МЖӘ аясындағы жобалар таныстырылымы
16.06.2022
Қалалық мәслихатта «Жергілікті атқарушы органның Нұр-Сұлтан қаласында мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің жай-күйі мен оны дамыту жөніндегі шаралар туралы есебі» мәселесі бойынша кезекті сессияға дайындық шеңберінде жобалардың таныстырылымы өтті.
Депутаттарға «Астана қаласының ақылы тұрақ кеңістігін құру, пайдалану және басқару», «Астана қаласында фотобейнетіркеу аппараттық-бағдарламалық кешенін құру және пайдалану» МЖӘ жобалары бойынша екі таныстырылым ұсынылды.
Тұрақты комиссияның төрағасы Владислав Сергеев қарауға өте маңызды мәселелер шығарылғанын, өйткені олар елорда халқының едәуір бөлігінің мүдделеріне тікелей қатысты екенін атап өтті.
«Астана көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС директоры Шыңғыс Досыбаев ақылы автотұрақтардың міндеттері трафикті реттеу, көлік ағынын ретке келтіру, тұрақ орындарының қолжетімділігін арттыру, қалалық ортаның жайлылық деңгейін арттыру, ХӘОТ санаты үшін жағдай жасау болып табылатынын мәлімдеді.
2018 жылы Нұр-Жол бульварында 487 тұрақ орнын қамтитын ақылы автотұрақ жобасы іске қосылды. 2022 жылдың 1 наурызынан бастап жоба елорданың барлық аудандары бойынша 5 500-ден астам орынды қамти отырып іске қосылды. Тұрақ орындарының жалпы саны 5 700 орынды құрайды. Жобаға 2,6 млрд. теңге жұмсалды. Ағымдағы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша қажеттілік бойынша іскерлік орталықтардың жанында 5 823 тұрақ орны жайластырылды, жыл соңына дейін ЭКСПО ауданын да игеру жоспарлануда. Жалпы, 10 мыңнан астам тұрақ орнын құру жоспарланған болатын.
Досыбаев жобаның қаржылық үлгісін таныстырып, тұрақ үшін 100 теңге және айыппұл түрінде екі табыс көзі жоспарланғанын, оның 5% мемлекеттік әріптес пен 95% жеке серіктеске бөлінетінін, жеке серіктес барлық жобаны қамтамасыз етуге міндетті екенін хабарлады. 4 жыл ішінде Қоғам шамамен 130 млн. теңге табыс тапты.
Қоғам басшысы қаржы моделін жеке серіктеске кірістерді 50% - ға дейін арттыру бағытында қайта қарау туралы ұсыныс жасады, әйтпесе жеке серіктес үшін бұл тиімсіз жоба болады. Бұл ретте жеке серіктес демалыс және мереке күндері ақылылықты енгізуді, 2025 жылғы қарашаға дейін көлік басқармасының пайдасына кірістің 25% - ын қалдыруды, тарифті 150 теңгеге дейін ұлғайтуды және айыппұлдардан «Астана көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС-не өтеуді ұсынды.
Депутат Асқар Смағұлов ақылы автотұрақтардың жұмыс режиміне қатысты сұрақ қойды. Екінші сұрақ 2,6 млрд. теңге мөлшеріндегі шығыс сомасына қатысты болды. Қоғам өз қаражатын нақты қайда жұмсады, өйткені ол дайын тұрақ орындарын алды, паркинг салу жүргізілген жоқ. Депутат Қоғамның ақылы тұрақ орындарын құруға жұмсаған шығыстарының егжей-тегжейлі есебін ұсынуды сұрады. Депутаттың пікірінше, ақылы автотұрақтар – аяғына дейін шешілмеген мәселе және қатысушыларға Алматыдағы жағдайды еске салды. Қоғам трафик мәселесін шешпейді, өйткені автомобильдер ақылы тұрақтарда емес, үйлердің аулаларында тұр. Паркингтер салынған жағдайда Қоғамның трафикті реттеуге күш салып жатқаны түсінікті болар еді.
Депутат Ерлан Дәкенов қалалық филармонияның жанындағы ақылы тұрақ жағдайына қатысты сөз қозғады. Жақын орналасқандықтан, автотұрақ аумағын тазартумен филармония айналысуда. Қоғам терминал орналастырумен ғана шектелді. Автожүргізушілер 100 теңге төлегісі келмей, ақылы автотұрақты пайдаланбайды және автомобильдерін жолдың шетіне немесе көппәтерлі кешендердің аулаларында қалдырады, бұл басқа жүргізушілер үшін жайсыздық тудырып қана қоймай, сонымен қатар авариялық жағдай туғызады. Нәтижесінде, депутатта да Қоғамның шығындары қайда жұмсалады деген сұрақ туындайды.
Владислав Сергеев Қоғамға айыппұлдардан кіріс түсе ме, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында тұрақ үшін төлемдерден түскен кіріс мөлшері қандай екенін сұрады.
