Балалар мен жастардың суицидтік мінез-құлқының алдын алу
12.05.2022
Қалалық мәслихатта Алтыншаш Табулдинаның төрағалығымен қалалық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының балалар мен жастардың суицидтік мінез-құлқының алдын алу мәселесі бойынша отырысы өтті.
Бірінші болып «Нұр-Сұлтан қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы» ММ басшысы Қайрат Қамбаров баяндама жасады. Суицидтік мінез-құлыққа барудың негізгі факторлары - жалғыздық (шеттетілу сезімімен) – 3, ауыр материалдық жағдай - 2; туыстарымен қарым-қатынастағы жанжалдар – 19, ата – аналарымен жанжал - 18, жұбайымен қарым-қатынастағы жанжалдар - 4, ауыр соматикалық аурулар - 1, көп жағдайлар анықталмаған. Барлық суицид жағдайларының 60%-дан астамы 15-17 жас аралығындағы жастарға тиесілі. Екінші қауіп тобы - 25-29 жас аралығындағы жастар.
«NEET «TRANSFORMATION» санатындағы жастарды әлеуметтендіру жөніндегі іс-шаралар кешені» мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру шеңберінде Абай көшесі, 92/3 мекенжайында орналасқан, офлайн және онлайн-форматтарда жұмыс істейтін Жастарды қолдау орталығы құрылған.
«Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы» ММ басшысының орынбасары Гүлназ Досмырзаева қалада 5 жыл ішінде 380 суицид әрекеті жасалғанын, оның ішінде аяқталғаны 32 жағдай болғанын хабарлады, бұл 8,4% - ды құрайды. 2021 жылы әрекеттер саны бірнеше есе артып, 136 жағдайға жетті, 13 – і аяқталды. Ағымдағы жылы 4 айда 41 суицид әрекеті жасалды, бұл 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4 жағдайға көп. Кәмелетке толмағандардың өлімінің себебі көбінесе дәрі-дәрмектерді қолдану болып табылады - 25 жағдай (61%), өзіне жарақат салу салдарынан 11 кәмелетке толмаған бала қайтыс болды (26,8%), биіктіктен құлау салдарынан 3 жағдайда денсаулыққа зиян келтірілді және 1 жағдайда қайтыс болуға әкеп соқты, ал әлеуметтік желілерде суицидті насихаттау нәтижесінде – 1 жағдай орын алды. Кәмелетке толмағандардың суицидтік мінез-құлқының негізгі себебі отбасындағы жанжалдар болып табылады.
«Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасы» ММ басшысының орынбасары Римма Иманғазинованың ақпараты бойынша, басқарма суицидтің немесе суицид жасау әрекетінің әрбір фактісі бойынша қызметтік тергеу жүргізеді.
2021 жылдың қорытындысы бойынша өткен жылмен салыстырғанда кәмелетке толмағандар арасында суицидтік мінез-құлықтың 166,7% - ға немесе 51-ден 136-ға дейін өсуі тіркелген. Кәмелетке толмағандардың суицидтік мінез-құлқының негізгі себептері отбасындағы жанжалдар, өзге адамдармен жанжалдар, жасөспірімдер мінез-құлқының психологиялық ерекшеліктері болып табылады.
Елордалық білім беру ұйымдарында 209 психолог жұмыс істейді, бір психологқа 850 оқушыдан келеді. Бұл бүгінгі күні үлкен проблема, өйткені балаларға психологиялық қолдау тиісті дәрежеде көрсетілмейді. 2018 жылдан бастап «Астана дарыны» орталығы «Bilim Foundation» ҚҚ-мен бірлесіп, елорданың 87 мектебі мен 26 колледжінде жұмыс істеген Превенция бағдарламасын кезең-кезеңімен енгізді.
