Мектепке дейінгі мекемелерде және мектептерде тамақтандыруды ұйымдастыру
04.08.2022
Қалалық мәслихатта Азамат Айтхожиннің төрағалығымен әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті.
«Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасы» ММ басшысы Қасымхан Сенғазыев «Мектепке дейінгі мекемелерде және мектептерде тамақтандыруды ұйымдастыру туралы» баяндама жасады.
Елордада 432 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді, оларда 56 мыңнан астам бала оқиды. 96 мектепте 100746 (53%) оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылған, оның ішінде 1-4 сыныптың 92201 (100%) оқушысы, 5-11 сыныптың 98000 астам (8,7%) оқушысы. Барлық мектептерде бракераждық комиссия құрылған, олар азық-түлікті сақтау жағдайына, тамақ дайындау кезіндегі технологияның дұрыстығына, ас әзірлейтін блоктардың санитарлық жағдайына және т.б. мониторинг жасайды. Мониторинг нәтижелері бойынша 4 мектеп директоры мен мектепке дейінгі мекемелердің 13 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бірқатар проблемалық мәселелер бар, мәселен, мемлекеттік балабақшаларда тамақтану құны 16800 теңгені құрайды, күн сайын тамақтануға 800 теңгеден астам жұмсалады, жеке меншік балабақшаларда – 20 800 теңге, күнделікті шығын 1040 теңгені құрайды. Көптеген жылдар бойы тамақтану тарифі өзгерген жоқ, соңғы рет 2015 жылы бекітілген. Осыған байланысты басқарма мектептерде тамақтану тарифін арттыруды ұсынады, ас әзірлеу блоктарына жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет, дамыған елдердің үлгісі бойынша инвесторлардың көмегімен тамақтандыру комбинатын салу ұсынысы бар.
ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Шалғатаева жоспарлы, жоспардан тыс тексерулер, негізгі нормативтік талаптарды түсіндіру бойынша ұйымдастыру-әдістемелік жұмыстар жүргізіліп жатқанын баяндады. Бүгінгі таңда мектептерде тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша 35 жеткізуші жұмыс істейді. ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес ШОБ тексеру жүргізілмейді, мектепке дейінгі мекемелердің негізгі бөлігі шағын бизнес объектілеріне жатады, сондықтан мемлекеттік нысандағы объектілерде эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша жоспардан тыс тексерулер ғана жүргізіледі. 2021-2022 оқу жылындағы мектептерді тексеру нәтижелері бойынша № 37, 57, 38, 68, 81, 24, 75, 31, 16, 46, 47 мектептерде бұзушылықтар анықталды. Негізгі бұзушылықтар - дайын және шикі өнімнің зертханалық көрсеткіштерінің микробиологиялық көрсеткіштер бойынша сәйкессіздігі (8,9%), дезинфекциялау құралдары бойынша сәйкессіздік өте жоғары ( 33%), өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттардың болмауы, сақтау мерзімі өткен өнімді сақтау фактілері де орын алуда және т.б. Барлық объектілерге ұйғарымдар берілді, кінәлі тұлғалар 425-баптың 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Шағалтаева негізгі проблемаларды атап өтті, олар – тамақтануды ұйымдастыру бойынша жеткізушілердің жиі ауысуы, іс жүзінде әр жарты жыл сайын, жыл сайын ауысу орын алуда, активтер басқармасының жалға ұсынылатын үй-жайларды басқару жауапкершілігін шектемеуі, санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыны уақтылы алмау, бүгінгі таңда 96 мектептің 11-інде мұндай қорытынды жоқ, негізінен талаптарға сәйкес келмейтін ескі ас блоктарының салдарынан. Осыған байланысты санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыны оқу жылы басталғанға дейін алу, тоңазытқыш жабдықтардың жабдықталуына және асханалар мен ас әзірлеу блоктарының санитарлық-техникалық жағдайына тексеру жүргізу, конкурстық рәсімдердің шарттарын процеске қатысушылардың жауапкершілігін бөлу және жалға алу мерзімдері бөлігінде қайта қарау туралы ұсыныс айтылды.
