Нұр-Сұлтан қаласында жергілікті және республикалық деңгейдегі қоғамдық кеңестер жұмысын коллаборациялау мәселесі талқыланды
26.07.2022
2022 жылдың 26 шілдесінде Нұр-Сұлтан қаласы Достық үйінде Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық кеңесінің республикалық деңгейдегі қоғамдық кеңестермен өзара деңгейаралық қарым-қатынасын коллаборациялау әлеуетін талқылау бойынша офлайн және онлайн форматта 2 диалогтік алаң ұйымдастырылды.
Аталған диалогтік алаңдардың күн тәртібіне жергілікті атқарушы органдар құзыреттілігінен тысқары әлеуметтік маңызы зор мәселелерді шешу үшін Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық кеңес қызметін республикалық деңгейдегі қоғамдық кеңестермен коллаборациялау қажеттілігін бағалау бойынша мәселелер қойылды.
Талқылау барысында жергілікті деңгейдегі қоғамдық кеңестер қоғамдық маңызы зор мәселелерді көтеріп, қоғамдық бақылау және ұсынымдарды өңдеу бойынша ауқымды жұмыс атқаратыны, дегенмен макроортаны өзгертпейінше, жергілікті деңгейде мәселені реттеу мүмкін бола бермейтіні айтылды.
Бұл ретте жергілікті деңгейде қарастырылатын мәселелер қоғамдық кеңестердің деңгей аралық қарым-қатынасын дұрыс қолдана білген жағдайда өңірде немесе жалпы республика аумағында әлеуметтік шиеленіс тудыратын факторлар туындауының себеп-салдарлық байланысын анықтауға мүмкіндік береді.
Бұл жағдай қоғамдық кеңестер институты дамуының маңызды сатысы және біздің елімізде азаматтық қоғам қалыптасуының көрсеткіші саналады.
Қоғамдық кеңестер талқылау барысында бірлескен тиімді жұмыс үшін көптеген ортақ жайттарды тапты.
Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласы және Ішкі істер министрлігі қоғамдық кеңестерінің жұмысын қалада құқықбұзушылықтың, жастар арасында нашақорлықтың алдын алу, мектептерде, жолдарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету, әлеуметтік шиеленіс факторлары, көші-қон және т.б. салаларда мәселелер туындау себептерін құқықтық бағалау барысында байланыстыруға болады.
Талқылау барысында Ақпарат және қоғамдық даму саласындағы Қоғамдық кеңесімен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс үлгісі бойынша жұмыс байланыстыру механизмдерін коллаборациялау ұсынылды. Мысалы, әлеуметтік жобалар мазмұнын және оларды жүзеге асыру тиімділігін, сондай-ақ лоттар тақырыбының қоғамдық қажеттіліктерге сәйкестігін мониторингілеу бойынша бірлескен жұмыс жүргізу.
Әріптестік форматы ретінде қорытынды есептерді тыңдау бойынша бірлескен отырыстар өткізу, жұмыс топтарындағы жұмыс, талдамалық және сараптамалық қолдау көрсету, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру нұсқалары қарастырылды.
Жалпы, қатысушылар қоғамдық кеңестердің деңгейаралық әріптестігін дамыту бойынша бастаманы қолдады және Әлеуметтік маңызы зор мәселелер бойынша бірлескен жұмыс жоспарын жасақтауға кіріспек болып шешті.