Кезектен тыс сессия
25.05.2022
Қалалық мәслихатта бюджетті нақтылау мәселелері бойынша кезектен тыс сессия өтті. Сессия жұмысына қала әкімі Алтай Көлгінов, қала әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері, мемлекеттік органдардың басшылары, қоғам және БАҚ өкілдері қатысты.
«Нұр-Сұлтан қаласының 2022-2024 жылдарға арналған бюджеті туралы» Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының 2021 жылғы 15 желтоқсандағы шешіміне өзгерістер енгізу туралы» мәселе бойынша «Нұр-Сұлтан қаласының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы» ММ басшысы Қайсар Маңқараев сөз сөйледі.
Шығындарға қатысты Қайсар Маңқараев Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына денсаулық сақтау нысандарын жөндеуге, орфандық аурулары бар науқастарға дәрі-дәрмек сатып алуға және басқа да мәселелерді шешуге қосымша қаражат қарастырылғанын атап өтті. Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге, жұмыссыздарды оқытуға, жастар практикасына қаражат көзделген. Білім басқармасына педагогтердің еңбекақысын төлеу қорына, коммуналдық қызметтерге, оқулықтар сатып алуға, қосымша білім беруге және т.б. қосымша қаражат қарастырылған. Дене шынықтыру және спорт басқармасына жан басына шаққандағы қаржыландыру бойынша мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыруға, ал Мәдениет басқармасына шығармашылық тапсырысты жан басына шаққандағы қаржыландыруды іске асыруға қосымша қаражат көзделген.
Депутат Владислав Сергеев депутаттар алғаш рет өтінімдерді қарау кезеңіне белсенді қатысқанын, комиссия отырыстарында көптеген проблемалық мәселелер қаралғанын атап өтті. Депутаттың пікірінше, азаматтардың өтініштерінің негізгі бөлігі қанағаттандырылды, емханаларды, балалар ауруханасын, жолдарды, инженерлік желілерді жөндеуге және т.б. қаржы бөлінді. В. Сергеев бұдан былай да барлық мәселелер өзара әрекеттесу арқылы шешілетініне үміт білдірді. Депутаттар жан басына шаққандағы қаржыландыру бойынша мемлекеттік тапсырысты іске асыру сапасына мониторинг жүргізу жұмысына қатысуға дайын екенін айтты.
Депутат Алтыншаш Табулдина мәслихат соңғы үш жыл бойы ҚР Парламентінің Сенаты, Мәжілісі және орталық атқару органдарына жүгіне отырып, спорт, мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру мәселесін көтеріп келе жатқанын атап өтті. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 Қаулысына енгізілетін өзгерістерге сәйкес аталған қызметкерлердің жалақысын арттыру көзделген. Сонымен бірге еңбекке ақы төлеу тетігін, оның ішінде оның мөлшерін мәслихат өзі бекіткен Қағидалар шеңберінде белгілейтін болады. Ережені әзірлеу, оларды бекіту және әділет органдарында тіркеу белгілі бір уақытты қажет ететіндіктен, депутат елорда әкімінен аталған қызметкерлерге арттырылған төлемдерді 2022 жылғы 1 маусымнан бастап жүргізу мүмкін бе деген сұрақпен жүгінді, әлде Қағидаларда 2022 жылғы 1 маусымнан бастап жоғары жалақы мөлшері жүргізілетін норманы көрсету қажет пе.
Қала әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әлеуметтік сала, спорт және мәдениет қызметкерлерінің жалақысын арттыру жоспарланғанын атап өтті. Сондай-ақ А. Көлгінов мәслихат бекіткен Қағида аясында бюджеттік саланың 2700-ге жуық қызметкері арттырылған жалақыны ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап ала алатынын айтты.
Депутат Гүлжамал Жапарова мәслихат сессияларында, жұмыс топтарында полиция органдарының әкімшілік қызметшілерінің еңбекақысын арттыру мәселесі бірнеше рет көтерілгенін, сонымен қатар полиция органдарын материалдық-техникалық жабдықтау қажеттігі үнемі талқыланатынын атап өтті. Жапарова бұл мәселелердің оң шешімін тапқанына қанағаттанушылық білдірді, Үкіметтің № 646 қаулысы қабылданды, жалақы жақын арада өседі, материалдық-техникалық жабдықтауға бюджет қаражаты бөлінді. Депутат алдағы уақытта да полиция органдарының қызметкерлеріне белсенді түрде қолдау көрсетілуін сұрады.
