Елорда экологиясының проблемалық мәселелері
26.10.2023
Қалалық мәслихатта Владислав Сергеевтің төрағалығымен құрылыс, экология, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті.
Отырыста «Елорда экологиясының проблемалық мәселелері (автокөліктердің СО2 шығарындылары, электр көлігі үшін инфрақұрылымды қамтамасыз ету, Есіл өзені суларының ластануы, ҚТҚ полигондарының жұмысы және ҚТҚ кәдеге жарату жөніндегі жұмыстың ашықтығын қамтамасыз ету перспективасы туралы)» қаралды.
Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының м.а. Ерлан Бердалин автокөлік, ЖЭО және басқа да объектілердің шығарындылары бойынша ағымдағы жағдай туралы баяндады, статистиканы келтірді. Бердалин автокөліктердің СО2 шығарындысы мәселесіне егжей-тегжейлі тоқталды, өйткені қаладағы көлік құралдарының көбеюіне байланысты шығарындылар көлемі үнемі жоғары болуда. Басқарма пилоттық жоба - қала аумағында төмен эмиссия аймағын енгізуді ұсынды. Негізгі идея ластаушы заттар деңгейі жоғары көліктердің қалаға кіруін шектеу болып табылады. Электр көлігі үшін инфрақұрылым құру мәселесі бойынша басқарма басшысы қалада электр көлігін қуаттау үшін 1 станция бар екенін, 100 электроавтобус сатып алынғанын баяндады.
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша Экология департаментінің өкілі Абай Талғатов өз сөзін Кіші Талдыкөлді көму және оның айналасындағы құрылыс мәселесінен бастады. Талдыкөл шағын көлдерінің жай-күйін бағалау үшін талдау жүргізілуде, қазіргі уақытта Әділет басқармасына су қорғау аймағы туралы құжат тапсырылды. Талғатов Талдыкөл маңында қазір тұрғын үйлердің құрылысы жалғасып жатқанын атап өтті. Есіл өзенінің, Ақбұлақ және Сарыбұлақ өзен салаларының ластануының себебі ағынды суларды рұқсатсыз құю, нөсер кәрізінің проблемалары және жағалау аймақтарының ҚТҚ-мен қоқыстануы екенін айтты.
Спикердің пікірінше, су бетін ғана тазарту жеткіліксіз, орталық нөсер кәріз жүйесіне қосылуды бақылау қажет. Сондай-ақ, Көктал және Үркер тұрғын алаптарында күкіртті сутегімен ластану мәселесі де күрделі жағдайда, онда Elorda Eco System қызметінің шаруашылық-нәжіс ағындарының нөсерлі кәріз жүйесіне рұқсатсыз қосылуы анықталған. Бұзушылықтар әлі жойылған жоқ. Сонымен қатар, департамент медициналық қалдықтарды жоюды қамтамасыз ету мәселелері бойынша бірқатар тексерулер жүргізген. Қазіргі уақытта сот шешімі бойынша кәсіпорындар қызметі өз қызметтерін нормаларға сәйкес келтіргенге дейін тоқтатылды. 2022 жылы қала бойынша 551 рұқсат етілмеген қоқыс орны анықталды. Ағымдағы жылдың қазан айындағы жағдай бойынша 338 стихиялық қоқыс (43%) жойылды, қалғандары бойынша мәселе әлі шешілген жоқ. Есіл ауданы әкімдігінің атына стихиялық қоқыстарды уақтылы жоймағаны үшін хаттама жолданды.
Депутат Кендебай Адамбеков спикердің өз баяндамасында департаменттің жұмысын көрсетпегеніне қатысты сын айтты. Сондай-ақ, баяндамада Есіл, Нұра өзендері мен олардың салаларының проблемасы қалай және қандай мерзімде шешілетіні туралы ақпарат айтылмады. Сонымен қатар, стихиялық қоқыстар туралы сұраққа жауап жоқ, мәселе кезең-кезеңімен қалай шешіледі, депутаттар мәселені шешуге қалай көмектесе алады. Сондай-ақ күкіртті сутегімен ластану мәселесі, мәселені түпкілікті шешу үшін не қажет, қандай көмек қажет, департамент қандай шаралар қолданды. Жағдайды бақылау үшін қанша ақша қаражаты қажет екенін, жинақталып қалған барлық мәселелерді кезең-кезеңімен шешу жолдарын нақтылау керек.
Депутат Талғат Ерғалиев үйлердің бір бөлігі газдандырылмаған 16-шы округ (Агроқалашық ауданы) тұрғындарының шағымын жеткізді. Өндіріс тұрғын алабында да осындай мәселе. Қалада экологияның нашар екендігін қалалар рейтингінде 179 орында тұрғанымыз көрсетеді. Ерғалиев қоршаған ортаны жақсарту бойынша Жол картасы жөнінде сұрады.