Депутат Алмат Жүнісовтың пікірінше, айыппұл мөлшері сәйкес емес. Бұл жағдайда мемлекеттік серіктеске сұрақ туындайды, мысалы, автокөлік жүргізушісі көбінесе 20-30 метр қашықтықта орналасқан жол белгісін көрмеді. Депутат жолақты көк түспен бояу автокөлік жүргізушісіне бұл тұрақ ақылы екенін анықтауға көмектесетінін атап өтті. Алайда, ол негізінен халыққа айыппұл салу есебінен табыс табуға бағытталған жобаны құптамайтынын, тарифті 150 теңгеге дейін көтеруді де қолдамайтынын айтты. Азаматтарды қоғамдық көлікті пайдалануға бағыттау идеясы бар екені рас, бірақ елордадағы климатты және қоғамдық көлікпен байланысты жүру кестесіне, қарбалас сәттегі көліктің толып кетуіне қатысты көптеген шешілмеген мәселелерді ескеру қажет. Осыған байланысты депутат әкімдіктің өкілі ретінде басқарманың ақылы тұрақтар жөнінде ресми ұстанымын тыңдауды ұсынды.
Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының орынбасары Ержан Ділханбаев ақылы тұрақ орындарын дамыту автомобильденуді тежеу үшін қажет екенін атап өтті. Түпкілікті шешім әлі қабылданбағандықтан, жеке әріптестің қатысуының орындылығы туралы пікірін білдірмеді.
Депутат Азамат Өмірзақов жұмыс істеп тұрған ақылы тұрақтар туралы сұрақ қойды, халыққа, бизнес өкілдеріне алдын ала сауалнама жүргізілді ме. Осыған байланысты жақын жерде тұрақтар орналасқан бизнес-орталықтардың иелерінде көптеген сұрақтар бар. Егер өз клиенттеріне көліктерін тұраққа қою мүмкіндігін ұсына алмаса, бизнес қалай жұмыс істейді. Осы мәселелерді шешу үшін Қоғам қандай шаралар қабылдауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, депутат айыппұлдарға қатысты сұрақ қойды, баяндамада қалаға айыппұлдан түскен қомақты сома аталды, ұзақ мерзімді болшақта бұл сома өзгеше болады. Қоғам ақылы автотұрақтарға арналған абонементтерге қатысты ақпараттық жұмысты қалай жүргізеді. Тарифті көтеру және 2025 жылдың қарашасына дейін табыстың 25% - ын қала басқармасының пайдасына аудару мәселесі бойынша жария тыңдаулар өткізу керек. Жақында Қоғам 5 мыңнан астам тұрақ орнын алды және бір, екі айдан кейін тарифті 150 теңгеге дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Депутат Бауыржан Жанқонақов табыстың 5%-ы әкімдікке берілетіндігі туралы ақпаратқа қатысты сөз қозғады, Қоғамның 4 жыл ішіндегі 5 млн. теңге табысы бұл өте аз, және бұл ретте келісімшартты 2025 жылға дейін ұзартуды жоспарлап отыр. Басшы жетекші әлемдік тәжірибені мысал ретінде келтірді, алайда шетелде ақылы автотұрақтар аумағы жеке серіктестердің күшімен ретке келтіріледі. Шамамен 37 мың шаршы метр ақылы автотұрақ орны бар, Қоғам оларды тазарту жұмыстарын өз мойнына алуы керек. Жанқонақовтың пікірінше, бұл ұйыммен келісімшартты бұзу керек, өйткені ол тұрғындардан айыппұл өндіріп алуға бағытталған. Бұл үрдісі ұсынылған таныстырылымнан байқалады, мысалы айыппұл сомасы 0,5 АЕК емес, 3 АЕК құрайды.
Тұрақты комиссияның төрағасы Владислав Сергеев депутаттардың бұл мәселе бойынша ұстанымы айқын екенін және бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне депутаттар ақылы тұрақтарды дамытуға жеке серіктестің қатысуы туралы ортақ пікір білдіргенін жеткізгісі келетінін айтты. Сергеев трафикті реттеуде қазіргі модельдің тиімсіз екендігі анықталды деп санайды. Депутат Қоғамның 2,6 млрд. теңге сомасындағы шығындарына қатысты әріптестерінің күмәндәрін қолдады және толық ақпарат беруді сұрады. Сергеевтің пікірінше, мәселені нақты шешу керек, қаланың сол жағалауы үшін шарт біреу, ал оң жағалауындағы көп пәтерлі кешендер үшін басқаша болуы мүмкін. Ақылы тұрақтардан түскен кірістер қайда жұмсалатыны, мысалы жолдарды жөндеуге пайдаланылатыны туралы халық білуі тиіс. Сергеев мемлекеттік органнан осы мәселе бойынша ресми ұстанымды жазбаша түрде жолдауды, оның ішінде ПД-нен қаладағы жағдайдың қаншалықты жақсарғаны туралы ақпарат беруді, сондай-ақ жол бойында паркоматтарды орнату туралы пікірін білдіруді, бұл қолданыстағы ережелерге қаншалықты сәйкес екенін сұрады.
