Жұмысшы мамандықтарына тегін оқытады
07.02.2017
Астана қаласының мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму, заңдылық, құқық тәртібі және қоғаммен жұмыс жасау мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының бірлескен отырысында депутаттар қала мекемелерінде тегін кәсіптік-техникалық білім беруді енгізу және Астана қаласының білім беру мекемелеріне ат беру мәселелерін қарастырды.
Өз баяндамасында Астана қаласының білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев Мемлекет басшысының тегін кәсіптік-техникалық білім беру бойынша тапсырмасы қалай жүзеге асырылатынын айтып кетті.
Оның сөзіне сәйкес, кәсіптік-техникалық білім беру екі бағытта жүргізілетін болады – «Тегін КжТБ» жобасын енгізу бойынша жол картасы және 2017-2021 жылдарға арналған өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде жүзеге асады.
- Білім және ғылым министрлігі тегін КжТБ моделін дайындады. 2017 жылдан бастап колледждерге қабылдау бірінші деңгейде конкурстан тыс (жұмысшы мамандықтар) және екінші деңгейде орта буын мамандықтары бойынша конкурстық негізде жүзеге асырылатын болады. Осы мақсатта «Кәсіпқор» холдингі үш деңгейдегі модульдерді қарастыратын деңгейлік бағдарламалар дайындау үстінде, - деп айтып кетті ведомсвто басшысы.
Осылайша, электрик-механик мамандығын алу үшін алдымен электрослесарь немесе электромонтер мамандығын игеру керек. Бұл жағдайда 2 жыл 10 ай мерзім бойы студент тегін білім алады және жалпы орта білім мен қосымша 2 жұмысшы біліктілігін алады. Жұмысшы біліктілігін алғаннан кейін маман еңбек нарығына дипломмен бара алады.
Орта буын мамандықтары бойынша оқуын жалғастыруға ниет білдірген студенттер мемлекеттік тапсырыс алу конкурсына қатысады және бір жыл бойы орта буын мамандығын алады. Мемлекеттік тапсырысты ала алмағандар ақылы негізде оқи алады, - деп бөлісті Қасымхан Сенғазиев.
Бүгінгі таңда, Астанада 34 колледж жұмыс жасап отыр, оның ішінде 12 мемлекеттік және 22 жеке меншік, мұнда 26 262 мың адам білім алуда, оның ішінде, 11 916 адам (45,4%) мемлекеттік тапсырыс бойынша оқиды. Білім беру 66 мамандық 113 біліктілік бойынша жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, жұмысшы мамандықтарына жалпы контингенттің тек 14,3% ғана оқитыны анықталған.- Жастарды тегін КжТБ тарту үшін мектеп оқушыларын 24 мектепте 7 мамандық бойынша 2 жыл оқу мерзімімен кәсіптік оқыту курстары арқылы бейінді оқыту жалғасын тауып отыр, бұл шара 979 оныншы сынып оқушыларын қамтыған. Оқыту қорытындылары бойынша оқушылар белгілі құзыреттілік туарлы сертификат алады, - деді баяндамашы.
Бұдан басқа, басқарма еңбек нарығындағы жағдайды зерттеп, қажетті мамандықтарды анықтады. Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуын ескере отырып, 6 жаңа мамандық ашу жоспарланған: «Мехатроник» автомобилдь көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы, «Көпірлер мен көлік тоннельдері», «Электр станциялары мен желілердің электрлік құрылғылары (түрлері бойынша)», «Өнеркәсіптегі электромеханикалық құрылғылар», «Медициналық техниканы монтаждау, техникалық қызмет көрсету және жөндеу», «Кітапхана ісі».
Мамандарды 1-3 ай мерзімде дайындау және қайта даярлау бойынша қысқа мерзімді курстар ұйымдастыру үшін колледждер базасында 3 ресурстық орталық ашу жоспарланған. Тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық, өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс, коттедж және аз қабатты құрылыс, өнеркәсіптік едендер құрылысы технологиясы, бетон жөндеу және құрылғыларды гидрооқшаулау, токарлық іс және металл өңдеу салалаларында мамандар дайындалады.
Өз кезегінде тұрақты комиссия мүшелері қосымша Астананың ерекше мәртебесі туралы қосымша Ереже дайындауға ұсыныс жасады, ол Астанада тұратын студенттер үшін белгілі лимит беретін болады. Жаңа білім беру бағдарламасының іске қосылуына байланысты басқа өңірлерден тегін кәсіптік-техникалық білім алуға ниетті адамдардың көптеп келуі күтілуде. Керісінше жағдайда қала жаңа мәселе – Астана жұмыссыздар санының артуы орын алуы мүмкін.
Отырыс барысында қаладағы 4 мектепке Қазақстанның және шет елдердің белгілі ғылым және мәдениет қайраткерлерінің аттарын беру мәселесі қарастырылды, бұл мәселені тілдерді дамыту басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев көтерді.