Депутат Асқар Смағұлов сессия қарсаңында депутаттар денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлерімен бірге күрделі жөндеуді қажет ететін денсаулық сақтау нысандарын аралағанын мәлімдеді. Смағұлов денсаулық сақтау саласының 7 нысанын жөндеу бойынша ұсыныстар қолдау тапқанын атап өтті.
Депутат Алмат Жүнісовтың пікірінше, бүгінгі нақтылауда тұрғын үй алаптарындағы инженерлік желілерді қаржыландыру қарастырылғаны, бұл үлкен жұмыстың нәтижесі. Ол Кирпичный тұрғын алабында мектеп салу мәселесін бақылауда ұстауды сұрады, өйткені оны тұрғындар бірнеше жыл бойы күтуде.
Әкім аталған мәселелердің барлығы бақылауда екенін айтты. Жалпы, тұрғын үй алаптарына келсек, 2019 жылы кеңес қорытындысы бойынша 300 мың адам тұратын қаланың шет аймақтарын дамыту тапсырылған болатын. Кешенді жоспарда тұрғын үй алаптарының проблемалық мәселелеріне жеке бөлім қарастырылған. Бүгінде 2 аудан - Сарыарқа мен Алматыда газдандыру аяқталды. Бұрын тұтынушылар газдандыру желісіне қосылу үшін бірқатар құжаттар пакетін (8 құжат) дайындауға мәжбүр болған, бұл уақыт пен қаржы жағынан шығынды. Сондықтан құжаттар тізімін 2 есеге азайту туралы шешім бар. Қазіргі уақытта 6 мыңнан астам абонент өз кезегін күтуде. Сайып келгенде, экологияны сақтауға елеулі үлес қосылады және тұрғын үй алаптарында тұратын адамдардың өмір сүру жағдайлары жақсартылады. Бүгінде 10 тұрғын үй алабы газбен қамтылған. Есіл және Байқоңыр аудандарында газдандыру бойынша құрылыс-монтажтау жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Депутат Азамат Өмірзақов Шұбар шағын ауданы тұрғындарының өтініштерін жеткізді. Тұрғындарды әсіресе, шағын ауданда үйлерді бұзу жоспарланған ба, аудан газдандырыла ма, орталық кәріз жүйесіне қосыла ма деген сұрақтар толғандырады.
А. Көлгінов қазір үйлерді бұзу мәселесі тұрмағанын, газдандыру ЖСҚ процедурасы аяқталғаннан кейін, тапсырыс берушіні анықтағаннан кейін жоспарланғанын, газдандырудан кейін орталық кәріз жүйесіне қосылу мәселесі шешілетінін айтты.
Қала әкімінің орынбасары Нұрлан Солтамбеков сөз сөйлеп, әкімдік тарапынан атқарылып жатқан шараларға қарамастан, ішкі көші-қон есебінен тұрғын үй кезегі қысқармай тұрғанын айтты. Бүгінде 40 мыңнан астам адам тіркелген. Кезекте тұрғандардың барлығы тұрғын үй құрылысының жаңа бағдарламасына енгізілетін болады. Құрылыс «Елорда Даму» мемлекеттік компаниясы, жеке инвесторлар есебінен Тұран, Қабанбай батыр даңғылдарының батысына қарай жүргізілетін болады.
Солтамбеков елордадағы қолжетімді тұрғын үйді дамыту тұжырымдамасын ұсынды. Бағдарламаны қабылдау тұрғын үй кезегін қысқартуға мүмкіндік береді.
Қала әкімі қала үшін ең маңызды сала тұрғын үй құрылысы екенін атап өтті. Үш жыл ішінде 8 млн. ш. м. астам құрылыс салынды, биыл инженерлік желілер құрылысына, сондай-ақ мектептер, балабақшалар құрылыстарына басты назар аударылатын болады. Қала үшін ЖЭО-3 құрылысын аяқтау өте маңызды. Сонымен бірге қолжетімді тұрғын үй құрылысының қарқыны артатын болады, ӘКК арқылы үй құрылысы комбинаттарына, өздерін тиімді көрсеткен құрылыс компанияларына қолдау көрсетілетін болады. Бұл қадам тұрғын үй бағасын төмендетуге және жобалау сатысынан құрылыс аяқталғанға дейінгі құрылыс мерзімін едәуір қысқартуға ықпал етеді. 20-30% - ға дейін қала жеке меншік иелерінен әлеуметтік тұрғын үйлер сатып алатын болады. Бұл бағдарлама өзіндік құнын төмендетуге, жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов депутаттар Бас жоспардың отырысында тұжырымдаманы егжей-тегжейлі қарауы тиіс екенін ескертті, оның қорытындысы бойынша хаттамалық шешім қабылданатын болады.
