Елордада нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл шаралары
24.09.2021
Қалалық мәслихатта Талғат Нәрікбаевтың төрағалығымен Zoom сервисінің бейнеконференцбайланыс платформасында заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті.
Тұрақты комиссияның төрағасы Талғат Нәрікбаев кіріспе сөзін Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауынан «Құқық қорғау органдарына біздің азаматтарымыз арасында, әсіресе жастар арасында есірткінің таралу жолына қуатты тосқауыл қою тапсырылады» деген дәйексөзден бастады. Ол «Жастар отанға» Жол картасына сәйкес есепте тұрғандардың жалпы санынан жастар арасындағы нашақорлықты 9% - ға төмендету бойынша орташа республикалық көрсеткіш белгіленгенін атап өтті.
Қалалық полиция 2020 жылы есепте тұрғандардың 30%-ы жастар екенін анықтады. Осыған байланысты депутаттарда мемлекеттік органдардың республикалық көрсеткіштерге қол жеткізу мүмкіндігіне күмән туындайды.
Ресми деректер бойынша Нұр-Сұлтан қаласында 2020 жылы 15 пен 20 жас аралығындағы есірткіге тәуелділердің саны 6 238 адамға жеткен. Қалада өткен жылдармен салыстырғанда тәуелділердің санының артуы байқалады, 2019 жылы - 6 156 адам, 2018 жылы - 5989 адам. Алкоголизммен есепте тұрғандар бойынша да осындай қынжыларлық көрсеткіш - 1013 адам. Жастар жасаған суицидтер бойынша статистика келесідей: 2019 жылы – 39 адам, 2020 жылы – 45 адам.
«Нұр-Сұлтан қаласында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы» баяндама барысында Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Айдос Рыспаев қылмыстық істерді қозғау бойынша статистикалық деректерді келтірді, оларға сәйкес қылмыстық істердің 98-і есірткі таратумен айналысатын адамдарға қатысты қозғалған. Заңсыз айналымнан 114 кг астам түрлі есірткі құралдары тәркіленген.
Қазіргі уақытта жаһандық проблема - бұл арзан және қол жетімді болып табылатын синтетикалық есірткінің таралуы. 2021 жылдың өткен кезеңінде елордада синтетикалық заттардың сақталуы мен таралуына байланысты 141 факті анықталған. 2 зертхананың қызметі тоқтатылды, есірткі сайттарына қатысты 16 қылмыстық іс қозғалды. Елорда тұрғындарынан есірткі сату бойынша интернет-ресурстар туралы 67 өтініш келіп түсті.
Қазіргі уақытта дәріханалық нашақорлық та кең таралған. Фармацевтердің құрамында кодеин бар препараттарды рецептісіз таратуының жолын кесу мақсатында ІІД және Фармбақылау қызметкерлері тұрақты негізде рейдтік іс-шаралар жүргізеді. Ағымдағы жылы 200-ден астам субъект тексерілді. ІІД күшімен 636 қылмыстық теріс қылық, аз мөлшерде есірткі сақтау фактісі анықталды.
Қосымша баяндамамен «Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппараты» ММ құқық қорғау органдарымен және терроризмге қарсы комиссиямен жұмыс бөлімінің басшысы Шыңғыс Қуатбеков сөз сөйледі, ол депутаттарға ағымдағы жылдың 8 шілдесінде қала әкімінің қаулысымен мемлекеттік органдардың нашақорлық пен есірткі қылмысына қарсы іс-қимылға бағытталған қызметін үйлестіру жөніндегі ведомствоаралық штаб құрылғанын хабарлады. Штаб құрамы мәслихат шешімімен бекітілді. Бөлім жұмыс тобының отырысын өткізді, онда мемлекеттік органдарға тапсырмалар берілді және 8 қыркүйекте штаб отырысы өтті. Қаржыландырудың жоқтығынан кейбір мәселелер шешілмей қалды. Спектрометр жабдығын сатып алуға қатысты мәселе де шешім таппады, теңгерім ұстаушы мемлекеттік орган анықталған жоқ. Осыған байланысты дүйсенбіде үш мемлекеттік орган нақты ұсыныстар дайындауы қажет.
Төраға Талғат Нәрікбаев жабдықты сатып алу мәселесі бойынша түсініктеме берді. Жеті ай бұрын қала әкімі қала үшін аталған жабдықты сатып алуға дайын екенін айтқан. Сатып алу бойынша саяси шешім бар, қаржы бар, бірақ жеті ай бойы жабдықты сатып алу және оны орналастыру жерін анықтау мәселесі шешілмей келеді. Ол бұл мәселені шешумен айналысуға мәжбүр болған, әділет министрімен, сараптама орталығының басшысымен, қала әкімінің орынбасарымен кездескен, олар қаржыландыруға дайын екендіктерін растаған.
