Елорданың 2022-2024 жылдарға арналған бюджет жобасы
09.11.2021
Алтыншаш Табулдинаның төрағалығымен әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті.
Отырыс барысында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, тілдерді дамыту және мұрағат ісі салаларындағы 2022-2024 жылдарға арналған бюджет жобасы талқыланды.
Бюджет жобасын қорғау бойынша негізгі баяндамашы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев болды. Сөз басында ол депутаттарға елорданың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы ақпарат берді. Бұдан әрі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы бюджеттік бағдарламалар әкімшілері тұрғысынан болжалды шығыстарға егжей-тегжейлі тоқталды. Дене шынықтыру және спорт басқармасына үш жылдық кезеңге - 30 млрд. 186,6 млн. теңге, оның ішінде 2022 жылға 7 млрд. 960,9 млн. теңге қарастырылған.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының үш жылдық кезеңге арналған шығыстарына - 18 млрд.340,5 млн. теңге, оның ішінде 2022 жылға 8 млрд. 967,3 млн. теңге көзделген.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына үш жылдық кезеңге - 42 млрд. 265,3 млн. теңге, оның ішінде 2022 жылға 13 млрд. 941,2 млн. теңге қарастырылған.
Білім басқармасының үш жылдық кезеңге арналған шығыстарына - 316 млрд. 663,8 млн. теңге, оның ішінде 2022 жылға 101 млрд. 202,9 млн. теңге көзделген.
Мәдениет басқармасының үш жылдық кезеңге арналған шығыстарына - 21 млрд. 554,9 млн. теңге, оның ішінде 2022 жылға 7 млрд. 558,9 млн. теңге көзделген.
Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасына үш жылдық кезеңге - 1 млрд. 728,8 млн. теңге, оның ішінде 2022 жылға 576,3 млн. теңге қарастырылған.
Депутат Владислав Сергеев 096 бағдарламасы бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелердің орындалуына қатысты сұрақ қойды, үш жылдық кезеңге 8 млрд. 250,2 млн. теңге сомасында шығыстар көзделген, бұл жерде «Қазақстан» спорт сарайын реконструкциялау туралы сөз болып отыр. Қалада қайық станциясы, шаңғы орталығы жоқ, ал спорт сарайын реконструкциялау үшін орасан зор қаражат салу жоспарлануда. Депутат «Қазақстан» спорт сарайын реконструкциялау мәселесін мұқият зерделеу үшін жеке жұмыс тобын құруды ұсынды.
Тұрақты комиссияның төрағасы Алтыншаш Табулдина депутат Сергеевтің жұмыс тобын құру туралы ұсынысымен келісті, өйткені қазір қосымша талқылауды қажет ететін қосымша сәйкессіздіктер анықталды.
Депутат Бауыржан Жанқонақов 8 ай бойы депутаттар спорт кешенін реконструкциялау мәселесін талқылап жатқанын айтты, ол бөлшектеу жұмыстарын мемлекеттік бюджет есебінен жүргізу жоспарланғанына наразылық білдірді, депутаттарға ЖСҚ ұсынуға уәде берілген, бірақ әлі күнге дейін ұсынылған жоқ.
Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов аталған жоба бойынша қалада шарттық міндеттемелер жоқ екенін атап өтті. Кезінде міндеттемелер қабылданды, бірақ келісімшарттар жоқ. Бұл мәселенің басын ашып алу керек, мәселе бойынша үш мемлекеттік орган – экономика, құрылыс және спорт басқармалары жұмыс істейді. Бұл нысан қаланың коммуналдық мүлкіне жатады. Депутаттар көшпелі отырыс өткізуді ұсынған, бүгін басқарма бөлшектеуге ЖСҚ бар екенін хабарлап отыр. Депутаттарға қаражатты игеру тетігін, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын ұсыну қажет. Келесі аптада көшпелі отырыс өткізу керек, орындау мерзімі, кезеңдер бойынша құжаттарды ұсыну қажет.
Депутат Азамат Айтхожин оң жағалауда тартылыс орталығы жоқ екенін, сондықтан мәселелерді тез және құқықтық тәртіпте шешу керек екенін айтты. Барлық спорт объектілері сол жағалауда орналасқан, осылайша, спорт объектілеріне қол жеткізе алмайтын аз қамтылған отбасылардан шыққан балалардың мүдделері ескерілмеуде.
Депутат Алмагүл Сегізбай кітапхана жүйесін дамыту және бір көрнекі кітапхана құру жөнінде сөз қозғады. Орталық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы жаңғыртуды қажет етеді, мәселені шешу үшін 10 млн. теңге қажет. Экономика басқармасы осыған қатысты өтінімдерді үнемі қабылдамай тастайды.
