Елордалық мәслихаттағы Депутат күні
01.12.2022
Қалалық мәслихатта Ерлан Каналимовтың төрағалығымен «Балалардың шығармашылығы мен спортын ваучерлік қолдау туралы» тақырыбында Депутат күні өтті.
Бірінші болып қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының м.а. Еркеғали Карбозов баяндады, ол бүгінгі таңда бағдарлама аясында 25 спорт түрі бойынша 575 секция жұмыс істейтінін хабарлады. Берілген ваучерлердің жалпы саны 44998 құрайды, оның ішінде 27665 ваучер іске қосылды. Бағдарламаны іске асыруға өткен жылы 602 млн. теңге бөлінген. 2022 жылдың басында 1,3 млрд. теңге бөлінді, сондай-ақ бюджетті нақтылау кезінде қала мәслихатының шешіміне сәйкес бюджеттен қосымша қаражат бөлінді. Бюджет қаражатының жалпы көлемі 5,2 млрд. теңгені құрады.
Депутат Владислав Сергеев жыл бойы осы жобаны іске асырумен байланысты көптеген талқылаулар болғанын атап өтті. Платформаны цифрландыру мәселесі шешілмеді, ЖСН-ге байластыруға, ата-аналардың ЭЦҚ қатысты уәде орындалмады. Сергеев балалардың белгілі бір санын тіркеуді ұсынды. Мысалы, оқу кезеңінде балалардың қатысуының төмендеуі байқалады, сондықтан 28-30 мың баланың шекті санын белгілеп, осы сан шеңберінде бюджетті жоспарлау керек, шығармашылық даму бойынша лимит - 25 мың бала. Егер бала жобадан шығып қалған жағдайда, оның орнына басқа бала қабылдануы мүмкін. Әйтпесе, ағымдағы жылдағыдай проблемалар болады. Барлық басқармалар қала қанша баланы нақты қамти алады деген позицияны негізге алуы керек.
Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов басқармаларға депутаттар айқындықты, ашықтықты, тиімділікті қамтамасыз етуге қатысты, сабақтар өткізілетін үй-жайларға, тренерлердің біліктілігіне қойылатын талаптармен ұсыныстар жібергенін еске салды. Каналимов Тексеру комиссиясының анықтамасынан деректерді келтірді. 2021 жылы Артспортқа 10500 бала үшін 613 млн. теңге бөлінген, ол қаражат 7 айға жеткен. Ал 2022 жылы 19500 балаға 12 айға 5 млрд. теңге бөлінді, яғни, балалар саны 1,8 есеге, ал қаржыландыру 8,3 есеге өскен, бұл ретте бюджет қаражатын жұмсаудың қандай тиімділігі туралы айтуға болады. Келесі жылы басқарма 56188 баланы қамтуды қамтамасыз ету үшін 12,3 млрд. теңге сұрап отыр. Және бұл үрдіс барлық басқармаларға тән. Бірақ мемлекеттік органдарға жіберілген ұсыныстар әлі орындалған жоқ. Талқылау кезінде Спорт комитеті мен дене шынықтыру және спорт басқармасы депутаттарды жыл соңына дейін барлық мәселелер шешілетініне сендірген. Барлық қаржыландыру бекітілген лимиттер шеңберінде жүзеге асырылады, әрине, кейінірек 4 нақтылау өтеді. Бірақ алдымен механизмнің айқын және анық болуына қол жеткізу керек. Жауапкершілік жеткізушілер тарапынан да, ата-аналар тарапынан да болуы, сондай-ақ бюджеттік әкімшілер тарапынан тиімді бақылау болуы тиіс. 5 ай өтті, бірақ мәселе шешілмеді. Спорт және мәдениет басқармалары 85 646 ваучер берген, оның шамамен 60%-ы ғана іске қосылған. Каналимов Тексеру комиссиясының төрағасына жоба бойынша аудиттің аяқталу мерзімі туралы сұрады. Мәслихат хатшысы аталған талаптар министрлікке, үкіметке де жіберілгенін және барлығы талаптардың нақтылығымен келіскенін атап өтті.
Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі министрліктің бұйрық шығарғанын, оған сәйкес бір бала бір спорт секциясына немесе шығармашылық үйірмеге бара алатынын, спорт секцияларының түрлері (71-ден 51-і қалды) және үйірмелердің қысқартылғанын, балалар шұғылданатын үй-жайларға қойылатын талаптардың қатаңдатылғанын (жертөле қабаттарында сабақ өткізуге тыйым салынған, үй-жайда жақсы жарықтандыру, бейнекамералар, душ және т.б. болуы керек) айтты. Балалардың жасына қарай шектеулер енгізілді, мысалы бокс сабақтарына 11-12 жастан бастап қатысуға болады, жобаның цифрлық платформасына қатысты ҰБДБ-мен интеграциялау бойынша жұмыс жүргізілуде. Жаңа жылдан бастап әр аймаққа өз платформасын құру ұсынылады және сабаққа қатысу ата-аналардың QR коды арқылы тіркелетін болады. Бұл ретте әрбір мемлекеттік органның ақпараттық жүйелері интеграциялануы тиіс.
