпы ережелер
- Осы Қоғамдық кеңес туралы үлгілік ереже (бұдан әрі – үлгілік ереже) "Қоғамдық кеңестер туралы" 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 2-1-бабы 2-тармағының 4) тармақшасына сәйкес әзірленді.
- Осы Заңның 1-бабы 1-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген мемлекеттік органдарды қоспағанда, коммерциялық емес ұйымдармен, азаматтармен бірлесіп, министрліктер немесе Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін органдар, жергілікті мемлекеттік басқару органдары, ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар (бұдан әрі – квазимемлекеттік сектор субъектілері) өздерінің құзыретіндегі мәселелер бойынша құратын консультативтік-кеңесші, байқаушы органдар қоғамдық кеңестер болып табылады.
2-тарау. Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастыру
1-параграф. Қоғамдық кеңесті азаматтық қоғамнан қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының мүшелерін іріктеу
- Қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының (бұдан әрі – жұмыс тобы) құрамы мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің өкілдері қатарынан және конкурстық негізде коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері, азаматтар қатарынан қалыптастырылады.
- Жұмыс тобының сандық құрамын республикалық деңгейде мемлекеттік органның басшысы немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінің атқарушы органының басшысы, жергілікті деңгейде мәслихат хатшысы жұмыс тобының мүшелерін іріктеу жөніндегі конкурсты өткізгенге дейін айқындайды.
Жұмыс тобының құрамында мемлекеттік органнан, квазимемлекеттік сектор субъектісінен өкілдік ету жұмыс тобы мүшелері жалпы санының үштен бірінен аспайды. Осы өкілдіктің дербес құрамын мемлекеттік органның басшысы, квазимемлекеттік сектор субъектісінің атқарушы органының басшысы өз бетінше айқындайды.
Жергілікті деңгейде жұмыс тобының құрамында азаматтық қоғамнан өкілдік ету жұмыс тобы мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісін құрайды және коммерциялық емес ұйымдар мен азаматтардың ұсыныстары негізінде қалыптастырылады.
- Республикалық деңгейде мемлекеттік орган, квазимемлекеттік сектор субъектісі немесе жергілікті деңгейде жергілікті өкілді орган мемлекеттік органдар мен коммерциялық емес ұйымдар өкілдерінің, азаматтардың қатарынан жұмыс тобының сандық құрамын, құжаттарды беру мерзімдерін, сондай-ақ құжаттар жіберілетін пошта және электрондық мекенжайларын көрсете отырып, жұмыс тобының мүшелерін іріктеу жөнінде конкурс өткізу туралы хабарландыруды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды және (немесе) өзінің интернет-ресурсында орналастырады.
- Конкурс өткізу мерзімі конкурс туралы хабарландыру жарияланған күннен кейін он жұмыс күнін құрайды.
- Конкурсқа қатысуға ниет білдірген азаматтар, коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері жұмыс тобының мүшелерін іріктеу жөнінде конкурс өткізу туралы хабарландыру орналастырылған күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде хабарландыруда көрсетілген мынадай құжаттарды қолма-қол береді немесе мемлекеттік органның, квазимемлекеттік сектор субъектісінің немесе жергілікті өкілді органның электрондық мекенжайына жібереді:
1) осы Үлгілік ережеге 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша кандидатураны жұмыс тобының құрамына ұсыну туралы азаматтың өтініші;
2) кандидатураны (бар болған кезде) жұмыс тобының мүшесіне ұсыну туралы коммерциялық емес ұйымның жазбаша ұсынысы;
3) кандидаттың кәсіптік және (немесе) қоғамдық қызметі туралы мәліметтер;
4) Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігінің көшірмесі.
- Құжаттарды қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде мемлекеттік орган, квазимемлекеттік сектор субъектісі немесе жергілікті өкілді орган жұмыс тобына кандидаттардың тізімін қалыптастырады.
- Кандидаттар тізімін қалыптастыру аяқталғаннан кейін күнтізбелік бес күн ішінде жұмыс тобына кандидаттардың қатысуымен жұмыс тобының отырысы өткізіледі. Қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Қоғамдық кеңес мүшелігіне сайлану үшін конкурсқа жіберілмейді.
- Үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, мемлекеттік органдардың және халықаралық ұйымдардың өкілдері болып табылатын дауыс беру құқығы жоқ байқаушылар жұмыс тобының отырыстарына қатысуға жіберіледі.
