Мәслихат хатшысы Ж.Г. Нурпиисовтың төрағалық етуімен астаналық мәслихатта өткен бұқаралық тыңдалымда қала тұрғындарына сауда қызмет көрсету және көрсетілетін қызметтер сапасы деңгейін арттыру жағдайы талқыға салынды.
30.06.2016
Тыңдалымда сәйкес баяндамамен қаланың өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасы басшысының м.а. Рысгуль Каугабаева сөз сөйлеген.
Бүгінгі таңда қаладағы сауда желілерінің даму деңгейі бойынша аймақ экономикасы туралы айтуға болады. Сауда және қызмет көрсету саласы ЖІӨ құрылымында 70% құрайды. Баяндамашының сөзіне сәйкес астанадағы бөлшек сауда айналымы көлемі 2011 жылмен салыстырғанда 2 есеге артқан, ал көтерме сауда желісі арқылы сату 1,6 есе артқан. Соңғы көрсеткіш бойынша Астана республика бойынша көш басында тұр. Осы салаға инвестиция көлемі соңғы 5 жыл ішінде 3,5 есеге дейін артқан. Сауда саласында қызмет ететіндер саны 197 мың адамды құрайды, басқа сөзбен айтқанда астананың әрбір бесінші тұрғыны сауда саласында қызмет етеді, олардың орташа еңбек ақысы 145 600 теңгені құрайды.
Астанадағы сауда нысандарының жалпы саны 2,5 мыңнан асады, оның ішінде – 25 – сауда базарлары, 7 – сауда ойын-сауық орталықтары, 13- сауда желісі, қалғандары – шағын және ірі дүкендер.
Бұрыннан келе жатқан базардағы сауда мәселесінің түйткілдерінің бірі салықтық түсімдердің ашық болмауы болып табылады. Осыған байланысты келесі жылы қаңтар айынан бастап сауда нысандарының қызметін реттейтін заңнамадағы өзгерістерге байланысты жалға алу келісім-шарттары тізілімі жүргізілетін болады, оларда жалға берушілер өз жалгерлері туралы толық ақпаратты, жалға алу төлемі сомасын, нысанның орналасқан орнын және т.б. көрсетіп отырады. Нарықтық сауда нысандары иелерінің негізгі тәртіп бұзуы санитарлық-эпидемиологиялық рұқсаттың болмауы, жерді өз бетінше пайдалану, санитарлық қорытындысы жоқ тамақтану орындарының болуы, орталықтандырылған желілерге жалғау және т.б. болып табылады.
- Осындай өрескел бұзу үшін базарлар иелері жалпы айыппұл сомасы 10,5 миллион теңгеден асатын әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар, сәйкес рұқсат құжаттары жоқ заңсыз орнатылған контейнерлер мен құрылымдар анықталған. Мысалы, «Шарын» базарында 70 контейнер бұзылған, - деп қосты Р.Каугабаева.
Ол жастар арасындағы кәсіпкерліктің дамуы мәселесіне де тоқталды. Жастарға арналған әлеуметтік бағдарлама шеңберінде сауда саласындағы 14 жоба субсидияланған, бұл бағдарламаға 29 жасқа дейінгі кез келген азамат қатыса алады.
Стихиялық саудаға қатысты жағдайды баяндамашы жан-жақты баяндап берді. Жыл басынан бері қалада 384 заңсыз орнатылған сауда павильондары бұзылған. 204 «Белгіленбеген орындардағы сауда» бабы бойынша жауапкершілікке тартылғандар ендігі жерде сомасы 9,5 миллион теңге болатын айыппұл төлеуге міндетті.
Р.Каугабаеваның сөзіне сәйкес стихиялық сауданың артуының басты себебі айыппұл мөлшерінің аз болуы болып табылады.
Қазіргі кезде жоғарыда аталған бапта қарастырылған айыппұл мөлшері 5 АЕК құрайды, қайта тәртіп бұзған жағдайда – 10 АЕК болады. Стихиялық сауданың баламасы ретінде заңды түрде жұмыс жасағысы келетіндер үшін астана әкімдігі «1000 орын. Көше саудасы» бағдарламасына қатысуға шақырады. Бағдарлама шеңберінде мақсатты тағайындалуы, ауданы, жеке павильон немесе шағын қондырғы болуына тәуелді сауда нысанының қасбетіне қойылатын талаптар көрсетілген орындар мен нысандар тізімі көрсетілген. Бұл жағдайда үлескі 7 жыл мерзімге жалға беріледі.
Сонымен қатар, түйткілді мәселелер қатарында баяндамашы астана аумағында орналасқан, бірақ салықтарын басқа аумақтарға төлейтін базарлар мен сауда орталықтарының болуын айтып кетті. Сонымен қатар, ауданы 50 шаршы метрден аспайтын дүкендер тек наразылықтар мен арыз болған жағдайда ғана тексеріледі. Басқа жағдайда өкілетті орган тексеруге құқылы болмайды.
Пікірталас барысында депутаттар көп жағдайда шағын дүкендер мен мейрамханалар қоқыс шығаруға сәйкес келісім-шарт жасаспастан, өз қоқыстарын тұрғын үйлерге арналған және аулада орналасқан контейнерлерге тастайтынына назар аударды. Ғаламтор саудасына да баса назар аудару керек. Халық қалаулыларының пікірінше, электронды сауда секторына мұқият мониторинг жасау керек, оның төлемдері көп жағдайда қаланың салық базасы мен бюджетінен тыс өтіп жатады.
Тыңдалым барысында Астана қаласының тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің басшысының орынбасары Мейрамгали Молдашев тұтынушы мен қызмет берушінің қатынастарын реттейтін заңнамадағы өзгерістер туралы айтты.
ҚР «Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы» заңы 3 жаңа баппен толықтырылды және 23 бап жаңа тармақтармен толықтырылды.
Сатушы бөліп төлеуге алынған тауар құнын арттыруға немесе алдын ала жасалған кепілдік төлемді қайтармауға құқылы болмайды, сонымен қатар, артық тауар ұсынуға да құқылы емес. Өкілетті органның тауар және кепілдемелік мерзім туралы толық ақпарат алған жағдайда тұтынушылар құқықтары бұзылғанда әкімшілік шара қолдануға өкілеттілік алды.
Белгіленген мерзім ішінде тауарды айырбастау немесе қайтарудан бас тартқан жағдайда сатып алушы сот арқылы әр мерзімі асқан күн үшін 1% мөлшерінде тұрақсыздық төлетуге құқылы болады. Бұдан басқа тұтынушы техникалық регламент және нормативті-құқықтық актілер талаптарына сәйкес келмейтін жарамдылық мерзімі өткен тауарларды 30 күнтізбелік күн ішінде қайтара алады. Бұл жағдайда тауардың қолданылғаны немесе тауарлық қасиеттерінің сақталғаны маңызды болмайды.
Депутаттардың сөзіне сәйкес бүгінгі таңда нарықтар қызметінде жариялылықтың болмауына баса назар аудару керек, мұнда салықтар толық көлемде төленбейді.
Бұқаралық тыңдалымға Астана қаласы аудандарының әкімдерінің орынбасарлары, астаналық басқармалар мен департаменттердің, қала және аудандардың жергілікті полиция қызметінің басшылары, қоғамдық бірлестіктер өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысқан.