Елорданың педагог қызметкерлерінің әлеуметтік мәртебесін арттыру
16.09.2021
Қалалық мәслихатта Алтыншаш Табулдинаның төрағалығымен Zoom сервисінің бейнеконференцбайланыс платформасында көпшілік тыңдаулар өтті.
Көпшілік тыңдаулар барысында педагог қызметкерлердің әлеуметтік мәртебесін арттыруды қамтамасыз ету бойынша жергілікті атқарушы органның жұмысы туралы мәселе талқыланды.
«Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасы» ММ басшысы Шәкәрім Сейсенбай «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңын іске асыру мақсатында көзделген шаралар туралы баяндады.
Ол көпшілік тыңдаулар қатысушыларына елордада 17 мыңға жуық педагог жұмыс істейтінін хабарлады. Президенттің тапсырмасына сәйкес 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап педагог-модераторларға, педагог-сарапшыларға, педагог-зерттеушілерге, педагог-шеберлерге жалақы арттырылды (бұдан әрі жыл сайын 2023 жылға дейін қоса алғанда 25% - ға ұлғайтумен).
Аттестаттау қорытындысы бойынша педагогтерге педагогикалық шеберлігі үшін 30%-дан 50%-ға дейін, білім беру ұйымдарының басшылары мен басшыларының орынбасарлары үшін лауазымдық жалақысының 30%-дан 100% - ға дейін қосымша ақы көзделген.
2019 жылы «Туған жер» бағдарламасы аясында жас мұғалімдерге арналған 350 орындық жатақхана салынды. Жатақханада тұру құны айына 17 мың теңгені құрайды.
Елордада барлық мемлекеттік мектептерді мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыннан (МКК) шаруашылық жүргізу құқығындағы (ШЖҚ) меншік нысанына көшіру жоспарлануда. Бүгінгі таңда 23 білім беру ұйымы осы меншік нысанына көшті. Білім басқармасының жоспарында ағымдағы жылдың соңына дейін тағы 13 мектепті ШЖҚ-на ауыстыру көзделген.
Осы мәселе бойынша «Әділет» қалалық білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Батыр Әлиев қосымша баяндама жасады.
Педагогтердің әлеуметтік мәртебесін арттыруды қамтамасыз ету үшін жыл сайын республика бойынша педагогтардың жалақысын көтеру жүзеге асырылады.
Батыр Әлиев өз сөзінде елордада шешілуі қажет проблемалық мәселелерге тоқталғысы келетінін атап өтті.
ШЖҚ-на көшпеген мемлекеттік мекемелер мен МКҚК, мектептер мен балабақшалар басшыларының жалақысы төмен күйінде қалып отыр. Олардың лауазымдық жалақысы 152-ден 184 мың теңгеге дейін көлемде. Сондай-ақ, бас бухгалтерлердің (92-112 мың теңге), экономистердің, кітапханашылардың (70-92 мың теңге), пандемия режимінде үнемі қауіп-қатер аймағында болатын мектеп үй-жайларын жинаушылардың (қосымша ақы 20-30% - ды құрайды, бұл 1-2 мың теңге) жалақысы өскен жоқ. Мектептерде кадрлар жөніндегі маман жоқ, оның функцияларын іс жүргізуші ақысыз негізде орындайды.
«Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабының 7-тармағына сәйкес жергілікті атқарушы органдар педагогке тұрғын үйді жалдау (жалға алу) үшін және коммуналдық көрсетілетін қызметтерге өтемақы төлемдерін, санаторийлік-курорттық емделуге және демалуға жолдама сатып алу үшін толық немесе ішінара төлемдер, сондай-ақ педагогті әлеуметтік қолдауға бағытталған өзге де жеңілдіктер белгілеуге құқылы. Бұрын жалдау үшін төлемдер бойынша шаралар тек ауылдық жерлерде қарастырылған, ал қазір Заң бұл шараны қалада да қолдануға мүмкіндік береді.