Депутат Талғат Нәрікбаев жасөспірімдер мен жастардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты тапсырманы қысқа мерзімде орындауға тиісті бөлім жұмысына қатысты басшысына ескерту жасады. Жастар арасында суицид жағдайларының жиілеп кетуі синтетикалық есірткіні қолданумен тікелей байланысты екендігі туралы деректер бар. Бүгінгі күні ІІД мен сараптама орталығының хаттары әкімдікке келіп түсті. Депутаттар құқық қорғау органдарымен жұмыс жөніндегі бөлімнің және басшысының, сондай-ақ ІІД-нің осы бағыт бойынша тиісті деңгейде жұмыс істемеуіне қатысты әкімге жүгінуге мәжбүр болып отыр.
Депутат Владислав Сергеев жастар арасындағы нашақорлыққа қарсы күрес тәсілдерін өзгерту қажеттілігі туралы сөз сөйледі. Ескі әдістер жұмыс істемейді, жастармен олардың тілінде сөйлесу керек, әлеуметтік желілерде жұмыс жүргізу керек. Ол жұмыстың осы бағытына бірқатар мемлекеттік органдарға, ІІД, жастар саясаты істері, ішкі саясат, білім және т.б. басқармаларға айтарлықтай қаржы бөлінетінін атап өтті. Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін талдау қажет, бүгінде мемлекеттік органдардың нашақорлыққа және есірткі қылмысына қарсы күрес жөніндегі жұмысын үйлестіріп, шашыраңқы қызметіне талдау жүргізуі тиіс штаб құрылды. Бұл жұмыстың барлығын бір мемлекеттік органға тапсыру дұрыс болатын шығар.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы отырыс қатысушыларына ІІД ақпараттық бағдарлама дайындау бойынша жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Журналистер мен блогерлердің, соның ішінде студенттер қатарынан ортақтастық барлық профилактикалық жұмыстар жөнінде ақпарат беретін болады. Олар сонымен қатар TikTok желісіндегі роликтер үшін бейне контент жасауға, YouTube арнасында платформалар құруға көмектеседі. «Баланы жазаламаңыз – тексеріңіз» ақпараттық науқаны енгізілуде, оның негізгі мақсаты елорда тұрғындарының назарына есірткі тестілері туралы ақпарат жеткізу. Егер ата-ана баласын наркодиспансерде тексергісі келмесе, ол оны жедел тест көмегімен үй жағдайында тексере алады (2,5 – 5 мың теңге).
«Нұр-Сұлтан қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы» ММ басшысы Қайрат Қамбаров өз сөзінде 2018-2020 жылдардағы жастар арасындағы есірткі ахуалы бойынша статистикалық деректерді келтірді. «Esirtkige jol joq» жобасының жүзеге асырылуына егжей-тегжейлі тоқталды. СОО-да 3 фотокөрме, ІІД-мен бірлесіп 11 рейдтік тексеру, онлайн-форматта 3 тікелей эфир, журналистер арасында 4 конкурс, салауатты өмір салты тақырыбында әлеуметтік желілерде 2 спорттық челлендж, 6 спорттық турнир өткізілді. Жоба аясында 8-11 сынып оқушылары, ЖОО және колледж студенттері арасында әлеуметтік сауалнама жүргізу жоспарланған.
Қайсар Қамбаровтың айтуынша, есірткі қылмыстарының алдын алудың ең тиімді әдісі – бейне контент, роликтер, фильмдер, вирустық бейнелер жасап, барынша қамтылған аудиториялары бар әлеуметтік желілерде тарату. Ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап ІІД және «Есірткісіз болашақ» Республикалық қорымен бірлесіп Telegram каналына сілтеме жасай отырып, есірткіні сату туралы мәліметтері бар жазбаларды жою бойынша рейдтер, медиаволонтерлердің көмегімен Telegram каналын бұғаттау жүргізілді. 15 жоғары оқу орындарымен бірлесіп, студент жастар арасында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған іс-шаралар жоспары әзірленді. Онлайн кеңес барысында жастар ісі жөніндегі комитеттермен және блогерлермен ішкі саясат басқармасы мәлімдеген тақырыптарға бейнероликтердің контенті, синопсистер талқыланды. Бұл мәселе КАЗГЮУ базасында оффлайн форматта терең талқыланатын болады.
«Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасы» ММ басшысы Шәкәрім Сейсенбай профилактика жұмыстары аясында 50-ден астам іс-шара өткізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, жұмыс білім беру ұйымдарында және одан тыс жерлерде негізгі қызметі кәмелетке толмағандар арасындағы нашақорлықтың алдын алу болып табылатын қоғамдық бірлестіктердің көмегімен жүзеге асырылады. Онлайн режимде 200-ге жуық іс-шара, ата-аналар үшін 14 тренинг өткізілді. «Bilim Foundation» қоғамдық қоры педагогтарға, психологтарға, ата-аналар мен балаларға арналған әдістемелік ұсынымдар мен бейнематериалдар дайындады. Қазіргі уақытта Оқушылар сарайында 1000 мектеп оқушысын қамтитын Tanym креативті технологиялар орталығы, «Sana» білім беру орталығы жұмыс істейді. 500-ге жуық баланың бос уақытын ұйымдастыруды қамтамасыз ету үшін басқарма жеке мекемелерге мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс дайындау бойынша жұмыс жүргізуде.
«Нұр-Сұлтан қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы» ММ басшысының орынбасары Нариман Еламанов 2015-2020 жылдар аралығында басқарма басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, шамамен 83 280 адамның қатысуымен іс-шаралар өткізгенін айтты. Ағымдағы жылдың күзінен бастап карантиндік шектеулерге байланысты онлайн форматта халықаралық конкурстар өткізу қайта жандануда. Статистика бойынша бұрын спортпен 7000 бала айналысса, қазіргі уақытта жан басына шаққандағы қаржыландыруды есепке алғанда 9000 бала спортпен айналысады.
Қаланың ішкі саясат басқармасы мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алу бойынша кешенді шаралар жүргізуде, деп мәлімдеді басқарма басшысы Дәурен Бабамуратов. Нашақорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі медиажоспар әзірленді, оның шеңберінде БАҚ, «Астана», «Хабар24», «Хабар» телеарналарында, әкімдік сайттарында, ақпараттық порталдарда, 20-дан астам электрондық БАҚ арқылы халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Соңғы 2 айда 100-ден астам мақала жарияланды, әлеуметтік желілерде нашақорлықтың алдын алу тақырыбына пабликтер таратылды. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес бейнематериалдар әзірленіп, олар ресми YouTube арнасында орналастырылды, аудиороликтер Астана радиостанциясында және елорданың 40 ірі СОО-да көрсетіледі. Тұрақты негізде баспа басылымдарында осы тақырыпта мақалалар, соңғы 3 айда 30-дан астам материалдар жарияланды. Әлеуметтік зерттеу аяқталуда, оның нәтижелерімен ағымдағы жылдың қараша айының соңында танысуға болады. Зерттеуге 1000-нан астам респондент қатысты.
Тұрақты комиссияның төрағасы Талғат Нәрікбаев депутаттар бұл жұмыстан тыс қалмағанын, жасөспірімдер мен жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алу көптеген мемлекеттік органдардың белсенді қатысуын тұтастай қамтитын процесс екенін түсіне отырып, мемлекеттік органдардың ақпаратына сәйкес спорт объектілеріне, шығармашылық үйірмелерге, 28 аула клубына қол жеткізу мониторингі бойынша жұмыс жүргізгенін атап өтті. Олардың 17-сі қаланың коммуналдық меншігінде, 5 аула клубы бүгінгі күні жұмыс істемейді, олар кіру мүмкін емес жертөле үй-жайларында орналасқан, бірақ олар аула клубтарының жалпы тізбесіне кіріп отыр. 7-де шатырдан су ағып жатыр, тиісінше олар жөндеуді қажет етеді. Қалған аула клубтары – жеке меншік. Мониторинг барысында үш мемлекеттік орган арасындағы өкілеттіктердің қайталануы, шешілуі қажет жүйелі кемшіліктер анықталды.
Әкіммен кездесу барысында Талғат Нәрікбаев аула клубтарының жағдайы туралы баяндады, нәтижесінде мемлекеттік органдардың басшыларына тапсырмалар берілді. Бүгінгі таңда қала басшылығы аула клубтарына арналған 21 жаңа орын тапты. «Астана жастары» КММ айналысатын жеке аула клубтарын қаржыландыру бойынша мәселелер бар. Депутаттар бұл мәселені басқарманың айрықша құзыретіне тапсыруды ұсынды. Қала шетінде аула клубтарын ашу үшін бос алаңдарды іздеу жұмысы жүріп жатыр. Алаңдар спорт басқармасына беріледі және оларда ең жақсы базалардың жаттықтырушылары жұмыс істейтін болады. Депутаттар аудан әкімдерімен бірге шет аймақтарды аралады, Сарыарқа ауданында әкім бұқаралық спорт пен жастар шығармашылығына қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін тұрғындар саны 70 мың адам болатын Агроқалашықта аула клубына орын-жай ұсынды. Профилактикалық жұмыста жасөспірімдер мен жастардың бос уақытын ұйымдастыру маңызды мәселелердің бірі болып табылады, оның үстіне спорт пен шығармашылыққа қол жеткізу қала шетінде тұратын аз қамтылған отбасылардың балалары үшін әлеуметтік көмек болады.
