Состоялось заседание постоянной комиссии городского маслихата
06.06.2019
Алғаш рет мәслихаттың тұрақты комиссиясының алдында қалалық қалпына келтіру Басқармасының бастығы Бұғыбаев Аржан Мелсұлы бюджет, экономика, өндіріс және өнеркәсіп мәселелері бойынша есеп берді.
Спикер өз сөзінде депутаттарды жаңадан құрылған бөлімнің қызметімен таныстыра отырып, жобалық басқару саласындағы жетістіктер жайлы қысқаша баяндап берді.
«Қалпына келтіру басқармасының басты мақсаттарының бірі бюджеттік-инвестициялық жобаларды іске асыруға жобалық-бағдарлы тұрғыдан қарауды енгізу болып табылады», - деп атап өтті спикер. Әрі қарай Бұғыбаев бұл мәселені шешудің барлық кезеңдері туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Әуелі бюджет қаражатын басқарудың әдістемесі әзірленеді, содан кейін қалпына келтіру бөлімінің қызметкерлері бюджеттік бағдарламаның қатысушылары арасындағы өзара біріккен іс-қимылдар ережесін анықтайды. Осы тұста Аржан Мелсұлы инвестициялық-құрылыстық жобалардың біреуінің іске асу барысын слайд арқылы көрсете отырып бірнеше маңызды сұрақтарды атап өтті. Тапсырыс беруші жобаны іске асыру барысында оның барлық кезеңдеріне қатысуға міндетті: ең алдымен, жобаны әзірлеуге, содан кейін жобаның құжаттарын дайындауда кеңесші ретінде қатысуы керек, сонымен бірге, құрылыс жұмыстары кезінде қажетті өзгерістерді енгізуі керек. Қалпына келтіру басқармасының сарапшыларының ойынша, дәл осы талаптар орындалған жағдайда жоба сәтімен жүзеге асырылып қаланың коммуналдық меншігіне өте алады.
Аталған талаптарды енгізуден күтілетін нәтиже мынадай: мүдделі тараптар өздерінің жоба барысындағы қызметтерін, өзара бірлесіп жұмыс істеудің тәртібі мен межелі уақытын түсінеді. «Бұл үрдістегі тапсырыс берушінің қызметі – «Белсенді тапсырыс беруші». Яғни, тапсырыс беруші аталған жобадан қандай нәтиже қалайтынын нақты білуі керек», - деп сөзін жалғады Бұғыбаев.
Сонымен қатар жоспарланған іс-шаралар қатарында жобаларды басқаруды ақпараттық жүйелерге енгізу де бар, ол өз кезегінде жобаның жүзеге асуын жеделдетуге көмектеседі. Мұндағы жаңалық – құрылыс жобасының барлық қатысушылары өзара бірлесіп белсенді түрде жұмыс атқаратын виртуалдық алаң бағдарламасы. Жобаны әзірлеушілер осылайша жобаны нақты жоспарлау, байланысы бар жобалар арасындағы үйлестіру, жұмыс қатысушыларын уақытылы және толыққанды ақпаратпен қамтамасыз ету, жоба құжаттарының бірегей, қол жетімді, мұрағаттық базасы және бірыңғай ақпараттық ортаны қалыптастыру сияқты мәселелердің нақты шешімін табуға болатынына сенімді.
Тағы бір жаңалық – қала әкімнің басшылығымен жобаларды басқару Кеңесін құру туралы ұсыныс. Аржан Мелсұлының ойынша, аталған басқарманың міндеттеріне жобаны жалпы портфельге қосу, рейтинг тағайындау немесе өзгерту, іске қосу жайлы келісім, бастамалар, аяқтау, жобаны тоқтату немесе жою туралы оң немесе теріс шешім қабылдау жатады.
Айта кетейік, бюджеттік бағдарламаларды жүзеге асыру саласындағы өткір сұрақтарды шешудегі жас басқарманың жаңа көзқарасы мен әдістемесін депутат Зейнолла Шибкенов мақұлдады. Дегенмен, депутат өзін толғандырған сауалдарын да қойды.
Осындай әдістеме арқылы қанша жоба жүзеге асырылып үлгерді? Соңғы нәтиже қандай?
«Қазіргі уақытта 21 жобаны аталған жаңа әдістеме бойынша жүзеге асыру жоспарлануда», - деп жауап берді Бұғыбаев. Ал нәтиже жобалар толығымен іске асқан соң ғана белгілі болатынын айтты. Жалпы, басқарма құрылыстың «сәтті бастауын алып, уақытылы және бюджет көлемінде жүзеге асуын» мақсат етіп отыр.
Әрі қарай Зейнолла Шибкенов астананың бұрын жүзеге асырылуы тиіс болған көптеген жобаларының соңына дейін жетпей қалғанына назар аудара отырып, мысал ретінде жоспарланған жұмыстардың ешқайсысы аяғына дейін жетпей қалған Сарыбұлақ өзенінің жағдайын айтты. «Тұрғындар наразылық танытуда... Тұрғын үйлер дымқылдан зардап шегуде»,- деп сөзін толықтыра түсті. «Ең болмағанда осы жобаны аяқтаңдаршы! Тым болмағанда тұрғындардың көңілі жайлансын... Жұмыстарыңыз үшін ұялып жүрмеңіздер» - деп аяқтады сөзін.