«Педагог мәртебесі туралы» ҚРЗ педагогтардың санаторийлік-курорттық емделуі бойынша нормаларын іске асыру үшін қолданыстағы Қағидалардың 52-тармағының тармақшаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет.
Сондай-ақ, Батыр Әлиев оқу меңгерушілері мен директорлар үшін жүктеме бойынша 9 немесе 8 сағаттан аспайтын шектеудің болуы қолданыстағы заңнамада көзделмегенін атап өтті. Білім беру қызметкерлерінің республикалық кәсіподағы мен ҚР БҒМ арасындағы соңғы келісімде өндірістік қажеттілік кезінде оқу меңгерушілері мен директорларға қосымша сағаттар беріп, жүктемені төлеуге болатындығы атап өтілді.
Қазіргі уақытта қалалық білім беру қызметкерлерінің кәсіподағы мен білім басқармасы арасында Аймақтық келісім жасалған, оның аясында проблемалық мәселелерді шешу үшін үлкен жұмыс атқару қажет болады.
Алтыншы сайланымының мәслихат депутаты, №17 мектеп-гимназиясының директоры Рәмзия Өмірбаева сөз сөйледі. Ол көпшілік тыңдаулар аясында қаралып жатқан мәселенің өте маңызды екенін, кезінде «Педагог мәртебесі туралы» Заң мұғалімдер ұжымдарында кең талқыланғанын атап өтті.
Заң жұмыс істейді, бүгінде магистратура, тәлімгерлік үшін қосымша ақылар бар. Бұл мұғалімдер үшін біліктілігін арттыруға, дарынды балалармен жұмыс жасауға қосымша ынта болады. Республиканың үздік мектептері рейтингінде көптеген елордалық мектептер, соның ішінде №17 мектеп-гимназия да бар. Р.Ф. Өмірбаева мұғалімдердің атынан мәслихат депутаттарына коммуналдық қызметтерді төлеу және бюджет қаражаты есебінен отын сатып алу мәселесін шешу туралы ұсыныс жасады.
Депутат Батыр Котырев бюджет қаражаты есебінен 50% - дан 90% - ға дейінгі мөлшерде мұғалімдерге коммуналдық қызметтерді төлеу және отын сатып алу жөніндегі ұсынысты қолдады, сондай-ақ лайықты медициналық сақтандыру және жас педагогтар үшін көтерме жәрдемақы мәселесін пысықтауды ұсынды.
Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов өз сөзінде ұзақ уақыт бойы шешілмей келе жатқан мәселелерді көтерді. Ел президенті Қ.К. Тоқаев 2019 жылғы тамыз конференциясының жұмысына қатысқан. Аталған іс-шарада педагог мәртебесін арттыру бойынша хаттамалық тапсырмалар берілді. Бірінші кезекте, мұғалімдердің жалақысын көтеру, жүктемені азайту, сынып жетекшілігі, дәптерлерді тексеру үшін қосымша ақы төлеу.
Мәслихат хатшысы қалалық білім қызметкерлері кәсіподағы төрағасының мектептердің техникалық қызметкерлерінің жалақысын көтеру туралы ұсынысына қатысты мәслихат депутаттары бұл ұсынысты қолдауға дайын екенін, бірақ жағдайды талдауға негізделген есептердің жоқ екенін айтты, нақты қажеттілік қандай, мәселені шешу үшін қандай сома талап етіледі. Мұндай мәселелерді барлық негіздемелермен, есептеулермен, дәлелдермен, мысалдармен талқылау керек.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі маңызды болып табылады, алайда қалада мектеп инспекторларының жетіспеушілігі байқалады. Бүгінгі күні 30 бос жұмыс орны бар, яғни қазіргі уақытта бір инспектор 2 немесе 3 мектепке қызмет етеді.
Оқу жылының басынан бері СЭС стандарттарға сәйкес келмейтін ескі үш мектептің директорына 300 мың теңге көлемінде айыппұл салған, бұл директорлардың мүддесін қорғау бойынша неге ұсыныс жасалмады.