Республикалық деңгейде мемлекеттік орган, квазимемлекеттік сектор субъектісі немесе жергілікті деңгейде жергілікті өкілді органдар құжаттарды беру мерзімдерін, сондай-ақ құжаттар жіберілетін пошта және электрондық мекенжайларын көрсете отырып, жұмыс тобының мүшелерін іріктеу жөнінде конкурс өткізу туралы хабарландыруды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды және (немесе) өзінің интернет-ресурсында орналастыруды жұмыс тобының мүшелерін іріктеу жөнінде конкурс өткізу туралы хабарландырумен бір мезгілде жүргізеді.
Жұмыс тобының отырысына байқаушы ретінде қатысу үшін байқаушы болуға ниет білдірген адам осы Үлгілік ережеге 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының мүшелерін іріктеу бойынша конкурсқа байқаушы ретінде қатысуға өтінішті республикалық деңгейде мемлекеттік органға, квазимемлекеттік сектор субъектісіне немесе жергілікті деңгейде жергілікті өкілді органға береді не электрондық поштасына жібереді.
- Республикалық деңгейде мемлекеттік орган, квазимемлекеттік сектор субъектісі немесе жергілікті деңгейде жергілікті өкілді орган жұмыс тобы отырысын өткізу уақыты мен орны туралы жұмыс тобының мүшелігіне кандидаттарды, байқаушыларды отырысты өткізгенге дейін кемінде үш жұмыс күні бұрын хабардар етеді.
- Республикалық деңгейде мемлекеттік орган, квазимемлекеттік сектор субъектісі немесе жергілікті деңгейде жергілікті өкілді орган жұмыс тобының отырысын дайындауды және өткізуді ұйымдастыру мәселелерін шешуді қамтамасыз етеді.
- Жұмыс тобының бірінші отырысын республикалық деңгейде – тиісті мемлекеттік органның басшысы, квазимемлекеттік сектор субъектісінің атқарушы органының басшысы, жергілікті деңгейде мәслихат хатшысы жүргізеді.
Жұмыс тобының келесі отырыстарын жұмыс тобының басшысы өткізеді.
- Жұмыс тобының құрамына мүшелерді іріктеу коммерциялық емес ұйымдардан және ашық дауыс беруге қатысушы азаматтардан жұмыс тобының мүшелігіне кандидаттардың көпшілік даусымен жүзеге асырылады. Коммерциялық емес ұйымнан кандидат, азамат өзінің кандидатурасы үшін дауыс беруге қатыспайды.
- Республикалық деңгейде жұмыс тобының құрамын– тиісті мемлекеттік органның бірінші басшысы, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде - квазимемлекеттік сектор субъектісінің атқарушы органының басшысы, ал жергілікті деңгейде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің мәслихат хатшысы бекітеді.
- Жұмыс тобының бірінші отырысында көпшілік дауыспен азаматтық қоғам өкілдері қатарынан жұмыс тобының басшысы сайланады.
- Жұмыс тобының шешімі отырыс аяқталғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде мемлекеттік органның, квазимемлекеттік сектор субъектісінің немесе жергілікті өкілді органның ресми интернет-ресурсында жарияланады.
- Жұмыс тобының отырысында хаттама жүргізіледі, оған жұмыс тобының басшысы қол қояды.
- Жұмыс тобы келесіні жүзеге асырады:
1) халықты Қоғамдық кеңестің мүшелерін сайлау жөніндегі конкурс туралы хабардар етеді;
2) бірінші отырыста Қоғамдық кеңес мүшелерінің сандық құрамын:
республикалық деңгейде:
министрліктер, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін органдар құратын қоғамдық кеңестерде - он бестен отыз мүшеге дейін;
квазимемлекеттік сектор субъектілері құратын қоғамдық кеңестерде - оннан он беске мүшеге дейін;
жергілікті деңгейде Заңның 2-1-бабының 2-тармағы 7) тармақшасының ережелерін ескере отырып айқындайды.
3) Қоғамдық кеңес мүшелерін сайлау рәсімін жүргізеді;
4) Қоғамдық кеңеске кандидаттардың резервтік тізімін қалыптастырады;
5) Қоғамдық кеңес туралы ереженің жобасын әзірлейді.
