Елорда күні қарсаңында «Нұр-Сұлтан қаласының құрметті азаматы» атағын беру мәселесі бойынша кезектен тыс сессия өтті
03.07.2020
Елорда мәслихатында Зәуре Жүсіпованың төрағалық етуімен Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясы Zoom қосымшасы арқылы бейнеконференцбайланыс режимінде өтті.
Сессия жұмысына қала әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов, елорда аудандарының әкімдері, БАҚ өкілдері қатысты.
Қала әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов депутаттардың қарауына «Нұр-Сұлтан қаласының құрметті азаматы» атағын хирургиялық мәселелер бойынша бас кеңесші, «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген дәрігері», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Құрметті теміржолшыға», «Құрмет Белгісі» орденінің кавалері Владимир Альбертович Баумейстерге және еңбек ардагері, қырық жылдан астам білім беру саласында жұмыс істеген, «Социалистік жарыстың жеңімпазы» белгісімен екі рет марапатталған, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің кавалері Отызбай Сүйіндікұлы Сүйіндіковке беру туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің ұсынысын енгізді.
Әкімнің орынбасары «Нұр-Сұлтан қаласының құрметті азаматы» атағын беруге ұсынылған азаматтар туралы ақпарат берді.
«Владимир Альбертович Баумейстер 1941 жылы 14 маусымда Әзірбайжан КСР, Акстафин ауданы Грюнфельд ауылында дүниеге келген. 1966 жылы Семей мемлекеттік медицина институтын бітірген.
Еңбек жолын 1966 жылы Целиноград қаласының 2 қалалық ауруханасында хирург дәрігер ретінде бастады. 1968 жылы онколог дәрігер ретінде ауыстырылды. 1974 жылы хирургия бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. 1977 жылы ауыстыру тәртібінде Целиноград темір жолы санитарлық қызметінің бас хирургы болып тағайындалды. 1979 жылы ауыстыру тәртібінде Целинный теміржолы Целиноград станциясы Жол ауруханасының бас дәрігері болып тағайындалды. 2004 жылы Клиникалық және ғылыми жұмыс жөніндегі бас кеңесші болып ауыстырылды. 2009 жылы хирургиялық мәселелер бойынша бас кеңесші болып ауыстырылды.
Бас дәрігер болып жүрген кезінде, үнемі хирургия бөлімінде хирург болып жұмыс істеді. Жұмыс істеген уақыты ішінде ол 15 мыңнан астам шұғыл араласулар мен 13 мыңнан астам эндоскопиялық зерттеулер жүргізді. Владимир Альбертович Баумейстер Қазақ КСР 12 шақырылымдағы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Бірнеше рет Целиноград қаласы қалалық кеңесінің депутаты болып сайланды, Қазақ КСР еңбек сіңірген дәрігері, «Құрмет белгісі» орденінің кавалері. «Құрмет белгісі», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Құрметті теміржолшы» ордендерімен марапатталған. Оның тікелей басшылығымен әртүрлі зерттеу әдістері енгізілді. «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісінің үздігі».
«Отызбай Сүйіндікұлы Сүйіндіков 1931 жылы 16 ақпанда Ақмола облысы Қорғалжын ауданы Жантеке ауылында дүниеге келген. 1953 жылдан бастап білім беру саласында жұмыс істеді. Еңбек жолын Таңғылықты ауылында бастауыш мектебінің мұғалімі ретінде бастаған, содан кейін Целиноград қаласында мектеп директоры болды.
1972 жылдан 1991 жыл аралығында Әділбек Майкутов атындағы педагогикалық училищенің директоры болып жұмыс істеді. 1992-1998 жылдары педагогикалық колледжде, ал 1999 жылдан 2001 жыл аралығында гуманитарлық колледжде жұмыс істеген.
1956 жылы Жоғарғы кеңес Президиумының шешімімен «Тың игеру» белгісімен марапатталды. 1973 жылы Қазақ КСР кәсіподақтар кеңесінің және ТЖМ Жарлығымен Социалистік жарыстың жеңімпазы болып жарияланды. 1976 жылы Білім және ғылым министрлігі «Ғылыми-зерттеу институттары арасындағы социалистік жарыстың жеңімпазы» белгісімен марапаттады. 1981 жылы КСРО Жоғарғы кеңесі Президиумының Жарлығымен «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Елорданың орнын ауыстыру кезеңінде осы процеске, елорданың қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысты. Оның бастамасы мен ұсынысы бойынша қала көшелерінің бірі Ыбырай Алтынсарин есімімен аталды. «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 60 жыл» медальдарымен, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері» белгісімен, мерейтойлық медальдармен марапатталған. Ақмола облысы Қорғалжын ауданының құрметті азаматы, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі».
Әкімнің орынбасары Нұрлан Нұркенов мәслихат депутаттарына аталған кандидатураларды қолдау туралы ұсыныс жасады.
Сессия төрағасы Зәуре Жүсіпова мәслихат хатшысының міндетін атқарушысы Мәжит Шайдаровқа сөз сөйлеуді ұсынды.
М. Шайдар екі кандидатты жақсы білетіндігін айтты.
«Владимир Альбертович Баумейстердің қызметі туралы Нұрлан Жаңбыршыұлы Нұркенов егжей-тегжейлі айтып берді. 1979 жылдан бастап Владимир Альбертович Темір жол ауруханасының бас дәрігері болғалы, бұл аурухана ерекше мәртебеге ие болды, себебі дәрігерлер мен аурухананың кәсіби біліктілігі айтарлықтай өсті. Бұл аурухананың технологиялық деңгейі де айтарлықтай өсті. Онда жұмыс істейтін дәрігерлер Алма-ата, Мәскеу, Ленинградта, басқа қалаларда, жетекші орталықтарда үнемі маманданып, біліктілігін арттырып отырды. Ең жақсы хирургтар және тамаша хирург – Владимир Альбертовичтің өзі темір жол ауруханасында жұмыс істеді. Ең жақсы урологтар, тамаша лор-дәрігерлері де Темір жол ауруханасында жұмыс істеді. Көптеген қала тұрғындарының Темір жол ауруханасында емделгісі келгені құпия емес. Ең бірінші компьютерлік томографтың осы ауруханада пайда болғаны кездейсоқ емес. Бұл Владимир Альбертовичтің бастамасы. Владимир Альбертович бас дәрігер болып жұмыс істеген жылдары көп нәрсе жасалды. Оған студент кезімде көзім жетті, ал Целиноград, Ақмола, Астана қалаларында денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып қызмет атқарған кезімде сенімім нығая түсті. Осы аурухананың дәрігерлері қандай жоғары кәсіби деңгейде жұмыс істейтіндігіне көз жеткіздім. Владимир Альбертович бас дәрігер қызметінен кетіп, клиникалық және ғылыми жұмыс, хирургиялық жұмыс бойынша кеңесші болған соң да, ол өзінің бай тәжірибесін жас мамандарға, хирургтарға беріп отырды. Одан тек хирургтар ғана емес, сондай-ақ басқа да мамандықтағы дәрігерлер оның жұмысқа қабілеттілігінен, пациенттерге қарым-қатынасынан, науқастармен қарым-қатынаста қолданған деонтологиялық тәсілдерден үлгі алды. Ол керемет дәрігер, денсаулық сақтау ісінің ұйымдастырушысы, сондықтан мен Владимир Альбертович денсаулық сақтау ісін дамытуға ғана емес, сонымен қатар біздің қаламыздың – Целиноград, Ақмола, Астана, Нұр-Сұлтан қалаларының тіршілігіне де елеулі үлес қосты деп есептеймін, сондықтан мен сіздерден, әріптестерімнен осы кандидатураны қолдауды сұраймын», - деді М. Шайдаров.
Сессия төрағасы З. Жүсіпова М. Шайдаровқа алғыс айтып, Зулфухар Гаиповқа сөз берді.
«Барлық ең жақсы сөздерді Отызбай Сүйіндікұлы Сүйіндіковке айтуға болады деп ойлаймын. Жақсы адамның жақсы істері туралы айтып жүру керек, өйткені бұл тек адамның өзіне ғана емес, оның айналасына да жағымды. Отызбай Сүйіндікұлы туралы айта отырып, бұл адам жас педагогтардың бірнеше ұрпағын тәрбиеледі деп айтуға болады. Ол – нағыз жоғары білікті педагог, тамаша адам. Кәсіптік-техникалық білім беру саласында жұмыс істейтіндердің барлығы Отызбай Сүйіндікұлын біледі, оны мақтанышпен білім беру саласының ақсақалы деп атайды. Нұркенов Нұрлан жаңа бізге Отызбай Сүйіндікұлының еңбек жолы туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Мен әкімдіктің Отызбай Сүйіндікұлына «Нұр-Сұлтан қаласының құрметті азаматы» атағын беру туралы ұсынысын қолдаймын және сіздерді, қымбатты әріптестер, осы кандидатураны қолдауға шақырамын. Айтқыларыңыз келетін жақсы нәрсенің бәрін адамға көзі тірісінде айту керек екенін тағы да қайталаймын» - деп атап өтті депутат З. Гаипов.
Сессия төрағасы Зәуре Жүсіпова депутат Рамзия Өмірбаеваға сөз берді.
Рамзия Өмірбаева бүгінгі таңда депутаттарға лайықты кандидатуралар ұсынылғанын атап өтті.
«Мен Отызбай Сүйіндікұлын жиырма үш жылдан астам уақыт бойы білемін. Ол өте парасатты, тәрбиелі адам, жоғары білікті маман, қала мұғалімдерінің көбін тәрбиелеп шығарды. Елордалық білім беруді дамытуға үлкен үлес қосты. Жасының үлкендігіне қарамастан, ол әлі күнге дейін мектептерге жиі барады. Ол тамаша қасиетке ие, ол балалармен сөйлесіп қана қоймай, әр баланың жүрегіне жол таба біледі. Әдістемелік білімдерін әлі күнге дейін мұғалімдерге береді. Менің өзім ол кісіні бірнеше рет педагогикалық кеңеске шақырдым. Сіздерден, әріптестер, осы екі кандидатураны қолдауларыңызды сұраймын», - деді Рамзия Өмірбаева.
Төраға сессияға қорытынды жасады. Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясының күн тәртібіне енгізілген мәселе қаралып, «Нұр-Сұлтан қаласының құрметті азаматы» атағын Владимир Альбертович Баумейстер мен Отызбай Сүйіндікұлы Сүйіндіковке беру туралы шешім шығарылды.