Патронат, жәрдемақы ресімдеу, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бойынша жұмыстар жүргізетін, девиантты мінез-құлықты балалармен жұмыс істейтін, яғни көлемді жұмыс атқаратын әлеуметтік педагогтарға қатысты көптеген мәселелер бар. Олар Жалпыға міндетті оқу қорынан жеңілдіктер алу үшін әрбір аз қамтылған отбасының тоқсан сайынғы ең төменгі күнкөріс деңгейінің есебін дайындайды, оқушылардың тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларының паспорттарын жасайды. Оқу орындарында қазір әлеуметтік педагог мамандығы жоқ, олардың біліктілігін арттыру курстары, шеберлік сыныптары өткізілмейді. Бұл мәселелерді шұғыл шешу қажет, ол үшін барлық қажетті өкілеттіктер бар.
Мәслихат хатшысы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожинаға қала педагогтерінің коммуналдық көрсетілген қызметтер мен санаторийлік-курорттық емделу қажеттілігін есептеуге көмек көрсету бойынша жүгінді. Ерлан Каналимов ағымдағы жылдың қараша айында депутаттар 2022 жылға арналған бюджет жобасын қарайтынын, осыған дейін, ағымдағы жылдың 1 қазанына дейін Ережеге өзгерістер енгізіп үлгеру керектігін атап өтті.
Депутат Нұрдәулет Оразхановтың айтуынша, педагогтарды халық санағы процесіне тарту мәселесімен партиялық қабылдау бөлмесіне мектеп меңгерушісі жүгінген.
Көпшілік тыңдаулардың төрағасы Алтыншаш Табулдина көпшілік тыңдауларда сөз сөйлеуге байыпты дайындалу қажеттігіне қатысты мәслихат хатшысын қолдады. Уақытты ысырап етпеу және мәселелерді шұғыл шешу үшін ұсыныстарды соңына дейін пысықтап, оларды қажетті есептеулермен бекіту қажет.
Депутат Қарақат Әбден көпшілік тыңдауларға қатысуға шақырылғаны үшін алғысын білдіріп, алтыншы сайланым депутаттары мұғалімдердің жалақысын көтеру мәселесін «Қазақстан Республикасы елордасының мәртебесі туралы» ҚРЗ-на өзгерістер енгізу арқылы шешуді ұсынғанын айтты, өйткені елорда мұғалімдерінің жүктемесі мен жауапкершілігі орасан зор. Экс-депутат Заңға өзгерістер енгізу процесі қай сатыда екенін сұрады. Ол депутаттардың шынайы жағдайды көрсететін нақты статистикалық деректердің болмауына қатысты ескертулерін қолдады.
Политехникалық колледжі МКҚК басшысы Сенғазиев Қасымхан білім беру ұйымдарының ШЖҚ көшуі туралы, соның салдарынан педагогтердің әлеуметтік мәселесін шешу қиындайтыны жөнінде сөз қозғады. Мәселен, «Шаңырақ» тұрғын үй бағдарламасының шарттары бойынша, егер ШЖҚ-дағы мекеменің қызметкерлері болса, педагогтер аталған бағдарламаның қатысушысы бола алмайды. Екінші мәселе дәрежесі бар мұғалімдердің колледжден мектептерге кетуіне қатысты, өйткені Заңда колледждердегі ғылыми дәрежесі үшін қосымша ақы қарастырылмаған. Ол бұл мәселені «ҚР елордасының мәртебесі туралы» ҚР Заңына өзгерістер енгізу аясында қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ, ол өндірістік оқыту шеберлерін колледжге тарту үшін, жалақыны арттыру (180-220 мың теңге) мәселесін көтерді.
Тұрақты комиссияның төрағасы Алтыншаш Табулдина көпшілік тыңдауды қорытындылай келе, педагог мәртебесін арттыру мәселесі қосымша қарауды талап ететінін айтты.
Көпшілік тыңдаулардың қорытындылары бойынша ұсынымдар мемлекеттік органдарға жіберілетін болады.