«Көркем Телеком» ЖШС директоры Әсет Ахметов депутаттарға Қоғамның қызмет саласы аппараттық-бағдарламалық кешендерді әзірлеу, АТ инфрақұрылымын сүйемелдеу қызметтері, өзі әзірлеген аппараттық-бағдарламалық кешендерді пайдалана отырып, қоғамдық және жол қауіпсіздігі саласындағы жобаларды іске асыру болып табылатынын баяндады. Ол Сергек жүз пайыз қазақстандық өнім екенін, шетелдік бейнекамералар пайдаланылатынын, бірақ бағдарлама мазмұны қазақстандық екенін атап өтті. Сергек жүйесіне фото-бейнетіркеу және жол трафигін талдау жүйесі, бейне ағындарын басқару жүйесі, «Сергек патруль» АБК жасанды интеллектісі бар патрульдік автомобильге арналған борттық кешен енгізілген.
Ахметов депутаттарды жаңа функционал – «қауіпті жүргізуші» туралы онлайн режимінде проактивті хабарлама үшін мобильді қосымшаның іске қосылғаны туралы хабардар етті. Сондай-ақ, ол жобаны іске асырудың әлеуметтік және бюджеттік тиімділігінің көрсеткіштерін ұсынды. Мәселен, 2021 жылы өлім-жітімнің 51% - ға, қоғамдық орындарда қылмыстың 71% - ға төмендеуі байқалды, жоба бюджетіне 28,6 млрд. теңге түсті, жеке серіктеске 17,4 млрд. теңге төленді. Инвестициялық шығындар шамамен 8 млрд. теңгені құрады.
Сергек жобасы бойынша қолданыстағы МЖӘ шарты 2023 жылғы желтоқсанда аяқталады. Бүгінгі таңда жоба жоғары әлеуметтік және экономикалық жетістіктерді көрсетті, сондықтан жобаны одан әрі іске асырудың негізді қажеттілігі бар. Осыған байланысты, 2023 жылы «Сергек» АБК одан әрі пайдалану үшін жеке әріптесті таңдау бойынша ашық конкурс өткізу жоспарлануда.
Депутат Бауыржан Жанқонақов жобаның тиімділігін атап өтіп, жол-көлік оқиғасы салдарынан болатын өлім-жітімді азайтуға және қоғамдық орындарда қылмыс деңгейін төмендетуге қосқан үлесі үшін басшыға алғыс айтты.
Владислав Сергеев ЖҚЕ бұзғаны үшін айыппұлдардың толық алынбауынан шамамен 7-8 млрд теңге шығын туралы сұрады, бұл жағдай неге байланысты орын алуда.
Қоғам өкілі жыл сайын қалаға жол қозғалысы ережелерін бұзу ретінде жіктеуге болатын 9 млн. жуық факт келіп түсетінін, оның 60% - ы арнайы көліктің, құтқару қызметтерінің, қоғамдық көліктің жол жүруіне байланысты ПД Әкімшілік практика бөлімшесі тарапынан алынып тасталатынын мәлімдеді. Сонымен қатар кірістердің түспей қалу себептері айыппұлдарды жіберудегі қате мекенжай болып табылады, іс жүзінде ақша түседі, бірақ алушының мекенжайын көрсетудегі қателіктерге байланысты есептелмейді. Осыған байланысты заңнамаға өзгерістер енгізу қажет.
Владислав Сергеев 1,2 млрд. теңге шығынға қатысты ақпарат беруді сұрады, өйткені күмән бар. Сондай-ақ, депутат бейнекамералар қаланың коммуналдық меншік балансына берілген жағдайда олардың жұмыс мерзіміне қатысты қандай кепілдіктер бар екенін сұрады, өйткені тәжірибе бойынша қала балансына берілгеннен кейін жабдықтар істен шыға бастайды. Сергеев Қоғамға осы жүйені одан әрі басқарудың көрінісі, оны қандай шарттармен жасауға болатындығы және егер жеке серіктес болса және қала балансына ауысса, бейнекамералардың кепілдік мерзімі туралы жазбаша түрде ақпарат беруді ұсынды.
Депутат осындай өтінішпен мемлекеттік органға да жүгінді, жобаның соңына дейін жағдайдың қалай қалыптасып жатқаны түсінікті болуы үшін және 2024 жылы мемлекеттік орган бейнекамераларды жаңартуға бюджеттен қосымша қаржыландыруды талап етпеуі үшін, 2023 жылы қолда бар бейнекамераларға түгендеу жүргізу туралы ақпарат беруді сұрады.