Білім беру қызметтері нарығын дамыту перспективалары
07.02.2024
Қалалық мәслихатта Асқар Смағұловтың төрағалығымен әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті.
Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев «Білім беру саласында сұранысқа ие кадрларды даярлау қажеттілігін зерделеу үшін еңбек нарығын талдау. Білім беру қызметтері нарығын дамыту перспективалары» мәселесі бойынша баяндады. Сөз басында Сенғазыев бүгінгі күні қызмет ететін педагог кадрлар бойынша статистикалық деректерді ұсынды: елордада 21 мыңнан астам педагог қызмет етеді, олардың 12 мыңнан астамы мемлекеттік жалпы білім беретін мектептерде жұмыс істейді. Бүгінгі таңда орыс тілінде сабақ беретін бастауыш сынып мұғалімдері, математика, информатика, тарих, орыс тілі мен әдебиеті, физика, химия мұғалімдері мамандықтары бойынша кадрларға қажеттілік бар. Сонымен қатар, арнайы мектептер мен мектепке дейінгі мекемелер үшін кадрларға да қажеттілік бар. Білім беру басшысының айтуынша, бірнеше жыл бойы әкімдік педагогикалық мамандықтарға гранттар бөліп келеді. Педагог кадрлардың біліктілігін арттыру үшін жоғары оқу орындарымен меморандум жасалған. Оқушылар санының жыл сайынғы өсуіне байланысты 2027 жылы бес мың педагогке қажеттілік туындайды деп болжануда. Осыған байланысты, МЖӘ жобасы аясында педагогикалық колледжді педагогикалық университетке айналдыру жұмыстары басталды. Сондай-ақ, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ базасында Абай атындағы ҚазҰПУ филиалы ашылатын болады.
Депутат Ғабит Тәжімұратов қала мектептеріне қажетті педагогтардың санын нақтылауды сұрады. Жыл сайын мектептер саны артып келеді, сондықтан педагогикалық кадрларға деген қажеттілік те артатын болады. Сондай-ақ, депутат мұғалімдердің орташа жасы және олардың жалақысы қандай екенін, оның ішінде жұмыс өтілі жоқ жас мұғалімдердің жалақысы туралы сұрады. Депутаттың пікірінше, оқушылардың ата-аналары мектепті емес, жоғары білікті мұғалімдерді таңдайды. Өндірісте техникалық кадрлардың жетіспеушілігі бар екені бәріне белгілі, көптеген мамандар зейнетке шығуда. Тәжімұратов бұл мамандарды техникалық, кәсіптік білім беру саласында қызмет көрсететін колледждерге жұмысқа тарту қажет деп санайды.
Теріс үрдіске қатысты келесі сұрақты депутат Талғат Ерғалиев қойды. ЖОО түлектері мамандығы бойынша жұмыс істей ме және олардың өз мамандығы бойынша жұмыс істеуі үшін не істеу керек. Басқарма алдында мектепті кадрлармен қамтамасыз ету, сондай-ақ еңбек нарығының қажеттіліктерін қанағаттандыру міндеті тұр. Мысал ретінде депутат Қытайды келтірді, онда инженерлік кадрлардың тапшылығын реформа арқылы шешкен. Қазіргі уақытта осының арқасында әртүрлі өндірістер белсенді дамуда. Ерғалиев Агроқалашықтағы №19 мектепті нарыққа қажетті инженерлік мамандарды даярлауға арналған оқу орнын құру үшін пайдалануды ұсынды. Депутаттың пікірінше, жоғары оқу орындарын бітіргендерге қарағанда, колледжді бітірген студенттер өндірісте жұмыс істеуге әлдеқайда дайын мамандар.
Білім басқармасы мамандықтар бойынша Жұмыспен қамту картасын дайындады, инженерлік мамандықтар үшін көп грант бөлінеді. Колледждер білім басқармасына ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдары болғандықтан, басқарма жұмысшы мамандықтарын даярлаумен айналыса алады. Қазіргі уақытта колледждер жұмыс берушілердің талаптары мен аймақтық ерекшеліктерді ескере отырып, үлгілік бағдарламаларға өзгерістер енгізе алады, сағат санын және тақырыптардың мазмұнын 25% - ға дейін өзгерте алады. Келесі жылы колледждердің 50%-ын дуальды оқытуға ауыстыру жоспарлануда.
Депутат Бауыржан Қасымбергебаев балаларды мектепке тасымалдауға қатысты өзіне келіп түскен өтінішті жеткізді. Тасымалдаушы компаниялар 7 жыл бойы тарифті көтермеген. Кейбір мектептерге мердігерлерден ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап тасымалдаумен айналыса алмайтыны туралы хаттар келіп түскен. Бұл мәселені шешу үшін депутаттар, білім басқармасы қандай шаралар қабылдауы керек.
Тұрақты комиссияның төрағасы Асқар Смағұлов бұл мәселенің екінші қырын еске салды. Депутаттар балаларды тасымалдаушылардың жұмыс кестесіне қатысты мәселені бірнеше рет талқылаған, жүргізушілер балаларды мектепке жеткізіп, содан кейін балалар сабақтан шыққанша мектеп жанында босқа тұрады. Сондай-ақ, комиссия төрағасы басқарма басшысына Facebook-ке келіп түскен сұрақтарға жауап беруді ұсынды. Мәселе бойынша бір шешімге келу үшін, келесі отырысқа балаларды тасымалдаумен айналысатын компанияларды шақыру қажет.
Депутат Ғабит Тәжімұратовтың пікірінше, педагог кадрлар мен медицина қызметкерлерін даярлау үшін мектептердің үздік түлектерін таңдау қажет. Сондай-ақ, мектепке дейінгі мекемелер үшін жоғары білікті мамандар даярлауға да үлкен назар аудару қажет, өйткені, оларға баланың үйлесімді дамуы бойынша міндет жүктелген.
Депутат Мәулен Самамбетов бүгінгі күні барлық кәсіпорындарда жұмысшы мамандықтары жетіспейтінін айтты. Депутат мектеп түлектеріне болашақ мамандығын таңдауға көмектесетін оқу-өндірістік комбинаттарды қайта құруды ұсынды. Қазіргі уақытта мектептерде бес күндік оқу, түстен кейін балалардың қосымша оқуларға мүмкіндігі бар. ЖОО-на түспеген жағдайда, жұмысшы мамандығына оқытылған мектеп түлегі жұмыссыз қалмайды.
Депутат Жандос Рахмет жұмыс тобын құруды, оның құрамына мәслихат депутаттарын енгізуді ұсынды. Депутаттың пікірінше, басқарманың аса маңызды жобалары туралы қала тұрғындарын хабардар ету деңгейін арттыру қажет. Халықтың сұранысы бар, сондықтан өз қызметін жарнамалау қажет.