«Балалар мен оқушылардың дұрыс тамақтану саясатын енгізу және бақылау» қауымдастығы республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Марат Баелев денсаулықтың нашарлауының негізгі себебі дұрыс үйлестірілген тамақтанудың болмауынан екенін атап өтті. Баелев отырысқа қатысушыларға тексерулер нәтижесінде мектептердегі тамақтың дәмсіз екені, балалар асханаларда тамақтанбайтындығы анықталғаны, осылайша бюджет ақшасы ысырап болып жатқанын мәлімдеді. Баелевтің пікірінше, өнімді дұрыс сақтамау фактілері паразиттік инфекцияларға байланысты созылмалы салдарға әкеледі. Ол мектеп аспаздарын лицензиялауды, үйлестірілген тамақтануды, тамақтанудың химиялық және технологиялық бақылауын жүзеге асыратын диеталық қызметкерлерді мектептерге қайтаруды ұсынды. Сонымен қатар, барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың Мектепте тамақтандыру бағдарламасының жобасын ілгерілетудегі күш-жігерін біріктіріп, оны мәслихат отырысында бекіту қажет деп санайды.
Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов мектептегі тамақтандыру мәселелері өте өткір және күрделі екенін, НҚА заңнамалық өзгерістеріне, стандарттарға, талаптарға, нормативтерге байланысты жүйелі сипатқа ие болып отырғанын, орталық және өңірлік деңгейлерде мектептегі тамақтандыру үшін бірнеше мемлекеттік орган жауап беретіндіктен, нәтижесінде ұжымдық жауапсыздықтың орын алып отырғанын атап өтті. Мектептегі тамақтандыруға жылына шамамен 7 млрд. теңге қаражат бөлінеді. Каналимов тарифті ұлғайту мәселесін қарастырмас бұрын, мектептегі тамақтандыру қаражаты қайда кетіп жатқанын түсінуді ұсынды. Қазір балалардың жартысы дерлік мектеп асханаларында тамақтанбайды, бұл факт, 30%-ы қамтамасыз етілмеген отбасылардан болғандықтан тамақтанады. Мәслихат хатшысы мектептің оқу жылына дайындығы туралы бұйрық шығару кезінде, өрт қауіпсіздігін, сумен, электрмен жабдықтауды қамтамасыз етумен қатар, мектептің бір бөлігі болып табылатын асхананы да назарға алу керектігін ескертті. Оқу жылының басында асхана бойынша санитарлық-эпидемиологиялық қорытындының болмауы, бұл елеулі бұзушылық. Жыл сайын мемлекеттік органдар бұл мәселені талқылауда, бірақ нәтиже байқалмайды. Мектепте тамақтандыруды ұйымдастыру процесін жақсарту бойынша ұсыныстар түспейді. Тіпті, тарифті 1 мың теңгеге дейін ұлғайтқан жағдайда да, ахуал өзгермейді. Кәсіпкерлерге үй-жайлар, жабдықтар, санитарлық-гигиеналық аймақтар тегін беріледі. Олар дайынға келеді, тек азық-түлік сатып алады, алайда тамақтануды қалыпты ұйымдастыра алмайды, және бұл ретте жабдықты, асхананың жай-күйін жақсартуға ешқандай қаражат жұмсамайды. Осындай қарым-қатынастан кейін асхана, жабдық тозады. Бұндай жағдайда мектеп асханаларын өздерін таныта білген сауда желілеріне бес жылға сенімді басқаруға берген дұрыс болар. Активтер мен мемлекеттік сатып алу басқармасы бұл мәселені ойластыруы керек. МЖӘ аясында салынған жекеменшік мектептерде мектептік тамақтандыру бойынша мәселелер жоқ, барлық проблемалар нақ осы мемлекеттік мектептерде болып отыр. Оқу жылының басталуына 25 күн қалды. 1 балаға шаққандағы тамақтандыру құнын арттыру туралы ұсыныс бар, бірақ мәселеге кеңінен қарап, барлық мүдделі мемлекеттік органдардың, ҮЕҰ, сарапшылардың, Атамекен кәсіпкерлер палатасының қатысуымен мектепте тамақтандыру ережелерін әзірлеу қажет.