Депутат Нұрдәулет Оразханов «Отау» тұрғын үй кешенінің проблемалық мәселелерін атап өтті, алдымен инженерлік желілер, жолдар, мектептер салу мәселелерін шешуді ұсынды.
Қала әкімі әлеуметтік тұрғын үй құрылысына қатаң бақылау жүргізілетінін мәлімдеді. Сондай-ақ, әкім бюджеттің әлеуметтік бағытталғанына қанағаттанатынын атап өтті. Ағымдағы жыл Балалар жылы деп жарияланды және білім беру, мәдениет, әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған жобаларға қолдау көрсетілуде. Инфрақұрылымдық мәселелер жақсы пысықталған. 70 мың оқушыға арналған 34 мектеп салынды, үш ауысымды және шамадан тыс жүктелген мектептер саны азайды. Бүгінде қала мектептерін 8598 бала аяқтайды, ал қыркүйек айында 25-30 мың бала оқуға қабылданады деп күтілуде. «Педагогтардың мәртебесі туралы» ҚР Заңы қабылданып, ағымдағы жылы жалақыны тағы 25% - ға арттыру жоспарланып отырғаны баршаға мәлім. Қосымша білім беру орталығы, Аутист балаларға арналған орталық ашылды.
Сөзін қорытындылай келе, Алтай Көлгінов осы апта ішінде әкімдіктің күш-жігері елорда азаматтарының алдағы референдумға белсенді қатысуын қамтамасыз етуге бағытталатынын хабарлады.
Астана қаласы мәслихатының 2017 жылғы 12 желтоқсандағы «Нұр-Сұлтан қаласының әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидалары туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы мәселе бойынша «Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы» ММ басшысы Илья Скуб баяндады. Әлеуметтік қолдау шараларын арттыру мақсатында шешім жобасымен басқа мемлекеттердің аумағындағы соғыс қимылдарының ардагерлеріне 9 мамырға әлеуметтік көмекті, сондай-ақ зілзаланың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен, жалғыз тұрғын үйлерін жоғалтқан, бүлінген, айтарлықтай залал келтірілген азаматтарға; отбасы мүшелерінің қайтыс болуы жағдайындағы біржолғы әлеуметтік көмектерді ұлғайту ұсынылады.
Мәслихат хатшысы Е. Каналимов депутаттардың қарауына мәслихаттың кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану жөніндегі екі жоба шығарылатынын хабарлады.
Астана қаласы мәслихатының 2019 жылғы 15 қаңтардағы «Нұр-Сұлтан қаласының аумақтық сайлау комиссиясының мүшелерін сайлау туралы» шешіміне өзгеріс енгізу туралы Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының аудандық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау жөніндегі уақытша комиссиясының төрайымы Табулдина Алтыншаш Жұмашқызы хабарлады.
ҚР ОСК 2022 жылғы 11 сәуірдегі қаулысына сәйкес, өз өтініші негізінде Нұр-Сұлтан қаласы аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Виталий Геннадьевич Цой қызметінен босатылды. Осыған байланысты қолданыстағы заңнама негізінде қаланың аумақтық сайлау комиссиясының шығып қалған мүшесінің орнына жаңа мүшесін сайлау бойынша ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді. «ІЛТИПАТ» қоғамдық бірлестігінен Ғани Сұлтанұлы Дүйшеновты аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі етіп сайлау туралы ұсыныс түсті. Табулдина белгіленген мерзімде басқа саяси партиялардан ұсыныстар түспегенін атап өтті.
«Нұр-Сұлтан қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» ММ басшысы Әнуар Саипов «Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін алып қоюға байланысты жер учаскелерін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару туралы шарттар жобаларын келісу туралы» мәселе бойынша сөз сөйледі. Ол депутаттарға және мәслихат сессиясына шақырылғандарға құрылысы үшін жер учаскелері алып қойылған әлеуметтік объектілердің тізбесін ұсынды. Сонымен қатар, қала әкімдігі жанындағы ведомствоаралық комиссиялардың құрамына өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданды.