Елорданың алдағы үш жылға арналған бюджетінің жобасы талқыланды
05.12.2022
Қоғамдық кеңесте «Астана қаласының 2023-2023 жылдарға арналған бюджеті туралы» мәслихат шешімінің жобасын талқылау бойынша қоғамдық тыңдау өтті.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Айжан Түгелбаеваның айтуынша, бюджет жобасын қалыптастыру рәсімі қолданыстағы бюджеттік және жергілікті нормативтік құқықтық актілерге сәйкес болды.
Жобада көзделген 2023-2025 жылдарға арналған бюджеттің негізгі параметрлері, оның ішінде 2023 жылға мынадай көлемдерде ұсынылды: кірістердің жалпы көлемі – 553,1 млрд.теңге, шығындар – 553 млрд. 129,8 млн. теңге.
Қоғамдық тыңдауға қатысушылар ұсынылған бюджет жобасы әлеуметтік бағдарланғанын, барлық бюджеттің шамамен 50 пайызы әлеуметтік салаға, халық алдындағы барлық әлеуметтік кепілдіктер мен міндеттемелерді сақтауға, мектеп пен мектепке дейінгі білім беруді қолдауға бағытталғанын атап өтті.
Жобаны талқылау барысында ұлттық бағдарламаларды қаржыландыру және орындау, әлеуметтік салада, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықта, жол-көлік саласында маңызды жобаларды іске асыру жоспарлары басты тақырыптар болды.
Сонымен қатар, қоғамдық тыңдауға қатысушылар өткізілетін іс-шаралармен қатар бірқатар проблемалық мәселелер, оның ішінде жүйелі сипаттағы мәселелер бар екенін атап өтті. Ең алдымен, бюджетті тиімсіз жоспарлау қаржы жылы ішінде бюджеттік бағдарламалардың кейбір әкімшілерінің бюджетінің шығыс бөлігін қайта қарауға әкеледі.
Бүгінгі таңда, Қоғамдық кеңес мүшелері атап өткендей, қалада жылумен жабдықтауда күрделі жағдай қалыптасқан. Алайда, 2023-2025 жылдарға арналған бюджет жобасында отын-энергетика кешені мен коммуналдық шаруашылықты басқаруға қаражат бөлудің төмендеу серпіні байқалады. Егер 2023 жылы 14 млрд.теңгеден астам қарастырылған болса, 2024 жылы – 6 млрд. теңге, 2025 жылы – 7 млрд. теңге.
Қоғамдық тыңдауға қатысушылар бюджет қаражатының қала аудандары арасында пропорционалды бөлінбеуіне назар аударды. Шығыс бөлігінде "Байқоңыр", "Сарыарқа" аудандары әкімдерінің аппараттарына "Есіл", "Алматы"аудандары әкімдерінің аппараттарымен салыстырғанда бір жарым, екі есе аз қаражат бөлінеді. Қаражаттың жеткіліксіздігі қаланың шетінде орналасқан аудандардың проблемаларын шешуге, оларды абаттандыруға, жарықтандыру, санитарлық тазалау және басқа да іс-шараларды шешуге бағытталады. Қала аудандарында "қатысу бюджеті" жобасының белсенділігі төмендеді және іске асырылуы туралы ақпарат жоқ.
Қоғамдық кеңес мүшелерінің алаңдаушылығын жастар арасында нашақорлықтың өсуі және Полиция департаментіне нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы жедел-алдын алу іс-шараларын жүргізуге қаражат жеткіліксіз бөлінуі тудырады. Мәселен, 2023-2025 жылдарға "Астана қаласында нашақорлық пен есірткі бизнесінің алдын алу жөніндегі қызметтер" бағдарламасы бойынша полиция департаментіне 59 696 мың теңге бөлінеді, ал "туристік қызметті реттеу" бағдарламасына 3 жылға 1 100 965 мың теңге қарастырылған.
Талқылау қорытындысы бойынша елорда бюджетінің үш жылға ұсынылған жобасы айтылған ескертулер мен ұсыныстарды ескере отырып мақұлданды және мемлекеттік мекемелерге айтылған проблемалық мәселелерді шешу бойынша тиісті ұсынымдар берілді.
Іс-шараға қала аудандарының әкімдері, мемлекеттік мекемелердің басшылары, қоғамдық бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.