Депутат Ләззат Оразбекова-Төлеуханова мектептегі тамақтандыру құнын арттыру мәселесін қолдауды ұсынды. Ереже құруға қатысты, депутат лауазымды тұлғалар мен қызметті жеткізушілерге қойылатын талаптарды қатаңдату жөнінде ұсыныстар енгізу үшін заңгерлерді тарту қажеттігін атап өтті. Бүгінгі таңда мектеп жосықсыз жеткізушімен шартты біржақты бұза алмайды, бұл тек сот арқылы мүмкін.
Депутат Алмагүл Сегізбай мектептердегі тамақтандыру комбинатын құру ұсынысын қолдады, бірақ бұл келешектегі міндет. Депутат тамақтандыру бағасын көтеруді, сондай-ақ қызметті жеткізушілердің асхананың материалдық-техникалық жай-күйін және жабдығын жақсартуға мүдделілігін арттыру үшін, оны шартта жаза отырып, бес жылға шарт жасасу ұсынысын да қолдайтынын білдірді, Ақмола облысының Көкшетау қаласында бұл бастаманың жақсы үлгісі бар.
Депутат Әбдіров білім басқармасының басшысына тамақтандырудың үйлесімділігіне қатысты сұрақ қойды, тексеру нәтижелері бойынша азық-түлік жиынтығының үйлесімділігі қаншалықты дұрыс. Тамақтану сапасына қол жеткізу үшін ингредиенттер сапалы болуы керек, қалада тауарларды сатып алудан бастап түпкілікті нәтижеге дейін бүкіл процесті бақылауды қамтамасыз ететін жүйе бар ма. ЖОО-да асханалардың үй-жайлары жабдықтар ескірген жағдайда оларды жөндеу, ауыстыру шартымен беріледі. Ол мәслихат хатшысы Каналимовтың ұсынысында ұтымды жағының бар екенін атап өтті, өйткені бүгінде мектеп жабдықтарға жұмсайтын қаражатты тамақтандыру құнын арттыруға пайдалануға болар еді.
Баелев Разбекова-Төлеуханованың тексеру стандартын әзірлеу қажеттілігі туралы ұсынысын қолдады және мәслихат хатшысының қазір тамақтану құнын қанша арттырғанмен, бірақ, егер жеткізушілерде әлеуметтік жауапкершілік болмаса, тамақтандыру жағдайы жақсармайтыны жөнінде айтқанымен келісті. Мысал ретінде Баелев №62 мектепті келтірді, онда кез-келген бағада тамақты жақсы дайындайды. Егер коэффициент болмаса, сапаның жоғарылауын бақылау мүмкін емес, тек химиялық-технологиялық бақылауды қалпына келтірген жағдайда ғана, сапалы тамақтануды қамтамасыз етуге болады.
Отырыс төрағасы Айтхожин отырысты қорытындылай келе, оқу жылының басталуына бір айдан аз уақыт қалғанын, бірақ мектептегі сапалы тамақтануды қамтамасыз етуге қатысты көптеген мәселелер шешілмегенін атап өтті. Мектеп комбинатын салу туралы ұсынысты кешенді, әсіресе, елорда жағдайында уақытылы жеткізу тұрғысынан қарау керек. Айтхожин мектептегі тамақтандыру мәселесін ай сайын қарастырып, мектептегі тамақтануды ұйымдастыру тетігін әзірлеуге баса назар аударуды ұсынды.