Мәслихаттың елордада мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту мәселелері жөніндегі кезекті сессиясы
30.06.2022
Қалалық мәслихатта Ерлан Каналимовтың төрағалығымен мәслихаттың кезекті сессиясы өтті. Сессия жұмысына қала әкімінің орынбасары Есет Байкен, қала аудандарының әкімдері, мемлекеттік органдардың басшылары, ҚР мәслихаттарының Құрметті депутаттары Зәуре Жүсіпова мен Гүлнар Данбаева, БАҚ өкілдері қатысты.
Күн тәртібінің ««Жергілікті атқарушы органның Нұр-Сұлтан қаласында мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің жай-күйі мен оны дамыту жөніндегі шаралар туралы есебі» негізгі мәселесі бойынша қала әкімінің орынбасары Есет Байкен баяндама жасады.
Елордада мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылының құралы болып табылатын барлығы 16 МЖӘ жобасы іске асырылуда. Мәселен, білім беру саласында бірқатар жобалар іске асырылуда, 4 мектеп іске қосылды, олар елордадағы мектептердің толымдылығын ескере отырып, оқушы орындарымен қамтамасыз ету бойынша міндетті айтарлықтай жеңілдетті. МЖӘ аясында балабақша салу бойынша мәселелер бар. Қазіргі уақытта шағын станцияның құрылысына байланысты айтарлықтай шығындарға ұшыраған жеке серіктестің бастамасы бойынша сот талқылауы жүріп жатыр. Денсаулық сақтау саласында мемлекет тарапынан міндеттемелер қабылдаусыз «Нұр-Сұлтан қаласы мекенжайы бойынша эфферентті терапия және гемокоррекция орталығын ашу» және «Амбулаториялық-емханалық көмек қызметтерін көрсететін отбасылық денсаулық орталығын (Отбасылық-дәрігерлік амбулатория) құру және пайдалану» 2 шарты жасалды. Сондай-ақ, спорт саласында «Дене мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған Паралимпиадалық жаттықтыру орталығы мен «Тарлан» мұз аренасының қызметін ұйымдастыру», «Қазақстан» спорт сарайын зияткерлік технологияларды пайдалана отырып жаңғырту және кейіннен пайдалану» 2 шарты жасалды. Ағымдағы жылдың сәуір айында депутаттар жеке әріптестің объектіні жаңғырту мерзімін ұзарту туралы ұсынысын қолдаған. Бүгінгі күні ғимаратты бөлшектеу жұмыстары аяқталды, ЖСҚ сараптамасы аяқталғаннан кейін екінші кезең басталады, 1 тамызға дейін мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынуы тиіс деп белгіленді. Көлік саласында «Астана қаласында фотобейнетіркеудің аппараттық-бағдарламалық кешенін құру және пайдалану» (Сергек), «Астана қаласы әкімдігінің көліктік қызмет көрсету бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің сервистік келісімшарты», «Астана қаласының ақылы тұрақ кеңістігін құру, пайдалану және басқару» 3 шарты жасалды.
Бүгінгі таңда МЖӘ жобалары өздерінің маңыздылығы мен қажеттілігін көрсетіп отыр, олардың көмегімен қалалық бюджеттің қаржылық жүктемесі айтарлықтай азайды.
