Астана қаласының 2022 жылғы бюджетінің атқарылуы туралы есептің қорытындысы
17.05.2023
Қалалық мәслихатта тұрақты комиссиялардың бірлескен отырыстары барысында екі күн Астана қаласының 2022 жылғы бюджетінің атқарылуы бойынша есеп талқыланды.
Қаржы басқармасының басшысы Әліби Жұмаев және экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев сөз сөйлеп, жергілікті бюджеттің атқарылуы саласындағы ахуал, бюджетке түсетін түсімдер, кірістер мен шығыстар, Елорданың 2022 жылғы даму бағдарламасының индикаторларының орындалуы туралы баяндады. Сондай-ақ, басқарма басшылары депутаттарға бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджетті атқаруына қатысты толық ақпарат берді. Бағдарлама әкімшілерінің орындаушылық тәртібінде оң динамика бар екені атап өтілді. Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясы жүргізген аудит қорытындылары бойынша сын-ескертпелер де жағдайды жақсартуда маңызды рөл атқарды.
Мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов бюджеттің атқарылуына қатысты жағдайды үш мемлекеттік орган бақылайтындықтан, соларға сұрақтар бар екенін атап өтті. Мәселелерді шешуде прогресс жоқ. Бір кездері депутаттар бюджеттің игерілмеу тәуекелдеріне талдау жүргізуді ұсынған болатын, 2022 жылдың соңында 16,5 млрд. теңге сомасына бюджеттің игерілмеуі қайта орын алып отыр. Үш басқарма – құрылыс, көлік және отын-энергетикалық кешені басқармалары қала бюджетінің негізгі орындаушылары, осы басқармаларға -неліктен айлар бойынша қаржыландыру жоспары жыл соңына ауыстырылады деген сұрақ, осылайша бюджетті игеру қиындайды. Сонымен бірге жыл ішінде басқармалар нақтылау кезінде қосымша қаржыландыру сұрайды. Каналимов депутаттар индикаторларға бюджетті игеру бойынша бірінші басшылардың дербес жауапкершілігін енгізуді ұсынғанын еске салды. Мемлекеттік кірістер басқармасына сұрақ – берешек қайтарылады деген үміт бар ма? Сонымен қатар, мәслихат төрағасы Тексеру комиссиясының материалдарында сумен жабдықтауды, су бұруды және нөсер кәрізін дамыту жөніндегі ЖЭО ескіргені мәлімделгенін, бұл ретте оларды өзектендіру бойынша ешқандай жұмыс жүргізілмегенін мәлімдеді.
Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы Иманжүсіп Ақпомбаев 2022 жылы бюджеттің атқарылуы экономиканың оң өсуімен, ЖӨӨ-нің 3,7% - ға ұлғаюымен жүзеге асырылғанын хабарлады. Алайда, спикер атап өткендей, экономиканың өсуі аясында инфляцияның өсуі өткір күйде қалып отыр, ол 23% - ды құрады, бұл республикадағыдан жоғары. Түзетулер нәтижесінде кірістер жоспары ұлғайды, бұл ретте кірістердің үштен бірі трансферттер есебінен, меншікті кірістер 66% -ды құрайды, салық түсімдері есебінен шамалы асыра орындау қалыптасты. Сондай-ақ, спикер трансферттердің үлкен сомасы жоғары тұрған бюджетке тәуелділікті көрсететінін, дебиторлық берешек өскенін атап өтті.
Мәслихат депутаттары дебиторлық берешек мәселелері мемлекеттік органдардың әлсіз талап-арыз жұмысымен тікелей байланысты екенін бірнеше рет мәлімдеген. Хаттамалық тапсырмаға қарамастан, мәселе әлі де шешілмей келеді. Кредиторлық берешек көлік, құрылыс, ОЭК басқармаларында жоғары.
Депутат Кендебай Адамбеков екі күндік бюджеттің атқарылуы туралы есепті талқылау нәтижелері бойынша депутаттарда ең көп сұрақ құрылыс, көлік және ОЭК басқармаларының басшыларына туындағанын атап өтті. Тексеру комиссиясы ұсынған материалдарда дебиторлық берешек 2011 жылдан 2018 жылға дейін қалыптасқандығы атап өтілді. 2022 жылы дебиторлық берешек 3% - ға төмендеді, екінші мәселе экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына қатысты болды, депутаттың пікірінше, басқарма да бұл мәселені бақылауы керек. Депутат Елорданың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарында аталған басқармалардың индикаторларын өңірлік индикаторлармен өзара байланыстырудың жоқтығын, бюджеттік бағдарламалар нәтижелерінің өлшенетін көрсеткіштері жоқ екенін, бұл ретте тікелей және түпкілікті нәтиженің қайталануы бар екенін атап өтті.
Көлік басқармасының берешегіне ерекше наразылық білдірілді, басқарма негізгі берешегі бойынша осы уақытқа дейін сотқа талап арыз жібермеген (2007 жылдан 2019 жылға дейін). 7 млн. теңге бойынша ғана соттардың шешімдері бар, бұл - берешектің жалпы сомасымен салыстырғанда болмашы сома. Осыған байланысты бюджеттік бағдарламаны келіскен экономика басқармасына да сұрақ туындайды. Осындай сұрақтар ОЭК басқармасы басшысына да қойылды, оның берешегі айтарлықтай.
Депутат Талғат Ерғалиев қомақты соманың игерілмеуі және осымен қатар іс жүзінде тура сондай қарыздың қалыптасуына түсінбестік танытты. Екінші сұрақ конкурстық рәсімдерді өткізу мерзімдеріне қатысты, олар қаңтардан мамырға дейін өткізіледі. Осыған байланысты депутаттар конкурстарды қараша-желтоқсан айларында өткізуді ұсынды. Қаржы және экономика басқармаларының басшыларының айтуынша, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері қаңтарда қаржыландыру алу үшін конкурстарды өтінім бойынша және мемлекеттік сатып алу басқармасымен келісім бойынша өткізе алады.
Тұрақты комиссия төрағасы Азамат Айтхожин активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасына бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерімен мемлекеттік сатып алу бойынша алдын ала жоспарды бекіту және алдын ала жоспар негізінде конкурстық рәсімдерді өткізу бөлігінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұсынды. Бұл нормалар болмаған жағдайда, ҚР Қаржы министрлігіне тиісті нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар енгізу қажет.