Этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту, елорданың азаматтық қоғам институттарын дамыту мәселелері жөніндегі мәслихат сессиясы
29.09.2021
Қалалық мәслихатта Ерлан Каналимовтың төрағалығымен Zoom сервисінің бейнеконференцбайланыс платформасында мәслихаттың кезекті 12-ші сессиясы өтті.
Мәслихаттың кезекті сессиясының жұмысына ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаев, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов, қала аудандарының әкімдері, мемлекеттік құрылымдардың басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.
Депутаттардың қарауына «Жергілікті атқарушы органның Нұр-Сұлтан қаласында этносаралық және конфессияаралық келісім мен азаматтық қоғам институттарын дамыту саласында қоғамдық-саяси тұрақтылықты нығайтуға бағытталған ішкі мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі жұмысы туралы» мәселе шығарылды. Кезекті сессияның негізгі мәселесі бойынша Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов баяндама жасады.
Бүгінгі таңда қоғамдық келісімді қолдау үшін қажетті нормативтік-құқықтық база қалыптастырылған, қызметінің негізгі бағыты этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту, азаматтық қоғам институттарын дамыту болып табылатын институттар жұмыс істейді. Елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясы елдің және қаланың саяси жүйесінің субъектісі бола отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясының даму тұжырымдамасына (2025 жылға дейін), Астана қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясының даму бағдарламасына (2025 жылға дейін), Нұр-Сұлтан қаласында этносаралық қатынастарды дамыту жөніндегі 2021 жылға арналған модельдік жоспарға сәйкес құрылады. Соңғы айларда этносаралық сипаттағы жанжалдардың алдын алу бойынша үйлестірілген қызметті қамтамасыз ету мақсатында этносаралық алауыздық тақырыбындағы теріс жарияланымдарды анықтау бойынша әлеуметтік желілер мен этникалық БАҚ мониторингі жүргізілді; этносаралық шиеленістің ықтимал ошақтарын көрсете отырып, этноәлеуметтік шиеленістің картасы әзірленді.
Екінші тоқсанда жүргізілген зерттеу нәтижелері бойынша сауалнамаға жауап берушілердің 70%-дан астамы этносаралық саладағы жағдайды оң деп бағалады.
Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласының аумағында 30 ғибадат үйі өз қызметін жүзеге асыруда, оның ішінде: исламдық – 12, православиелік – 4, католиктік – 3, протестанттық - 10, иудейлік – 1. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында қала тұрғындары арасында 476 ақпараттық-түсіндіру кездесулері ұйымдастырылды, оның ішінде 415 – жеке кездесулер, 61 - онлайн форматта, оның ішінде 25 мыңнан астам адамды қамти отырып, «ZOOM» платформасында өткізілді.
Қала әкімінің орынбасары кезекті сессияға қатысушыларға этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту, азаматтық қоғам институттарын дамыту бойынша жұмыстар жалғастырылатынын айтып, депутаттардың осы саладағы жұмысты жақсарту жөніндегі ұсыныстары қабылданып, іске асырылатынына сендірді.