Иманғизинова «Telegram» мессенджерінде суицидті насихаттайтын https://t.me/popselfharm «Self-harm» (Селфхарм) арнасын бұғаттау бойынша жұмысты жалғастыру; ішкі саясат басқармасына қауіпті сайттарды қадағалауды ұсыну; қаланың 3 ауданында «Психологиялық сүйемелдеу қызметтерін» ашу; мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты 1-ден 3 жылға дейін ұзартуды қолдау жөнінде ұсыныстар жасады.
Депутат Владислав Сергеев жыл сайын балалар өлімі болатынын атап өтті. Суицидтік мінез-құлықтың өсуі байқалады, балалардың өмірімен байланысты ауыр ақпарат беріліп отыр. Бүгінде жүзеге асырылып жатқан шаралар тиімсіз, оң динамика байқалмайды. Әлеуметтік желілерде «Өлім тобы» көк кит жұмыс істеді, балалар суицидтік мінез-құлық насихатының құрбаны болды. Қазіргі уақытта бала тиісті кеңес ала алатын балама әлеуметтік желілер жоқ. Барлық баяндамашылар жасөспірімдердің суицидтік мінез-құлқының негізгі себебі отбасындағы, туыстарымен жанжалдар болып табылатынын атап өтті. Сергеев басқа елдердің үлгісі бойынша Қазақстанда балалар мен жастар үлгі тұтатын, пікіріне құлақ асатын белгілі тұлғалар, амбассадорлар болуы тиіс екенін атап өтті. Кешенді, оның ішінде әлеуметтік желілерде алдын алу жұмыстарына бағытталған бағдарлама қажет. Бүгінгі күні бірыңғай кол-орталық жоқ, мұндай кол-орталық туралы ақпарат жоқ. Депутат кейбір жобаларды қаржыландыруды қайта қарауды ұсынды, өйткені әлеуметтік желілерде суицидтік мінез-құлықтың алдын алу жобаларына басымдық беру қажет. Депутаттың пікірінше, ахуал бойынша толық хабардар болып отыратын және статистикалық мәліметтерді түзететін үйлестіру орталығы болуы керек.
Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов 190 суицид әрекеті – бұл өте ауыр дерек екенін айтты, және бұл тек белгілі болған жағдайлар екенін ескере кету керек. Бұл барлық мемлекеттік органдардың үйлестірусіз, мақсатсыз және тиімсіз жұмысының нәтижесі. Алдын алуда ақпараттық жұмыс маңызды рөл атқарады. Барлық балалар әлеуметтік желілерді белсенді қолданады. Балаларға бағдар болатын жақсы үлгілерді көрсету керек, олимпиада жүлдегерлері, белгілі спортшылар туралы ақпарат жоқ.
Психологиялық көмек қызметі де қолдауды қажет етеді, мектепте балалармен жұмыс істеуге дайын лайықты психологтар, жоғары білікті мамандар бар. Олардың жұмыс жағдайлары қандай, олар неге мұқтаж. Бұрын Салауатты өмір салты орталығы жұмыс істеген, қалаға осындай орталықтың қызметі қажет.
Келесі мәселе, қазір интернетте кез-келген бала есірткі компоненттері бар заттарға тапсырыс бере алады. Каналимовтың пікірінше, ата-аналармен және туыстарымен жанжалдардан басқа, суицидтің себептерінің бірі - үлкен қарыздарға әкелетін құмар ойындар.
Елордада мектепте тамақтандыру жолға қойылған, алайда мектептердің бірінші қабаттарында әлі күнге дейін сағыз және басқа да өнімдер сатылады. Мәслихат хатшысы суицидтік мінез-құлықтың алдын алу - бұл барлық мүдделі мемлекеттік органдардың, учаскелік полиция қызметкерінің, әлеуметтік педагогтардың, психологтардың кешенді жұмысы екенін атап өтті. Бүгінгі таңда саяжайларда тұратын отбасылар, тәуекел тобына жатқызуға болатын 80 мың халыққа қатысты талдау жоқ. Әрбір қауіпті топқа жастар ұйымдарының еріктілерін бекіту қажет. Суицидтік мінез-құлықтың алдын алу бойынша кешенді жоспар әзірленді ме, қандай кезеңге? Жоспарға министрліктердің аумақтық департаменттерін де енгізуге болады.