Депутаттар ақпараттық мәселелер қайта қарауды талап ететінін, ақшалай қаражат баспа басылымдарына бөлінетінін, дегенмен жастардың көбінесе әлеуметтік желілерде отыратыны белгілі екенін атап өтті. Талғат Нәрікбаев мемлекеттік органдардың профилактикалық қызметінің тиімділігіне талдау жүргізу қажеттілігі бойынша әріптестерінің ұсынысын қолдады.
Депутат Владислав Сергеев мемлекеттік органдардың басшыларына өзекті мәселелерді жасырмай, жастарды жұмыспен қамту мәселелерін шешу үшін депутаттарды қолдауға үндеді. Депутат алдағы бюджетті қарау барысында қосымша қаржыландыру бойынша ұсыныстар енгізуді ұсынды. Бүгінгі таңда пандемия жағдайында тұрмыстық зорлық-зомбылық өсті, қалада тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, есірткіге қатысты бала көмек сұрай алатын дағдарыс орталықтары бар ма? Екінші мәселе, балалар үйінде тәрбиеленген және қазіргі уақытта девиантты мінез-құлқы бар балалармен бірге қоныстандырылған балаларға қатысты болып отыр, осылайша бейәлеуметтік конгламерат туындайды.
Депутат Ләззат Разбекова-Төлеуханова синтетикалық есірткіні қолдану салдарынан өз-өзіне қол жұмсап, қайтыс болған технологиялық колледж студенті туралы айтты. Тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр, бірақ ол шашыраңқы жүргізіледі, оларды шоғырландыру қажет, әсіресе негізгі контингенті аз қамтылған отбасылардың балаларынан тұратын колледждер бойынша жұмысты нақтылау керек. Жалпы жұмыс жоспарын құру қажет, әлсіз жерлер, қарқынды жұмысты талап ететін білім беру ұйымдары белгіленетін карта жасау қажет.
Депутат Алтыншаш Табулдина жабдықты сатып алу мәселесі бойынша сын айтты, жұмыста сабақтастық жоқ. Құрал-жабдықтардың тиімді жұмыс істеуі маңызды. Депутаттарға талдауды кім, қалай жасайтыны, жабдықтың босқа тұрып қалмауы, осы қызмет үшін кім жауапты болатыны туралы ақпарат қажет.
Депутат Алмагүл Сегізбай мектеп полицейлерінің жұмысына қатысты сөз қозғады, ағымдағы жылы ол тиісті деңгейде жүргізілмей отыр. Ол №91 мектеп-гимназиясының директоры ретінде, оқу жылының басынан бастап гимназияда мектеп инспекторы бір рет қана болғанын мәлімдеді.
Депутат Динара Оразалина оған қазіргі кезде интернет-ресурстар арқылы синтетикалық есірткілерді жеткізу, каспий арқылы төлеу және көп қабатты үйлердің жоғарғы қабаттарына есірткі құралдарын сақтау жағдайлары орын алып отырғаны туралы ақпарат түскеніне назар аударды. Ол көп қабатты үйлердің кіреберістерін бақылауға алуды, мүмкін болатын жерлерде сыртқы бақылау камераларын орнатуды ұсынды. Профилактикалық жұмыста балалардың бос уақытын, соның ішінде мектепте сабақтан тыс іс-шараларды дұрыс ұйымдастыру маңызды рөл атқарады.
Тұрақты комиссияның төрағасы Талғат Нәрікбаев барлық мемлекеттік органдар мен депутаттардың ұсыныстары енгізілетін Жол картасы әзірленетінін хабарлады.
Талғат Нәрікбаев ішкі саясат басқармасы мен білім басқармасы бірлесіп, Nur Otan партиясының қолдауымен жұмыс істейтін балалар үшін «111» бірыңғай колл-орталық қызметі туралы ақпарат тарату жөнінде ұсыныс айтты. Орталықта мамандар жұмыс істейді, туындаған мәселелер бойынша оларға жүгінуге болады. Сондай-ақ, ол барлық мүдделі органдарға жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алуда белгілі бір жетістіктерге жету үшін үйлесімді, жүйелі жұмыс істеу қажеттілігі туралы қайталады.
Тұрақты комиссия отырысының қарауына шығарылған мәселе талқыланды және ол бойынша қаулы қабылданатын болады.