Білім беру мекемелерінде тамақтандыруды ұйымдастыру
12.01.2023
Қалалық мәслихатта Алтыншаш Табулдинаның төрағалығымен «Білім беру мекемелерінде тамақтандыруды ұйымдастыру туралы» мәселе бойынша әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті.
Қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Нариман Таңатаров өз сөзінің басында елорда мектептері оқушыларын ыстық тамақпен қамту бойынша статистиканы келтірді. 2022-2023 оқу жылында елорданың 99 мемлекеттік мектебінде 1-ден 4-сыныпқа дейін 89719 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді, 5-тен 11-сыныпқа дейін халықтың әлеуметтік осал топтары санаты бойынша жеңілдікпен 5936 оқушы тамақтанады. Барлығы 1-11 сыныптар бойынша 95 655 оқушы ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Білім басқармасы басшысының бұйрығымен елорданың мемлекеттік жалпы білім беретін мектептерінің оқушыларын тамақтандыру құны 2023 жылғы 9 қаңтардан бастап 30% - ға, яғни 449 теңгеден 584 теңгеге дейін өсті. Тамақтандыру сапасын бақылауды күшейту үшін қаланың әр мектебінде сапаны бақылау бойынша бракераждық комиссиялар құрылған. Мектеп асханаларының мәзірі жарияланатын «Мектеп мәзірі» платформасына елорданың барлық 99 мемлекеттік мектебі қосылған. Білім басқармасы басшысының орынбасары проблемалық мәселелердің ішінде мектеп асханаларына арналған жабдықтар мен жиһаздарды сатып алуға қосымша қаржыландыру қажеттілігін ерекше атап өтті.
Мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов депутаттар білім беру ұйымдарын бірнеше рет аралағанын және проблемалық мәселелермен сол нақты орындарында танысқанын атап өтті. Баяндауда 57 білім беру нысаны жөндеуді қажет ететіндігі атап өтілді. Депутаттар әрдайым оқушыларды тамақтандыру жағдайларын жақсартуды қолдайды, бірақ мәслихат төрағасының пікірінше, өнім берушілермен проблемалардың себебі шарттың сапасыз жасалуында. Шарт бойынша тек бір жыл ғана жұмыс істейтін өнім беруші қолда бар жабдықты барынша максималды деңгейде пайдаланады, нәтижесінде үш жылдан кейін жабдық істен шығады және білім басқармасы қосымша қаржыландыру сұрауға мәжбүр.
Келесі күрделі мәселе, кейбір мектептер санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес келмейді. Бұл алаңдаушылық туғызады, өйткені улану жағдайлары болуы мүмкін, қалада мұндай фактілер болған, сондықтан мектеп оқушыларын тамақтандыру мәселесіне айрықша көңіл бөлу керек. Каналимов тамақтандыруды ұйымдастыруға мектеп директоры жауапты деп санайды, өйткені мектептің оқу процесіне, оның ішінде ыстық тамақпен қамтамасыз етуге дайындығы туралы бұйрық шығаратын директор. Мәслихат төрағасы Астана қаласы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды үнемі бұзатын мектептердің тізімін дайындауды ұсынды.
Сондай-ақ, Каналимов мектептерде мәзірге қатысты жасырын сауалнама жүргізілгенін атап өтті, сауалнама нәтижесі тамақтың дәмсіз, әрі бірыңғай болуына байланысты көптеген балалардың мектепте тамақтанғысы келмейтінін көрсеткен.
17 білім беру мекемесінде киоск немесе асхана жанындағы буфеттер бар екені белгілі, оларды чипстер, газдалған сусындар, жартылай фабрикаттар және балалардың денсаулығына зиянды басқа да өнімдер сатылады. Осы киоскілерден сатып алынған өнімнен 17 баланың уланғаны туралы дерек бар.
Мектепте тамақтандыруға бөлінген қаражатты жұмсаудың тиімділігі туралы айтатын болсақ. 2021 жылы мектепте тамақтандыруға 1,1 млрд. теңге бөлінді, нақты жұмсалғаны 264 млн. теңгені құрады, айырмашылық - 815 млн. теңге, оны жергілікті бюджетке қайтару қажет болған. Бірқатар мектептер бойынша тамақтандыруға бөлінген игерілмеген қаражат қалдығы бар, № 60 мектеп лицейі 108 млн. теңге бюджетке қайтаруы тиіс, №37 мектеп лицейі - 59 млн. теңге, №72 мектеп лицейі - 31 млн. теңге, № 22 мектеп гимназиясы - 4 млн. теңге.