Каналимов депутаттардың мамандармен, мектеп психологтарымен кездесуін өткізуді ұсынды, бұл суицидтің алдын алу бойынша жұмыстың оң нәтижелері болуы үшін не істеу керектігі туралы ақпарат алуға мүмкіндік берер еді.
Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі қалалық комиссияның хатшысы Қарлығаш Саркенова кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия 4 ай ішінде суицидтік мінез-құлықтың алдын алу мәселесін қарамағанын мойындады.
Депутат Ләззат Разбекова-Төлеуханова кәмелетке толмағандар істері жөніндегі қалалық комиссияның жыл басынан бері суицидтің алдын алу мәселесін қарамағанына наразылық білдірді. Отырыста төрт мемлекеттік органның басшылары сөз сөйледі, олардың әрқайсысы өз статистикасын берді. Бүгінгі таңда жалпы объективті, нақты статистика жоқ. Осыған байланысты депутат өзіне-өзі қол жұмсау әрекеттерінің саны, өлім болған жағдайлардың саны бойынша ай сайын салыстыру жүргізуді ұсынды. Келесі сұрақ психологтардың кәсіби деңгейін арттыру қажеттілігіне қатысты болды. Емханаларда балаларды тексеру бойынша үлкен қамту (5735) болған, алайда тексерулердің қорытындылары туралы мәліметтер әртүрлі, психологтар қауіп тобындағы балалар саны 0,7% құрайды деп отыр. Бұл мәселені комиссия отырысында қарау керек. Сондай-ақ, ол психологиялық денсаулық қызметінің полиция департаменті жүргізетін тергеулердің кейбір материалдарына қол жеткізу мүмкіндігін қарастыруды, сондай-ақ депутаттардың барлық ұсыныстары мен ескертулерін ескере отырып, 15 маусымға дейінгі мерзімде кешенді жоспарды пысықтап, әзірлеуді ұсынды.
Депутат Азамат Айтхожин комиссияның қиын балалармен, сондай-ақ суицидтік мінез-құлқы бар балалармен де айналысатыны белгілі екенін атап өтті. Депутат қазір кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия суицидтік мінез-құлықтың алдын алу бойынша жұмысты жандандыруы тиіс деп санайды.
Тұрақты комиссияның төрағасы Алтыншаш Табулдина әріптестерінің кешенді жоспарды пысықтау қажеттілігі бойынша ұсынысын қолдады. Ол сондай-ақ жоспарға тәуекел тобындағы отбасылармен ақпараттық-түсіндіру жұмысын енгізу қажеттігіне назар аударды.
Депутат Нұрдәулет Оразханов мүдделі органдар тиімсіз жұмыс жүргізіп жатқанын, бұны статистикалық деректер растайтынын айтты. Кәмелетке толмағандардың суицидтік мінез-құлқына әсер ететін факторлар көп. Мәселен, алдыда ұлттық бірыңғай тестілеу, бітіру кештері тұр, қаржы және басқа да проблемалар суицидтік мінез-құлықтың себептеріне айналмауы үшін білім басқармасы қандай шаралар ұсынады?
Депутат Куреш Солсанов балаларға суицидті насихаттайтын сайттарды пайдалануға заңнамалық деңгейде шектеу енгізуді ұсынды.
Тұрақты комиссия төрағасы тұрақты комиссия отырысын қорытындылай келе, мемлекеттік органдар басшыларының баяндамаларында жағдайдың нақты талдауының болмағанын атап өтті. Кәмелетке толмағандардың аутоагрессивті мінез-құлқы мен суицид проблемасы қазіргі уақытта шешілмеген күйінде қалып отыр.