Бюджетті нақтылау мәселесі бойынша кезектен тыс сессия
17.08.2022
Қалалық мәслихатта Ерлан Каналимовтың төрағалығымен кезектен тыс сессия өтті.
Мәслихаттың кезектен тыс сессиясының жұмысына қала әкімі Алтай Көлгінов, әкімнің орынбасарлары, қала аудандарының әкімдері, мемлекеттік құрылымдардың басшылары, қоғам және БАҚ өкілдері қатысты.
«Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының 2021 жылғы 15 желтоқсандағы «Нұр-Сұлтан қаласының 2022-2024 жылдарға арналған бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы» бірінші мәселе бойынша қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев баяндап, нақты жинамдылық талдауын негізге ала отырып, меншікті кірістер бойынша жоспарды ұлғайту ұсынылатынын хабарлады.
Шығындар бойынша Маңқараев, әлеуметтік саланы қосымша қаржыландыруға, жобалауды аяқтауға, соның ішінде елорданың тұрғын үй алаптарында сумен жабдықтау, су бұру және нөсер кәрізі желілерін салуға ерекше назар аударылатынын айтты.
Депутат Бауыржан Жанқонақов салықтық түсімдер бойынша өсімнің артқаны қуантатынын атап өтті, бұдан ЖТС, әлеуметтік салық, салықтық емес түсімдер бойынша бизнестің жұмысы айқын көрінеді, жалақыны арттыру туралы тапсырма орындалуда. Депутат басқарма басшысына Ұлы дала ауданындағы 1200 орындық мектеп құрылысына қатысты сұрақ қойды, басқарма қосымша 900 млн. теңге сұрап отыр, мұндай қомақты сома қайдан шықты? ЖСҚ бойынша бастапқыда қандай сома салынды?
Қала әкімі Алтай Көлгінов мектеп құрылысы 2016 жылы бастама алғанын, бірақ жосықсыз мердігердің кесірінен құрылыс басталмағанын айтты. 2020 жылы конкурс қайта жарияланды, содан кейін міндеттемелерді орындамаған жосықсыз мердігермен сот процестері өтті. Ұлы дала көпірінің құрылысы бойынша да дәл осындай жағдай орын алды, оған қатысты да жосықсыз мердігермен сот талқылаулары өтті.
Депутат Айтжан Әбдіров Жол картасы бойынша Өндіріс тұрғын алабындағы Отбасылық денсаулық орталығын іске қосу ағымдағы жылға жоспарланғанын, бірақ бүгінгі күні тіпті ЖСҚ да жоқ екенін еске салды.
Алтай Көлгінов сөз сөйлеп, ел Президенті Қ.К. Тоқаевтың Елорданы дамыту бағдарламасын іске асыру жөніндегі тапсырмасы әкімдіктің ерекше бақылауында екенін атап өтті. Осыған байланысты елорда тұрғындарының тез арада газдандыру, қаланың инфрақұрылымын, әлеуметтік саланы дамыту жөніндегі тілектері ескеріліп, бағдарламаға енгізілген.
Жол-көлік инфрақұрылымы ерекше назар аударуды қажет ететінін бәрі біледі, шет аймақтардағы жол төсемі үлкен жүктеме салдарынан жарамсыз болып қалады. Ескі қалада, тұрғын алаптарында көптеген жолдар жөнделді, бұл қоғамдық көліктің ұтқырлығын қамтамасыз етеді. Сарайшық бойындағы көпірді жөндеу барысында гидрооқшаулағыштың тозғаны және оны ауыстыру қажеттілігі анықталды, бұл объектіні тапсыру мерзімдерінің ұлғаюына алып келді.
Қалаға 400-ден астам автобус сатып алу қажеттілігі бар, бұл мақсатқа инвесторлар тартылуда. Елорданы газдандыру процесі Президенттің бақылауында. Президенттің бюрократиясыздандыру жөніндегі Жарлығына сәйкес азаматтарды газға қосу үшін қажетті құжаттар саны екі есе азайды. Ағымдағы жылы Шұбар шағын ауданын, Үркер, Тельман, Пригородный тұрғын алаптарын және т.б. газдандыру бойынша жұмыс басталды, әкімдік 10 жыл бойы объектіні салып келе жатқан мердігерге ЖЭО-3 құрылысы бойынша міндеттемелерді міндетті түрде орындау туралы хабарлама жіберді. Көлгінов мәслихат депутаттарын мүдделі органдармен және ұйымдармен бірлесіп ЖЭО-3 құрылысына қоғамдық бақылауды қамтамасыз етуді ұсынды.
Әкім халықтың әлеуметтік осал топтары (ХӘОТ) санаты үшін газға қосылу бойынша көмек үш есеге артқанын атап өтті. Балалар жылында аз қамтылған отбасылардың балалары үшін (170 мың отбасы) мектеп жасындағы әрбір балаға мектеп формасына ақшалай қаражат бөлінді, балалардың осы санаты үшін қоғамдық көлікте жол жүру тегін.