Елорданың кітапхана жүйесінің жағдайы өте нашар екендгі туралы мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов әріптесін қолдады. Кітапханаларда қалыпты жарықтандыру жоқ, балалар кітапханасының жөндеуді қажет етеді. Ол барлық кітапханалардың мәселелерін шешу бойынша жеке қадамдық жоспар құруды ұсынды, кітапхана қорын жаңарту, материалдық-техникалық жабдықтау бойынша кешенді тәсілдеме қажет. Е.Е.Каналимовтің пікірі бойынша, кейін тек ағымдағы мазмұндағы мәселелерді шешіп отыру үшін, бір-екі кітапхананың ғана емес, бүкіл кітапхана жүйесінің мәселелерін қарастыру керек. Қазіргі уақытта желілер, кірме жолдар, өрт шығу жолдары және т.б. мәселелер бойынша кітапхана жүйесінің жағдайы қандай. Бұл сала жеке меншікке берілмейді, ол қала меншігінде қалады, сондықтан барлық мәселелерді шешу қажет.
Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Ерғалиев сөз сөйлеп, бірнеше бағдарламаны қосымша қаржыландыруды қолдауды сұрады.
Депутат Назгүл Мақжанова Astana Bike автоматтандырылған велопрокат жүйесі бойынша сұрақ қойды, басқарма оған 370 млн. теңге бөліп отыр, алайда жүйе қазір жеке қолға берілмекші. Демек, қала жобаны қаржыландырып, оны сенімді басқаруға беретін болып отыр ғой. Astana Bike пайдалы әсер коэффициенті (пәк) қандай, осы жөнінде толық ақпарат қажет. Мысалы, белгілі бір жетістіктері болса да, Семсерлесу федерациясы барлық шығындарды өзі төлеуге мәжбүр. Федерацияның ұсыныстары спорт басқармасынан қолдау таппай келеді.
Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов алғашқыда бұл Самұрық-Қазынаның жобасы болғанын, 10 жылдан кейін ол ресми түрде қалаға берілгенін нақтылап өтті. Жүйенің қала меншігінде болғанына үш жыл. 10 жыл ішінде велопарк ескірді, жаңа станциялар салынбады, әлі күнге дейін тек веложолдар салынуда, егер қала бұл жобаға инвестиция салмаса, оның жұмысы мүлдем тоқтап қалады. Егер мүмкіндік болса, жүйенің жұмысын жандандыру үшін, жүйені сенімді басқаруға беруді ұсынды. Егер депутаттар велопрокат жүйесін қаланың меншігінде қалдыруды жақтаса, жобаны қаржыландыруды қарастыру қажет.
Тұрақты комиссияның төрағасы Алтыншаш Табулдина 4 ай бұрын Елорда күніне орай ресми түрде ашылған, бірақ әлі күнге дейін жұмысын бастамаған ДСК бойынша сұрақ қойды. Депутат спорт басқармасына 2 хат жолдаған, олар жауапсыз қалды, халықпен ақпараттық жұмыс жүргізілмейді. Депутаттар өтінішкерлердің өтініштері бойынша бұл ДСК-не бірнеше рет барған. Құрылыс басқармасы бас мердігердің жұмыстарындағы кемшіліктерге байланысты кешеннің ашылуын кешіктіріп жатыр.
Депутат Владислав Сергеев спортқа мәдениет саласына қарағанда аз ақша бөлінетінін айтты, дегенмен Президенттің Жолдауында бұқаралық және балалар спортына жағдай жасау, спорт инфрақұрылымының құрылысын кезең-кезеңімен қамтамасыз ету қажеттілігі нақты көрсетілген. Депутат «Қазақстан» спорт сарайын қаржыландырудың орнына қайық станциясын, шаңғы базасын салуды, ақшалай қаражат қалдық принцип бойынша бөлінетін спорт мекемелерін қаржыландыру мәселелерін қайта қарауды ұсынды,
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Муратов бюджет жобасын қаржыландыру бойынша барлық ұсыныстар қолдау тапқаны үшін экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына алғысын білдірді.
Депутат Владислав Сергеев денсаулық сақтау басқармасының ақпараттық жұмысының сапасына наразылығын білдірді, ол бүгінде тиімсіз болып отыр, бұл әсіресе антиваксерлердің ақпараттық әрекеттері барысында байқалды.
Депутат Азамат Айтхожиннің айтуынша, мемлекеттік органдардың сапалы ақпараттық жұмыстарын жүргізу қажеттілігіне қатысты бірнеше рет сөз қозғаған, мысалы, Железнодорожный тұрғын алабының тұрғындары қолжетімді ақпараттың болмауы салдарынан қандай емханаға қатысты екендерін, жақын жердегі тірек пунктінің қайда орналасқанын білмейді. Депутат барлық басқармалар орасан зор жұмыс атқарып жатыр және ол туралы белсенді түрде ақпараттандыру қажет деп есептейді. Ол әр басқармаға ақпараттық жұмыс үшін белгілі бір сома бөлуді ұсынды.
Мәслихат хатшысы халық үшін сапалы ақпараттық жұмыстың пайдасы бар екенін айтты. Әкімдіктің ақпараттық саясатына жауап беретіндіктен ішкі саясат басқармасы жыл сайын жылдық жоспарды бекітеді, жоспарға жергілікті атқарушы орган жұмысының белгілі бағыттары бойынша ай сайынғы қамтуды енгізу қажет.
Сондай-ақ мәслихат хатшысы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы үш жылға есептелген шамамен 6 блок, 50 пункттен тұратын жоспар әзірлегені туралы депутаттарға хабарлады. Бұл жоспар қазір келісу сатысында, жоспарда, негізінен, даму бюджеті, құрылыс, күрделі жөндеу, материалдық-техникалық базаны жарақтандыру, оның ішінде медицина қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері, олардың әлеуметтік-тұрмыстық проблемалары қамтылған. Дәл осы жоспар депутаттар келесі жылдың мамыр айында талқылайтын даму бюджетін қаржыландыруға негіз болады.
Ерлан Каналимов қоғамдық денсаулық сақтау және білім басқармаларына, ІІД-не электронды темекі сату мәселесіне назар аударуды сұрады, олар лицензиясыз, барлық жастарға жасына байланысты шектеусіз сатылып отыр. Бұл мәселені шұғыл түрде шешу керек, электронды темекіні қарапайым темекі өнімдеріне теңестіру жолдарын табу керек.
Депутаттар ішкі саясат басқармасын вакцинацияға қатысты Халықпен, ата-аналармен және оқушылармен ақпараттық жұмысқа қосуды ұсынды. Ақпараттық-ағартушылық жұмыс өз жемісін беруде, өз уақытында қоғамда қолдау таппаған жаңашылдықтар, қазір жүзеге асырылуда, күндізгі уақытта фараларды міндетті түрде қосу, қауіпсіздік белдіктерін пайдалану, тыныштық режимі және т. б.
Депутат Ерлан Дакенов Damumed (цифрлық медициналық сервистер) жұмысына қатысты көптеген мәселелер бар екенін, азаматтардан өтініштер көп түсетінін айтты.
Алтыншаш Табулдина фейсбукте жарияланған «№12 емхана қызметкерлері үшін медицина қызметкерлеріне арналған жатақхана қажет, кабинеттерде екі дәрігерден отырады, дәліздер тар» деген мәселе туралы сөз қозғады. Ол емхананы, жатақхананы жөндеуге қаражат бөлуді ұсынды, санитарлық нормаларға сәйкес келмейтін балалар ауруханаларының қабылдау бөлмелерін реконструкциялау қажет. Балалар дәрігерлерінің, бейінді мамандардың, нефрологтардың, гематологтардың және т.б. медицина қызметкерлерінің тұрғын үй мәселелерін шешу үшін жатақханалар қажет. Медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру мәселесі ұзақ уақытты қажет ететіні түсінікті, сондықтан қазір оларға қолдау көрсету керек, олардың тұрғын үйді жалға алу шығындарын өтеу керек, бұл аймақтарға қарағанда елордада әлдеқайда жоғары, қала жатақханаларындағы орындарды қаржыландыруға қаражат бөлу керек. Бұған дейін қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына кешенді және өңірлік перспективалық жоспарлар бойынша ескертулер болған, олар өзара байланысты болуы керек.
Депутат Бауыржан Жанқонақовтың айтуынша, «Азаматтарды елді мекеннен тыс жерлерде емделу үшін тегін немесе жеңілдікпен жол жүрумен қамтамасыз ету» 016 бағдарламасы бойынша үш жылдық кезеңге - 6,0 млн. теңге, оның ішінде 2022 жылға 2,0 млн. теңге медициналық көрсеткіштер бойынша Қазақстан Республикасының шегінде емделуге жіберілетін науқастардың жол жүру құнын төлеу бойынша денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қарастырылған. Бұл өте аз. Жыл бойы депутатқа осы мәселе бойынша азаматтар жүгінген.
Депутат Гүлжамал Жапарова қазіргі таңда денсаулық сақтау саласы екі ұшты жағдайда тұрғанын, бір жағынан оған тарифтерді көтеруге рұқсат етілмейтінін, екінші жағынан ол мемлекет тарапынан толықтай қаржыландырылмайтынын атап өтті. Дәрігерлерге жағдай жасау керек және бір-екі жатақхана салу проблемаларды шешпейді, олар мысалы, мұғалімдер сияқты, лайықты жалақы алмайды. Ол елорданың медицина қызметкерлеріне лайықты жалақы қамтамасыз ету мәселелерін Мәжіліс арқылы қозғауды ұсынды.
Депутат Владислав Сергеев Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысынан Nur Otan партиясының Жол картасына сәйкес Интернациональный, Өндіріс, Промышленный тұрғын алаптарында МСАК құрылысы жоспарланғанын нақтылауды сұрады.
Депутат Алтыншаш Табулдина вакцинацияны білім басқармасымен, педагог қызметкерлермен бірлесіп жүргізу керектігін атап өтті. Нормативтік құқықтық актілерде вакцинация мектепте медициналық кабинеттерде жүргізілуі мүмкін деген ережелер бар. Вакцинация жүргізу барысында бірлесіп жұмыс істеу қажет, жалғыз дәрігерлер үшін бұл қиынға соғады, денсаулық сақтау саласы қымбат Pfizer вакцинасын сатып алды, бірақ ата-аналарға ақпаратты бірге жеткізу керек. Кейде дәрігерлер құқықтарының бұзылатынына қарамастан, олар өз жұмыстарын жалғастырады және қолдауды қажет етеді. Ақпаратты ұсыну танымал тұлғаларды, әртістерді тарта отырып, қызықты болуы тиіс. Ішкі саясат басқармасы бұл ретте алдыңғы қатарда болуы керек, осы тақырыпта бейнероликтер жасауы керек. Медицина қызметкерлерінің жұмысы көп, сондықтан олар кезекті вакцинация іс-шараларын жалғыз жүргізе алмайды.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожина барлық бюджет жобасы бойынша ұстанымдар қолдау тапқаны туралы депутаттарға баяндады. Қазіргі уақытта басқармада тек Белсенді ұзақ өмір сүру орталығын құру бойынша мәселе тұр. Заңды тұлғаны тіркеу жөніндегі құжаттар әділет органдарына тапсырылды, еңбекақы төлеу қорын, үй-жайды жалға алуды, жарақтандыруды қаржыландыру қажет.
Депутаттар балаларға атаулы әлеуметтік көмекке 107 млн. теңге сомасына қатысты сұрақтар қойды, ақшалай қаражат нақты не үшін жұмсалады, қазіргі уақытта инватакси жұмысы қалай жүзеге асырылуда, бір кездері бұл жұмыс азаматтар тарапынан сынға ұшыраған болатын.
Депутат Владислав Сергеев депутаттардың ескертулерден кейін инватакси жұмысын жолға қою бойынша жұмыстың тездетілгенін, бұл қызметті коммерциялық ортаға берудің жақсы мысалы екенін атап өтті. Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жұмысын депутаттар қолдайды, оң жағалауда көптеген қарт адамдар тұрады.
Депутат Алмагүл Сегізбай бейінді мамандар жұмыс істейтін Шарапат орталығына қатысты азаматтардың өтініштерінен сұрақтар қойды, олар аттестаттаудан қалай өтеді, медициналық-әлеуметтік мекемелер мен білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог және медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыру бойынша қандай ұсыныстар бар, олардың жалақысы бұрынғы деңгейде қалуды.
Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов депутаттарға білім басқармасымен бірлесіп, осы топтағы қызметкерлердің мәселелерін шешу жөнінде Мәжіліс пен салалық министрліктерге 2 хат дайындауды ұсынды.
Білім басқармасы басшысының м.а. Нариман Еламанов білім басқармасының қажеттілігі қолдау тапқанын хабарлады.
Депутат Нұрдәулет Оразханов жалпы білім беру қорын қаржыландыруға байланысты сұрақ қойды, ағымдағы жылы 15 мың отбасына 40 мың теңгеден жұмсалған, келесі жылға 1 237,4 млн. теңге салынған, бұл балалар санының өсуіне немесе әр балаға жұмсалатын шығындар сомасының артуына байланысты ма, демек балалар саны екі есе өскен бе.
Мәслихат хатшысы қажет болған жағдайда депутаттар бейіндік министрлікке жүгінуге дайын екенін айтты, өйткені бөлінген қаражат мектеп формасын сатып алуға жетпейді, оған қоса мектеп формасын тек белгілі бір дүкендерден сатып алуға қатысты шектеулер бар. Ата-аналарға форманы базарлардан неғұрлым арзан бағаға сатып алу тиімдірек.
