Астана қаласы мәслихатының заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының 2023 жылғы наурыздан 2024 жылғы желтоқсанға дейінгі кезеңдегі есебі
11.12.2024
Құрметті депутаттар мен шақырылғандар!
Заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның есебін ұсына отырып, қысқаша комиссияның сандық және сапалық құрамы туралы кейбір мәліметтерге тоқталғым келеді. Бейіндік комиссияның құрамына «AMANAT» партиясының атынан 8 депутат (А.С. Айтхожин, Д.А. Уразалина, Ләйлә Сұлтанқызы, Н.С. Өтешев, Қ. Ғ. Естек, Д.Г. Лория, М. Б. Ажикенова, А.Т. Мағзұм) кіреді, олардың ішінде 4 депутат бір мандатты сайлау округтері бойынша сайланды.
Есепті кезеңде тұрақты комиссия 41 отырыс, 22 көшпелі іс-шаралар өткізді. Мемлекеттік органдарға 85 депутаттық сауал жіберілді, азаматтардың 186 өтініші келіп түсті. Тұрақты комиссияның мүшелері 7 Ведомствоаралық комиссиялар мен жұмыс топтарының құрамына кіреді.
2023 жылғы наурыздан желтоқсанға дейінгі кезеңде жоспарлы отырыстар шеңберінде есептің барлық түрлерінде тұрған кәмелетке толмағандар үшін бос уақытты ұйымдастыру туралы; есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес және елордалық дәріханалар арқылы күшті әсер ететін препараттардың таралу фактілері бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы; бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар арасында құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, осы адамдарды жұмыс орындармен қамтамасыз ету, «Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі құқық қорғау органдары жұмысының жай-күйі туралы» Астана қаласы мәслихаты шешімінің орындалу барысы туралы мәселелер қаралды.
Комиссия отырысында кәмелетке толмағандардың бос уақытын ұйымдастыру мәселесі қаралды. Мемлекеттік органдардың әлеуметтік жағынан аз қамтылған және әлеуметтік осал отбасы балаларына көмек көрсету бойынша жұмыс жүргізіп жатқаны айтылды. Дегенмен, талқылау барысында мен және комиссия мүшелері тарапынан «Артспорт» жобасын жүзеге асыруға қатысты проблемалық мәселелер көтердік. Оператор тарапынан тиісті бақылаудың болмауы шығыстардың негізсіз артуына алып келді, секциялар мен үйірмелерге баратын балалардың дұрыс емес деректерін пайдалану фактілері орын алды, бұл бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалуына әкелді.
Сонымен қатар, «Трамадол», «Тропикамид» сынды күшті әсер ететін дәрілерді дәріханалар арқылы заңсыз сату мәселесі талқыланды. Бұл мәселе өткен шақырылымдағы депутаттар тарапынан көтеріліп, ерекше бақылауда тұр. Комиссия Денсаулық сақтау министрлігіне мұндай препараттардың сатылуына бақылауды күшейту, электронды рецептер енгізу және оларды беру тәртібін қайта қарау туралы ұсыныспен хат жолдауды ұсынды.
Құқық қорғау органдарын есірткі заттарын анықтайтын құрал-жабдықтармен жабдықтау мәселесі де шешімін таппай отыр. Бұл процессуалдық регламенттерді нақтылау қажеттілігіне байланысты.
Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың көбеюі үлкен алаңдаушылық тудырады. Осыған байланысты мен бірнеше рет балалармен профилактикалық жұмыс жүргізу үшін кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторларды мектептерге қайтару туралы ұсыныс жасадым.
Айтылған мәселелердің барлығы жасалған зорлық-зомбылық, кісі өлтіру, зорлау, денсаулыққа ауыр зиян келтіру сияқты әрекеттердің қайталануына әкеп соғады.