Елорда мектептерінде оқитындардың саны жылдан жылға артып келеді. Мектепте 8 мың бала оқуын аяқтаса, бірінші сыныпқа 25 мың бала қабылданады, сондықтан мектептер құрылысы аса маңызды болып табылады. Және де, қаражат тек бюджеттен ғана емес, сондай-ақ, МЖӘ аясында жеке инвестициялар есебінен де тартылады. Орталықтылық және қадамдық қолжетімділік қағидаты бойынша егжей-тегжейлі жоспарлауға сәйкес мектеп, оның ішінде ірі габаритті немесе ескі аудандағы мектептерге жапсарлас құрылыстар салу үшін орындар бөлінген. Нәтижесінде әлеуметтік саланы дамытуға айтарлықтай қаражат бөлінді.
Депутат Азамат Айтхожин мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамдық көлік қызметімен қамтамасыз ету мәселесін көтерді.
Депутат Алмагүл Сегізбай 1200 орынға арналған мектеп құрылысына қатысты сұрақ қойды, ол BINOM мектептерінің типі бойынша 2000 орынға арналған мектеп салуды ұсынды, тиісінше құрылыс регламентіне өзгерістер енгізу қажет.
Қала әкімі бұл мәселенің өзекті екенін атап өтті, Премьер - Министрдің кеңесінде жыл сайын 2000 орындық 10-15 мектеп салынады деп шешілген.
Депутат Алмат Жүнісов қала тұрғындарының азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін қозғады, депутаттың пікірінше, жалақы бағаның өсуіне ілесе алмай келеді. Әлеуметтік қоржынның 19 позициясының 7-нің бағасы айтарлықтай көтерілді. Жүнісов әкімдіктің қолдауымен ХӘОТ санаты үшін әлеуметтік карта құру мәселесі тез арада шешілуі тиіс екенін айтты. Сондай-ақ, ол өткен сессияда Кирпичный тұрғын алабында мектеп салу мәселесі көтерілгенін еске салды. Құрылыс қарқыны азаматтардың наразылығын тудырып отыр, бұл мектептің құрылысы құрылыс басқармасы мен білім басқармасының бақылауында болуы тиіс.
Көлгінов қала халқының әлеуметтік осал топтары үшін пилоттық режимде атаулы тетік - әлеуметтік карталар беру пайдаланылатынын айтты. Бұл жұмыс күзде жүзеге асырылады, Магнум сауда орталығымен келісімшарт жасалған, бұл тәжірибені басқа сауда орталықтарымен де жүзеге асыру жоспарлануда. Қаладағы №12 мектептің құрылысына қатысты әкім, депутаттармен бірге құрылыс орнына барып, мердігерді шақырып, барлық проблемалық мәселелерді талқылауды ұсынды.
Депутат Динара Байсеркина қала бойынша, жағалауларда қоқыс жәшіктерінің, қоқыс бактарының, орындықтардың жетіспеуіне қатысты сөз қозғады. Сондай-ақ, ол халықтың қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстау мәдениетін арттыру, түкіруге және қоқыс тастауға тыйым салу мәселесін көтерді. Көшеде және қоғамдық орындарда түкіру - бұл мәдениеттің төмендігінің белгісі және қоғамдық орындардың ластануының бір себебі.
Көлгінов әкімдіктің 700-ден астам ауланы абаттандырғанын, тұрғындармен кездесуде аула аумақтарын күтіп ұстау мәселелері көтерілетінін, алайда әкімдік өз жұмысын орындағанын, балалар, спорт алаңдары салынғанын, енді тұрғындар олардың көрікті жай-күйде болуын өздері қадағалауы тиіс екенін атап өтті. Бұл мәселелерді шешуге қоғамның барлық мүшелері қатысуы керек, коммуналдық қызметтер жалғыз барлық мәселелерді шеше алмайды. Қазір құрылыс қоқыстары полигонға дейін жеткізілмейтіндіктен туындайтын рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері мәселесі өткір тұр. Жүргізушілерге айыппұл салынса да, олар қоқысты тиісті жерге дейін жеткізбейді.
Депутат Серік Түсіповтың пікірінше, полигондағы қоқыс бағасы тым жоғары, сондықтан жүргізушілер қоқысты тиісті емес жерлерге түсіріп тастайды.
Қала әкімінің орынбасары Нұркенов құрылыс қоқыстарын қабылдауға арналған «Северная гряда» полигоны жұмысын бастағанын және ондағы баға төменірек екенін айтты.
Сонымен қатар, «Нұр-Сұлтан қаласының кейбір құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау туралы», ведомствоаралық комиссиялардың құрамы туралы және т.б. мәселелер қаралып, барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.