Депутат Талғат Қожахметов білім басқармасының бюджеті бойынша сұрақ қойды - «Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында мамандар даярлау» 024 бағдарламасы бойынша 2022 жылға 6 474 студент контингенті бар 8 мемлекеттік колледжді ұстауға және 6 622 орындық 16 жекеменшік колледжге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға 7 млрд 682,8 млн теңге көзделген. Депутат қаланың құрылыс мамандықтарына мұқтаж екенін, Атамекен аумағында кәсіпкерлердің қатысуымен кеңес өткізу қажеттігін айтты, құрылысшылардың мәртебесі артып келеді, тиісінше олардың жалақысы да өседі, сондықтан басқармаға сұранысқа ие қажетті мамандықтарды даярлау керек.
Депутат Алмат Жүнісов әріптесін қолдады, Атамекенде кеңес қараша айының үшінші онкүндігіне білім басқармасының жаңа басшысының қатысуымен жоспарланған, онда білім басқармасы бойынша мәселелер талқыланатын болады.
Мәслихат хатшысы депутаттарға хаттамалық ескертулер мен ұсыныстар бар екенін еске салды, егер басқарма басшысы депутаттардың осы ұсыныстарын негізге алып, жоспар әзірлесе, барлық мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге болады. Олардың арасында тамақтану бойынша да ескертулер бар, оған елордада көп ақша жұмсалады, колледждерде мамандар даярлау, мектептердің жаңа талаптарға сәйкестігі, бұл оң жағалаудағы шамамен 28 мектеп және т.б. мәселелер бойынша ескертулер бар. Оқушылардың картасы мектеп оқушыларының тамақтануын есепке алу мәселесін шешуі тиіс.
Тұрақты комиссияның төрағасы фейсбукте тұрғындардан түскен «Үркер тұрғын алабында мектеп қашан және қайда салынады» сауалын қойды, білім басқармасынан қойылған сұрақтар бойынша толық ақпарат дайындауды және алдағы уақытта барлық басқармалардан комиссия отырысы барысында сұрақтарды болдырмау үшін егжей-тегжейлі ақпарат дайындауды сұрады.
Депутат Алмат Жүнісов мектеп құрылысы, оларды тапсыру мерзімі бойынша сұрақтар бар екенін айтты, аудан әкімдіктері жұмыс істеп жатыр, бірақ білім басқармасы бұл мәселелермен тиісті түрде айналыспаған. Әр мектептің күйі бойынша айтып өту керек.
Депутат Владислав Сергеев қараша айының соңында партияның Жол картасын іске асыру мәселелері бойынша кеңес өтетінін, онда басқарма басшылары тыңдалатынын атап өтті. Мысалы, тұрғын үй алаптарындағы мектептерді тапсыру мерзімі - 2022 жыл, Жол картасы пункттерінің орындалмау қаупі бар. Депутат мектептердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге егжей-тегжейлі талдау жасауды сұрады, үш жылға арналған бюджет жобасы аясында депутаттар қолдауға дайын.
Мәдениет басқармасы басшысының м.а. Санат Шапашов қаржылық қолдау үшін алғысын білдірді, алайда 2022 жылға орыс театрын жөндеуге және Президенттің жан басына қаржыландыру аясында шығармашылық үйірмелерді енгізу жөніндегі тапсырмасын іске асыруға қосымша қаражат талап етіледі, шығармашылық үйірмелерге баратын балалардың саны өсуде.
Алтыншаш Табулдина депутаттар бұл жұмысты қаржыландыруды ұлғайту мәселесін жеке қарауға дайын екенін, әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның атына ақпарат ұсыну қажеттігін айтты. Басқарма қаржыландырудың шексіз емес екенін түсінуі тиіс, кеңесте депутаттар басқарманың ұсыныстарын тыңдап, талқылайтын болады.
Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының басшысы Сакен Есіркеп тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының үш жылдық кезеңге арналған шығыстарына - 1 млрд.728, 8 млн. теңге, оның ішінде 2022 жылға 576,3 млн. теңге қарастырылғанын, басқарма қызметкерлері штатының кеңеюіне байланысты қосымша қаржыландыру қызметкерлердің жалақысына ғана талап етілетінін айтты.
Депутат Владислав Сергеев мемлекеттік тілді оқып-үйренуді қамтамасыз ету үшін бөлінген елеулі соманың мақсатқа сай пайдаланылуы, оқытудың жаңа технологиялар бойынша құрылуы тиіс екендігі жөнінде тілек білдірді.