Мәслихаттың кезекті сессиясы: Астанада ТЖ алдын алу және жою
29.09.2023
Қалалық мәслихатта Ерлан Каналимовтың төрағалығымен кезекті сессия отырысы өтті. Сессияның негізгі мәселесі: «Астана қаласында төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі жүйелі шараларды қолдану туралы».
Кезекті сессияның отырысын аша отырып, мәслихат төрағасы Астана қаласы әкімінің орынбасары Еркін Өтебаевты және Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы генерал-майор Марат Күлдіковты қызметке тағайындалуларымен құттықтады.
Кезекті сессияның негізгі мәселесі бойынша бірінші болып елордалық ТЖ департаменті бастығының бірінші орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Дамир Ермағамбетов баяндады. Ол өртке қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қолданылған жүйелі шаралар туралы ақпарат берді. Төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайту мақсатында 591 тексеру жүргізілген, оның барысында 223 әкімшілік бұзушылықтар анықталған. Ермағамбетов елордада өрттер мен өрттен зардап шеккен адамдар саны азайғанын атап өтті. Сондай-ақ, ол су тасқыны кезеңі салыстырмалы түрде қалыпты өткенін хабарлады. ТЖ департаменті өкілінің айтуынша, өрттің туындауына қамыс пен құрғақ шөп үлкен қауіп төндіреді.
Проблемалық мәселелердің ішінде ол көпқабатты тұрғын үйлердің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуді атап өтті. Өрт қаупі бар объектілерді белгілей отырып, Жол картасы жасалуда, оның ішіне 895 көпқабатты үй енгізілген. Сонымен қатар, жүйелі негізде халықпен профилактикалық жұмыс жүргізіледі, әкімдік пен мәслихаттың қолдауымен материалдық-техникалық базаны нығайту, әлеуметтік мәселелерді шешу, алты ескі өрт сөндіру депосын жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ғимараттарды жөндеу, реконструкциялау, жабдықтар сатып алу үшін қаржыландыру қажет.
Астана қаласы мәслихатының заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі депутат Қанат Естек Бейінді комиссия қорытындысымен таныстырды. Депутат бірқатар объектілерді аралау барысында өрт қауіпсіздігі бойынша алдын алу шараларының жай-күйіне мониторинг жүргізілгені туралы хабардар етті. Ол шешуді қажет ететін проблемалық мәселелер анықталғанын атап өтті. Мысалы, сатып алынған техника ашық аспан астында тұр, өйткені сақтау қоймалары жоқ. ТЖД қызметкерлерінің жалақысы 180000-200000 теңгені құрайды, қызметкерлердің балалары мемлекеттік балабақшаларда орындармен қамтамасыз етуге мұқтаж. Қ. Сәтбаев көшесіндегі № 10 өрт сөндіру бөліміне жақын орналасқан монша, асхана, коммерциялық үй-жайлардың кесірінен өрт сөндіру техникасының бөлім аумағынан шығу проблемасы бар.
Қалалық мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов бұған дейін ТЖД проблемаларын шешумен жетінші сайланым депутаттары айналысқанын және сабақтастықты сақтай отырып, қазіргі сайланым депутаттары да ТЖД проблемалық мәселелерін шешуде қолдау көрсетуге дайын екенін хабарлады.
Депутат Кендебай Адамбековтың пікірінше, ТЖД қызметі туралы толық ақпарат берілмей отыр. Баяндамада техногендік және өрт қауіптілігі туралы ақпарат егжей-тегжейлі баяндалды, бірақ ТЖД қызметінің басқа бағыттары жөнінде айтылмады. Депутат өрт сөндіру депосының құрылыстарына аумақта барлық қажетті қызметтерді орналастыру үшін 2 гектардан жер сұрау қажеттігін айтты. Сондай-ақ, депутат талдау бөлімінің жоқтығын сынға алды. Адамбеков РБ және ЖБ-тен бөлінген сомалар туралы, жалақы бойынша анықтама беруді сұрады. Депутат ТЖД қызметкерлерінің тұрғын үй мәселелерін тұрғын үй сертификаттарын бөлу немесе жатақханалар мен бір-екі бөлмелі пәтерлер салу арқылы шешуді ұсынды.
Депутат Қанат Ибраев шешім жобасында паналайтын жер мәселесі жанама түрде қозғалатынын атап өтті. Заңнама бойынша азаматтық қорғаныс санаттарына жатқызылған ұйымдардың аумағындағы паналайтын жерлерді күтіп-ұстау ұйымдардың қаражаты есебінен жүргізіледі. Қазіргі қауіптерге сүйене отырып, паналайтын жер мәселесі өзекті болып табылады. Осыған байланысты депутаттың сұрағы - халықты қауіп туралы хабардар ету жүйесі қалай жұмыс істейді, қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
Депутат Бауыржан Смайылов әріптесін қолдап, өте маңызды мәселе қаралып жатқанын және депутаттар ТЖД-мен қоян-қолтық жұмыс істеуге дайын екендігін атап өтті.
