Халықтың діни сауаттылығын арттыру
30.11.2021
Қалалық мәслихатта Талғат Нәрікбаевтың төрағалығымен заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті.
Күн тәртібінде «Қалалық атқарушы органдардың халықтың діни сауаттылығын арттыру жөніндегі жұмысы туралы» мәселе қаралды.
«Нұр-Сұлтан қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы» ММ басшысы Нұрдаулет Әлмұханов сөз сөйлеп, баяндамасының басында діни экстремизмнің алдын алу саласындағы бағдарламалық құжаттарға («Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚРЗ, «ҚР дін саласындағы мемлекеттік саясатын іске асыру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған кешенді жоспар», «ҚР діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама», «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу саласындағы бағдарламалық құжаттарды іске асыру бойынша ТҚК іс-қимыл алгоритмі») егжей-тегжейлі тоқталды.
Іске асырылған жобалардың ішінде Нұрдаулет Әлмұханов Діндерді зерттеу орталығының ресми брендбугі ребрендингінің өткізілуін, дін мәселелері бойынша «жедел желі – 109» туралы ақпараттың Бірыңғай есеп айырысу орталығының арнайы түбіртектері арқылы таратылуын (400 мыңнан астам дана) атады. Жастар арасында діни сауаттылықты арттыру және діни экстремизмнің алдын алу шеңберінде колледждер мен жоғары оқу орындарында «Ted talks» форматында ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары ұйымдастырылды, оның барысында жастар өз сауалдарына білікті сарапшылардан жауап алды.
Елорда дінтанушыларының HUB (ХАБ) құрылды, оған барлық мектептердің, колледждер мен жоғары оқу орындарының «Дінтану» және «Психология» оқытушылары кіреді. ХАБ қажетті ақпаратпен жедел алмасуға, бастамашыл топтың (дін өкілдері, БАҚ өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, дінтану пәнінің оқытушылары) жұмысын жандандыруға мүмкіндік берді. Елордалық басқарманың бастамасы қолдау тауып, республика өңірлерінде алға басып келеді.
YouTube каналында діни экстремизм мен терроризм идеологиясының алдын алу бойынша «DinLIVE» жобасы іске қосылды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу қарсаңында Орталықта кітапхананың ашылуы өтті, оған қалалық мәслихат депутаттары қатысты.
Сөз соңында баяндамашы деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсету орталығын құру туралы ұсынысты қолдауды, сондай-ақ Діндерді зерттеу орталығына жоғары білікті теологтарды тарту үшін оларға тұрғын үй беруге көмек көрсетуді сұрады.
Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов депутаттар бірқатар нысандарды аралағанын атап өтті. Мәслихат хатшысының пікірінше, психологтардың жұмысын күшейту қажет. Қалада, тіпті мектептердің өзінде жоғары білікті психологтардың жетіспеушілігі орын алып отыр, әсіресе осы салада жұмыс істейтін психологтардың жетіспеушілігі байқалуда, оларды мұқият таңдау керек. Бұл жеке талқылауды талап ететін мәселе.
Сондай-ақ, мәслихат хатшысы мешіттер мен ведомстволық бағынысты ұйымдар қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы мәселесін қозғады. Ерлан Каналимов басқарма басшысына имамдардың, дінтанушылардың әлеуметтік жағдайы, олардың тұрғын үймен қамтамасыз етілуі туралы анықтама дайындауды ұсынды. Мәслихат хатшысының келесі ұсынысы діни мекемелердегі логистиканы жақсартуға қатысты болды. Шетелдегі діни мекемелердің жақсы ойластырылған логистикасынан үлгі алып, қала мешіттеріне енгізу керек.
Қайырымдылық қорларының қызметіне қатысты сұрақтар көп, олардың көпшілігі қала азаматтарына үлкен пайда әкеледі. Алайда, көптеген қайырымдылық жасаушылар бұл қызметті бизнеске айналдырған. Сондай-ақ бұл қызметтің теріс жағы да бар, мұқтаж адамдар біреудің тұрақты көмегіне үйреніп алып, қайырымдылық қорларына жүгінумен ғана айналысады. Осыған байланысты мәслихат хатшысы барлық қайырымдылық қорлары мен ҚМДБ жанындағы «Зекет» қорының жұмысын бір тұғырнамада біріктіру қажеттілігі туралы ұсыныс енгізді, бұл азаматтардың ерікті төлемдерін жинақтау және бөлу процесіне мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Мысалы, Түркияда азаматтардан түсетін түсімдер бойынша ай сайынғы есеп жүргізіледі. Бұл процесте ашықтықтың болмауы азаматтар арасында сенімсіздік тудырады және олардың қайырымдылық бағдарламаларына зекет және басқа да ерікті төлемдер жасау ниеттеріне теріс ықпалын тигізеді.
Тұрақты комиссияның төрағасы Талғат Нәрікбаев имамдардың біліктілігін, олардың шешендік шеберлігін арттыруды ұсынды, өйткені олар халықпен жұмыс істейді және олар алдын алу жұмыстарына жәрдемдесуі тиіс. Сонымен қатар, жастар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін орыс тілінде уағыздайтын имамдар қажет.