Астана қаласының көлік жүйесін дамытудың 2035 жылға дейінгі кешенді бағдарламасының презентациясы
26.03.2025
«Астана Бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институты» ЖШС базасында Астана қаласының көлік жүйесін дамытудың 2035 жылға дейінгі кешенді бағдарламасының таныстырылымы өтті.
Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығының басшысы Марат Сәдуов әлемдік тәжірибені және негізгі көлік модалдылығын, инфрақұрылым мен цифрлық құралдарды талдау қорытындыларын ескере отырып, көлік кешенін дамыту векторы туралы баяндады. Ол бағдарламаны іске асыруға әкімдіктің 15 құрылымдық бөлімшесі мен 4 ведомстволық бағынысты ұйым жұмылдырылғанын атап өтті. Қоғамдық көліктің қолжетімділігіне талдау жүргізілді. Спикердің пікірінше, қалада қоғамдық көліктерге арналған жедел жолдарды құру үшін жақсы дайындама бар, зияткерлік көлік жүйесінің элементтері енгізілген. Бірақ бүгінде қоғамдық көлік баяу жүруде. Қалада автобустардың жүру уақытын едәуір арттыратын сол жақ бұрылыстар, оңға бұрылуды жүзеге асыратын автомобильдер көп. Тасымалдаушыларға қойылатын негізгі талап халықтың көлік қызметтеріне қажеттілігін барынша қанағаттандыру болып табылады. Болашақта халық санының өсуі күтілуде. Қазірдің өзінде қалада 650 мыңға жуық автомобиль бар, оның ішінде 430 мыңы Астанада тіркелген көліктер. Баяндамашының айтуынша, көлік дәліздерінің көмегімен қоғамдық көліктің жылдамдығын ұлғайту арқылы қоғамдық көліктің тартымдылығын арттыруға болады. Бүкіл әлемде тұрақ кеңістіктері ақша табу тәсілі ретінде емес, жолдардың шамадан тыс жүктемесін азайту үшін қолданылады. Елордада автобус жолақтарын одан да қарқынды пайдалану жоспарлануда. Орталық басшысы жолда микромобильді көлік түрлерін (велосипедтер, мопедтер) пайдалану жиі ұсынылатынын айтты, бірақ бұл көлік түрінің жүргізушілері үшін қауіптілік жоғары. Бүгінде такси қызметіне қатысты да үлкен мәселелер бар, бұл қызметті бір-бірімен бәсекелесетін бірнеше кәсіпорындар ұсынуда. Қазір жүргізуші куәлігі бар кез келген адам такси жүргізушісі бола алады, сондықтан такси қызметін басқару қиын. Сәдуов әртүрлі бағыттар бойынша бірқатар бастамаларды көтеріп, әр қызмет түрі бойынша нысаналы көрсеткіштерді ұсынды. Оның айтуы бойынша, қоғамдық көлікке басымдық беру кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Бұл көп мәселелі процесс болғандықтан, бағдарламаның әрбір қатысушысы үшін жол карталары әзірленген. Баяндамашы өз сөзін көлік кептелісімен күрес бойынша ұсынылған шұғыл шаралар туралы ақпаратпен аяқтады.
Депутат Талғат Ерғалиев автобустар санын арттыру және қозғалыс жылдамдығын ұлғайту дұрыс шешім екенін атап өтті. Алайда, практик ретінде ол бұл көрсеткіштердің нақты орындалатынына сенімді емес. Міндеттердің бірі – автобус жолағын босату, бірақ жол бойында тұрған көліктер қайда барады. Сондықтан, бұл шаралармен қатар, жол бойларында көліктерге арналған тұрақ құрылыстарын бастау керек. Бұл жұмысты тұрақты негізде жүргізу керек. Жоспар мен бағдарлама бар, бірақ бұдан әрі жобалар қажет. Депутаттың пікірінше, бұл мәселелер өзара қисындастықта емес, бағдарламаны іске асыру үшін іс-қимыл қажет.
Депутат Кендебай Адамбек бұл - жобаға дейінгі талдау екенін атап өтті. Ол спикерден барлық сұрақтарға, соның ішінде тұрақ кеңістігі бойынша сұрақтарға толық жауап беру үшін, тағы бір презентация дайындауды сұрады.
Депутат Мәулен Самамбетов Сығанақ көшесіндегі бағдаршамдарға қатысты мәселені шешуді ұсынды, ол жерде қозғалыс жоқ, бірақ бағдаршамдар жұмыс істеп тұр, соның салдарынан кептелістер туындайды. Ол жұмыс уақытында, яғни таңғы 8-ден кешкі 20.00-ге дейін тұрақтарды қисынды бағамен ақылы етуді ұсынды. Демалыс күндері олар тегін болуы керек. Мысал ретінде Самамбетов Министрліктер үйін келтірді, ол орасан зор ғимарат, бірақ тұрақ жоқ. Депутаттың пікірінше, мұндай ғимараттардың жанында 3-4 қабатты автотұрақ салу керек. Ол сондай-ақ тұрақ ақысы мәселесін көтерді, бұл да шешуді талап ететін мәселе. Ол автобан үшін ақы төлеу жүйесін үлгі ретінде қарастыруды ұсынды, мәселен шотқа төлем жіберіледі, шотты қажетінше толтырып отыруға болады. Жолдар бойына тұрақтар салуға қатысты ол тұрақтар ретінде айналма жол бойындағы дайын үй-жайларды пайдалануды, сондай-ақ, жүк көлігі үшін трафик дайындауды ұсынды, оған сәйкес жүк көліктерінің қозғалысы 21.00-ден таңғы 7-ге дейін рұқсат етіледі. Ол, сондай-ақ тұрғын үй кешендерін автотұрақтармен салу тәжірибесін қайтаруды ұсынды. Әр пәтер үшін тұрақ көзделуі тиіс.
Депутат Қанат Ибраев қоғамдық көлікке жаппай көшіруге қарсылығын білдірді, өйткені көпбалалы отбасылар үшін көптеген ауысып отырулармен қоғамдық көлік қымбатқа түседі. Шетелде барлық көлік түрлеріне жарамды, жылына бір рет сатып алуға болатын бірыңғай көлік картасы қолданылады, осы тәжірибені зерделеуге болады. Ол барлық көлік ағындарын шоғырландыруды ұсынды. Сонымен қатар, Ибраев қалада шлагбаумдар орнату ережелері туралы сөз қозғады. Оның пікірінше, Алматының тәжірибесін зерделеу керек, онда шлагбаумдар азайтылған, оның орнына жедел жәрдем машиналары, өрт сөндірушілер кедергісіз өтуі үшін кондоминимум қаражаты есебінен стационарлық бекеттер жұмыс істейді.