Мемлекеттік орган жетекшісі бұл тұста Сарыбұлақ өзенін қалпына келтіру жұмыстары өткен жылдың күзінде басталып, жоспар бойынша 2019 жылдың күзінде аяқталуы керек екенін алға тартты. «Есіл өзеніндегідей Сарыбұлақ өзенінде де су деңгейі өте жоғары. Сондықтан, шынында, біздің мердігерлеріміз бірнеше ай ішінде мұндай көлемді игере алмады. Бұғыбаев жағдайдың бақылауда екенін айтып, комиссия мүшелеріне аталған мекенге барып, мердігерлердің әзірлігіне көз жеткізіп қайтуды ұсынды.
Депутаттарды толғандырған кезекті мәселе – қаланы көгалдандыру. Бас қала, әрі еліміздің туристік орталығы дәрежесіне ұсынылып отырған астанамыздағы қазіргі уақыттағы көгалдандыру жұмыстарына халық қалаулылары көңілдерінің толмайтындарын жеткізді. Бір жылдық өсімдіктердің орнына көп жылдықтарын отырғызу сынағын айтып ақталған Бұғыбаевтың мәлімдемесі комиссия мүшелерінің теріс көзқарасын туғызды. Депутаттар қаланы көгалдандыру жұмыстары мәселелеріне ғылыми тұрғыда қарап, жергілікті климатты есепке ала отырып, шет елдік тәжірибеге сүйенуді ұсынды.
Іске асырылған жобалардың пайдасы жайлы сұрақ та 17-ші ауданның депутаты Аман Аюповтың назарынан тыс қалмады. Комиссия мүшесінің ойынша, бюджеттік бағдарламаларды жүзеге асыру жұмыстары барысында жобалау, құрылыс және пайданылатын материалдар сапасы маңызды рөлге ие. Дәл осы үш талап жобаның сәтті іске асуына әсер етеді. Дегенмен, депутат қалпына келтіру басқармасының қала әкімінің басшылығымен жобаларды басқару Кеңесін құру туралы ұсынысын қолдайтынын білдірді. Кеңес құрамына міндетті түрде мәслихат депутаттарын қосу керектігін айтты. Депутаттың ойынша, тұрақты комиссия қазір іске асырылған жобалардың мәселелерімен айналысады. Жобаны жоспарлау сатысында өзгерістер енгізуге қалай көмектесуге болады?!
Депутаттардың Солтүстік Жағалауға жақын орналасқан «Есіл-Нұра» шағынауданындағы мектеп құрылысы жайлы сұрақтары тағы да жауапсыз қалды. Тұрғын үй саясаты басқармасы да, қалпына келтіру басқармасы да өздерінің бұл іске қатыстары барын түбегейлі жоққа шығаруда.
Бұл мәселені Мирас Шекенов: «Бұл мектеп – бюджеттік қаражатқа немқұрайлы қараудың және жауапсыздық көрсеткіші»,- деп бағалады.
Есеп беруші өз сөзінде басқарманың қолында бүгінде бас-аяғы 4 жоба – 3 мектеп және техникалық себептерге байланысты айға жуық кешігу күтіліп отырған Мичурино ауылындағы мектептің қосымша құрылысы бар екенін айтты. Аталған әрбір жоба бойынша күнделікті мониторинг жүргізіліп отырғанын атап өтті Бұғыбаев.
Мәслихат хатшысы Жанат Нұрпейісов балабақша құрылысы жайлы проблемалық сұрақты көтерді. Бірақ, белгілі болғандай, жеткіліксіз қаржыландыру салдарынан мектепке дейінгі ұйымның биылғы жылы пайдалануға берілмейтін болып шықты.
Алтыншаш Табылдинаның параолимпиадалық орталыққа қатысты көтерген мәселесі депутаттардың қызу талқысын тудырды. Анықталғандай, 5 ай ішінде орталықта 1400 мүгедек жан болған, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдар саны – 27мың. Мүмкіндігі шектеулі жандардың орталыққа аз келуінің себебі – керекті қызметтердің болмауы. Аталған орталықта болғандардың сөзінше, спорттық құрылғылар барлық мүмкіндігі шектеулі жандар үшін емес, тек параолимпиада ойыншыларының жаттығуларына арналып жасақталған, жаттықтырушылар құрамы да талапқа сай емес. Қызу талқыдан соң депутатар аталған мәселені жеке талқылауға шығарып, мұндай орталық бізге керек пе, болған жағдайда қажетті сапамен басқа мердігер қамтамасыз ете ала ма, жоқ па деген сұрақтарды шешуді ұйғарды.
Отырыс соңында тұрақты комиссияның төрағасы Мирас Шекенов басқарудың заманауи әдістерін енгізу жұмыстарында Бұғыбаевқа сәттілік тілеп, әлі де нақты бағдарламалық жобалар мен көзге көрінерлік нәтижелер жоқ велосипед құрылымы мәселесіне баса назар аударуды өтінді.
Аржан Мелсұлы өз кезегінде өмірлік және кәсіби үлкен тәжірибе иегерлері ретінде депутаттардан басқарманың жаңа әдістемесі мен ережелерін қолдап, кеңесші ретінде жұмысқа қатысуларын сұрады. Жобаларды жүзеге асыруға мұның теңдесіз көмек болатынын айтты.
Депутат Мирас Шекеновтің төрағалығымен өткен отырысқа тұрақты комиссия мүшелері, басқа тұрақты комиссияның депутат-мүшелері, астаналық мәслихаттың хатшысы Жанат Нұрпейісов, Нұр-Сұлтан қаласының "Алматы", "Есіл", "Сарыарқа", "Байқоңыр" аудандарының әкім орныбасарлары, мемлекеттік органдардың жетекшілері мен БАҚ өкілдері қатысты.