«Астана Бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институты» ЖШС базасында Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының таныстырылымдары өтті
27.03.2025
Басқарма басшысы Алтынбек Ахметов сөз басында отырыста сумен жабдықтау, су бұру, шаруашылық-тұрмыстық және нөсер кәрізі, сондай-ақ электрмен жабдықтау схемалары ұсынылатынын атап өтті. Бұл схемалар елорданың тұрақты дамуын қамтамасыз етудің маңызды құралы болып табылады. Ол жобалардың инфрақұрылымдық жоспарлау саласындағы негізгі міндеттерді шешуге бағытталғанын атап өтіп, мәслихат депутаттарына талқылауға белсенді қатысқаны үшін алғысын білдірді.
«Астана Бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институты» ЖШС Бас директоры Руслан Жақыпов схемалардың жобаларын ұсынды. Ол бүгінгі таңда қала үшін негізгі су көзі Астана (Вячеслав) су қоймасы болып табылатынын атап өтті. Су екі су қабылдайтын сорғы станциясымен болат су құбырлары арқылы жеткізіледі. Елордада қаланы тазартылған сумен қамтамасыз ететін үш сорғы-сүзгі станциясы жұмыс істейді. Жобаға сәйкес, 2035 жылға қарай елорданың есептік су тұтынуы 2,3 млн адам халық санымен тәулігіне 613 мың м3 құрайды. Қазіргі уақытта «Сорғы-сүзгі станциясы-4 құрылысымен Қ. Сәтбаев атындағы каналдан Астана қаласына дейін су құбырын салу» жобасының ТЭН бойынша мемлекеттік сараптама қорытындысы және жобалық құжаттамасы алынды.
Су бұру жүйесіне сорғы станциялары мен ағынды суларды тазарту станциясы бар кәріз жүйесі кіреді. Қалада бір тазарту құрылыс кешені (ТҚК) жұмыс істейді. 2035 жылға дейін шаруашылық-тұрмыстық кәріз желілерінің гидравликалық есебі жүргізілді. 2030 жылға дейін ТҚК-2-ні шұғыл пайдалануға беру қажеттілігі бар. Сондай-ақ, үш жергілікті тазарту құрылысын аяқтау маңызды болып отыр, олар: Көктал-1 ауданында ЖТҚК-6, №1 Индустриалды паркінде ЖТҚК-4 және Өндіріс тұрғын алабында ЖТҚК.
Нөсер кәрізіне келетін болсақ, қаланың аумағы 32 ағын бассейніне бөлінген, деп түсіндірді баяндамашы, олардың әрқайсысының өз коллекторлық желісі мен тазарту қондырғылары бар. Есіл ауданы өте белсенді салынуда, сондықтан мұнда жер бедерінің ерекшеліктеріне байланысты нөсер кәрізі жүйесін дамыту аса қажет.
Электрмен жабдықтау жүйесі туралы айта келе, Жақыпов мұнда 40 қосалқы станция жұмыс істейтінін, ал электр энергиясының негізгі көздері «Астана энергиясы» АҚ-ның ЖЭО-1 және ЖЭО-2 болып табылатынын хабарлады.
Сөз соңында ол «Инженерлік-көлік инфрақұрылымын қамтамасыз ете отырып, Астана қаласының жинақы құрылысы жөніндегі 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарды» ұсынды. Жоспар шеңберінде білім беру ұйымдарының, жайлы мектептердің, қолданыстағы оқу орындарына қосалқы құрылыстардың және балабақшалардың жылдар бойынша кезең-кезеңімен іске асырылатын құрылысын ескере отырып, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету аймағы айқындалған.
Депутат Талғат Ерғалиев үлкен жұмыс атқарылғанын, алайда №16 округке қатысты жағдай түсініксіз қалғанын атап өтіп, жоспарланған өзгерістер бұл округті қашан қамтитыны, онда шаруашылық-тұрмыстық және нөсер кәріздері қашан пайда болатыны және қажетті қаражат қашан бөлінетіні туралы сурады. Жоспарға сәйкес округте мектептер, саябақтар мен оқушылар сарайлары болуы керек. Ол №16 округ бойынша нақты көріністі ұсынуды сұрады.
Сәулет басқармасының басшысы депутаттарға жеке отырыста егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын қарау кезінде өз ұсыныстарын енгізуді ұсынды.
Депутат Бауыржан Смайылов бұл ұсынысты қолдап, депутаттар оны тұрғындарға тиімді жеткізу үшін толық ақпаратқа ие болуы керек екенін атап өтті.
Депутаттар Басқарма қаланың жалпы стратегиялық көрінісімен таныстырып, ал нақты егжей-тегжейін аудан әкімдіктері деңгейінде нақтылауды ұсынды.
Төрағалық етуші Асқар Смағұлов 3-ЖЭО-да электр генерациясының болашағы туралы сұрақ қойды. Ол энергия қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін генерацияны жоспарлауды алдын-ала жүргізу қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол қолданыстағы нормативтер бойынша төтенше жағдайларды болдырмау үшін қалада қанша электр энергиясы өндірілуі керек және сырттан қанша түсуі керек екенін сұрады.