Көлік, тұрғын үй, құрылыс, тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық және отын-энергетика кешені мәселелері бойынша бюджеттік өтінімдерді қарау
28.07.2022
Қалалық мәслихатта Батыр Котыревтың төрағалығымен құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті.
Отырыста отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық, сәулет, қоршаған ортаны қорғау, көлік, құрылыс, қалалық орта сапасы және бақылау, тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы салаларындағы бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімдері қаралды.
Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Төлеген Құлұшев біріншіден, жылу-энергетикалық жүйені дамытуға, коммуналдық шаруашылықты дамытуға, 400 га зиратты жобалау мен салуға, сондай-ақ сумен жабдықтау жүйесін дамытуға, сумен жабдықтау, су бұру және нөсер кәрізі жүйесін күтіп-ұстауға және пайдалануға қосымша қажеттілік туралы баяндады.
Депутат Бауыржан Жанқонақов басқарманың қосымша қаржыландыру өтінімін қолдауды ұсынды. Депутат энергия үнемдеу және энергия тиімділігін цифрландыру мәселелерін цифрландыру басқармасына беруді ұсынды, себебі ОЭК басқармасының жұмыс көлемі үлкен, оған қоса цифрландыру бөлімін құру орынсыз.
Қала әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев ОЭКБ, цифрландыру басқармасы және «Astana Innovations» бірігіп, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін цифрландыру мәселелерін талқылауды ұсынды.
Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов отырысқа қатысушылардың назарын салалық ерекшелікті ескеру қажет екендігіне аударды, IT мамандары шешім алгоритмін, логикалық процесті ұсына алады, бірақ ОЭКБ мамандарынсыз іске асыру мүмкін болмайды. Тек бірлескен жұмыс нәтижесінде дұрыс шешім табылады, салалық басқармаларсыз цифрландыру басқармасы жалғыз ештеңе істей алмайды. Каналимов көп жылдар бойы шешілмей келе жатқан стратегиялық мәселе - елорданы сумен жабдықтау мәселесін көтерді. Вячеслав су қоймасы қоры жауын-шашын, еріген су көлеміне байланысты, үш су таратқыш жұмыс істейді, бірақ, әсіресе қарқынды құрылыс пен 3 миллион шаршы метр тұрғын үйдің пайдалануға берілетінін ескерсек, қалаға су жетпейді. МФС-3 құрылысы қажеттілікті қамтамасыз етеді, бірақ жақын арада МФС-4 салу қажет. Осыған байланысты Каналимов Сәтпаев каналынан жаңа екі желі тарту бойынша жұмысты бастауды ұсынды. Елорда маңындағы аймақта 32 кент бар, олардың ішінде мысалы, Талапкер, Жібек жолы ауылдарында күніне 5-ақ сағат су беріледі.
Мәслихат хатшысы сумен жабдықтау жүйесіне елорда арқылы қосылуды жоспарлап отырған Қосшы қаласының өкілдерімен жақында кездесу өткенін хабарлады. Сондықтан, сумен жабдықтау мәселесін, кәріз, нөсер, жылу трассасы - барлығын кешенді шешу қажет. Екінші мәселе энергия қауіпсіздігіне қатысты. Кезінде қала бұл мәселемен айналысқан, бірақ сақиналау бойынша жұмыс соңына дейін жеткізілмеді, Қарағанды тас жолында тоқтады. Қарағанды тасжолынан 2-ЖЭО-ға дейін бір желі жетіспейді. Бұл жобаны аяқтау қажет, себебі қазір KEGOC компаниясының тасымалдауына қаражат жұмсалуда. 19 әлеуметтік нысанды мониторингілеу мақсатында, газға қосылудың тиімділігін, оның автономды жылытумен айырмашылығын түсіну үшін депутаттар аталған нысандарға баруды жоспарлап отыр. Каналимовтың пікірінше, ЖЭО-3 ағымдағы жылы қосылмайды, тәуекел бар. Ол газ қазандықтарының құрылысы қандай сатыда екенін сұрады. Мәслихат хатшысы Бас жоспар негізінде келесі аптада жылыту маусымына дайындық мәселелері бойынша кеңес өткізуді, оның ішінде цифрландыру мәселелерін талқылауды ұсынды.