- Жұмыс тобының отырысы оған жұмыс тобының басшысын есепке ала отырып, жұмыс тобы мүшелерінің жалпы құрамының кемінде үштен екісі қатысқан кезде құқықты деп есептеледі.
- Жұмыс тобының және оның жетекшісінің өкілеттіктері Қоғамдық кеңес Қоғамдық кеңес туралы ережені бекіткеннен кейін тоқтатылады.
- Жұмыс тобы Қоғамдық кеңесті мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің өкілдері қатарынан және конкурстық негізде – коммерциялық емес ұйымдардың өкілдерінен, азаматтардан қалыптастырады.
Қоғамдық кеңес мүшелігіне кандидатураларды коммерциялық емес ұйымдар, азаматтар, оның ішінде өзін-өзі ұсыну жолымен ұсына алады. Қоғамдық кеңестің өкілеттіктер мерзімі үш жылды құрайды.
- Қоғамдық кеңестердің жаңа құрамын қалыптастыру рәсімі Заңда белгіленген тәртіпке сәйкес қоғамдық кеңестердің жұмыс істеп тұрған құрамының өкілеттіктер мерзімі өткенге дейін екі ай бұрын басталады.
- Жұмыс тобы Қоғамдық кеңес мүшелерін сайлау жөнінде конкурс өткізу туралы хабарландыруды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды және (немесе) республикалық деңгейде мемлекеттік органның, квазимемлекеттік сектор субъектісінің немесе жергілікті деңгейде жергілікті өкілді органның интернет-ресурсында орналастырады.
- Хабарландыруда:
1) мемлекеттік органның, квазимемлекеттік сектор субъектісінің немесе жергілікті өкілді органның атауы,
2) құжаттар жіберілетін пошта және электрондық мекенжайлары, конкурсқа қатысу үшін құжаттарды беру мерзімі, олардың тізбесі және Заңның 10-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес кандидаттарға қойылатын талаптар;
3) мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдардың, азаматтардың қатарынан Қоғамдық кеңестің сандық құрамы көрсетіледі.
- Конкурсқа қатысуға ниет білдірген азаматтар, коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері конкурс өткізу туралы хабарландыру жарияланған күннен кейін он жұмыс күні ішінде хабарландыруда көрсетілген қажетті құжаттарды қоса бере отырып, Қоғамдық кеңес мүшелігіне кандидатуралар жөніндегі ұсыныстарды қолма-қол береді немесе мемлекеттік органның, квазимемлекеттік сектор субъектісінің немесе жергілікті өкілді органның электрондық мекенжайына жібереді.
- Жұмыс тобы құжаттарды қабылдау аяқталған күннен кейін он жұмыс күні ішінде отырыста Қоғамдық кеңес мүшелігіне кандидаттардан келіп түскен құжаттарды талқылайды, әрбір кандидатпен әңгімелесу өткізеді және әрбір кандидат бойынша ашық дауыс беруді жүргізеді. Ең көп дауыс жинаған кандидаттар Қоғамдық кеңестің құрамына сайланған болып есептеледі. Бірдей дауыс санын жинаған кандидаттар бойынша жұмыс тобының басшысына шешуші дауыс құқығы беріледі.
- Қоғамдық кеңестің жұмыс істеп тұрған мүшелері Заңның 10-бабында көзделген жалпы негіздерде конкурсқа қатысу үшін өз өтініштерін береді.
- Жұмыс тобының мүшелері ұсынылған құжаттардың негізінде Жұмыс тобы белгілеген нысан бойынша Кандидаттарды бағалау парағын толтырады.
- Жұмыс тобының мүшелері талқылау қорытындылары бойынша кандидаттарды бағалаудың жиынтық балдарын ескере отырып, Қоғамдық кеңестің құрамын ашық дауыс беру арқылы қалыптастырады.
- Қоғамдық кеңесте мемлекеттік органнан, жергілікті өкілді органнан, квазимемлекеттік сектор субъектісінен өкілдік етуді мемлекеттік органның басшысы, мәслихат хатшысы, квазимемлекеттік сектор субъектісінің атқарушы органының басшысы конкурс өткізбей бекітеді.