ТЖ мәселесін талқылау барысында депутаттар профилактикалық жұмысты, әсіресе білім беру ұйымдарында күшейту қажеттілігі туралы, оқушылар үшін өрт деполарына экскурсиялар ұйымдастырудың өзектілігі туралы, көбінесе су жоғарғы қабаттарға жетпейтін биік ғимараттардағы өрт қауіптілігі туралы, кадр мәселесін шешу қажеттілігі туралы, елімізде барған сайын артып келе жатқан және сөндіру қиын болғандықтан, өрт кезінде өте қауіпті электромобильдерді ұстау мәселелері, бұған қоса, Астананың автопарктері сатып алған автобустардың бір бөлігі электрлік автобустар болып табылатыны туралы сөз қозғады. Электрлік автобустардың өртенуінің алдын алу мәселесін мұқият зерделеу қажет.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Андрей Лукин қақпақтарды ұрлау салдарынан ашық қалатын кәріз люктері мәселесін шешуге қатысты сұрақ қойды. Сондай-ақ, сенатор еңбегі аз төленетін, қазіргі уақытта еріктілерден тұратын су-құтқару қызметінің жұмысы мәселесіне тоқталды. Сенатордың пікірінше, су-құтқару қызметінің материалдық базасының жай-күйі және қызметкерлердің еңбекақысы мәселесін шешу қажет. Лукин мәселелерді ҚР Парламенті Сенатының депутаттарының көмегімен заңнамалық деңгейде шешуді ұсынды.
Сенатор Бибігүл Жексенбай Сенат депутаттарының қолдауымен Көкшетау қаласында М. Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы ашылғанын хабарлады. Ол оқушылар арасында профилактикалық жұмыстың қалай жүргізілетіні туралы сұрады, өйткені олар бірінші кезекте хабардар болуы керек. Сенат Оқу-ағарту министрлігіне мектеп жасындағы балалар арасында профилактикалық жұмыс жүргізудің маңыздылығы және заңнама деңгейінде қажетті көмек көрсетуге дайын екендігі туралы хат жолдайтынын айтты.
Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов қатысушыларға осы салада елеулі проблемалардың бар екенін нақты көрсеткен, жақында Абай облысында болған өртті еске салды. Депутаттың пікірінше, техниканы үнемі жаңартып отыру қажет, қызметкерлердің жалақысын көтеру қажет, өйткені олар мемлекеттік қызметшілер ретінде бос уақытында қосымша жұмыс істей алмайды.
Мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов ТЖ саласындағы барлық мәселелерді шешу бойынша ұсыныстарды ҚР Парламентінің Мәжілісі мен Сенатына жолдауды ұсынды.
Дін істері басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов «Астана қаласында жерлеу және қабірлерді қарап-күту жөніндегі істі ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» мәселе бойынша баяндады. Спикер портал құрылғанын, онда пилоттық режимде халыққа қажетті ақпарат таратылатынын, техника сатып алынғанын, зираттардың бойымен жарықтандыру жүргізілгенін, оның 12-сін жергілікті атқарушы органдар қадағалайтынын хабарлады.
Сенат депутаты Андрей Лукин жерлеу бойынша қызмет көрсету кезінде алып-сатарлық фактілерінің болуы мәселесін көтерді, өйткені тарифтер өз бетінше белгіленеді. Қазіргі уақытта елордада жерлеу қызметтерінің құны 150 мың теңгеден асады, сонымен бірге, бұл қызметтер қылмыстық сипатқа ие. Депутат басқарманың осы мәселелерді қалай шешіп жатқанын сұрап, қаладағы 28 зиратты жергілікті атқарушы органдардың қарауына беруді ұсынды. Сенатор заңнамалық деңгейде қажетті қолдау көрсетілетініне сендірді.
Мәслихат төрағасы депутаттар бұл мәселені бұрын да қарағанын, ол ағымдағы жылдың соңына дейін шешілуі тиіс екенін айтып өтті. Сенатордың ұсынысы ескеріліп, бір жауапты орган құру туралы шешім қабылдануы керек. Пандемия кезінде жеке ұйымдардың қызметі тоқтатылды, жерлеу рәсімін тек Әлеуметтік қызметтер бюросының қызметкерлері жүргізді, материалдық базаның нашар болуына байланысты жерлеу рәсімдері арнайы киімсіз жүргізілді. Каналимов Сенат депутатының ұсынысын қолдауды ұсынды және жыл соңына дейін мәселелердің бір бөлігінің шешілуі қажеттігін атап өтті.
Ерлан Каналимов қалалық мәслихат сессияларында айтылған сын-ескертпелер мен ұсыныстардың орындалу барысы туралы баяндады. Ол мәслихатта 54 мәселе көтерілгені туралы айтып өтті. Ұзақ уақыт бойы шешілмей келе жатқан мәселелер бойынша шешімдер жекелеген отырыстар барысында қабылданады.
Кезекті сессияның күн тәртібіне енгізілген барлық мәселелер қаралып, олар бойынша шешімдер қабылданды.