Депутат Сергеев ОЭКБ өтінімінің маңызды екенін атап өтті және қаржыландыруды басым бағыттарға бөле отырып, басқарма мәселелерін жеке қарау керектігін айтты. Тексеру комиссиясының ақпараты бойынша, ең көп игерілмеу ОЭК және құрылыс басқармаларына тиесілі, сондықтан басқарма осы қаражатты жыл соңына дейін игере ала ма, жоқ па, соған тағы да назар аудару керек. Депутат Қошқарбаев көшесі, 60 мекенжайы бойынша жағдай туралы сұрады, үй қалалық су арнасы жүйесіне қосылды ма? Сонымен қатар ол скверлерге қатысты сұрақ қойды, депутаттың пікірінше, бұл мәселе бойынша бір операторды белгілеу керек, өйткені скверлермен қазір аудандар да, қоршаған орта басқармасы да және ОЭКБ да айналысады. Депутаттар өрт сөндіру депосына барып қайтты, қазір олар автономды жылытуды жоспарлап отыр, ол бюджет үшін өте қымбат болады. Мәселен, Көкталда аурухана салынып жатыр, бұндай әлеуметтік объектінің автономды жылытуда болуына жол беруге болмайды.
Мәслихат хатшысы әлеуметтік нысандардың орналасуын бақылау үшін Қала құрылысы регламентін қарастыруды ұсынды. Мәселен, Көкталдағы өрт сөндіру депосы батпақтың ортасында орналасқан, батпақты құрғату жүргізілуде, бұл жағымсыз салдарға әкеледі. Құрғату бойынша жұмыс көзделмеген, нәтижесінде объектінің қымбаттауы орын алады. Соңғы үш жылда қалада 75 сквер салынды, бірақ бірде-бір скверде дәретхана жоқ, смета шеңберінде дәретханаларды қарастыруға не кедергі келтіреді.
Әкімнің орынбасары Бекмұрзаев санитарлық-гигиеналық аймақтар мәселесі қазір елордада ғана емес, өңірлерде де өзекті екенін айтты. Мәселе тек дәретханаларды сатып алуда ғана емес, сонымен қатар бұл нысандарға, әсіресе адамдар көп жиналатын жерлерде қызмет көрсету болып табылады. Бұл мәселемен инвесторлар айналысатын болады. Кафе мәселесі бойынша талап бар, олар белгілі бір дизайнда болуы керек.
Депутат Азамат Өмірзақов Шұбар тұрғын алабын жылумен, сумен жабдықтау және кәріз жүйесіне қатысты сұрақ қойды. Жақында елордада IRONMAN өтеді, Қосшы ауданында тамаша веложол бар, ол жердегі дәретхана өте нашар жағдайда. Спортшылар әдетте, жарысқа дейін бір ай бұрын келе бастайды, сондықтан қазірден бастап барлық инфрақұрылымды тиісті күйге келтіру қажет.
Тұрақты комиссияның төрағасы Батыр Котырев әріптесін қолдады, қалаға көптеген шетелдік спортшылар келеді, дәретханалардың, қоқыс жәшіктерінің болмауы, веложолдағы қауіпсіздік мәселелерін шұғыл шешу қажет. Үй жануарлары жол бойында жайылып жүреді, спортшылар үшін қауіпсіздік мәселесі өзекті болып отыр. Ол халықтың тығыздығын ескере отырып, санитарлық-гигиеналық нысандарды түгендеуді ұсынды.
Әкімнің орынбасары Бекмұрзаев халықаралық жарыстар қарсаңында веложол мен барлық қажетті нысандарды ретке келтіру қажеттігін атап өтті.
Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының м.а. Назымбек Кенжебаев бюджетке қосымша қаржыландыру қажет емес екенін хабарлады.
Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының м.а. Саржан Бекен қоршаған ортаны қорғау бойынша іс-шараларға, қоршаған ортаны қорғау объектілерін дамытуға, жергілікті инвестициялық жобалардың ТЭН-ін әзірлеуге және сараптауға қосымша қажеттілік туралы ақпарат берді.
Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов скверлерге мониторинг жүргізуді ұсынды, олар қандай жағдайда, олардың қайсысы аудандық әкімдіктердің қарауына берілді. Жарты жыл өтті, депутаттар елорданы көгалдандыру бағдарламасы, жасыл желектерді есепке алу жобасы қалай жүзеге асырылып жатқаны жөнінде мәлімет алғысы келеді. Екі жыл бойы қаражат бөлініп келеді, бірақ әрқашан қандай-да бір себептер айтылады - конкурс өтпеді, мердігер жосықсыз және т. б. Егер бұл бағыттағы жұмыс ілгерілеген болса, неге оған Қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, аудандық әкімдіктер кірістірілмеген, басқарма жұртшылықтың қажеттілігін тағы да қанағаттандыра алмайды деген тәуекел бар. Мәселелерді кешенді шешу керек, өйткені олар бүкіл қалаға қатысты. Каналимов 1 тамызға барлық басқарма басшылары мен депутаттар үшін таныстырылым өткізуді жоспарлауды сұрады.