Оң тәжірибе ретінде мәслихат төрағасы 6 қоғамдық көлік өнім берушісі арасында конкурс өткізетін СТС компанияның тәжірибесін келтірді, осы тәжірибені қарастырып, сол сияқты конкурстар өткізу керек. Каналимов білім басқармасынан мектеп оқушысының жұмыс күнін есепке алу бойынша талдау дайындауды сұрады.
Депутат Азамат Айтхожин тамақтану құнына қатысты сұрақ қойды, 449 теңгеден 584 теңгеге көтерілді - бұл мәселені шеше ме? Миллиардтаған қаражатты игермеген басқармалар бар. Депутат бұл қаражатты оқушыларды тамақтандыруға бағыттауды ұсынды. Отырыстарда мектептік тамақтану комбинатын құру туралы бірнеше рет айтылған, қазіргі уақытта бұл мәселе шешілудің қай сатысында? Әр ауданда тамақтану комбинаты болуы керек. Көптеген өнім берушілер тамақтандыруды ұйымдастыруға қатысқысы келмейді, сондықтан депутаттың пікірінше, тамақтану құнын көтеру керек.
Депутат Ләззат Разбеков-Төлеуханова бірыңғай өнім берушіні белгілеу мәселесі баяғыдан қарастырылып келгенін атап өтті. Оның пікірінше, тамақтандыру құнын арттыру мәселесін қайта қараудың уақыты келді. Теріс резонансты болдырмау үшін ақпараттық жұмыс жүргізу керек. Депутат мектептерді қаржыландыру толық емес екенін және оның жетіспейтінін атап өтті. Мысалы, жан басына шаққандағы қаржыландыру әдістемесі 2017 жылы әзірленген, сондықтан ол әрине, ескірді. Қаржыландыру төңірегінде қалыптасқан жағдай тамақтану сапасына әсер етеді. Бақылау функциялары бар органдар көп, бірақ мектеп директорларының жағдайын да түсіну керек. Бүгінде қаладағы 14 балабақша басшысыз жұмыс істеп отыр, өйткені ешкім үлкен жауапкершілікті өз мойнына алғысы келмейді.
Депутат Алмагүл Сегізбай әріптесін қолдады, түсіністікпен қарау керек, мектеп директорлары қиын жағдайда. Сегізбай өнім жеткізушілердің өз міндеттерін орындамағаны үшін мектеп директорларын жазалау керек деген пікірмен келіспейтінін айтты.
Комиссия төрағасы білім беру ұйымдарының басшыларына қойылатын талаптар қатаңдатылғанын түсінетінін атап өтті. Табулдина басшыларға қатысты айыппұл санкцияларын қолдану бойынша талдау дайындауды сұрады, бұл мәселені отырыстардың бірінде талқылау қажет.
Балалар мен оқушыларды дұрыс тамақтандыру саясатын енгізу және бақылау қауымдастығының төрағасы Марат Баелев бұл мәселені мұқият қарау керектігін айтты. Баелевтің пікірінше, тамақтандыру құнының негіздемесі болуы керек. Алматының үлгісі бойынша бұрыңғы бағаны қалдырған дұрыс. Тамақтандыруды ұйымдастыруға байланысты барлық мәселелер ғылыми негізде пысықталуы керек деп санайтындардың пікірімен келіседі. 15 жыл бойы Қауымдастық осы тақырып бойынша жұмыс істеп келеді. Білім басқармасының басшысы мәселені егжей-тегжейлі зерттеп, ертеңгі күн туралы ойлануы керек. Білім басқармасы басшысының орынбасары айтқан мектептік тамақтану комбинаты мемлекеттік болуы керек және РБ қаражатына салынуы керек.
Алтыншаш Табулдина Ikomek 109 арқылы түскен сапасыз тамақтану бойынша шағымдар бар екенін атап өтті. Осы шағымдарға байланысты айтылған фактілер бойынша шаралар қабылданды ма. Депутаттар өнім берушілер тамақтандыру сапасы үшін қандай да бір жауапкершілікті көтеруі үшін шартқа өзгерістер енгізуді ұсынды.