Латын әліпбиі түркі әлемі мен еліміздің бірігуіне ықпал етеді - Депутат
12.09.2017
Астана қаласы мәслихатының депутаты, №84 мектеп директоры Зәуре Жүсіпова латын әліпбиіне көшудің артықшылықтарын айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Депутаттың айтуынша, латын әліпбиіне көшу - тек кирилл әріптерін латынмен алмастыру ғана емес, яғни еліміздің рухани болмысының, қоғамдық ой-санасының жаңғыруына ықпал ету. "Бүгінде үлкен танымалдыққа ие болған латын әліпбиі әлемнің озық елдерінде мүмкіндігі зор, қолданыс аясы кең екенін көріп отырмыз. Олай болса, латын әліпбиінің Қазақ елі үшін қандай артықшылықтары бар? Біріншіден, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін көтеруге ықпалы зор. Сондай-ақ білім мен ғылым саласында оңтайлы өзгерістер енгізілмек. Екіншіден, әлемдік ақпарат кеңістігіне жол ашады. Жастарымыздың ғаламтордан тез арада ақпарат алуға және оқуға қолжетімділік болады", - дейді ол.
Сондай-ақ, ол үшінші артықшылық деп түркі әлемі мен Қазақстанның бірігуіне ықпал ететінін атады. Айтуынша, Түркия, Әзірбайжан, Түрікменстан, Өзбекстан сияқты елдермен ортақ жазбаға ие болуы біздің еліміз үшін пайдалы. "Бұл елдерді айтпағанның өзінде төл әліпбилері бар Қытай, Жапония сияқты мемлекеттер латын графикасындағы әліпбидің қосымша нұсқасын енгізіп отыр. Мұның өзі көп дүниені аңғартса керек. Демек, қазақ тілі басқа тілдермен бір деңгейде тұруымен қатар қарым-қатынас жасауға жеңіл болады", - дейді депутат.
Сондай-ақ латынға көшу арқылы әлем қазақтарының басын қосуда үлкен жеңіске жетуге болады, дейді Жүсіпова. "Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың "Қазақтардың басын қоспай, қазақ қазақ болмайды" деген сөзін берік ұстануымыз керек. 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасы қабылданбақ. Біз латын әліпбиіне көше отырып, дамыған 30 елдің қатарына қосыламыз. Сондықтан латын әліпбиіне көшу біз үшін, болашақ үшін әлдеқайда маңыздырақ", - деп қорытты ойын Астана қаласы мәслихатының депутаты.
Еске салайық, кеше, 11 қыркүйекте ҚР Парламент Мәжілісінде "Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы" тыңдау өткен еді. Сол тыңдауда Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық координациялық-әдістемелік орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы Ербол Тілешов қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасын ұсынған болатын. Оның айтуынша, жаңа нұсқада 25 әріп болады.
Толығырақ: https://kaz.tengrinews.kz/kazakhstan_news/latyin-alpbi-turk-alem-men-elmzdn-brgune-yikpal-eted-deputat-283409/