Каналимовтың пікірінше, платформаның бір әкімшісі болуы керек, әйтпесе тәртіп болмайды. Жобаға қатысушылар мектеп жасындағы балалар болғандықтан, әкімші ретінде білім басқармасын ұсынды, ал спорт және мәдениет басқармалары білім басқармасының базасына біріктірілуі керек. Мәслихат хатшысы негіз ретінде пайдалану үшін, барлық тармақтар үлгілік ережелерде ескерілуін ұсынды. Білім басқармасы Астана қаласы бойынша мектеп жасындағы балалар туралы мәліметтер базасын жасап, 4 ауданға бөліп, аудандарда мектептер бойынша бөліп, одан әрі оқушылар сарайларындағы секциялар мен үйірмелерге, мектеп үйірмелері мен секцияларына қатысатын балалардың есебін шығарса, сонда үйірмелерге мүлдем бармайтын балалар санын анықтауға болады. Цифрландыру басқармасы мен Astana Innovations желтоқсан айының соңына дейін мәселе шешілуі үшін іс-қимыл алгоритмін ұсынуы тиіс. Каналимов осы мәселе бойынша жұмыс топтарын құруды және олардың құрамына депутаттарды қосуды ұсынды.
ArtSportEdu жеткізушілер қауымдастығының төрағасы Лана Болат сөз сөйлеп, келесі жылы туындауы мүмкін мәселе бар екенін айтты. Бюджет бір күнтізбелік жылға арналған болуы керек, әйтпесе бағдарламаны іске асыру тежеліп қалады. Бұрын балаларын ақылы секцияларға апарған ата-аналардың көпшілігі қазір төлем жасауға дайын емес, олар ваучерлерін күтеді. Ол Жеткізушілер қауымдастығымен бірлесіп проблемалық мәселелерді пысықтауды ұсынды.
Депутат Сергеев спорт және мәдениет басқармаларының басшыларынан 30 мың және 25 мың бала лимиті негізінде есептеу жүргізуді сұрады, осылайша депутаттар бюджетке қандай жүктеме түсетінін түсінеді, одан бюджет бойынша болжам жасалады. Депутаттың пікірінше, бір баланың Оқушылар сарайына да, БЖСМ-ге және Артспорт жобасы аясындағы секцияларға да барып жүргені анықталуы мүмкін. Ал жобаның мақсаты балалардың барлық санаттарын кешенді қамту болып табылады.
Мәдениет басқармасының басшысы Санат Шапашов жоба бойынша барлық өзгерістер келесі жылдан басталатынын, жыл соңына дейін барлығы Артспорт платформасында жұмыс істейтінін атап өтті. Сондай-ақ, басқарма басшысының пікірінше, бұл жерде қиындық туғызатыны, балалар қандай үйірмелерге баратынын алдын ала болжау мүмкін емес, бірыңғай платформаны енгізумен барлық мәселелер шешіледі.
Депутат Нұрдәулет Оразханов жеткізушілер тізімінде тек екі баланы ғана қамтып отырған жеткізушілерді анықтағанын айтты, бұл жағдайда қандай қамту туралы сөз болуы мүмкін.
Депутат Алтыншаш Табулдина бір-екі баланы ғана қамтитын үйірмелер жұмысына қатысты мәселені шешу бойынша ұсыныстар енгізуді сұрады. Әдістемеге өзгерістер қажет.
Artsportedu жеткізушілер қауымдастығының төрағасы көшіп кетуіне, секцияға барғысы келмеуіне және т. б. байланысты жобадан шыққан балаларды ауыстыру мүмкіндігіне өзгерістер енгізуді сұрады.
Депутат Асқар Смағұлов жеткізушілер тізіміндегі 2136 баланы қамтитын «ГарантСтройСнаб» фирмасына назар аударды. Атауына қарағанда, бұл фирма құрылыс саласымен айналысады. Депутат осынша көп баланы қамтып отрыған фирманың иелігіндегі үй-жайлары туралы сұрады.
Алтыншаш Табулдина үй-жайларға, жаттықтырушыларға қойылатын талаптар күшейтілетін жаңа ережелерді іске асыру қарсаңында талдау жүргізілді ме деп сұрады. Бюджет ақшасы бөлінді, сондықтан басқармалар бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бола отырып, балалардың қатысуын тексеруі керек. Қазірдің өзінде басқарма жобаның тиімділігіне талдау ұсынуы керек еді, қандай бұзушылықтар болуы мүмкін және осыған байланысты қандай іс-шаралар өткізуге болады. Табулдина бұл мәселе бірнеше рет қаралғанын, бірақ басқармалардан нақты ұсыныстар жоқ екенін атап өтті.