2023 жылы қалада кәмелетке толмағандар арасында өз-өзіне қол жұмсау әрекеттері өсті. Осыған орай, жасөспірімдер арасындағы суицидтік мінез-құлықтың алдын алу мәселесі бойынша Көпшілік тыңдаулар өткізіліп, «Суицид пен қорлаудың алдын алу жоспары» таныстырылымы өтті. Атқарушы органдардың атына бірқатар сыни ескертулер айтылды. Депутаттар тарапынан ұсыныстар енгізіліп, олар хаттамаға алынып, мемлекеттік органдарға жолданды.
2024 жылы тұрақты комиссияның жоспарлы отырыстары барысында Астана қаласындағы көші-қон процестерінің жай-күйі мен даму перспективалары, діни ахуалдың жай-күйі және қалада жұмыс істейтін діни бірлестіктердің, миссионерлердің, рухани білім беру ұйымдарының қызметін талдау, «Жастар арасында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған жүргізіліп жатқан шаралар туралы», «Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» мәселелер қаралды.
Жоспардан тыс бірқатар отырыстар өткізіліп, Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің (ТЖД) өрт сөндіру депосының құрылысы мен ТЖД материалдық-техникалық жарақтандырылуының ағымдағы жағдайы туралы есебі тыңдалды.
Екі жылдан бері азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құқық қорғау блогының мәселелерін шешуге баса назар аударылып келеді. Тұрақты комиссия мүшелері Полиция департаменті мен ТЖД нысандарын аралап, жедел шешуді қажет ететін түйткілді мәселелер орнында анықталды.
Мәслихат төрағасы Е.Е. Каналимов бастаған депутаттардың бастамасы бойынша елордада қылмысқа қарсы күрес, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған үш жылдық жоспар - іс-шаралар Жоспарын, сондай-ақ Астана қаласы ТЖД бөлімшелерінің төтенше жағдайларға ден қоюға дайындығын арттыру жөніндегі 2023-2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын әзірлеу қажеттігі туралы ұсыныс енгізілді. Жақында тұрақты комиссияның отырысында басшылардың жоспар тармақтарының орындалуы туралы есептері тыңдалды.
Тұрақты комиссия мүшелерінің ерекше бақылауында есірткі құралдарының айналымына қарсы іс-қимыл және есірткі қылмысына қарсы күрес мәселесі тұр. Бүгінгі таңда есірткіні тарату «Hydra» алаңын, «DarkNet» желісін, сондай-ақ «Telegram» платформасының әлеуметтік желілерін кеңінен пайдалану арқылы жүзеге асырылады.
Есірткіні заңсыз сату кезінде қылмыскерлер қолданатын технологиялар үнемі өзгеріп отырады, сондықтан Полиция департаментін материалдық-техникалық жабдықтау мәселелерін шұғыл шешу қажет.
Тұрақты комиссия қызметінің маңызды бағыты жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы шарттардың жобаларын келісу болып табылады. Бұл мәселе ай сайын дерлік қарастырылады. Мәселелерді пысықтау барысында тұрақты комиссияның мүшелері тұрақты комиссияның отырысына дейін нысандарға барады.
Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 78-бабына сәйкес Тұрақты комиссияның отырысында 2025-2027 жылдарға арналған бюджет жобасы қаралды. Өртті сөндірумен айналысатын қызметкерлерді қорғау құралдарымен жарақтандыру; 6 депоны күрделі жөндеуді аяқтау және 3 депо салу; ТЖД қызметкерлерінің құқықтарын тұрғын үй төлемдері, жалақыны арттыру бөлігінде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің құқықтарымен теңестіру; автобустардың соңғы аялдамаларында учаскелік полиция пункттерін және Агроқалашықтардың тұрғын алабында екі пункт орнату; Астана қаласының Денсаулық сақтауды дамытудың 2025-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру шеңберінде жедел жәрдем машиналарын бейнебақылау камераларымен және «Антисон» аспаптарымен жарақтандыру және т. б. мәселелерді шешу жөнінде ұсыныстар енгізілді.
Қорытындылай келе, өз әріптестеріме, басқа комиссиялардың депутаттарына жемісті және белсенді жұмысы, қалалық мәслихаттың комиссиялары мен сессияларының жұмысына қатысқаны үшін алғыс айтамын.