Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасының есебі
01.02.2022
Қалалық мәслихатта Ерлан Каналимовтың төрағалығымен Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасының есебі өтті.
«Нұр-Сұлтан қаласының Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасы» ММ басшысы Ботагөз Қасабек баяндама жасады.
Өз баяндамасында Б. Қасабек 2021 жылғы қорытындылар мен 2022 жылға арналған жоспарларға тоқталды. Ол іске асырылып жатқан бағдарламалар мен жобалар шеңберінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері тұрақты негізде қаржыландырылатынын атап өтті. Жалпы алғанда, өткен кезеңде 26 462 бейнебақылау камерасы орнатылған, халық көп жиналатын жерлерде өткен жылы 500 бейнекамера, медициналық мекемелерде 2 мыңға жуық камера орнатылған.
Өткен жылы МЖӘ-гін реттейтін заңнамаға өзгерістер енгізілді, бұл Сергек жобасына қатысуды кеңейтуге ықпал етті, аулаішілік камералардан басқа, желілік және жол қиылыстарында камералар орнатылуда. Қазіргі уақытта Байқоңыр және Алматы аудандарында камералар орнату мүмкіндігі бар. Сарыарқа ауданында техникалық тексеру жүріп жатыр, одан кейін Есіл ауданында камераларды орнату кезекте тұр.
Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов баяндамашыға Байқоңыр ауданындағы 152 мекенжай бойынша сұрақ қойды. Депутаттарға нақты учаскелер бекітіліп берілген, оларға 20-30 үй орналасқан тұйық көшеде тұратын азаматтар өтінішпен жүгінді. Бұл азаматтар тұратын аудандар камера орнатудан тыс қалып отыр, тұрғындар осы жағдайға қатысты наразылық білдіруде. Өйткені, камералардың болуы олардың қауіпсіздігіне, ұрлықтан қорғауға, автомобиль иелерінің, соның ішінде ауыр жүк машиналары жүргізушілерінің жол жүру мәдениетін арттыруға ықпал етеді, өйткені олар камералар жоқ екенін біле отырып, ережелерді жиі бұзады. Мысалы, Чехов, Жолымбет көшелерінің қиылысы қылмыстық жағдайлар жиі орын алатын аудан ретінде белгілі, жақын жерде белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар үшін притон орналасқан. Осыған байланысты депутаттар цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасынан әрбір депутаттың өз учаскелерін білуі үшін мекен-жайлары мен камералардың саны көрсетілген ақпаратты ұсынуды сұрайды.
Депутат Асқар Смағұлов 11 мыңнан астам адам тұратын Интернациоанный тұрғын алабында камералардың орналасуы туралы ақпараттың жоқтығына наразылығын білдірді. Сондай-ақ, ол камераларды орнату мәселесін полиция бекетінің қызметкерлері көтергенін айтты.
Мәслихат хатшысы басқарма басшысының алдағы жылға жоспарланған іс-шаралар туралы есеп беруге шақырылғанын атап өтті. Желтоқсан айында басқарманың ақпараты бойынша төрт аудан әкімімен жоспар әзірленген. Алайда, депутаттарға ұсынылған жоспарда тек 6 тұрғын үй алабы туралы айтылады, басқарма 10-ға жуық тұрғын ауданды әлі күнге дейін зерттеп жатыр. Депутаттар тұрғындардың сұрақтарына жауап бере алмай отыр, өйткені өткен жылдан бері зерттеу жүріп жатыр. Осыған байланысты депутаттарда 10 тұрғын ауданда қашан, қанша камера орнатылатыны және ол үшін не қажет екендігі туралы ақпаратты қандай мерзімде алуға болады деген сұрақ туындайды. Депутаттарда халықтың сұранысына сәйкес 16 тұрғын үй алабында камераларды орналастырудың нақты кестесі және оларды орнатуға қанша қаражат қажет болатындығы туралы ақпарат болуы керек. Әлі күнге дейін Ильинка, Көктал, Учхоз тұрғын алаптарында бірде-бір камера орнатылмаған жерлер бар.
Мәслихат хатшысының пікірінше, басқарма азаматтардың өткен жылғы камераларды орнату жөніндегі өтініштерін мұқият зерделеуі қажет, өйткені оларда мекенжайлар нақты көрсетілген. Содан кейін, қылмыс деңгейі жоғары жерлерге назар аудара отырып, камераларды орнату жөнінде полиция департаментімен келісу керек. Мысалы, қазіргі уақытта камералар тіпті магистрал көшелерде де жұмыс істемейді, олар не үшін орнатылған деген сұрақ туындайды. Сондай-ақ, айналма жолдардағы бірнеше ай бойы жұмыс істемеген камераларға қатысты сұрақтар бар. Бұл жағдай тексеруді қажет етеді, өйткені ол үшін ақша жұмсалды, инвесторлар тартылды.
