Бюджетті нақтылау мәселесі бойынша кезектен тыс сессия
22.09.2022
Қалалық мәслихатта Ерлан Каналимовтың төрағалығымен 2022 жылға арналған бюджетті нақтылау мәселесі бойынша кезектен тыс сессия өтті.
2021 жылғы 15 желтоқсандағы «Нұр-Сұлтан қаласының 2022-2024 жылдарға арналған бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу бойынша «Астана қаласының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы» ММ басшысының м. а. Айжан Түгелбаева сөз сөйледі. Ұсынылған ақпаратқа сәйкес, нақты жинамдылықтың талдауына сүйене отырып, меншікті кірістер бойынша жоспарды 3,1 млрд. теңгеге ұлғайту, сондай-ақ салықтық, салықтық емес түсімдер бойынша жоспарды ұлғайту ұсынылады. Ең елеулі шығындар нөсер кәрізін күтіп-ұстауды, тазартуды, «Астана-Тазалық» ЖШС үшін жабдықтар мен «Елорда Эко систем» үшін арнайы техника сатып алуды, «жасыл белдеу» аумағындағы көшеттерді қайта жаңартуға, еңбекақы төлеу қорын ұлғайтуға және т. б. қосымша қаржыландырумен байланысты.
Депутат Владислав Сергеев жақында Amanat партиясының Жол картасы қарастырылғанын және бірқатар мәселелер бойынша оларды орындауға қатысты алаңдаушылықтар бар екенін айтты. Депутат басқарма басшысының м.а. тұрғын үй алаптарындағы істің жай-күйі бойынша объективті және субъективті себептерін талдау үшін егжей-тегжейлі ақпарат беруді сұрады. Жолдарды салу, бағдаршамдарды орнату және басқа мәселелерді шешу қарқыны өте баяу. Сондай-ақ, қалада арнайы техниканың қозғалысын есепке алу жүйесі бойынша сұрақтар бар. «Астана-Зеленстрой» АҚ-да, «Астана-Тазалық» ЖШС-де өзінің арнайы техникалары, жеке компанияларда өз техникасы бар, жұмыстың қайталану қаупі бар, дизель отыны ұтымсыз жұмсалады. Осыған байланысты депутат ОЭКБ және цифрландыру басқармасының басшылығына геопорталға қандай деректер орналастырылатыны және арнайы техниканың қозғалу мәселесін қалай реттеуге болатыны туралы анықтама дайындауды сұрады.
Депутат Азамат Айтхожин экономика басқармасының мүмкіндігі шектеулі жандарға қаражат бөлу туралы қорғау басқармасының сауалына уақытылы жауап бермеуі мәселесі бойынша сөз сөйледі.
Мәслихат хатшысы мүмкіндігі шектеулі жандарға қаражат бөлу мәселесін бірінші кезекте шешуді ұсынды, сондай-ақ Каналимов мүгедектігі бар адамдармен кездесу барысында анықталғандай, дәрі-дәрмек сатып алуға қаражат бөлінетінін, бірақ бұл ақшаны бөлу шарттары өте күрделі екенін, алдымен дәрі-дәрмек сатып алып, барлық чектерді сақтап, оларды дәрі-дәрмекті сатып алуды растау үшін ұсыну керектігін атап өтті.
Депутат Азамат Айтхожин мәслихат хатшысының мүмкіндігі шектеулі жандарға дәрі-дәрмек сатып алуға қаражат бөлу туралы ұсынысын қолдады.
Депутат Гүлжамал Жапарова пандемия кезінде ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қандай сомада көмек көрсетілгенін сұрады. Оған пандемия кезінде оларға көмек көрсетілмегенін, тек медициналық маскалар берілгенін мәлімдеген адамдар жүгінген.
Мәслихат хатшысы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасынан мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты Ережелерді пысықтауды және пандемия кезінде осы санаттағы азаматтарға көрсетілген көмек көлемі туралы ақпарат беруді сұрады.
Депутат Батыр Котырев «Астана Су Арнасын», тазарту нысандарын аралау барысында ұйым басшысы ағынды сулар мен ауыз суға деген қажеттіліктің артқанын хабарлағанын айтты, өйткені қала халқы айтарлықтай өскен. Осыған байланысты депутат ОЭКБ-на қосымша қаржыландыру бөлуді қолдауды сұрайды. Экологиялық мәселелерді де шешу керек, ІІД, көлік басқармасы атмосфераны ластайтын автокөлікшілерге назар аударуы керек. Қазіргі уақытта пайдаланылған газдар бойынша жағдайды бақылау жоқ, стационарлық және көшпелі экологиялық бекеттер жұмыс істемейді.
Мәслихат хатшысы осы бағытты пысықтауға тиіс химиялық станция құрылысының басталғанын атап өтті. Осы станцияның құрылыс орнына барып көру керек. Сондай-ақ, Каналимов экология департаменті аса үлкен айыппұл тағайындайтынын, мысалы, Астана Су Арнасына 171 млн. теңге айыппұл салынғанын хабарлады. Бюджеттік ұйымдар бірнеше миллиондық айыппұлдарға ұшырап отыр. Айыппұлдың максималды сомасы салынбауы үшін экология, геология және табиғи ресурстар министрінің бұйрығына өзгерістер енгізу мәселесін пысықтау қажет.
