Планирование бюджета на социальную сферу
05.10.2022
Қалалық мәслихатта Алтыншаш Табулдинаның төрағалығымен әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті.
Күн тәртібі бойынша бірінші болып қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб сөз сөйледі. Соңғы отырыста басқармаға ХӘОТ санатына жататын және газға жеңілдікпен қосылуға құқығы бар отбасылардың саны туралы ақпарат дайындау жөнінде тапсырма берілген. 712 отбасы анықталды, 350 отбасы бұл қызметті алған, қалған отбасылар осы жеңілдікті пайдалануға құқылы екендігі туралы хабардар етілді. Ең жоғары атаулы әлеуметтік төлем сомасы 140 мың теңгеге дейін ұлғайтылды (бұрын 90 мың теңге болған). Алайда, бірқатар мәселелер де бар, қалада инватакси қызметтерін ұсыну үшін мамандандырылған көліктердің саны жеткіліксіз, тіс протездеу қызметтерімен қамтамасыз ету бойынша мәселелер бар.
Депутат Азамат Айтқожин басқарма басшысымен кездесу барысында ағымдағы жылы қаржылық мүмкіндіктің болмауына байланысты бұл қаражатты келесі жылға салу керектігі айтылғанын атап өтті. Екінші мәселе мүгедектерді жұмысқа орналастыруға қатысты болды. Депутаттың пікірінше, мүгедектігі бар азаматтарды ғимараттардың кіреберістерінде вахтер немесе күзетші ретінде жұмысқа орналастыруға болады. Сондай-ақ, депутат қазір мүгедектігі бар адамдар үшін қоғамдық көлік пен ғимараттарға қолжетімділік туралы мәселе барлық жерде көтеріліп жатқанын айтып, хаттамаға енгізуді, ұйымдарға осындай азаматтарды жұмысқа орналастыруды ұсынуды сұрады.
Депутат Владислав Сергеев құқықтық актілерге өзгерістер енгізу қажеттілігіне байланысты чектер бойынша мәселе шешілмегенін еске салды. Жақында Парламент Мәжілісінің депутаттарымен кездесу өтті, басқарма құзыреті бойынша жоғары тұрған органдарға беру үшін осы мәселе бойынша негіздеме дайындауы қажет. Сондай-ақ, депутат оңалту орталықтары бойынша мәселе өте өткір тұрғанын, құрылыс 3-4 жылға созылатындықтан, қалада бар ғимараттарды сатып алу немесе жалға алу керек екенін атап өтті. Осыған байланысты Сергеев оңалту орталығы үшін ғимаратты таңдау мәселелерімен жедел түрде айналысатын жұмыс тобын құруды ұсынды, және қазан айының ортасында келесі жылға арналған бюджетті қарау кезінде бұл мәселені күн тәртібіне енгізуге болады.
Мәслихат хатшысы жағдайды зерттеу үшін білім, денсаулық сақтау басқармаларының өкілдерін қоса отырып, жұмыс тобын құру туралы ұсынысты қолдады, мәселе балаларды да, ересектерді де оңалту туралы болып отыр. Каналимовтың пікірінше, басқарма Ережелер әзірлеп, оны мәслихаттың қарауына шығаруы керек. Орталық атқарушы органдардың құзыретіне жататын барлық мәселелер алдағы отырыс барысында айтылатын болады.
Комиссия төрағасы Алтыншаш Табулдина әлеуметтік қорғау басқармасының өз құзыреті бойынша, жергілікті деңгей, орталық деңгей бойынша проблемалық мәселелермен және градациямен ақпарат әзірлеу қажеттігі жөнінде мәслихат хатшысын қолдады. Техникалық оңалту құралдары және оңалту қызметтерін монетизациялау мәселесіне келсек, қызметтер көрсетумен айналысатын ұйымдарды да сайтқа енгізу ұсынылады, осылайша қызмет алушының таңдау мүмкіндігі болады. Бәсекелестік орта құрылады, сәйкесінше қызмет көрсету деңгейі жақсарады. Сонда монетизация ғана емес, пациент үшін таңдау ұсынылады. Олар үшін ешқандай басқа мақсаттарға емес, ақшаны тек оңалту қызметтеріне пайдалану шарты болады.
Депутат Арайлым Құмаржанова даун, аутист синдромы бар балалардың ата-аналары стоматологияда наркозбен анестезия қызметтерін қосу туралы өтініш білдіргенін хабарлады. Мәселе мынада, девиантты мінез-құлқы бар балалар стоматологияда наркоз жасалмайтындықтан, ол қызметті пайдалана алмайды. Сондай-ақ №26 бұйрыққа қатысты сұрақтар бар, онда Spina bifida диагнозы бар балаларға урологиялық бір реттік катетер 18 жасқа дейін беріледі, кәмелетке толғаннан кейін катетерлер берілмейді. Қазір олар сатылымда жоқ, ал ата-аналар оларды Қытайдан әкелуге мәжбүр.
Қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев өз сөзінің басында мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мәселелеріне тоқталды.
Депутат Азамат Айтқожин депутаттардың білім басқармасының өкілдерімен бірлесіп, білім беру ұйымдарын аралау нәтижесі туралы сұрады, мәзірде өзгерістер бар ма. Депутаттар көтерген мектептегі тамақтану комбинаты туралы мәселе қазір қандай деңгейде. Депутаттың пікірінше, бұл мәселені МЖӘ жобасы аясында ғана шешуге болады.
Мәслихат хатшысы бұл мәселенің шешімі тек тарифті көтеру арқылы ғана емес екенін атап өтті. Мәселені МЖӘ жобасы шеңберінде шешіп, инвесторлармен 5 жылға шарт жасасу қажет, тиісінше бюджетке жүктеме азаяды. Блоктар бойынша шамамен 5 мектептен біріктіріп, оларды ірі инвесторлардың қолына беруге болады, СЭС, Атамекен палатасымен мәселені егжей-тегжейлі пысықтау қажет. Мәскеудің тәжірибесі бойынша тамақтану комбинатын салу орынсыз, өйткені біздің елордада тұрғындар саны азырақ және инвестор табу қиын болады. Ең орынды тәсіл - мейрамхана бизнесі немесе қоғамдық тамақтандыру саласында тәжірибесі бар инвестормен 3-5 жылға шарт жасасу.
Депутат Арайлым Құмаржанова колледждерде лифтілер мен ерекше студенттермен жұмыс бойынша әдістемелік материалдардың жоқтығына қатысты сөз қозғады. Әрбір колледжде инклюзивті білім беру бойынша әдіскер штатын енгізу қажет. Сондай-ақ, депутаттың пікірінше, ақыл-парасаты сақталған мүмкіндігі шектеулі студенттер үшін қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру қажет. Мектептерде мұндай балалар қыста қашықтықтан оқуға көшеді. Депутат бұл тәжірибені колледждерде де қабылдауды ұсынды, өйткені осы санаттағы көптеген балалар гранттарға түсті.
Депутат Владислав Сергеев өткір тұрған дене шынықтыру сабақтарының проблемасы туралы айтты, залдарда бір уақытта 3-4 сыныпқа сабақ өткізіледі. Мектеп жанындағы учаскелерді спорт ғимараттарын салу үшін жеке бизнеске беру туралы ұсыныс түскен, ол жерлерде шарт бойынша балалар да айналыса алады. Депутат басқарма басшысынан осы ұсыныстың қаншалықты орынды екендігін сұрады. Бюджеттік ақша есебінен бұл мәселе жақын арада шешілмейді.
Депутат Гүлжамал Жапарова қаланың қай аудандарында қамтамасыз ету және аумақтық қолжетімділік индексі норма шегінде екенін сұрады. Құрылыстарға байланысты қала тұрғындары үйдің жанында, жаяу қашықтықта білім беру қызметтерін алуда қиындықтарға тап болуда. Депутаттың пікірінше, тұрғындарды қоныстандыру мен инфрақұрылыммен қамтамасыз ету арасындағы уақытша алшақтықты болдырмау үшін құрылыс салушыларды тұрғын үйдің бірінші кезегін салумен қатар әлеуметтік инфрақұрылым салуға міндеттеу керек. Бастапқы кезеңде құрылыс салушы мен қала арасында тұрғын үй объектілерімен бірге әлеуметтік объектілерді салу міндеттемелерін белгілейтін құжаттарды пысықтау қажет. Пайдалануға беру мерзімінің тұрғын үйді пайдалануға беру мерзіміне тәуелділігін бекіту. Қаланың жаңадан салынған тұрғын аудандарында білім берудің қолжетімділігі мәселелерімен айналысатын мониторингтік комиссия құру қажет.
Мәслихат хатшысы барлығы айналысқан «Балапан» бағдарламасы туралы еске салды, қазір барлығы мектептермен айналысуда. Балабақшалар назардан тыс қалды, соңғы үш жылда бір ғана балабақша салынды. Каналимов балабақшалар бойынша кешенді жоспар әзірлеуді ұсынды. Сондай-ақ, ол білім беру, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт қызметкерлерінің тұрғын үй мәселесін көтерді. Тұрғын үймен, соның ішінде әкімшілік және техникалық қызметкерлердің қамтамасыз етілуі мәселесін талдау қажет. Каналимов іргелес аумақтарды, кірме жолдарды, көрсеткіштерді, белгілерді ретке келтіру бойынша Жол карталарын бір ай мерзімде жаңартуды сұрады. Мәслихат хатшысы білім беру мәселесі бойынша 46 мәселе көтерілгенін, басшының жүйелі жұмысының арқасында мәселелердің жартысы шешілгенін атап өтті.
Комиссия төрағасы отырыс қорытындысы бойынша атқарушы органдарға барлық шешілген және шешілмеген мәселелер бойынша ақпарат дайындауды тапсырды.