Әлеуметтік сала мәселелері бойынша бюджеттік өтінімдерді қарау
27.07.2022
Қалалық мәслихатта Азамат Айтхожиннің төрағалығымен әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті. Комиссия отырысының жұмысына қала әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев қатысты.
Бірінші болып спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев сөз сөйледі. 2022 жылға қосымша қаржыландыру Артспорт жобасын іске асыру үшін қажет. Сондай-ақ, 00 «Жергілікті деңгейде спорт жарыстарын өткізу» бюджеттік бағдарламасы, 003 «Әртүрлі спорт түрлері бойынша құрама командалар мүшелерін дайындау және республикалық спорт жарыстарына қатысуы» бағдарламасы бойынша және ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің күрделі шығыстарына қосымша қаржыландыру қажеттілігі бар.
Депутат Бауыржан Жанқонақов спорт басқармасының қосымша қажеттілігіне қатысты сұрақ қойды. Бұдан бұрын талқылау барысында басқарма алдымен қолданыстағы ваучерлердің мәселесін шешеді, содан кейін ғана кезекте тұрғандардың мәселесімен айналысады деген келісім болған. Депутаттың пікірінше, бұл мәселені бір тәртіпке келтіру қажет. Ол қосымша қажеттілікті қолдамады, әріптестерін де осыған шақырды. Депутат басқармаға нақты сандармен толық ақпарат дайындауды ұсынды.
Отырыс төрағасы Азамат Айтхожин сондай-ақ портал жұмысы, жаңа өтінімдер қабылдауды тоқтату мәселесіне қатысты айқындауды сұрады.
Депутат Владислав Сергеев мамыр айында депутаттар бұл мәселе бойынша нақты ұстанымын білдіргенін еске салды.
Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов портал жұмысына қатысты вице-премьер Ералы Тоғжановтың Есеп комитетіне, Қаржы бақылауына, Ұлттық бюроға тапсырмасы болғанын атап өтті. Бастапқыда барлық мемлекеттік органдар Артспорт жобасын іске асыруға қарсылық білдірген жоқ, бірақ процестің ашық болуына қол жеткізу маңызды. Мәслихат депутаттары ұсыныстарын ҚР Мәдениет министрлігіне жолдаған, олар қабылданды. Енді мына сұрақтар туындайды: деректер базасын тапсыру жұмысы қай сатыда, ЖСН арқылы балаларды деректер базасынан табуға бола ма, республикалық базаға балалар енгізілді ме? Қазір, егер депутаттар қаражат бөлуді қолдаса, қайтадан түсініксіз жағдай басталады. Каналимов жұмыс тәртібінде жиналып, барлық осы мәселелерді талқылауды ұсынды.
Қала әкімінің орынбасары Бекмұрзаев қаржылық қажеттілікті есептеуді ұсынды. Портал жұмысы бойынша және балалар тізімін өзектендіру бойынша сұрақтар бар. Ол мәселені егжей-тегжейлі талқылау үшін мәдениет және спорт басқармаларын, сондай-ақ мердігерлерді, порталды әзірлеушілерді шақыра отырып, жұма күні кездесу өткізуге қатысты Каналимовтың ұсынысын қолдады.
Депутаттар шаңғы және қайық базалары мәселесін көтерді. Келесі жылы процесті бастау үшін бастапқы жобалық соманы қолдау қажет. Іргетасты қажет етпейтін құрамалы каркас ғимарат салу есебінен бұл құрылыстың арзан жолы бар. Халықпен кездесу барысында, егер мүмкіндік болса, Промышленный ауданында БЖСМ филиалын ашу туралы өтініш айтылды.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов сөз сөйлеп, ана мен баланы қорғау бойынша қызметтер көрсетуге, арнайы медициналық жабдықтау базаларына, жалақыны арттыруға, денсаулық сақтау ұйымдарының күрделі шығыстарына байланысты қосымша қажеттіліктер бар екенін айтты.
