Елордадағы қоғамдық көліктің жұмысы
24.01.2024
Владислав Сергеевтің төрағалығымен өткен құрылыс, экология, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы Астана қаласында қоғамдық көлік жұмысының сапасын арттыру мәселесіне және ағымдағы жылға арналған жұмыс жоспарларына арналды.
Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Асхат Қарағойшин автобус маршруттарының ағымдағы жай-күйі және аялдама павильондарын жайластыру мәселесі туралы баяндады. 2024 жылы автобус паркін 100 бірлікке толықтыру күтілуде, кейіннен тағы 200 көлік бірлігін сатып алу жоспарлануда. Басқарма басшысының айтуынша, қоғамдық көлік қызметі саласындағы ең басты проблемалардың бірі қала тұрғындарының билетсіз жүруі болып табылады. Шұғыл шараларды талап ететін тағы бір мәселе - ол жүргізушілердің тапшылығы, бүгінде 1100-ге жуық маман жетіспейді.
«City Transportation Sistems» ЖШС (CTS) Басқарма төрағасының м.а. Абат Шыныбеков кәсіпорынның қызметі елорда тұрғындарын тасымалдауға қолайлы және қауіпсіз жағдай жасауға бағытталғанын айтты. Қала тұрғындарының 48% - ы қоғамдық көлік қызметін пайдаланады. Баяндама барысында Шыныбеков 2023 жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, қоғамдық көлік жұмысының сапасын жақсарту бойынша ағымдағы жылға арналған жоспарлары туралы баяндады.
Отырыс қарсаңында депутаттар қоғамдық көлік жұмысы мәселелері бойынша мониторинг жүргізді. Депутат Кендебай Адамбек спикерлердің осы салада білімді, тәжірибелі, білікті мамандар екенін атап өтіп, олардан үлкен жетістіктер күтілетінін айтты. Бюджет жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы ретінде ол жолаушылар тасымалын субсидиялау мәселесі отырыс барысында егжей-тегжейлі қаралатынын атап өтті. Депутат мәслихатқа шешілмеген мәселелер, оның ішінде кәсіпорын қызметкерлерінің тұрғын үй жағдайын жақсартуға қатысты әлеуметтік мәселелер бойынша ақпарат жіберуді сұрады. Отырыстардың бірінде автопарк қызметкерлеріне тұрғын үй салуға жер бөлу туралы сөз қозғалған болатын, алайда басқармадан ұсыныстар түскен жоқ. Сондай-ақ, депутаттың пікірінше, басшылар бірқатар проблемалық мәселелер туралы сөз қозғамады. Маршруттарды өзгертуге қатысты түбегейлі шаралар қабылдау қажет. Көше-жол желісін жеңілдету мәселелері бүгін айтылмай қалған жоба аясында іске асырылуы тиіс еді. IKomek қызметінің телефонына түскен 20 мыңдай өтініш автобус қозғалысы аралығының сақталмауына қатысты екені белгілі, ал екінші мәселе – мамандардың жетіспеушілігі. Демек, өтініштердің 50%-ы шешілмеген екі мәселеге байланысты болып отыр. Тұрақты комиссия депутаттары 9 маршрутқа мониторинг жүргізді, нәтижесінде азаматтардың автобус қозғалысы аралығының сақталмауына қатысты шағымдары расталды. Алайда, Адамбек атап өткендей, өткен жылғы мониторинг қорытындыларымен салыстырғанда, жақсы жаққа өзгерістер бар.
Депутат Азамат Айтхожин Мичурин, Учхоз, Күйгенжар тұрғын алаптары тұрғындарының мәселелерін шешудегі жеделдік үшін алғысын білдірді. Депутат жауапсыз мердігерлердің салдарынан 2021 және 2022 жылдардан бері келе жатқан жол құрылыстары жобаларын аяқтауды ұсынды. Аудан әкімдіктерімен бірлесіп аялдама павильондарына тексеру жүргізу қажет. Айтхожин жылы аялдамаларды негізінен қаланың шеткі аймақтарында орнатуды және Железнодрожный тұрғын алабындағы «Строитель» ескі кинотеатры аумағында теміржол жолдары үстінен көпір салуды бастауды ұсынды.
Депутат Бауыржан Смайылов 15-округ тұрғындарының қоғамдық көліктің, атап айтқанда 64 автобустың жұмысына қатысты наразылығын жеткізді.
Мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов өткен жылы депутаттар бірқатар ұсыныстар жібергенін еске салды. Каналимовтың пікірінше, айналма жолмен жүретін қоғамдық көлік мәселесі бойынша ірі мегаполистердің жұмыс тәжірибесін зерделеу қажет. Жұмыс қағидасын өзгерту қажет, өйткені қала тез өсіп келеді. Қанша автобус сатып алынса да, олар әрдайым жетіспейтін болады. Тұрғындардың 20-30% - ы жол ақысын төлемейді деген әңгіме бірінші жыл емес, бірнеше жыл айтылып келеді. Басқарма өкілдері депутаттарға жаңа төлем жүйесі құрылатынын айтқан болатын, бірақ ол орындалмады. Бұл мәселені зерттеу қажет, депутаттар мысалы, Канада тәжірибесін қарастыруды ұсынған. Жаңа маршруттарды құру кезінде келіп түскен өтініштерге сүйеніп, осы мәселе бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізу қажет. Қажет емес жаңа маршруттар құрудың мағынасы не? Сондай-ақ, соңғы аялдамалар мәселелерін шешу керек, жүргізушілер дұрыс демала алатындай, оларды дәретханалармен, асханалармен жабдықтау керек. Депутаттар бұл мәселені қарастырып, қаржыландыруға бюджеттік өтінім дайындауды ұсынған болатын. Мәслихат төрағасы көтерген келесі мәселе Ақмола облысына қарасты елордаға іргелес елді мекендерден жолаушылар ағынына қатысты болды. Талдау қорытындысы бойынша күн сайын қалаға 80-100 мыңға жуық азамат қатынайды. Басқарма жүру аралығы 1 сағат болатын 322-автобус бағытында, жүру аралығы 25 минут 34-автобус бағытында және 306-бағытта көлік сандарын көбейтуге уәде берген. Іс жүзінде, қозғалыс аралықтары әлдеқайда үлкен және автобустардың жетіспеушілігі өткір тұр. Мәслихат төрағасының пікірінше, жағдайды қалпына келтіру үшін 109 нөміріне келіп түскен азаматтардың өтініштеріне талдау жүргізіп, барлық проблемалық мәселелерді іске асыру бойынша Жол картасын дайындау қажет.
Д санатына қатысты депутат Ғабит Тәжімұратов бейінді министрлікке хат жолданғанын еске салды. Жауапта мәселе ҚР ІІМ жәрдемдесуімен ғана шешілуі мүмкін екендігі айтылған. Бұл мәселе бүгін шешіліп жатыр ма. Сондай-ақ, депутат өз округіндегі автобус маршруттары кестесінің өзгеруі мәселесін көтерді. Оңғарсынова көшесі мен Вена кварталының тұрғындары балалардың мектепке кешікпей жетуі үшін маршрутты өзгертуді сұрайды.
Депутат Сәуле Самидин жаңа автобустар сатып алғанда жүргізушілердің қауіпсіздігін ескеру қажет деп санайды. Ол жолаушының соққысынан жүргізуші есінен танып, нәтижесінде адамдар қаза тапқан Алматыда орын алған жағдай туралы еске салды. Сондай-ақ, депутаттың пікірінше, мектептердің құрылысы аяқталғанға дейін жолдар салынып, аялдамалар мен уақытша тұрақтар үшін орындар қарастырылуы керек. Мысал ретінде ол Қайсенов көшесін келтірді, онда үш мектеп орналасқан, алайда бірде-бір автобус маршруты өтпейді. Депутаттың пікірі бойынша, бірінші кезекте жаңа маршруттар құру кезінде әлеуметтік объектілерді ескеру қажет.
Қоғамдық көлік жұмысын бақылау бойынша өз нәтижелері туралы депутат Қанат Естек баяндады. Ол 11-ші автобус бағытын 51 минут бойы күткенін айтты, жүргізуші микрофонның нашар жұмысына, кейбір аялдамаларда ақпараттық тақталардың, жүргізушілерге арналған дәретханалардың жоқтығына шағымданғанын атап өтті. Бұл мәселені депутаттар 2012 жылдан бастап көтеріп келеді, алайда әлі күнге дейін шешілген жоқ. Өнеркәсіптік аймақта автобустың асты теміржол жолдарын сүйкеп өтеді. Аталған бағытты бақылау барысында депутат ЖКО куәгері болған. Осыған байланысты депутат тұрғындардың шағымдарына жедел ден қою үшін айына бір рет көшпелі кеңестер өткізуді ұсынды.
Үркер тұрғын алабы тұрғындарының шағымдарын Бахаргүл Төлеген жеткізді. Тұрғындар аялдамалардың ойластырылмай орналастырылуына және автобустардың жетіспеушілігіне шағымданады.
Мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов әріптестерінің жылы аялдамалар салуға қатысты ұсыныстарын қолдады, алайда олар күтімді қажет етеді, бұл екінші мәселе. Жылы аялдамаларды аудан әкімдіктеріне бергеннен бері олардың жағдайы нашарлады. Осыған байланысты Каналимов қаланың бес ауданының әкімдері, көлік басқармасы, СТС, ПД өкілдерінің қатысуымен жұмыс отырысын өткізуді және аялдамаларды әлеуметтік объектілердің жанында, қала шетінде, тұрғындар көп жиналатын жерлерде басымырақ орналастыру мәселелерін талқылауды ұсынды.
Тұрақты комиссияның төрағасы Владислав Сергеев отырыс соңында депутаттар мүдделі органдар мен ұйымдарға проблемалық мәселелерді шешуге, көлік тұжырымдамасын әзірлеуге, жаңа автобустар сатып алуға алдын ала дайындыққа, жолаушылардың тегін жүруін барынша азайту үшін электрондық төлем жүйесін құруға жәрдемдесуге дайын екенін атап өтті.