Елордалық мәслихат депутаты Назгүл Мақжанова мемлекеттік органдардың этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту, азаматтық қоғам институттарын дамыту бойынша жүргізіп жатқан жұмыстары қаладағы қоғамдық-саяси жағдайға оң әсерін тигізетінін атап өтті. Сонымен қатар, Достық үйіне, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығына, діни ғимараттарға бару нәтижелері бойынша депутаттарда ескертулер мен ұсыныстар бар. Достық үйі елордада тұратын түрлі этнос өкілдерінің ортақ үйі болып табылады. Олар үшін Достық үйінде медиация кабинеттері қарастырылған, қазақ тілін оқыту сабақтары жүргізіледі, конференц-зал, дыбыс жазу студиясы бар. Мұндай құрылымның болуы азаматтық бастамалардың дамуын ынталандырады. Ашық деректерге сәйкес елімізде 32 Достық үйі бар. Депутат Достық үйіне жапсарлас үй-жай (концерт залын) салу мәселесін мұқият қарастыруды ұсынды, өйткені қалада шұғыл түрде шешуді қажет ететін бірқатар проблемалар бар. Достық үйі мәселелерді қалалық мәдениет басқармасымен бірлесіп шешуі керек. Сондай-ақ, депутат қатысушылардың назарын «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлерінің төмен жалақысына аударды. Қоғам үшін мәдениет пен ағартушылық саласында үлкен үлес қосып жүрген қызметкерлер мұндай төмен жалақы алмауы керек. Қалада Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы жұмыс істейтіні белгілі, ол мемлекет пен азаматтар арасындағы делдал ретінде әрекет ететін ҮЕҰ үшін үйлестіру алаңы болуы керек. ҮЕҰ қызметін талдау олардың қоғамның барлық салаларын (білім беру, мәдениет, гендерлік қатынастар, адам құқықтарын қорғау, экология және т.б.) қамтитынын көрсетеді. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығын аралау барысында депутаттар бірқатар жұмыс жүргізіліп жатқанына көз жеткізді, бірақ ҮЕҰ арасында бытыраңқылық бар, олардың қызметін үйлестіру жоқ. Сондай-ақ, депутаттар діни мекемелермен танысты. Халықтың әл-ауқатының негізі этносаралық және конфессияаралық келісім екенін ескере отырып, депутаттар бұл бағыттың жастар аудиториясына басты назар аудара отырып жүргізілуін қолдайды, сондай-ақ бұл бағытта жергілікті атқарушы органның кешенді жұмысы қажет.
Депутат Талғат Нәрікбаев Достық үйіне жапсарлас құрылыс салуға қарсы шықты. «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлерінің жалақысын көтеру мәселесі бойынша депутат ішкі резервтерді қарастыру керек деген пікір білдірді. Ол Достық үйінің жұмысына қатысты ескерту айтты, оның қызметі жүйелі негізде ұлттар арасындағы өзара қарым-қатынасты нығайтуға бағытталуы тиіс. Депутат зайырлы өмірге тарту үшін, әртүрлі дін өкілдерімен ағартушылық жұмыс жүргізуге тиіс діни мекемелерді пайдалануды ұсынды.
Асхат Оралов депутаттарға бұл мәселені жұмыс тәртібінде қарауға дайын екенін, олардың ескертулері мен ұсыныстары назарға алынатынын айтты.
Депутаттар 3000-нан астам ҮЕҰ тіркелген, бірақ қазір 12-13 ҮЕҰ орналасқан Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қызметін сынға алды. Олар Достық үйіне жапсарлас құрылыс салу туралы мәселені қолдамады, өйткені ғимарат типтік емес болып табылатындықтан, болашақта негізгі ғимаратқа қосымша тағы құрылыс қажет болады. Мұндай жағдайда барлық қажетті үй-жайлары бар типтік ғимарат салу мәселесі орынды болады.
«Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы» ММ басшысы Тимур Муратов бюджет қаражаты есебінен «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жоғары технологиялық медициналық көрсетілетін қызметтерді және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмекті алу үшін Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген Қазақстан Республикасының азаматтарына тұрақты тұратын елді мекеннен тысқары жерлерге тегін жол жүруді ұсыну туралы» мәселе бойынша сөз сөйледі.
«Нұр-Сұлтан қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» ММ басшысы Әнуар Саипов «Жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскелерін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару туралы шарттардың жобаларын келісу туралы» мәселе бойынша сөз сөйледі.
Мәслихат хатшысы мәслихатқа «Ақ жол» партиясының депутаттық фракциясын келесі құрамда тіркеу туралы өтініш келіп түскенін хабарлады: Смағұлов Асқар Сайлаубекұлы, Түсіпов Серік Тұяқұлы және Жанғұнақов Бауыржан Мухаметсафиұлы. Депутаттар қалалық мәслихатта «Ақ жол» партиясының депутаттық фракциясын тіркеу туралы шешімді бірауыздан қолдады.
«Нұр-Сұлтан қаласында шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды өз бетінше жұмысқа орналасуы үшін шетелдікке немесе азаматтығы жоқ адамға біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтаманы беру немесе ұзарту жөніндегі комиссияның құрамы, басым салалардың (экономикалық қызмет түрлерінің) және олардағы сұранысқа ие кәсіптердің тізбесі туралы» мәселе бойынша «Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы» ММ басшысы Сәуле Нұрғожина сөз сөйледі. Ол мемлекеттік қызметтер Үкіметтің тапсырмасы бойынша ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен жергілікті атқарушы органдарына берілетінін түсіндірді.