Депутат Владислав Сергеев бірінші емхананы жөндеу мәселесі қалай шешіліп жатқанын сұрады, онда күрделі жөндеу жүргізу кезінде проблемалар туындаған еді.
Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов депутаттар барлық емханаларды аралағанын, №5 және №8 емханаларға бару керектігін айтты. №2 қалалық балалар ауруханасының ғимаратында №15 емхана орналасқан. Бұл балалар ауруханасының жұмысына кедергі келтіреді, №15 емхана үшін ғимарат мәселесін шешу қажет. Сонымен қатар, мәжілістердің бірінде депутаттар емханаларда халықты қайта бөлу, қайта бекіту мәселесін көтерген болатын, мысалы, №5 емханада Аграрлық университет студенттерінің есебінен үлкен жүктеме - 80 мың адам тіркеліп тұрғаны белгілі болды.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб талқылауда сөз сөйлеп, қосымша қаржыландыруға, оның ішінде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке, азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге, мұқтаж мүгедектерді міндетті гигиеналық құралдармен және т.б. қамтамасыз ету бойынша қажеттіліктерге өтінім жасады.
Депутаттар «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ғимаратына арналған қажеттілік аса үлкен деген пікір айтты, сондай-ақ барлығы инватакси сатып алу, инватаксидің автобус желілерімен жүру мүмкіндігі бойынша шешім қабылдау қажеттігін қолдады. Сондай-ақ, депутаттар пандустармен қамтамасыз ету мәселелерімен тығыз айналысуды жоспарлап отыр.
Білім басқармасы басшысының м.а. Нариман Таңатаров сөз сөйлеп, қосымша қажеттілік негізінен педагог қызметкерлердің жалақысын арттыруға жоспарланғанын хабарлады.
Депутат Жанқонақов оқулықтар сатып алуға қомақты қаражат қажет екенін ескертіп өтті. Өткен жылы кітаптарға қатысты көптеген шағымдар болды, депутаттар 1 қыркүйекке дейін бұл мәселелердің бәрі шешіледі және жосықсыз мердігерлерге сілтеу болмайды деп үміттенеді.
Мәслихат хатшысы қаладағы 100 мектепте түрлі баспагерлердің 7-8 оқулығына рұқсат етілген пәндер бар екенін айтты. Каналимов оқулықтардың қайсысы жақсы игеріліп, оқу бағдарламасына сәйкес келетінін білу үшін тәжірибелі мұғалімдер арасында сауалнама жүргізуді ұсынды. Мәскеуде депутаттар бес мектепте 7-ші сыныптағы тарих сабақтарына қатысты, оларда оқу кестесі де, оқулықтары да бірдей. Жергілікті атқару органдары ақша бөледі, басқармаға, мысалы география мұғалімдерін, шамамен 780 мұғалімді жинап, сауалнама өткізуге не кедергі келтіреді, егер 500 мұғалім бір оқулықты таңдаса, дәл осы оқулықты сатып алу керек. Каналимов оқу бағдарламаларын біріздендіруді, сәйкесінше ең жақсы оқулықтарды таңдауды ұсынды. Ағымдағы жылдың наурыз айында отырыстардың бірінде осы туралы әңгіме болған, алайда әлі күнге дейін сауалнама жүргізілген жоқ. Мектептердің кітап қоры үнемі жаңартылып отырылады, бірақ бұл іс-шараның орындылығы күмән тудырады.
Депутат Сергеев құрылыс басқармасы кепілдік мерзімі аясында мектепке жапсарлас жаңа құрылыстарда 15 тамызға дейін кемшіліктерді жоюға уәде бергенін еске салды. Білім басқармасы бұл мәселені бақылауға алуы керек.
Депутат Разбекова-Төлеуханованың пікірінше, балабақшалар ұсынатын бағалар бойынша сапалы ыстық тамақ жеткізушілер конкурсқа қатыспайды. Бұл мәселені шешудің бір ғана жолы бар - бір көзден ыстық тамақпен қамтамасыз етуді бекіту.