Депутат Алмат Жүнісов мәслихаттың кезекті сессиясына дайындық аясында өткізілген МЖӘ жобаларының таныстырылымы барысында депутаттар тарапынан айтылған ескертулер мен ұсыныстарды атап өтті. Депутаттың пікірінше, Сергек жобасын жүзеге асыруды жалғастыру қажеттілігі бар, жоба жол-көлік оқиғалары салдарынан болатын өлім-жітімнің, сондай-ақ қоғамдық орындардағы қылмыстың айтарлықтай төмендеуіне ықпал етті. Тұрғындардан бейнекамераларды тұрғын үй алаптарында орналастыруға қатысты көптеген өтініштер келіп түсуде. Камералардың түнгі уақыттағы жұмысы бойынша сұрақтар бар, бұл ретте камераларды жолдың қауіпті учаскелерінде, жол қиылыстарында орналастыру қажет. Жобаның қолданылу мерзімінің 2023 жылғы желтоқсанда аяқталуына байланысты бюджетке қосымша жүктемені болдырмау мақсатында жабдыққа түгендеу жүргізу, жабдықтың болжамды қызмет ету мерзімін, оның техникалық ақаусыздығын анықтау қажет. Сондай-ақ, депутат жаңа нұсқадағы камераларды орнату және шұғыл көмек қызметтерімен өзара іс-қимылды көрсететін жаңа жобаны, оны кеңейту мен жаңғыртуды ескере отырып әзірлеу ұсынысын тағыда бір қолдап өтті. «Ақылы тұрақ кеңістігін құру, пайдалану және басқару» МЖӘ жобасына қатысты Жүнісов бүгінде ақылы автотұрақтар тұрақ орындарының тапшылығы, трафикті және жол кептелістерін реттеу мәселелерін шешпейтінін атап өтті. Кірістерді мемлекеттік және жеке серіктес арасында бөлу даулы болып табылады. Тұрақ ақысын уақтылы төлемегені үшін қолданыстағы айыппұлдарға қатысты көптеген шағымдар келіп түсуде. Айыппұлдар мөлшері жоғары және төлем сомасымен салыстыруға келмейді, сондықтан айыппұлдарды азайту және төлеу мерзімін ұзарту бағытында тиісті айдың соңына дейін қайта қарау қажет, сонымен қатар тегін тұрақтар түрінде балама қажет. Жобалардың таныстырылымы және объектілерді аралау нәтижелері бойынша депутаттар мемлекеттік және жеке әріптестер арасындағы МЖӘ шартын қайта қарау мүмкіндігі туралы пікір білдірді. Ағымдағы жылдың маусым айында «Қазақстан» спорт сарайын зияткерлік технологияларды пайдалана отырып жаңғырту және кейіннен пайдалану» жобасы талқыланды. Депутаттар жобаның баяу іске асырылып жатқанын, жобалық-сметалық құжаттамаға сараптама жүргізілмегенін атап өтті. Бірнеше жыл бойы «Қазақстан» спорт сарайы жұмыс істемейді, бұл қала тұрғындарының наразылығын тудыруда. Бір жыл бұрын депутаттар МЖӘ аясында жүзеге асырылған білім беру объектілерін аралап, нәтижесінде мемлекеттік органдарға өз қызметін үйлестіру ұсынылды. Алайда, бұл мәселелер әлі шешілген жоқ, инженерлік желілер, кірме жолдар уақытында салынбайды. Осыған байланысты депутаттар әкімдіктен өзіне бағынысты мемлекеттік құрылымдардың іс-қимылын үйлестіруге назар аударуды сұрайды.
Кейбір МЖӘ жобалары өз тиімділігін көрсетті, алайда бүгінде елордада 16 жоба іске асырылуда, бұл жетістіктің көрсеткіші болып табылмайды, олардың санын арттыру үшін мүмкіндіктер бар. МЖӘ жобаларының азаюы байқалады, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында жобалар жоқ, денсаулық сақтауда МЖӘ әлеуеті пайдаланылмайды. Тұтастай алғанда, депутаттар жекеше әріптестің инвестицияларының қатысу дәрежесіне және көлеміне мемлекеттік әріптестердің назарын аударғысы келеді, жобаларды іске асыруды жергілікті бюджетке қосымша жүктемесіз, мемлекеттік және жекеше әріптес арасында міндеттер мен тәуекелдерді тең бөле отырып жүргізу, оның ішінде екінші деңгейдегі банктердің кредиттері бойынша сыйақының қымбат тұратын пайыздық ставкасын өтеуді барынша азайту ұсынылады. Сонымен қатар, депутаттар жүзеге асырылып жатқан жобалар бойынша, әсіресе ақылы тұрақтар, Қазақстан спорт сарайын жаңғырту бойынша ақпараттық сүйемелдеуді күшейтуді ұсынады. Жүнісов жергілікті атқарушы органға мемлекеттік органдармен МЖӘ жобаларын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізуді және мәслихатқа ұсыныстар енгізуді ұсынды.
Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов мемлекеттік органдар тарапынан жауапсыздық байқалатынын, іске асыру барысында нысаналы индикаторларға қол жеткізіліп, шарт бойынша негізгі нұсқаулар іске асырылғаннан кейін ұмыт болған бірқатар жобалар бар екенін атап өтті. Ақпараттық жұмыс бойынша мәселелер бар, депутаттар спорт басқармасынан БАҚ-пен баспасөз турын өткізуді, не істелгенін, не істелетінін көрсетуді, жаңғыртуға бюджет қаражаты бөлінбегенін хабарлауды сұрады, өйткені ешқандай құжаттар жоқ, қаражаттың бір бөлігі тек бөлшектеуге бөлінген, жеке әріптес жағдайды түзетуге тағы да уәде беріп отыр.
Депутат Алтыншаш Табулдина Паралимпиадалық Тарлан орталығының жұмысын ұйымдастыру бойынша ұсыныс айтты. Жоба 2018 жылдан бастап жүзеге асырылуда, бірнеше рет отырыстарда қаралды. Бүгінгі таңда жұмыс жақсарды, бірақ осы ұзақ жылғы жобаның сапасы мен тиімділігін бағалау үшін индикаторларды көрсек. Мысалы, Артспорт жобасының үлгісі бойынша осы орталыққа баратын балалардың санын есепке алу қандай да бір қосымшаның көмегімен жүргізілсе.
«Нұр-Сұлтан қаласының әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидалары туралы» Астана қаласы мәслихатының 2017 жылғы 12 желтоқсандағы шешіміне өзгеріс енгізу туралы мәселе бойынша «Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы» ММ басшысы Илья Скуб сөз сөйледі. Санаторийлік-курорттық емделуге жолдама құнының болжамды өсуіне байланысты, сондай-ақ әлеуметтік шиеленісті болдырмау мақсатында шешім жобасында жолдаманың төленетін пайыздық құнын жасы бойынша зейнеткерлерге 35%-дан 25%-ға дейін, еңбек ардагерлеріне, ең төменгі зейнетақы алушылар қатарынан жасы бойынша зейнеткерлерге 25% - дан 18% - ға дейін төмендету ұсынылады.
«Нұр-Сұлтан қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы» ММ басшысы Есіркеп Сәкен Зиябекұлы «Нұр-Сұлтан қаласының кейбір құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау туралы» мәселе бойынша баяндама жасады.
Мәслихат хатшысы отырыстардың бірінде бұл мәселе егжей-тегжейлі қаралып, баяндамашыға бірқатар сұрақтар қойылғанын атап өтті.
Депутат Ғабит Тәжімұратов биылғы жылдың Балалар жылы деп жариялануы құрметіне көшелердің біріне жазушы Бердібек Соқпақбаевтың есімін беруді ұсынды.
Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының есебімен тұрақты комиссияның төрағасы Владислав Сергеев сөз сөйледі. Ол Регламентке сәйкес тұрақты комиссия 2021 жылғы қызметі туралы есеп дайындағанын, оның барлық депутаттарға жіберілгенін атап өтті. Баяндама барысында Сергеев комиссия жұмысының негізгі сәттеріне тоқталды. Әкімшілердің бюджеттік өтінімдерді беру кезеңіндегі депутаттардың жұмысы бюджетті түзетуге айтарлықтай үлес қосты, дәл осындай жұмыс күзде де жалғасады. Азаматтардың тілектерін білдірген депутаттардың көптеген ескертулері бюджетте көрініс тапқаны маңызды.
Сонымен қатар, кезекті сессияның қарауына Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы ведомствоаралық комиссиялардың кейбір құрамдарына өзгерістер енгізу мәселелері қаралды.
Барлық мәселелер бойынша қалалық мәслихат тиісті шешімдер қабылдады.