Мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы қолдану мәселелері жөніндегі Депутат күні
29.02.2024
Қалалық мәслихатта жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы қолдану мәселелері жөнінде Депутат күні өтті.
Активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Нұрлан Әлімжанов сөз сөйлеп, іс-шара қатысушыларына әкімдіктің соңғы отырысында мемлекеттік сатып алу мәселесіне басты назар аударылғаны жөнінде баяндады. Қолданыстағы заңнаманы өзгерту туралы ұсыныстар енгізу қажеттілігі туындады. Осыған байланысты, «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңының жаңа жобасы ҚР Парламенті Мәжілісіне жолданды. Техникалық қадағалау жөніндегі инжинирингтік қызметтерді сатып алу рейтингтік-балдық жүйені пайдалана отырып өткізілетін конкурспен жүзеге асырылатын болады.
Құрылысқа байланысты жұмыстар бойынша қоғамдық мониторинг енгізу, құрылыс саласында «даяр етіп беретін» шарттарды жасасу мүмкіндігін – EPC келісімшарттарын енгізу ұсынылады, мұнда жобалау және құрылыс жұмыстарын бір өнім беруші орындайды.
Сондай-ақ, шағымдану тәртібін өзгерту көзделеді, оған сәйкес басқарма, мысалы, өз әрекеттеріне баға береді. Бұның артында, баяндамашының пікірінше, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жатыр. Өзгерістердің оң тұсы -отандық өндірушілерге артықшылық берілетіндігі, бұл жобаны іске асыру мерзімін қысқартуға ықпал ететін болады және көп жағдайда тауарлардың сапасы жақсы болады.
Депутат Нұрлан Өтешев депутаттар басқарманың отандық өндірушілерге артықшылық беруге қатысты ұсыныстарын қолдайтынын айтты. Депутаттың пікірінше, отандық тауарларды сатып алу тәжірибесін зерделеу керек. Осы мақсатта мемлекеттік гранттық қаржыландыруды пайдалануға болады. Мәселен, бүгінгі таңда «Азаматтық бастамаларды қолдау ұлттық орталығы» гранттардың бірыңғай операторы болып табылады және осы салада айтарлықтай жұмыс тәжірибесі бар.
Депутат Владислав Сергеев активтер басқармасы басшысының заңнамаға өзгерістер енгізуге қатысты алаңдаушылығын қолдады, мұнда елеулі сыбайлас жемқорлық тәуекелі бар. Ол бұл мәселені ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарымен талқылап, мәслихат депутаттары мен «AMANAT» партиясының мүшелерінен өз ұсыныстары мен шешім жолдарын дайындауды ұсынды.
Депутат Бауыржан Смайылов қоқыс жинауға қатысты мемлекеттік сатып алу рәсімі мәселесін көтерді. Депутаттың айтуынша, техникалық ерекшелікте қатардағы ұйымдар қамтамасыз ете алмайтын шарттар жазылған, мәселен, арнайы техниканың болуы, ондай техника «Астана Тазалық» ЖШС-де бар. Сондықтан, олар жеңеді. Депутат конкурстық комиссияның жұмысына мәслихат депутаттары неге қатыстырылмайтынын сұрады.
Депутат Табиғат Зейнұлқабден сатып алу рәсімінің ұзаққа созылуы туралы мәселені көтерді, ол шағымдану мерзімімен 2-3 айды құрайды. Егер жеткізуші жосықсыз болса, мерзім тағы 2 айға созылады. Сондай-ақ, ол ЖК бойынша мәселеге тоқталды, олар ұсақ материалдар бойынша бағаны демпингтейді, яғни негізсіз төмендетеді, нәтижесінде, олар жеңеді. Алайда, кейіннен ЖК-ке тапсырыс жіберсең, ол жауап бермейді, жоғалып кетеді. Жеткізуші қаржылық тұрақтылық көрсеткішін көрсетуі керек. Мәселен, «Астана Су арнасы» суды тазарту үшін реагенттерді сатып алады, ал тауардың келуі ұзақ уақытты алады.
Депутат Мәулен Самамбетов көптеген мәселелер квазимемлекеттік сектормен байланысты екенін, проблемалар бар екенін атап өтті. Мерзімдерді қысқарту өте маңызды, егер жеткізуші жалғыз болса, конкурсты қайта өткізу қажет болады, ал бұл уақыт бойынша шығынды. Осыған байланысты, депутат тапсырыс берушілерді, коммуналдық қызмет өкілдерін мәслихат алаңында немесе активтер басқармасы алаңында жинауды және олардың пікірін, ұсыныстарын сұрауды ұсынды. Нәтижесінде барлық ұсыныстарды зерделеп, оларды ҚР Парламенті Мәжілісіне енгізу қажет.
Сондай-ақ, депутат «Астананың мәртебесі туралы» ҚР Заңына негізінен тек бір қызмет түрімен айналысатын квазимемлекеттік сектор кәсіпорындарын қосуды ұсынды. Мәселен, «Астана орманы» ЖШС тек елорданың жасыл белдеуін абаттандырумен ғана айналысады. Депутаттың пікірінше, қалаға тәулік бойы қызмет көрсететін коммуналдық қызметтерді қолдау қажет. Бұған қоса, Мемлекет басшысының қаланы ретке келтіру және оны көгалдандыруды қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалары бар. Бұл кәсіпорындарды бір сәтте таратып жіберуге болмайды, онда екі-үш мыңға жуық адам жұмыс істейді.