Астана қаласы мәслихатының бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының 2021 жылғы есебі
30.06.2022
2022 жылғы 30 маусымыда
Астана қаласы мәслихатының
27 сессиясында қаралды
Мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының қызметі қолданыстағы заңнамаға, Мәслихаттың регламенті мен 2021 жылға арналған Жұмыс жоспарына сәйкес жүзеге асырылды.
Тұрақты комиссияның құрамына депутаттар: Жүнісов Алмат Асқарұлы, Қожахметов Талғат Тімкенұлы, Сыдықов Ерлан Батташұлы, Жанқонақов Бауыржан Мұхаметсафұлы, Женалаева Салтанат Мұқанбетпанақызы кіреді.
Тұрақты комиссияның барлық мүшелері өткен 2021 жыл бойы және қазіргі уақытқа дейін оның қызметіне, Мәслихаттың басқа да органдарының жұмысына белсенді және тиімді қатысады, өздері бекітілген аудан тұрғындарымен тұрақты байланыс жасайды, өздеріне сайлаушылардан келіп түскен өтініштерді қарайды, азаматтарды жеке қабылдауды жүйелі түрде жүргізеді.
Бұған дейін «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ қолдауымен мәслихаттар мәртебесін нығайту және арттыру жөніндегі көптеген ұсыныстарды Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Сенатының депутаттары қолдағанын және заңнамалық деңгейде, оның ішінде тұрақты комиссия төрағаларының тұрақты негізде, бірақ екіден аспайтын жұмысын айқындау жөніндегі мәселелер шешілгенін атап өткен жөн.
Осыған байланысты Мәслихаттың тиісті шешімімен Мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы тұрақты негізде жұмыс істейтін болып сайланды.
Тұрақты комиссия комиссия қызметіндегі басым бағыттардың бірі ретінде алдағы жылдарға арналған елорда бюджетін әзірлеуге және бекітуге басты назар аударады.
Айта кету керек, 2021 жылы жергілікті бюджет жобаларын қарау және талқылау процесі өзгерді. Мәслихат депутаттары белгілі бір мәселелерді қаржыландырудың басымдылығын айқындау мақсатында бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімдерін қарау процесіне әлдеқайда ертерек кірісетін болды. Бұл ретте, қаржыландырудың басымдығы, тұрғындарымыздан келіп түсетін пікірлер мен проблемалық мәселелерді ескере отырып, әрқашан білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау саласындағы әлеуметтік мәселелерді қолдауға және қаржыландыруға бағытталады. Сондай-ақ, бюджет жобаларын қарау кезінде елорданың тұрғын алаптарын дамытуға үлкен көңіл бөлінді.
2022-2024 жылдарға арналған бюджет жобасын талқылау және бекіту кезінде, сондай-ақ оны нақтылау кезінде Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Полиция және Төтенше жағдайлар департаменттерінің қосымша қажеттілігі қолдау тапты. Олардың жеткіліксіз материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі, сондай-ақ қаланың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ететін қызметкерлердің күрделі материалдық жағдайы назарға алынды.
Тұрақты комиссияның отырыстарында бюджет қаражатын жұмсаудың тиімділігіне әсер ететін және шешуді талап ететін мәселелер, мысалы әлеуметтік объектілер (ауруханалар, мектептер, балабақшалар) құрылысының сапасына қатысты, жасыл желектерді түгендеу және паспорттау тетіктерінің болмауы, коммуналдық меншікке пайдалануға қабылданған объектілерді уақтылы тапсырмау, «Қазақстан» спорт сарайы реконструкциясының ұзаққа созылуы, коммуналдық техниканың жұмысын және ЖЖМ жұмсалуын есепке алуды автоматтандыру, қоғамдық көлікті субсидиялау және т. б. мәселелер бірнеше рет көтерілді.
Тұрақты комиссияның тиісті атқарушы органдарға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселелері бойынша тиісті бақылауды жүзеге асыру жөнінде бірнеше рет ұсыныстар бергенін айта кету керек, әйтсе де, сауда орталықтарында азық-түлік тауарларын берілген қарыздар шеңберінде белгіленген бағамен сату жағдайы іс жүзінде өзгермей келеді, яғни олар қабылдаған міндеттемелер орындалмауда.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің басшылығына бюджет қаражатын игеру, жоспарлау, дебиторлық және кредиторлық берешекті төмендету, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бухгалтерлік есеп жүргізу талаптарын сақтауы жөнінде кешенді шаралар қабылдау қажеттігі туралы жүгінеміз.
Тұрақты комиссия көшпелі отырыстарды ұйымдастырады және оның жұмысына белсенді қатысады. Мысалы, өткен жылдың маусым айында объектілерді, оның ішінде жергілікті МЖӘ жобаларын іске асыру шеңберінде бірқатар объектілерді аралаған. Осы сапар барысында қалалық Білім басқармасының Гуманитарлық колледжінің ұжымы Мәслихат депутаттарына «Астана» халықаралық университеті» ЖШС басшылығы тарапынан заңсыз әрекеттерге қатысты көптеген шағымдармен жүгінді. Нәтижесінде Мәслихат жанжалды реттеу және Колледж ұжымында туындаған шиеленісті әлеуметтік жағдайды шешу бойынша тиісті шаралар қабылдады.
Елорданың шығармашылық зиялыларымен, қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен, сондай-ақ қала кәсіпкерлерімен, оның ішінде елордалық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының алаңында кездесулер өткізілді, онда бизнес-қоғамдастық өкілдері пандемия кезінде туындаған мәселелер туралы баяндады. Сондай-ақ, жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда жан басына қаржыландыру, мектептерде тамақтандыруды ұйымдастыру және қалалық және қала маңындағы маршруттарды субсидиялау мәселелері талқыланды.
Тұрақты комиссияның барлық отырыстары халық үшін ашық және қолжетімді болды. Мәслихаттың іс-шараларын, оның ішінде Тұрақты комиссия отырыстарын әлеуметтік желілерде, атап айтқанда Фейсбукте онлайн-трансляциямен өткізу тәжірибесі халықты қаралып жатқан мәселелер жөнінде жедел хабардар етуге мүмкіндік берді. Тиісті аумақтардың тұрғындары қарастырылып отырған мәселелер бойынша өздерінің сұрақтарын қойып, тікелей жауап алуға мүмкіндік алды.