Отырыс төрағасы Айтхожин ыстық тамақты ұйымдастыру мәселесі бойынша әріптесін қолдады, оның пікірінше, бір көзден ыстық тамақпен қамтамасыз ету мәселесін заңнамалық деңгейде шешу керек.
Мәдениет басқармасы басшысының м.а. Нұран Камзин қызметкерлердің жалақы деңгейінің көтерілуіне байланысты қосымша қажеттілік бар екенін айтты.
Мәслихат хатшысы орыс театрындағы жөндеу жұмыстары үшінші жылға созылып келе жатқанын айтып өтті. «Наз» би театры бойынша жабдықтар сатып алуға қаражат бөлуді қолдау қажет. Сондай-ақ, Каналимов өзі куә болған оқиғаға қатысты наразылығын білдірді. Жастар ескерткіштердің жанында, тіпті ескерткіштердің үстінде скейт, роликтер тебеді. Ол барлық ескерткіштерді бір тізімге біріктіруді ұсынды, ескерткіштердің жартысында құжаттар (жер актілері) жоқ, 42 ескерткіш мәдени ескерткіштер болып табылады, цифрландыру басқармасы бірінші кезекте соларды бейнекамералармен қамтамасыз етуі керек. Бұл туралы әңгіме бұдан бұрын да болған, 15 мамырға дейін мерзім берілген, алайда, қаражат толық бөлінгенімен, әлі күнге дейін ештеңе жасалмаған. Каналимов ескерткіштердің үстіндегі оқиғаға қатысты полицияға шағымдануға тура келгенін, ал ата-аналар тыйым салатын белгілер болмағандықтан, жаупакершілік алмағанын айтты.
Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының м.а. Әйгерім Молдабаева сөз сөйлеп, кітаптар сатып алуға және архив ісі мәселелерін шешуге қосымша қажеттілік бар екенін хабарлады.
Мәслихат хатшысы басқарманың ақпаратына сүйеніп, сонда басқарманың барлық мәселесі - кітаптар сатып алу мен архив ісі мәселелері ме деген сұрақ қойды. Қоғамда мемлекеттік тілді дамыту туралы мәселелер үнемі көтеріліп отырады. Мемлекеттік тіл проблемасына деген көзқарас оған бөлінген сомадан ақ көрінеді, оған шамамен 400 млн. теңге көзделген. Бүгінгі таңда тілді дамыту бойынша жақсы бағдарламалар жоқ, бұл туралы бірнеше рет айтылды.
Депутат Дакенов басқармаға ақылы тұрақтардағы тақтайшалардың өте сапасыз аудармаларына назар аудару қажеттігін атап өтті. Тақтайшалар бір жерден шығарылады, сондықтан бұл қателіктерге көз жеткізу үшін, бүкіл қаланы аралаудың қажеті жоқ.
Депутат Разбекова-Төлеуханова тілдерді дамыту басқармасына депутаттардың ұсыныстарын ескере отырып, ұсыныстар әзірлеуді сұрады.
Мәслихат хатшысы мемлекеттік тілге аудару сапасына аса үлкен мән беру керектігін, барлық көрнекі сыртқы жарнаманың сапалы аудармасын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Басқарма осы мәселелер бойынша ұсыныстар енгізсін, мәселені комиссия отырысында бөлек талқылау керек. Сондай-ақ, Каналимов қазір үшінші нақтылау жүріп жатқанын ескертті. Жылдың соңында әкімшілер үлкен сомаларды қайтарып жатады. Экономика, қаржы, мемлекеттік кірістер басқармаларына, тексеру комиссиясына қаржының игерілмей қалу тәуекелдерінің қай жерлерде бар екенін талқылап, сол әкімшілерден қаражаттарды қайтарып алу қажет.
Отырыс төрағасы Азамат Айтхожин талқылау барысында ұзақ уақыт бойы шешілмей келе жатқан көптеген мәселелер көтерілгенін, осы мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге кірісу керектігін атап өтті.