Депутат Бауыржан Жанқонақов мәслихат хатшысы Ерлан Каналимовты қолдап, бұл жоба МЖӘ аясында жүзеге асырылып жатқанын, жол қозғалысы жоғары жерлерде 12-16 камера орнатылғанын, ал тұрғын үй алаптары назардан тыс қалдырылғанын атап өтті, ол аудандарда жеке серіктес үшін пайда болмағанымен, адамдардың қауіпсіздігі бірінші орында тұруы тиіс.
Депутат Ләззат Разбекова-Төлеуханованың айтуынша, есептерде мемлекеттік мектептер мен балабақшалар 100% камералармен жабдықталғаны туралы айтылады, бірақ олардың бір бөлігі жұмыс істемейді, әсіресе бұл мәселе жеке білім беру ұйымдарына қатысты.
Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов камераларды орнату мәселесі азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, стратегиялық нысандарды қорғауға, нәтижесінде ұлттық қауіпсіздікке тікелей байланысты екенін атап өтті. Елордада ұлттық қауіпсіздік мәселелері жеке ұйымның қолында болып отыр, бұл ретте жеке ұйымның құпия ақпаратқа рұқсаты бар-жоғын, кәсібилік деңгейі қандай екенін, арнайы ұйымдардың бұйрықтарымен танысуға рұқсаты бар-жоғын ешкім тексермейді. Сондықтан депутаттар бұл мәселені талқылауға шығарды.
Елордада білім беру, мәдениет, спорт нысандары, қалалық және республикалық деңгейдегі стратегиялық нысандар көп, оларды қамтамасыз ету үшін бірыңғай мемлекеттік оператор қажет. Ерлан Каналимов мемлекеттік органдарға бейнебақылау камераларына қызмет көрсететін Жедел басқару орталығы (ЖБО) үлгісі бойынша бірыңғай оператор құру туралы ұсыныс енгізуді ұсынды.
Депутат Бақдәулет Жанділдаев әлеуметтік нысандарды камералармен қамтамасыз ету бойынша сұрақ қойды, қалада 33 колледж бар, олардың тек 9-ы ғана ЖБО-ға қосылған, 16 университет ЖБО-ға қосылмаған. Шетелде болып жатқан қайғылы оқиғалар осы мәселелерді шешудің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
Депутат Владислав Сергеев тұрғын үй алаптары бойынша ақпарат беруді сұрады, қанша камера орнатылды, қанша жұмыс істейтін болады.
Басқарманың ақпараты бойынша, Ильинкада 6 базалық станция болады, мәслихат хатшысы 6 базаның болуы азаматтарды интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі барлық мәселелерді шеше ме деген сұрақ қойды. Сонымен қатар ол неліктен Үркерде 1 базаға кем орнатылатынын сұрады, өйткені екі елді мекен де Үркер атауымен бір тұрғын алабына жатады, Үркер тұрғын алабында барлығы 11 базалық станция болып тұр. Қалған 13 тұрғын үй алаптарымен мәселе қашан шешіледі.
Ерлан Каналимов басқарма басшысына алдағы уақытта халықпен кездесуге шыққан кезде жоспарлар бойынша әрбір тұрғын үй алабына қатысты инфографика түрінде нақты ақпарат әзірлеуді ұсынды. Бұл ақпаратты кейіннен белсенділерге жіберу қажет.
Сондай-ақ, депутат Алтыншаш Табулдина да депутаттар ақпараттың болмауына байланысты белсенділердің сұрақтарына нақты жауап бере алмайтындығын айтты. Депутат азаматтардың көптеген өтініштеріне жедел жауап байланысының болмайтынына, мысалы, тұрғын үй алаптарындағы медициналық мекемелерді көрсететін сандық картаға қатысты жауап алу қиындығына наразылық білдірді. Басқармада кері байланыс жоқ.
Отырысты қорытындылай келе, Ерлан Каналимов басқарма басшысына депутаттардың ескертулерін ескере отырып, аудандар, тұрғын үй алаптары бойынша антенна-діңгек құрылыстары қанша және т.б. жөнінде егжей-тегжейлі ақпарат беруді сұрады, өйткені бүгінгі таңда басқарма тек 3 тұрғын үй алабының мәселесін шешуде. Бұл мәселені кешенді шешу қажет.