Комиссия төрағасы Владислав Сергеев Агроқалашықтағы ағымдағы жағдай бойынша жеке ақпарат беруді сұрады. Сергеевтің пікірінше, қоршаған ортаны қорғау мәселелері бірлесіп шешілуі керек. Қала бойынша 70% - ға дейін жасыл желектердің қурауы байқалады, депутаттар келесі аптада қаланы көгалдандыру мәселелерін қарайды.
Депутат Бауыржан Смайылов Көктал тұрғын алабында күкіртті сутегімен ластану мәселесін айтып өтті, ол рұқсат етілген нормалардан бірнеше есе асады, бұл халықтың денсаулығына зиян келтіреді, оған қоса, ол жерге Шарапат әлеуметтік қызмет көрсету орталығы мен №41 мектеп жақын орналасқан. Депутат проблемаларды бірлесіп шешу керек деп санайды.
Депутат Ғабит Тәжімұратов өз округі бойынша мәселені көтерді, тарифтің едәуір өсуіне байланысты онда қоқыстар шет аймақтарға тасталады. Сондай-ақ, кәріз-тазарту құрылыстарын салу мәселесін шұғыл шешу қажет, тұрғындар бұл объектінің орналасу жеріне қарсы.
Депутат Талғат Ерғалиев жасыл желектерді паспорттау барысында әлемдік тәжірибені қолдануды ұсынды, әрбір көшеттің жеке реттік нөмірі болуы тиіс. Депутаттың пікірінше, жасыл желектерді күту және сақтау үшін шамамен 100 екпеден кәсіпорындар арасында бөліп тастау керек. Сондай-ақ, депутат Сарыбұлақ өзенін тазарту мәселесі жөнінде сұрақтар қойды, 2024 жылға қаржыландыру қарастырылған ба, 16-шы округті абаттандыру қарастырылған ба, осы мәселені шешуге шығындар көзделген бе. Аумақтағы арықтар ластанған, бүгінде құрылыс қоқысы бойынша шешім жоқ.
Комиссия төрағасы Владислав Сергеев көгалдандыру, жасыл желектерді сақтау және өзендерді тазарту мәселелерін жеке отырыста талқылауды ұсынды.
Депутат Кендебай Адамбеков қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша IKomek желісіне көптеген шағымдар түсетінін атап өтті. Өзендерді тазалау мерзімдері бойынша қандай индикатор бар, қала экологиясына автокөліктер келтірген залал қандай, пайыздық арақатынаста қанша, 2029 жылға дейін автокөлік санын азайту мәселесі қалай шешілетін болады, құрылыс компанияларымен стихиялық қоқыстар бойынша күрес жүргізу үшін қандай индикаторлар, құралдар бар. Бүгінде қоқыс контейнерлері мәселесі шешілмеген, олардың сыртқы келбеті сұмдық күйде. Қала 2029 жылы қандай санға келеді.
Депутат Қанат Ибраев шетелдік тәжірибе туралы айтып өтті, мысалы Германияда биотехнология қолданылады, бұл мәселеде қандай да бір перспектива бар ма. Депутаттың пікірінше, халықтың табиғи қалдықтарын пайдалану қажет. Электр көлігі санын арттыруға қатысты депутат уақыт өте келе проблема туындауы мүмкін екенін айтты. Литий батареяларын көму қиын, кәдеге жарату мәселелері шешілмеген, 5-10 жылдан кейін қала осы проблемаға тап болады. Қазірден бастап кәсіпкерлердің алдына кәдеге жарату бойынша міндеттер қою керек.
Владислав Сергеев басқармадан аталған мәселелер бойынша өз ұсыныстарын енгізуді сұрады.
Депутат Нұрлан Мүслім су қорғау аймақтары бойынша мәселенің шешілуі қай кезеңде екенін сұрады. Кіші Талдыкөл бойынша сот шешімі бар, барлық нүктелер қойылды. Дегенмен, құрылыс салушылар заңнамадан айналып өтудің амалын табады. Су қорғау аймақтары мәселесін шұғыл шешу қажет.
Комиссия төрағасы Владислав Сергеев отырысты қорытындылай келе, халықтан қоқысты сұрыптауды талап етпес бұрын, зауытта қоқысты бір үйіндіге тастамау үшін өндірістік процесті тиісті қалыпқа келтіру қажеттігін атап өтті. Автокөлік зияны мәселесі бойынша да, автокөліктердің қалаға кіруіне тыйым салмас бұрын, мәселені шешуге жағдай жасау керек.