Елорданы көгалдандыру тұжырымдамасы
02.11.2023
«Астана Бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС базасында Владислав Сергеевтің төрағалығымен қалалық мәслихаттың құрылыс, экология, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының қала аумағын көгалдандыру тұжырымдамасы бойынша отырысы өтті.
Бірінші болып қалалық қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының м.а. Ерлан Бердалин сөз сөйледі. Ол қалада шамамен 1,5 миллион ағаш-бұта өсімдіктері және «Жасыл белдеуде» 14 миллион жасыл екпе бар екенін хабарлады. Бұталардың өсуін жыл сайын 20% - ға арттыру мақсатында біржылдық гүлдерден көпжылдық бұталарға көшу жүзеге асырылуда. Спикер 2022 жылы электрондық платформаға деректерді енгізе отырып, жасыл желектерді түгендеу және орман патологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілгенін, бұл жасыл желектердің цифрлық тізілімін құруға мүмкіндік бергенін атап өтті. Платформа жұмыс істеп тұр және аудан әкімдіктеріне жұмыс үшін таныстырылды, алайда, еңбек ресурстарының жетіспеушілігіне байланысты басқарманың 2023 жылғы деректерді жаңартуға мүмкіндігі жоқ.
«Астана Бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС директорының орынбасары Елнар Базыкен көгалдандыру бойынша ағымдағы жағдай туралы баяндады, сондай-ақ депутаттарды елорданы көгалдандыру жоспарымен таныстырды. Мәселен, Президенттік саябақты қосымша көгалдандыру және субұрқақтарды жөндеу, сондай-ақ пейзаждық саябақтар құру, желілік паркті абаттандыру, көпірлерді байланыстыратын кеңістіктер құру жоспарлануда. Сонымен қатар, ЭКСПО саябағы мен Ботаникалық бақ сапалы көгалдандыруды қажет етеді. Спикер ағаштар отырғызу кезінде кешенді тәсіл сақталатынын, ғимараттан ғимаратқа дейін желілік парктер құрылатынын атап өтті. Көше жиһазының бірыңғай стилін енгізу, шекаралық жолақтарды көгалдандыру, Ақбұлақ өзен саласының жағалауын абаттандыру ұсынылады. Ескі қалада да барлық қоғамдық кеңістіктер абаттандырылатын болады. Сонымен қатар, осы іс-шаралардың барлығына бақылау жүргізетін жеке уәкілетті орган құру ұсынылады.
Депутат Кендебай Адамбеков Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қала өзгеріп келе жатқанын атап өтті. Бірақ, депутаттың пікірінше, орындау мерзімі кешіктіріліп жатыр, жаңа вокзал аумағын шұғыл абаттандыру қажет. Бұл мәселелер бірнеше рет көтерілді, бірақ тиісінше шешілмей келеді. Тапсырмаларды орындау кезінде сабақтастық сақталмайды. Мысалы, депутаттарға бес ауданда жасыл желектер отырғызылғаны туралы хабарланды. Депутаттар бұл жерлерге барғанда өтемақылық мақсаттағы ағаштар отырғызылмағанын, ал бұрын отырғызылғандардың қурап қалғанын көрді. Қалаға 2030 жылға дейін көгалдандыру тұжырымдамасы қажет, ол әзірленді ме, бұл мәселемен кім айналысады. Абаттандыру, сыртқы жарнама бойынша ережелер әзірлемесі соңына дейін жеткізілмеген, бірыңғай стандарттар, индикаторлар жоқ.
Комиссия төрағасы Владислав Сергеев депутаттар тұжырымдама жобасын екі рет қайтарғанын атап өтті, өйткені оны жөнге келтіру қажет болған.
Депутат Талғат Ерғалиев көгалдандыру жоспарында көп нәрсе іске асырылғанын айта келе, алайда, табысқа жету үшін бүкіл қоғамдастықты осы процеске тарту қажет екенін атап өтті. Депутат бас жоспарда жол инфрақұрылымын дамыту мәселесі де қамтылуы тиіс екендігіне назар аударды, өйткені таныстыру шеңберінде ұсынылған күйінде ол шындыққа жанаспайды. Сонымен қатар, Ерғалиев басты назар тағы да сол жағалауды абаттандыруға аударылып отырғанын, ал оң жағалау назардан тыс қалғанын атап өтті. Сондай-ақ, депутат әлсіз ағаштардың жағдайына қатысты сұрақ қойды, бұл мәселеге қатысты әзірленген стратегия бар ма. Ол Сарыарқа ауданы мен өнеркәсіп аймағының тұрғындары жасыл желектер жоқ қолайсыз аймақта тұратынын ескертті.
Депутат Қанат Ибраев Ережелердің әзірлеу жоспарланып жатқан Жарғыдан қандай айырмашылығы бар екенін сұрады. Депутаттың пікірінше, бюрократияға жол бермей, Ережелерге өзгерістер енгізу жеткілікті. Ибраев егжей-тегжейлі ақпарат беруді сұрады. Әдетте, құжат көп болған сайын, нәтиже соғұрлым нашар болады. Нақты әрекет алгоритмі болуы керек. Сондай-ақ, Германияның тәжірибесіне сүйене беруге болмайды, ол жақта мүлдем басқа жағдай. Депутаттың пікірінше, сыртқы жарнама бойынша жағдайды шешу қажет, адамдар оларға ақшаларын салған, ал қаладағы жарнамалық қалқандар халықпен алдын ала ақпараттық жұмыстар жүргізілместен бұзылуда.
Депутат Бауыржан Смайылов отырғызылған ағаштар саны, құлаған ағаштар, қаржыландырылуы туралы сұрақтар қойып, бұл жөнінде жазбаша түрде ақпарат беруді сұрады. Көкталда бюджеттік ақшаға саябақ құрылды, ондағы ағаштардың жартысынан көбі қурап қалды. Бұл ағаштардың барлығын мамандандырылған ұйым - Зеленстрой отырғызғаны белгілі, бұндай жағдайда басқа ұйымдардан қандай сұраныс болуы мүмкін.
Депутат Ғабит Тәжімұратов Тұжырымдамаға ЖБ және РБ қаржыландыруды көрсете отырып, Жол картасы түріндегі қосымша болуы тиіс екенін атап өтті.
Депутат Табиғат Зейнулкабденнің пікірінше, ағаш отырғызу алдында топырақты зерттеу керек. Қаражат бөлінеді, алайда ағаштардың тамыр жайып кетуі төмен деңгейде.
Комиссия төрағасы Владислав Сергеев депутаттар кездесуге бұрыннан бастамашылық жасағанын атап өтті. Басқарма жақын арада аудандық әкімдіктерге келесі 1-2 жылға жасыл желектерді отырғызу бойынша ұсынымдар жіберуі керек. Депутаттар өз тарапынан жағдайды бақылауға алуға дайын. Сергеев келесі аптада бюджет талқыланатынын еске салды. Егер басқармаға функционалын кеңейту қажет болса, ұсыныстар дайындау керек, бұл мәселені шешуге депутаттар қатысады. Сонымен қатар, Сергеев кез-келген адам кіре алатын цифрлық платформа құруды ұсынды. Жарғыны дайындау жұмыстарымен қатар Жол картасын әзірлеумен айналысу қажет. Қорытынды құжат - Тұжырымдама немесе Жарғыға келетін болсақ, бұл жұмысты ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау қажет. Депутаттар отырыс барысында көптеген сындар айтты, өйткені елорданы көгалдандыру процесі қалай дамитыны туралы әлі нақты түсінік жоқ.