Тұрақты комиссиялардың бюджет және құрылыс мәселелері жөніндегі бірлескен отырысы
27.04.2022
Қалалық мәслихатта Владислав Сергеевтің төрағалығымен бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік, сондай-ақ құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиялардың отырысы өтті.
Отырыстың күн тәртібінде «Реновацияға қаражат бөлу» мәселесі қаралды.
Отырысты ашқан В. Сергеев бұған дейін депутаттар реновация мәселесіне озық тәсілдерді енгізу бойынша халықаралық тәжірибені зерделеу мәселесін көтергенін атап өтті. Бұл қаланың өсіп келе жатқандығына және басқа елдердің үлгісі бойынша ескі тұрғын үйлерді бұзып, жаңасын салуды қажет ететін учаскелерді талдау қажеттілігіне байланысты.
Бірінші болып өңірлерде тұрғын үй қорын реновациялауға қатысу тәжірибесі бар «Samruk-Kazyna Construction» АҚ құрылыс департаментінің директоры Нияз Мұсатаев сөз сөйледі. Мұсатаев Алматы, Шымкент қалаларының, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары қалаларының әкімдіктерімен және ӘКК-мен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылғанын хабарлады.
Департамент директоры реновация бағдарламасын іске асыру аясында ескі тұрғын үйлердің иелерін жаңа пәтерлермен қамтамасыз ету, әлеуметтік шиеленісті шешу, сондай-ақ инвестициялық ахуал құру және өңірлерде құрылыс секторын дамыту жоспарланғанын атап өтті. Одан әрі ол бағдарламаны іске асырудың тетіктері мен кезеңдеріне тоқталды.
Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әнуар Саипов депутаттарға Тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын орындау аясында елордада тұрғын үй қорын реновациялау жобасы іске асырылып жатқанын хабарлады. Бірінші кезең шеңберінде 2013-2017 жылдар аралығында 228 апатты үй (3 444 пәтер) бұзылды. 2018 жылдан бастап 2022 жылға дейінгі мерзімге есептелген екінші кезеңді іске асыру бойынша апатты жағдайдағы 56 үйдің (1 082 пәтер) тұрғындарын көшіру жоспарланған. Қазіргі уақытта үйлерді бұзу жұмыстарына конкурс жариялау үшін құжаттама дайындалуда. 2022 жылға 2023 жылдың жоспарынан қосымша екі апатты үйлер - Дүкенұлы көшесі, 21-үй мекенжайы бойынша жатақхана және Әл-Фараби даңғылы, 27-үй бойынша 208 пәтерге арналған тұрғын үйдің қосылуын ескере отырып, 2022 жылы 18 апатты үйдің (333 пәтер) тұрғындарын көшіру жоспарланған.
Осы жобаның іске асырылып жатқанына қарамастан, елорда үшін апаттық (ескірген) тұрғын үйлерді бұзу мәселесі өзекті болып қалуда, бүгінгі күні Нұр-Сұлтан қаласы бойынша физикалық тозуы 61%-дан асатын 200-ге жуық тұрғын үй бар және Нұр-Сұлтан қаласында тұрғын үй ғимараттары мен құрылыстарын апаттық деп тану мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімімен 138 тұрғын үй апатты деп танылды, келешекте оларды бұзу жұмыстарын жүргізу қажет.
Тұрғын үй басқармасының басшысы жобаның әлеуметтік маңызы зор екенін және азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталғандығын ескеріп, 2022-2024 жылдарға арналған бюджеттік инвестицияларды тарта отырып, «Елорда даму» ЖШС-не қосымша қаражат бөлу қажеттігін атап өтті. Қоғамның бастамасына қатысты Әнуар Саипов бұл мәселе жұмыс тәртібінде пысықталғанын, қанша үйдің апатты жағдайда тұрғаны туралы мәліметтер берілгенін айтты. Жоба әлеуметке бағытталғандықтан, оны қолдау қажет.
Тұрақты комиссияның төрағасы Батыр Котырев басқармадан жатақханалар туралы ақпарат және оларды реновациялау туралы көзқарасы туралы сұрады, өйткені реновация бағдарламасында жатақхананы жеке блок ретінде үйлермен қатар қарастыру керек. Бұл жатақханалар негізінен 60-70 жылдары салынған. Луи Пастер көшесі, 73-үй мекенжайы бойынша орналасқан жатақхана апатты деп танылды, бірақ жағдайы жақсы емес басқа да бірқатар жатақханалар бар. Нақты және айқын бағдарлама қажет, өйткені бүгінде нақты мақсат жоқ, жұмыс көлемі сипатталмаған. Қазір «Samruk-Kazyna Construction» ұсынысын пайдалана отырып, бұл мәселені қосымша ресурстарды тартпай-ақ, жүйелі шешім деңгейіне шығаруға болады.
Депутат Нұрдәулет Оразханов Заречный тұрғын алабындағы үйлерді бұзуға және оларға қай ауданда тұрғын үй берілетініне қатысты сұрақ қойды. Депутат тұрғын үй берер алдында азаматтармен кездесіп, қоныстану ауданы жөнінде келісуді ұсынды. Оразханов Асан Қайғы көшесі ауданында бірнеше рет болғанын және тұрғын үйлерді бұзуды қолдайтынын айтты, өйткені адамдардың тұрғын үйлерінің жағдайы нашар.
Сөз алған Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Ғаббас Берғалиев елорданы көшірген сәттен бастап саяжайлар ауданында, Кенесары көшесіндегі (Слободка), Комсомол кентіндегі тұрғын үйлерді бұзу жүргізілгенін айтты. Өткен кезеңде барлығы 2 280 гектар аумақтағы құрылыстар бұзылып, онда 5,5 млн. шаршы метр тұрғын үй қайта салынды. Бұл реновацияның бірінші кезеңі болды. ҚР Президентінің қатысуымен өткен кеңестің 2018 жылғы 5 сәуірдегі хаттамасымен реновациялау бағдарламасының бірінші кезегі Астана қаласында Асан Қайғы көшесіне іргелес аумақтарда бекітілді. Жинақы құрылыс жөніндегі бағдарламалар кешені реновация бағдарламасына енгізілген, оны Қоғамдық кеңес мақұлдаған және Астана қаласы әкімдігінің қаулысымен бекітілген. Елорданың бас жоспарына сәйкес реновацияны кезең-кезеңмен іске асыру үшін ауданы 1350 гектар болатын аталған аумақ 14 учаскеге бөлінді, Асан Қайғы, Иманов, Сейфуллин, Бөгенбай батыр көшелерінің шекарасындағы реновацияның бірінші кезегі белгіленді.
Бірлескен отырысты қорытындылай келе, Владислав Сергеев қалалық басқармалар мен депутаттар апаттық үйлерді бұзып, азаматтардың өмір сүру жағдайларын жақсаратуды көздейтін реновация бағыты дұрыс деген пікірге келгенін айтты. Депутаттар құрамына басқармалардың, «Samruk-Kazyna Construction» өкілдері кіретін жұмыс тобын құрады және осы мәселені жедел түрде пысықтайтын болады. Сергеев тұрғын үй басқармасына меморандум жобасын дайындауды және жұмыс тобы аясында қаржы, жер учаскелері, инженерлік желілер бойынша барлық мәселелерді талқылауды бастауды ұсынды.