- Қоғамдық кеңестің қалыптастырылған құрамын республикалық деңгейде – тиісті мемлекеттік органның басшысы, квазимемлекеттік сектор субъектісінде тиісті квазимемлекеттік сектор субъектісінің атқарушы органының басшысы, ал жергілікті деңгейде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің мәслихаты бекітеді және Қоғамдық кеңестің құрамы бекітілгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға және (немесе) республикалық деңгейде мемлекеттік органның, квазимемлекеттік сектор субъектісінің немесе жергілікті деңгейде жергілікті өкілді органның интернет-ресурсында орналастырылуға тиіс.
- Мемлекеттік органнан, квазимемлекеттік сектор субъектісінен өкілдік ететін Қоғамдық кеңес мүшесінің өкілеттіктері тоқтатылған кезде Қоғамдық кеңестің өкілеттіктерін тоқтатқан мүшесінің орнына жаңа мүшесін қосу туралы шешімді тиісті мемлекеттік органның басшысы, тиісті квазимемлекеттік сектор субъектісінің атқарушы органының басшысы, тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік мәслихатының хатшысы қабылдайды.
- Қоғамдық кеңестің құрамына кірмеген азаматтық қоғам өкілдері қатарынан Қоғамдық кеңеске кандидаттардың резервтік тізімі кейіннен Қоғамдық кеңестің құрамынан шығып қалған мүшелерін алмастыру мақсатында жұмыс тобының шешімімен қалыптастырылады.
- Резервтік тізімдегі кандидат Қоғамдық кеңеске мүше болудан бас тартқан және Қоғамдық кеңеске кандидаттардың резервтік тізімінде басқа кандидаттар болмаған жағдайларда, Қоғамдық кеңес Қоғамдық кеңестің құрамына қосымша конкурс өткізу туралы шешім қабылдайды.
- Қоғамдық кеңес қосымша конкурс өткізу үшін Қоғамдық кеңес мүшелерін сайлау жөніндегі конкурс туралы хабарландыруды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды және (немесе) республикалық деңгейде мемлекеттік органның, квазимемлекеттік сектор субъектісінің және жергілікті деңгейде жергілікті өкілді органның интернет-ресурсында орналастырады.
- Хабарландыруда:
1) мемлекеттік органның, квазимемлекеттік сектор субъектісінің, жергілікті өкілді органның атауы;
2) құжаттар жіберілетін пошта және электрондық мекенжайлары, конкурсқа қатысу үшін құжаттарды беру мерзімі, олардың тізбесі және Заңның 10-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес кандидаттарға қойылатын талаптар;
3) мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдардың, азаматтардың қатарынан Қоғамдық кеңестің сандық құрамы көрсетіледі.
- Конкурсқа қатысуға ниет білдірген азаматтар, коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері конкурс өткізу туралы хабарландыру жарияланған күннен кейін он жұмыс күні ішінде Заңның 10-бабының 2-тармағына сәйкес қажетті құжаттарды қоса бере отырып, пошта немесе электрондық мекенжайға ұсыныстар береді.
- Қоғамдық кеңес құжаттарды қабылдау аяқталған күннен кейін он жұмыс күні ішінде отырыста Қоғамдық кеңес мүшелігіне кандидаттар бойынша келіп түскен құжаттарды талқылауды өткізеді және әрбір кандидат бойынша ашық дауыс беруді жүргізеді. Ең көп дауыс жинаған кандидаттар Қоғамдық кеңестің құрамына сайланған болып есептеледі. Бірдей дауыс санын жинаған кандидаттар бойынша Қоғамдық кеңестің төрағасына шешуші дауыс құқығы беріледі.
- Қоғамдық кеңестің жаңа мүшелері өкілеттіктерін тоқтатқан Қоғамдық кеңес мүшелері өкілеттіктерінің қалған мерзіміне сайланады (тағайындалады).
2-параграф. Қоғамдық кеңестің жұмыс органдарын ұйымдастыру
- Қоғамдық кеңес тұрақты және (немесе) уақытша жұмыс органдарын: комитеттерді, сараптама топтарын құрады.
- Қоғамдық кеңес тұрақты жұмыс органдары - комитеттерді құрады. Комитеттердің сандық құрамын Қоғамдық кеңес дербес айқындайды, бұл ретте кемінде үш адамды құрайды.
- Комитеттер Қоғамдық кеңестің шешімімен Қоғамдық кеңестің құзыретіне жатқызылған тиісті саланың немесе тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің қоғамдық маңызы бар мәселелерін зерделеу үшін құрылады.
- Комитеттердің құрамы Қоғамдық кеңес мүшелерінің, коммерциялық емес ұйымдардың, ғылыми, кәсіподақ және басқа да ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сарапшылар қатарынан қалыптастырылады, оны Қоғамдық кеңестің өзі айқындайды және оның отырысында бекітіледі.
- Комитеттердің өкілеттігі Қоғамдық кеңестің шешімі бойынша тоқтатылады.
- Қоғамдық кеңестер уақытша жұмыс органдарын - сараптама топтарын құрады. Сараптама топтары Қоғамдық кеңестің құзыретіне жатқызылған тиісті саланың немесе әкімшілік-аумақтық бірліктің нақты мәселелерін зерделеу үшін Қоғамдық кеңестің шешімімен құрылады.
- Сараптама топтарының құрамы Қоғамдық кеңес мүшелерінің, мемлекеттік органдардың, коммерциялық емес ұйымдардың, ғылыми, кәсіподақ және басқа да мүдделі ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сарапшылар қатарынан қалыптастрылады.
- Қоғамдық кеңестің сараптама топтары:
1) зерделенетін мәселелер бойынша материалдармен алдын ала танысуды және қарау қорытындылары бойынша оның бағытына сәйкес мәселелерді Қоғамдық кеңес комиссиясының отырысында қарауға дайындауды жүзеге асырады; және оның бағыттарына сәйкес оларды Қоғамдық кеңестер комиссияларына қарауға ұсынады;
2) зерделенетін мәселелер бойынша сараптамалық қорытындылардың жобаларын дайындайды және оларды қоғамдық кеңестер комиссияларында қарау үшін оның бағытына сәйкес ұсынады.
- Нақты мәселе жөніндегі материалдарды зерделеу қорытындылары бойынша сараптама тобы қорытынды жасайды және оның бағытына сәйкес Қоғамдық кеңестің тиісті комиссиясына қарауға жібереді.
Сараптама тобының зерделенетін мәселелер бойынша қорытынды материалдарын Қоғамдық кеңес Қоғамдық кеңестің тиісті комиссиясының ұсынысы бойынша қарайды.
3-тарау. Қоғамдық кеңестердің өкілеттіктері
- Министрліктер, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін органдар, сондай-ақ жергілікті мемлекеттік басқару органдары құратын қоғамдық кеңестер өкілеттіктерін Заңның 5-бабына, квазимемлекеттік сектор субъектілері құратын қоғамдық кеңестер өкілеттіктерін Заңның 5-1 бабына сәйкес жүзеге асырады.
- Қоғамдық кеңестер Заңның 5-бабының 1-тармағында және 5-1-бабының 1-тармағында көзделген өкілеттіктерді іске асыру үшін отырыстар өткізеді.
- Қоғамдық кеңестің отырысы оның мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан кезде құқықты деп есептеледі.
Қоғамдық кеңестің отырыстарын бейнеконференция байланысы режимінде өткізуге рұқсат етіледі.
- Қоғамдық кеңестің отырысына мүдделі мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару органдарының, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, бұқаралық ақпарат құралдарының, ғылыми, кәсіподақ және басқа да ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ сарапшылар мен өзге де мамандар шақырылады.
- Мәселелерді қарау нәтижелері бойынша Қоғамдық кеңес Заңның 5-бабының 2-тармағында, 5-1-бабының 2-тармағында көзделген мерзімде мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қарауы және шешімдер қабылдауы міндетті болып табылатын ұсынымдарды қабылдайды.
- Қоғамдық кеңес орталық мемлекеттік органдар, жергілікті өкілді немесе жергілікті атқарушы органдар жіберген азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қарайды.
- Қоғамдық кеңестің хатшысы нормативтік құқықтық актінің жобасын алған кезден бастап ұсыныстар енгізу үшін бір жұмыс күні ішінде Қоғамдық кеңес мүшелеріне қағаз немесе электрондық жеткізгіште не электрондық пошта арқылы жіберуді ұйымдастырады.
- Қоғамдық кеңестің мүшелері екі жұмыс күні ішінде нормативтік құқықтық актінің жобасын қарап, Қоғамдық кеңестің хатшысына нормативтік құқықтық актінің жобасын қарау немесе нормативтік құқықтық актінің жобасын қараусыз қалдыру жөнінде қабылданған шешім туралы хабарлайды.
- Қоғамдық кеңестің хатшысы Қоғамдық кеңес мүшелерінің келіп түскен ұсыныстарын түпкілікті шешім қабылдау үшін Қоғамдық кеңес төрағасының қарауына енгізеді.
- Қоғамдық кеңестің нормативтік құқықтық актінің жобасын қарау немесе қараусыз қалдыру жөніндегі шешімі Қоғамдық кеңес мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда, Қоғамдық кеңес төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
- Қоғамдық кеңес шешім қабылдағаннан кейін бір жұмыс күні ішінде Қоғамдық кеңестің хатшысы орталық мемлекеттік органдарды, жергілікті өкілді немесе жергілікті атқарушы органдарды Қоғамдық кеңестің қабылдаған шешімі туралы хабардар етеді.
- Қоғамдық кеңес нормативтік құқықтық актінің жобасын қарау туралы шешім қабылдағаннан кейін бір жұмыс күні ішінде нормативтік құқықтық актінің жобасы Қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен өтетін оның отырысына қарау үшін енгізіледі.
- Нормативтік құқықтық актінің жобасын қарау қорытындылары бойынша шешім Қоғамдық кеңес мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда, Қоғамдық кеңес төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
- Дауыс беру қорытындыларын ескере отырып, Қоғамдық кеңестің хатшысы қаралатын нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша Қоғамдық кеңес ұсынымдарының жобасын дайындайды және Қоғамдық кеңестің төрағасына қол қоюға енгізеді.
- Қоғамдық кеңестің хатшысы Қоғамдық кеңестің ұсынымдарын Қоғамдық кеңестің төрағасы қол қойған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде нормативтік құқықтық актінің жобасын қарауға ұсынған орталық мемлекеттік органдарға, жергілікті өкілді немесе жергілікті атқарушы органдарға қағаз немесе электрондық жеткізгіштерде не электрондық пошта арқылы жібереді.
- Заңның 5-бабы 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес министрліктер, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін органдар, сондай-ақ жергілікті мемлекеттік басқару органдары құратын қоғамдық кеңестер мемлекеттік органның немесе тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік өңірінің тиісті қызмет саласындағы қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарайды.
- Өтініштерді қарау нәтижелері бойынша Қоғамдық кеңес мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) өз құзыреті бойынша тиісті мемлекеттік органға немесе жергілікті өкілді органға өтініш жіберу туралы;
2) осы өтінішті Қоғамдық кеңестің отырысында қарау туралы;
3) келіп түскен өтінішті қарау бойынша қоғамдық бақылау нысандарының бірін өткізу туралы.
- Қоғамдық кеңестің хатшысы өтініш берушіге оның өтінішіне дайындалған жауапты заңнамада көзделген мерзімде жібереді.
- Қоғамдық кеңестің төрағасы өз өкілеттіктері шеңберінде:
1) Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастырады;
2) отырыстарда төрағалық етеді;
3) Қоғамдық кеңестің атынан құжаттарға қол қояды;
4) Қоғамдық кеңестің шешімдерін іске асыру жөніндегі қызметті үйлестіреді;
5) республикалық мемлекеттік органның, жергілікті мемлекеттік басқару органының, квазимемлекеттік сектор субъектісінің отырыстарына кеңесші дауыс беру құқығымен қатысады;
6) өзі болмаған уақытта төрағаның міндеттерін орындауды Қоғамдық кеңес төралқасы мүшелерінің біріне жүктейді.
- Ұйымдастырушылық мәселелерді шешуді, Қоғамдық кеңес отырыстарын дайындауды және өткізуді, Қоғамдық кеңесте іс жүргізуді ұйымдастыруды және жүргізуді қамтамасыз ету мақсатында Қоғамдық кеңестің хатшысы:
1) Қоғамдық кеңестің отырыстарын дайындау мен өткізудің ұйымдастырушылық мәселелерін шешуді қамтамасыз етеді;
2) Қоғамдық кеңесте іс жүргізуді ұйымдастырады және жүргізеді, сондай-ақ Қоғамдық кеңес шешімдерінің орындалу мерзімдеріне бақылау жасайды.
- Қоғамдық кеңестің хатшысы Қоғамдық кеңес мүшесі болып табылмайды.