Котырев Есіл өзенінің екі көпір арасындағы су бетінің жағдайына қатысты наразылығын білдірді. 14 тамызда халықаралық деңгейдегі іс-шара өтеді, сондықтан шұғыл түрде тәртіпке келтіру қажет.
Көлік және жол-көлік инфрақұрылымы басқармасының басшысы Жансұлтан Сапарбаев тұрақты комиссия отырысының қарауына екі көшенің құрылысын аяқтауға, Шығыс, Хан Шатыр СОО ауданында көше құрылысы бойынша жұмыстарды аяқтауға, автомобиль жолдарына орташа жөндеу жүргізуге, тасымалдарды субсидиялауға, зияткерлік көлік жүйесінің үшінші кезегіне, 57 бағдаршам объектілері құрылысына, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосымша қажеттілік туралы өтінім ұсынды.
Құрылыс басқармасы басшысының м.а. Айдос Хамиев білім беру объектілерін салуға және қайта жаңартуға, денсаулық сақтау объектілерін салуға және қайта жаңартуға, тұрғын үй құрылысын жобалауға, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға және жайластыруға қосымша қажеттілік туралы баяндады.
Депутат Сергеев Кирпичный тұрғын алабы бойынша басқарма мерзімі көрсетілген жоспар ұсынуы керек екенін атап өтті. Қошқарбаев көшесіндегі №60 үйге дейін желі салу мәселесін шұғыл шешу қажет, онда сумен жабдықтау проблемалары жарты жылдан бері созылып келеді. Сондай-ақ, №1 емхананы жөндеу бойынша мәселе тоқтап тұр, ондағы келушілер негізінен егде жастағы адамдар. Өтінімде № 1 емхананы жөндеу жұмысы енгізілмеген. Дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің (ДСК) құрылысы аяқталмаған, құрылыс кезеңінде арақабырғаларды алып тастау туралы ұсыныстар айтылған, өйткені үй-жай спортпен шұғылдануға арналған. Енді басқарма тағы да қосымша қаражат сұрап отыр, алайда бұндай күйде ДСК салу жөнсіз.
Мәслихат хатшысы отырысқа қатысушыларға жақында оқу жылының басталатынын, депутаттар салынып жатқан білім беру объектілерін аралап қайтқанын айтты. Бүгінгі таңда мектептерге жаңадан салынған жапсарлас құрылыстарды пайдалану барысында күрделі проблемалар анықталған, деформациялық жіктер, су ағып жатқан шатырлар, қыста температуралық режимнің бұзылуы. Басқарма 20 тамызға дейін барлық жапсарлас құрылыстар бойынша ескертулерді ескере отырып, мердігерлердің кепілдік міндеттемелеріне сәйкес жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге уәде берген. Жұмыс аяқталғаннан кейін басқарма мектеп директорымен, білім басқармасымен бірлесіп орындалған жұмыс актісіне қол қоюы керек болған. Каналимов мектептерге жапсарлас құрылыстар бойынша ағымдағы жағдай туралы ақпарат беруді сұрады. Кирпичный тұрғын алабындағы мектеп құрылысының қарқыны да азаматтардың наразылығын тудыруда, депутаттарға әлі күнге дейін мерзімдері көрсетілген жұмыс кестесі ұсынылмаған. Көкталда батпақта салынып жатқан өрт сөндіру депосының құрылысына қатысты мәселеге келсек, батпақты құрғату жұмыстары сметада ескерілмеген, басқарманың кінәсінен сараптама үш ай бойы созылып келеді, өйткені жобалар сүйемелденбейді.
Тұрақты комиссияның төрағасы Үркер тұрғын алабы бойынша барлық мәселелерді жеке отырыста қарауды ұсынды.
Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Дәулет Досқұлов сөз сөйлеп, IКomek қызметінің жұмысы, эпизоотияға қарсы іс-шаралар жүргізу, ветеринариялық материалдық-техникалық базаны жарақтандыру үшін қосымша қажеттілік туралы хабарлады.
Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әнуар Саипов тұрғын үй сертификаттарына, «Елорда жастары» бағдарламасы аясында бюджеттік несиелендіруге, жер учаскелерін алуға, «Өркен қала» жарғылық капиталын қалыптастыруға қосымша қаржыландыру қажеттілігі туралы баяндады.
Тұрақты комиссияның төрағасы отырысты қорытындылай келе, сындарлы әңгіме болғанын атап өтті және қатысушылар мен отырысқа шақырылғандарға айтылған ұсыныстары мен ескертулері үшін алғысын білдірді.