Депутат Котыревтың айтуынша, басқа аймақтың СЭС өкілдерімен кездесу кезінде тіпті қатты сабын болса да, сұйық сабын болмағаны үшін айыппұл салынатыны белгілі болды, бұл деген формализм ғой. Депутат қаладағы, «жасыл белдеу» аумағындағы рұқсатсыз қоқыс үйінділерін болдырмау үшін коммуналдық техниканың барлық түрлеріне, ҚТҚ-ты тазартумен, жинаумен, қоқыс шығарумен айналысатын барлық арнайы техникаларға мониторинг жүргізу жөніндегі ұсынысты қолдады. Бұл бағытта салдармен күреспеу үшін алдын алу шараларын жүргізу қажет.
Мәслихат хатшысы қазан айының басында 5-не дейін цифрландыру, қаржы полициясы басқармаларының қатысуымен жаңа техниканы сатып алу, механикалық жинау жүргізу схемасы мәселелері бойынша жеке кеңес өткізуді ұсынды.
Депутат Сергеевтің пікірінше, «Астана-Тазалыққа» магистральды көшелерді бөлу туралы ұсыныс өзекті болып табылады, тек осы мәселені құқықтық алаңда пысықтау қажет. Сондай-ақ, қазір көптеген ұйымдар айналысатын алаңдар бойынша шешім қабылдау қажет. Мысалы, Үркер тұрғын алабында саябақта иттерге арналған екі алаң құрылған, бұл қала шетінде емес, қала орталығында орынды болар еді.
Мәслихат хатшысы бірыңғай ұстанымға қатысты аудан әкімдерін тыңдау керектігін атап өтті, өйткені аудандарды абаттандыру мәселелерімен олар айналысады. Ауданды абаттандырудың бірыңғай тұжырымдамасына жауап беретін бір мемлекеттік орган болуы керек. Үркер тұрғын алабында тұратын азаматтармен кездесу барысында саябаққа қатысты көптеген сұрақтар болды, ағаштардың 80% - ы тамыр жайған жоқ. Азаматтар бұл іске деген көзқарасқа наразы.
ХӘОТ санаты өкілдерін газдандыруға қатысты депутат Сергей Шукшев сұрақ қойды. Ол жетім балаларды да ХӘОТ санатына қосуды ұсынды, сонда олар газға қосылған кезде жеңілдіктерге ие болады. Депутатқа осы санаттағы өкілдер жүгінген.
Мәслихат хатшысы әлеуметтік қорғау басқармасының басшысынан жетім балалар ХӘОТ санатына неге қосылмағаны туралы сұрады және осы санаттағы адамдардың саны мен үйлердің саны бойынша талдау жасауды сұрады. Каналимов басқарма басшысынан мүмкіндігі шектеулі жандарға қосымша ақы төлеу мәселесін шешуді, қараша айында оны төлеуді қамтамасыз етуді сұрады. Екіншіден, дәрі-дәрмектерді сатып алу үшін өтемақы мәселесін шешу керек. Сондай-ақ, депутат №83 мектеп-лицейіндегі істің жай-күйіне назар аударды, мектеп инклюзия үшін құрылған. Бүгінгі күні барлығы, көбісінің қозғалу мүмкіндігі жоқ балалар мектептің 4-қабатында оқиды, лифт жоқ, онда 140 отбасынан 140 бала оқиды. Төртінші нақтылау кезінде қаражат табу керек.
Мәслихат хатшысы білім басқармасынан ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін 4 ауданда қолайлы жағдайлары бар мектеп салу қажеттілігі бар ма, жоқ па, инклюзивті мектептер бойынша талдау жасауды сұрады, олар стандартқа сәйкес келе ме. Каналимов әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссия мүшелеріне осы мәселені зерттеу туралы өтінішпен жүгінді, өйткені аутизмі бар, церебральды сал ауруы бар балалар саны өсуде. Қалада осы санаттағы балалардың мәселелерімен айналысатын көптеген жеке қорлар, мекемелер бар. Бірақ олардың арасында аутист балалармен жұмыс істейтін мамандар жоқ, сондықтан мұндай мамандарды даярлау қажеттілігі туындады. Дәлелденген оңалту бағдарламасы бар, және іс жүзінде салдармен күресу емес, алдын-алумен айналысу керек.
Депутат Динара Оразалина оған мүгедек балалардың ата-аналары жүгінгенін және мүгедек балаға барлық қызметтерді монетизациялауды сұрағанын айтты. Монетизация жағдайында сапалы қызметтерді, мамандарды, санаторийлерді және басқаларды ата-аналардың өздері таңдай алады. Денсаулық сақтау саласында бұл жүйе әлдеқашан қосылған, әлеуметтік сала медицина саласындағыдай әрекет етуі керек.
ОЭКБ басшысы Марсель Ұзақпаев «2030 жылға дейінгі қаланы жылумен қамту схемасын бекіту туралы» мәселе бойынша баяндады.
Әкімнің орынбасары Байкен Есет мемлекеттік органдардың атына айтылған сынға қатысты сөз сөйлеп, айтарлықтай бюджет қаражаты бөлінген тұрғын үй алаптарын газдандыруға қатысты сынды қабылдайтынын айтты. Тұрғын алаптардағы үйлерді газға қосу газдандыру нәтижесінің тікелей көрсеткіші болып табылады. Есет Байкен барлық үйлерді аралап, газға қосылу шарттары мен ХӘОТ санаты үшін қолда бар жеңілдіктер туралы хабарлау үшін мемлекеттік органдар мен ведомстволық бағынысты ұйымдар өкілдерінен шағын топтар құруды ұсынды.