Депутат Талғат Нәрікбаев мұндай комиссияны құру қажеттілігіне күмән келтірді, өйткені оның пікірінше, комиссия қосымша тосқауыл болады және осындай қызмет түрінде орын алатын сыбайлас жемқорлықты ескеру қажет. Бұл комиссия шетелдік жұмысшылардың келуін жеңілдетуга жағдай жасай ала ма.
Ерлан Каналимов депутаттың комиссия құруға қатысты күмәнін қолдады. Депутаттардың жаңа құрамы өз жұмыстары барысында 51 қалалық комиссияны 23 комиссияға оңтайландыруды ұсынған. Жеке комиссия құрудың орындылығын қосымша зерделеп, талдап, осы функцияларды қолданыстағы комиссияға беру мүмкіндігін қарастыру қажет.
Депутат Сергей Шукшев комиссия құру, бірінші кезекте әрине, жергілікті халықты жұмысқа орналастыруды жеңілдетуі тиіс, бірақ мигранттардың келуіне кедергі келтірмеу керек, өйткені қазір құрылыста әртүрлі деңгейдегі жұмыс қолының жетіспеушілігі орын алуда және бұл қала экономикасына әсер етеді деген пікір білдірді.
Депутат Ғабит Сәтмағамбетов құрылыс алаңындағы жұмысшылар жақсы табыс табатынын, екі жоғары білімі бар адамдар одан аз алатынын айтты. Қазір жоғары білікті мамандар тапшы. Бюрократияны болдырмау үшін барлық қызметтерді цифрландыру қажет. Құрылыс секторында жұмыс күшінің жетіспеушілігі бар, мәселен Ресей Федерациясында жұмысшыларды рәсімдеу 15 минут ішінде жүргізіледі.
Мәслихат хатшысы сессия қарауында комиссия құру туралы мәселе емес, Үкіметтің тапсырмасы бойынша комиссия құрамын бекіту туралы мәселе тұрғанын нақтылады. Аталған мәселедегі проблемаларды ескере отырып, Ерлан Каналимов жұмысқа орналастыру және еңбек нарығын талдау мәселесін төртінші тоқсанда, орталық және жергілікті мемлекеттік органдарды шақыра отырып қарауды ұсынды.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы Үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық және өзара қарым-қатынас жөніндегі консультативтік кеңестің құрамы туралы Дәурен Бабамуратов сөз сөйлеп, кеңестің бастапқы құрамын бекітуді, депутат Владислав Сергеевтің екі кандидаттың кандидатурасын енгізу туралы ұсынысын қосымша қарастыруды сұрады.
Депутат Талғат Нәрікбаев қалалық мәслихат сессияларында айтылған сын-ескертпелер мен ұсыныстардың орындалу барысы туралы мәселе бойынша мемлекеттік органның жауабына қанағаттанбайтындығын білдірді.
Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов мемлекеттік органдардың, ведомстволық бағынысты ұйымдардың жауаптарымен немесе олар атқарған жұмыстармен келіспеген жағдайда, сын-ескертпелер мен ұсыныстардың орындалуына қатысты материалдарды жеке зерделеу туралы ұсыныс айтқанын еске салып, депутаттарда мемлекеттік органдардың депутаттардың ескертулері мен ұсыныстарын толық және түпкілікті орындауы бойынша ақпарат болуы үшін бейінді комиссиялар деңгейінде қаралатын ақпаратты қосымша беру жөнінде ұсыныс беруді сұрады. Ескертулер қайталап орындалмаған жағдайда, мәслихат қала әкімінің атына мемлекеттік органдардың басшыларын жауапкершілікке тарту жөнінде ұсыныс дайындайды. Осы тармақ бойынша шешімде ақпарат назарға алынды деп көрсетіледі.
Кезекті сессияның талқылауына шығарылған барлық мәселелер қаралды және олар бойынша шешімдер қабылданды.