Қаңғыбас жануарлар күн тәртібінде
28.02.2017
Қалалық мәслихатта көпшілік тыңдаулар өтті, онда депутаттар астана аумағында иттер мен мысықтарды ұстау және серуендету туралы қағидалардың сақталуын талқылады. Қазіргі кезде Астанада 10 ветеринариялық клиника жұмыс істейді. Және мұндай клиника ашу үшін үй-жай, қажетті дәрілік заттар, тәжірибелі қызметкерлер, сондай-ақ еңбекақы төлеуге және жануарларды бірнеше күн ұстауға қаражат талап етіледі. Сондықтан бұндай бизнес шығынды болып табылады, деп есептейді «Астана ветсервис» МКК директоры Әшім Хайруллин. Оның сөзі бойынша, бір итті стерильдеуге 10 000-нан 15 000 теңгеге дейін жұмсалады, алайда әдетте стерильдеу жалпы проблеманы шешпейді. Ауру жануардың тістеуі арқылы инфекция жұқтыру, адамдарға залал тию қаупі қалады. Бірақ, Әшім Хайруллин атап өткендей, бұл сұрақты шешуді ұзаққа созу иттер мен мысықтарды жақсы көрушілер мен оларды қалада ұстауға қарсы адамдар арасында әлеуметтік шиеленіс тудыруы да мүмкін.
Барлық сұрақтарды шешу үшін, өткен жылдың аяғында иттер мен мысықтарды ұстау және серуендету туралы қолданыстағы қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы астана мәслихатының тұрақты комиссиясының қаулысы негізінде жұмыс тобы құрылды. Оған ауыл шаруашылығы басқармасының, «Астана ветсервис» МКК, кинологиялық орталықтардың өкілдері, заңгерлер мен қоғамдық өкілдер кірді.
Қаңғыбас жануарлар мәселесін шешу үшін бірқатар шараларды қабылдаумен кешенді тәсіл және жүйелі жұмыс талап етілетіні туралы жұмыс тобының жетекшісі, депутат Ирина Манжанова айтып өтті. Оның сөзі бойынша, қазіргі кезде қолданыстағы аулау жүйесі рентабельді емес және қымбат тұрады. Сондықтан мамандандырылған ұйымдардың хабарынсыз жануарларды сату және тапсыруға тыйым салу, тіркеу және қадағалау (база құру және чип салу), заңнамалық жауапкершілік, паналайтын жерлер, ал ең бастысы – иелерінің жауапкершілігі қажет. Стерильдеу туралы сұрақ ашық болып қалып отыр. Енді аулау мен стерильдеуді біріктіру, сондай-ақ мемлекеттік-жекеше серіктестік негізінде муниципалдық паналаушы жерлер құру бойынша концепция пысықталып және ұсынылатын болады, - деп хабарлады халық қалаулысы.
Жауапкершілік туралы айта кетелік. Өз баяндамасында Ирина Манжанова еуропалық елдердің тәжірибесіне сілтеме жасады. Анықталғандай, дамыған мемлекеттерде иттерді ұстау азаматтарға үлкен жауапкершілік артады. Бұл, ең алдымен, салық салу жүйесінде көрінеді. Еуропада иттерге салынатын салық 50 еуродан 600 еуроға дейін жетеді. Ал қабаған тұқымдас иттерді алу құқық қорғау органдары мен медициналық құрылымдар жанындағы түрлі комиссиялардан өтпестен мүмкін емес. Жастық шектеулер де бар. Астанаға келетін болсақ, депутаттың сөзі бойынша, егер қатты превентивті шаралар қабылданбаса, ең жуық уақытта қаңғыбас иттер мен мысықтар саны бірнеше есе көбеюі мүмкін. Себебі, қазір ЭКСПО-2017 қарсаңынла жекеше сектордың үйлерін қарқынды құлату жүргізілуде. Тәжірибе көрсеткендей, құлатылған үйлердің иелері өз жануарларына қамқор болмайды.
Сондықтан, иелердің жауапкершілігін арттыруды көздейтін, салықтар, айыппұлдар мен сақтандырулар сияқты енгізілген түзетулерді иттер мен мысықтардың иелері өте орынды деп есептейді.
Көпшілік тыңдауларға Астана қаласы мәслихатының хатшысы Ж.Г.Нұрпейісов, қала басқармаларының басшылары, «Астана ветсервис» МКК, кинологиялық орталықтар мен қаңғыбас жануарларға арналған жекеше паналаушылардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.