Елорданың аула клубтарын жаңғырту
12.03.2020
Ағымдағы жылдың 12 наурызында Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының заңдылық, құқық тәртібі және қоғаммен жұмыс жасау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында Нұр-Сұлтан қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы елорда мәслихаты депутаттарының ескертулері мен ұсыныстарын ескере отырып, Нұр-Сұлтан қаласында 2023 жылға дейін аула клубтарын дамыту тұжырымдамасының пысықталған жобасын ұсынды.
Кәрібек Дәулет аула клубтарын дамыту тұжырымдамасын әзірлеу жасөспірімдер мен жастардың бос уақытты ұйымдастырудың жоғары сапалы және қолжетімді идеясын жүзеге асырудың қажеттілігімен байланысты екенін атап өтті. Тұжырымдама жобасының маңызды құрамдас бөлігі қала шетінде орналасқан шағын аудандарда тұратын жастардың бос уақытын дамыту. Қазіргі уақытта Күйгенжар ауылында № 42 мектепте және Шығыс Ильинка ауылында клубтар құру жұмыстары басталды. Жобаны іске асыру барысында тұрғындардың әртүрлі санаттарындағы жастарды, соның ішінде тұрмыс жағдайы нашар және күнкөрісі төмен отбасыларды аула клубтарының жұмысына тартуға көп көңіл бөлінеді.
Тұжырымдама жобасының таныстырылымы барысында жастар арасындағы қылмыс деңгейі бойынша қалыптасқан жағдайға талдау жасалды, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметтері бойынша 2019 жылы
38 мың кәмелетке толмағандар ішкі істер органдарына жеткізілді, орташа есеппен алғанда жылына 3695 жас адам қылмыс жасайды екен. 2019 жылдың маусым айында республиканың наркологиялық диспансерлерінде 15-тен 29 жасқа дейінгі 10894 адам тіркелді. Нұр-Сұлтан қаласында ББЗ қолдану нәтижесінде есепке алынған жастар саны – 1752 адам. Жас отбасылар арасындағы ажырасулар саны өсуде (2018 жылы – 1200 ажырасу).
Кәрібек Дәулет аула клубтарының қызметін қаржыландыру мәселелеріне ерекше назар аударды. 2019 жылы 21 аула клубының қызметін жүзеге асыруға бюджеттен 145 миллион теңге бөлінді. Қомақты сома сияқты көрінгенмен, алайда едәуір бөлігі, яғни 47% (68 миллион теңге) әртүрлі салықтарға, коммуналдық қызметтерге, ПИК қызметтеріне және т.б. жұмсалады. Осылайша, мұғалімдердің, жаттықтырушылардың, жастармен жұмыс істейтін мамандардың жұмысына жалақы төлеуге соншалықты мардымды сома қалмайды. Осыған байланысты Тұжырымдаманы іске асыру барысында аула клубтарының желісін дамытуға қосымша қаражат қажет болады.
Тұжырымдаманы дайындау барысында әлемдік тәжірибе, Қазақстан өңірлерінің аула клубтарын құрудағы озық тәжірибелері зерделенді. Батыс Қазақстан облысы мен Алматы қаласында аула клубтарының жұмысын мәдени басқармалар қадағалайды. Қостанай облысында – білім басқармасы. Қазіргі уақытта Оралда – 17, Алматыда – 33, Қостанайда – 20 аула клубтары жұмыс істейді. Өңірлерде клубтардың негізгі қызметі жастардың дене белсенділігін дамыту болып табылады.
Әлемдік тәжірибені зерделеу көрсеткендей, экономикалық дамыған елдердегі клубтардың дамуы қоғамның өзгермелі жағдайдағы қажеттіліктеріне жауап береді.
Ұлыбритания және Сингапурдағы аула клубтарының қызметі олардың мектептерде жұмыс істеуі мен балаларға қосымша білім берудің әртүрлі түрлерін ұсынуымен ерекшеленеді. Сингапурда аула клубтары елдің экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосады, өйткені олар заңды күшіне ие және талапкерлерге жоғары оқу орындарына грант негізінде түсуге көмектесетін сертификаттар береді.
Елордадағы 21 аула клубтарының 5-і жертөледе, 7-і астыңғы қабаттарда, 5-і тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында, тек 4-і ғана жеке ғимараттарда орналасқандығын айта кету керек.
Негізінен үй-жайлар, құрал-жабдықтар бүгінгі күннің талаптарына сай емес, аула клубтарын кадрлармен қамтамасыз ету тапшылығы да бар.
Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы мәслихат депутаттарының назарын «аула клубы» терминін қайта қарастыруды, сонымен қатар осы демалыс мекемесінің сыртқы және ішкі дизайнын өзгертуді, аула клубтары үшін интернет платформаны құруды қажет ететіндігіне аударды.
Жастардың бос уақыты мәселелерін тиімді шешу жас тұлғаның әлеуметтік-мәдени әлеуетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Мәслихат депутаттары комиссияның қарауына қайта енгізілген жоба елордадағы аула клубтарын дамытуда кешенді тәсілді енгізу бойынша ұсыныстар мен ескертулерді ескергенін атап өтті.
Нұр-Сұлтан қаласында 2023 жылға дейін аула клубтарын дамыту тұжырымдамасының жобасы Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаттарымен мақұлданды.