«Astana» ӘКК» АҚ мен еншілес ұйымдары жұмысының тиімділігі туралы
04.05.2023
Қалалық мәслихатта Нұрлан Көпешовтың төрағалығымен «Astana» ӘКК» АҚ мен еншілес ұйымдары жұмысының тиімділігі мәселесімен бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті.
Отырысқа дайындық аясында мәслихат депутаттары «Astana» ӘКК объектілерін аралады.
Бірінші болып инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжанов сөз сөйледі. Ол корпорация қызметінің негізгі бағыттары туралы баяндады. Мемлекет басшысының оқушы орындарын ұлғайту және балабақшалардың жетіспеушілігіне қатысты проблемалық мәселелерді шешу жөніндегі тапсырмасына сәйкес басқарма инвесторларды тарту жөнінде ұсыныстар енгізді. Бюджетті нақтылау бойынша өтетін келесі отырыста басқарма өз пайымын ұсынатын болады. Қазіргі уақытта инвесторлар салған балабақшалар ата-аналардың көпшілігі үшін қол жетімді емес. «1000 орын – Көше саудасы» бағдарламасына қатысты Әкімжанов, бұл бағдарлама бастапқыдан шағын бизнесті қолдауға бағытталғанын, бірақ бағдарламаның іске асырылуын бақылаудың болмауы елорданың келбетіне нұқсан келтіретін стихиялық сауда орындарының қалыптасуына алып келгенін айтты. Басқарма басшысы қағидалардағы өзгерістерге сәйкес аудандық әкімдіктерге 3 жұмыс күні ішінде заңсыз, оның ішінде магистралды көшелерде орнатылған сауда павильондарын алып тастау мүмкіндігі берілетінін хабарлады. Болашақта сауда нүктелері бірыңғай эскиз бойынша салынуы керек. Туризмді дамыту үшін инвесторларды тартумен айналысатын «Astana Development» ЖШС басқарма қарамағына өтті, осыған байланысты басшы осы мәселе бойынша жеке отырыс өткізу туралы ұсыныс жасады.
Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Вахид Улибаев корпорация қызметінің бағыттары, оның ішінде инвестициялық жобаларды іске асыру, әлеуметтік маңызы бар азық – түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, «1000 орын – Көше саудасы» бағдарламасын іске асыру, коммуналдық және меншікті мүлікті басқару мәселелері туралы баяндады. Улибаев корпорация штатының қысқартылғанын атап өтті, сондай-ақ ӘКК-нің 2020-2023 жылдардағы көрсеткіштері, корпорацияның шығындары, оның еншілес ұйымдарының қызметі туралы егжей-тегжейлі хабардар етті. Төрағаның пікірінше, «Балабақшалар» жобасы, яғни ӘКК тетігі арқылы жеке инвесторлар есебінен балабақшалар құрылысы бюджетке минималды жүктемені қамтамасыз етеді, сондай-ақ әлеуметтік шиеленісті азайтуға мүмкіндік береді. ӘКК бұдан әрі балаларды дамыту орталықтары, әлеуметтік дәріханалар, дүкендер, тігін цехтары және т. б. сияқты әлеуметтік жобаларға басты назар аударуды жоспарлап отыр.
Мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов жер учаскелерін бөлу тетігінің Жер кодексінде нақты белгіленгенін атап өтті. Депутаттың пікірінше, ӘКК тетігі Жер кодексін айналып өту тетігіне айналды, сондықтан күтілген нәтиже болмады. ӘКК бәсекелестікті дамыту, кәсіпкерлікті дамыту бөлігіндегі әлеуметтік жобалармен айналысуға тиіс. Әлеуметтік көмекке мұқтаж санатқа жататын қанша адам жер телімдерін алғаны жөнінде талдау жоқ. Негізінен жер учаскелерін аукционда сатып алуға мүмкіндіктері бар адамдар алды. Бұдан бұрын бірнеше рет отырыстар өткізілді, «1000 орын - Көше саудасы» жобасы жұмысын бастады, бірыңғай дизайн коды бекітілді, бірақ қазіргі уақытта қала үлкен базарға айналып отыр. Павильондарда қарапайым жағдайлар жасалмаған, санитарлық тораптар жоқ, су жоқ, көше саудасына мемлекеттік органдар тарапынан бақылау жоқ. Шарт бұзылса да, павильон орнында тұр. Жер учаскелерін қайтарудың нақты тетігі жоқ, қазір сотқа жүгінуге тура келеді. Қоғамдық дәретханалар мәселесін шешпей, туризмді дамыту мүмкін емес. Өткен жылдан бастап форвардтық жобалар бойынша ашықтық жоқ, механизмі қандай, өнім беруші қандай принцип бойынша таңдалды. Неліктен кейбір өнімдерге сонша ақша бөлінгенін халық түсінгісі келеді. Қазіргі уақытта ЖАО-ның қоғамдық тамақтандыру және қызмет көрсету саласы объектілерін орнату жөніндегі қызметін реттейтін «Астана мәртебесі туралы» заң қолданыста. Осыған байланысты абаттандыру ережелеріне заңға сәйкес өзгерістер енгізу қажет.
Депутат Смайылов ӘКК қызметіне қатысты сын айтып, корпорацияның қажеттілігі туралы мәселе көтерді. Ақылы автотұрақтар жеке қолдарда, депутаттың пікірінше, бұл мәселені корпорация шешуі керек. Қалаға 400 автобус сатып алу қажет, олардың дизельмен жұмыс істейтіні анықталды, ал оның құны жылдан жылға артып келеді. Корпорация болса бүгінде тек жер телімдерін таратумен айналысып отыр.
Депутат Зейнулқабден қоғамдық дәретханалар салу мәселесі жөнінде сұрады, депутат үлгі ретінде «Қазавтожол» салған қоғамдық дәретханаларды келтірді. Осы жобаны пайдаланып, қала ішінде де сол үлгіде салу мүмкін бе. Депутат көмек көрсетуге дайын екенін білдірді. Мысалы, триатлон саябағындағы кафенің жанында орналасқан дәретхана өте жағымсыз күйде. Көпірдің астында жастарға арналған қоғамдық кеңістіктер ұйымдастырылған, ал дәретханалар жұмыс істемейді. Басқа елдердің үлгісі бойынша кафенің жанында кафенің қарамағында болатын қоғамдық дәретханалар салуға болады.
Депутат Тәжімұратовтың пікірінше, ӘКК балабақшалардың құрылысына үлес қосуы тиіс, өйткені олардың жетіспеушілігі айтарлықтай.
Депутат Қасымбергебаев ӘКК-ні одан әрі дамыту және ӘКК-де сыбайлас жемқорлық бұзушылықтар болмауы үшін қабылданатын шаралар бойынша басшының көзқарасын сұрады.
Төрағалық етуші Көпешов тікелей эфир барысында халықтан келіп түскен сұрақтарды оқып, оларға тиісті уәкілетті органдардың басшылары жауаптар берді.