Энергия үнемдеудің кешенді жоспарын іске асыру
28.04.2022
Қалалық мәслихатта Батыр Котыревтың төрағалығымен құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті.
Депутаттар «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттырудың кешенді жоспарын іске асыру барысы, инновациялық технологияларды енгізу перспективалары туралы» мәселені қарады.
«Нұр-Сұлтан қаласының Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ басшысы Төлеген Құлұшев депутаттарға Астана қаласы әкімдігінің 2017 жылғы 20 қыркүйектегі қаулысымен Астана қаласының энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттырудың 2017-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілгенін баяндады.
Кешенді жоспар аясында энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласында 189 іс-шара жоспарланған. Энергетика секторында жоспарланған 63 іс-шараның 55-і іске асырылды, коммуналдық қызметтер инвестициялық бағдарламасының басым іс-шаралары пайдасына қысқаруына байланысты 8 іс-шара іске асырылмады. Тұрғын үй секторында кешенді жоспардың 15 іс-шарасының 1-еуі орындалмаған, көлік секторында іс-шаралар толық іске асырылған. Бюджеттік секторда жоспарланған 66 іс-шараның 5-еуі қаржыландырудың болмауына байланысты орындалмады, 18 іс-шара Денсаулық сақтау басқармасының ведомстволық бағынысты ұйымдары бойынша іске асырылмаған. Мәдениет, Дене шынықтыру және спорт басқармалары бойынша 43 іс-шараның 5-еуі қаржыландырудың болмауына байланысты қарастырылмаған, 15-і орындалмаған, Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы бойынша 2 іс-шара орындалмаған, Білім басқармасы бойынша 12 іс-шара толық көлемде іске асырылған.
Энергия үнемдеуді насихаттауға бағытталған іс-шаралар шеңберінде 7 іс-шараның 6-ы іске асырылды. Елорданың оқу орындарында (мектептерде, колледждерде) энергия үнемдеу бойынша дәрістер, сынып сағаттарын өткізуді Білім басқармасы орындамаған. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жобалары бойынша «Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты» АҚ-на бекітілген 3 жоба орындалды. Мемлекеттік энергетикалық тізілім бойынша барлық іс-шаралар орындалған.
Астана қаласының энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттырудың 2017-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру қорытындысы бойынша бекітілген 189 іс-шарадан 19 іс-шара мекемелердің қайта ұйымдастырылуына байланысты алынып тасталды, 20 іс-шара қаржыландырудың болмауына байланысты іске асырылмады, 20 іс-шара орындалмады. Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде 12 700 тоннадан астам шартты отынды (шамамен 35 мегаватт/сағ) үнемдеуге қол жеткізілді.
Тұрақты комиссияның төрағасы Батыр Котырев негізгі ресурстар – бұл көлік, газбен жабдықтау, кәріз және т.б. тұтыну субъектілері екенін атап өтті. Котырев бүгінде энергия көздерінің балама түрлері қалай пайдаланылатыны және оларды пайдалану перспективалары туралы сұрады.
Баяндамада осы бағыттағы мемлекеттік құрылымдардың қызметіне нақты баға берілмеді. Бюджетті игеру мәселесі депутаттарды бюджетті игерудің тиімділігі тұрғысынан қызықтырады, өйткені мақсат бюджет қаражатын пайдалану емес, пайдалану нәтижеге бағытталуы керек, ол киловатт немесе джоуль, мегаваттпен көрсетілуі керек. Жасыл экономика салаларын қамтамасыз ету қажет.
Қалада АДБ жобасы шеңберінде, не иелерінің бастамасы бойынша күн элементтерінің ара-тұра пайдаланылуын байқауға болады. Осыған байланысты қалада заманауи технологияларды қолдануды көздейтін бағдарлама қажет. Мәселен, Солтүстік Қазақстанда өнеркәсіптік нысандарда қысқы кезеңде су жылыту үшін күн коллекторы пайдаланылады, бұл электр энергиясының шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл салада практикалық әзірлемелер бар, оларды пайдалану керек. Қызметтің бұл бағыты көпшілікке қолжетімді болуы үшін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу керек немесе тапсырыс беру керек.
Құлұшев басқарма негізінен желілерді, ЖЭО, шағын сүзгі станцияларын (ШСС) жобалаумен және салумен айналысады деп жауап берді.
Батыр Котырев қалаға баламалы энергия көздері қажет екенін атап өтті. Жеке тұлғалар электр энергиясын сата алуы немесе тиісті аспаптар, смарт-есептегіштер болған жағдайда оны желіге қайтара алуы үшін қолданыстағы Заңға өзгерістер енгізуді бастамашылық ету қажет. Пайдаланушы өзінің күн элементтері шығаратын электр энергиясын тегін, дәлірек айтқанда салыстырмалы түрде тегін пайдалана алар еді және егер мемлекет электр энергиясын қабылдауға дайын болса, оны тікелей магистральдық желіге жібере алар еді. Бұл мәселе ерекше назар аударуды талап етеді, өйткені елордада электр энергиясының тапшылығы бар. Жеке сектордың тұрғын үйлерін жылытуға арналған заманауи технологиялар болған жағдайда, қала бұл мүмкіндікті жеке тұлғаларға бере алар еді, осылайша қаланың көптеген мәселелері шешілер еді.
Депутат Котырев Басқармаға осы мәселені зерделеп, тұрақты комиссияның келесі отырысында ұсыныстар енгізуді ұсынды.
Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Азамат Абдуалиев сөз сөйлеп, басқарма электржелілік компаниямен бірлесіп, Электр энергиясын сатып алу-сату қағидаларын әзірлеумен айналысып жатқанын, ол заңнамалармен жұмыс жоспарына енгенін айтты.
Комиссия төрағасы мәселе жеке сектор туралы, бұл құқықтың жеке тұлғалар үшін қолжетімділігі туралы болып отырғанын атап өтті. Мұндай жағдайда инвестициялар жөніндегі басқарманы осы мәселені шешуге тарту қажет, депутаттар қала әкімінің атына ұсынымдар жолдайды.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің өкілі Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттырудың кешенді жоспарын іске асыру бойынша ескертулер айтып өтті, мысалы 2021 жылдың қорытындысы бойынша энергия тұтыну туралы ақпарат ұйымдардың тек 35% - ын ғана қамтыды, бұл төмен пайыз. ҚР «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» Заңына сәйкес жергілікті атқарушы органдар энергия үнемдеу саясатын жүзеге асырады. Сондай-ақ, осы уақытқа дейін жергілікті атқарушы органдар министрлікке 2022-2024 жылдарға арналған энергия тиімділігінің жол картасын әзірлеуге қатысты (орындау мерзімі ағымдағы жылдың 1 сәуіріне дейін) жауап жібермегені жөнінде ескерту айтылды. Сонымен қатар, 2020 жылы жүргізілген көше жарығын талдау нәтижесінде елордада жарықтандырудың тек 45% жарықдиодты шамдарды құрайтынын көрсетті.
Батыр Котырев әкімдікке Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институтына ақпарат беру бойынша бақылауды күшейтуді, Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын және Жол картасын орындау бойынша шаралар қабылдауды, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттырумен қатар энергияның баламалы түрлерін кеңінен енгізуді қарастыруды ұсынды.