Елорда көшелеріне атаулар беру жөніндегі мәслихаттағы жария тыңдаулар
09.11.2022
Жария тыңдаулардың қарауына «Астана қаласының кейбір құрамдас бөліктеріне атаулар беру және аттарын өзгерту туралы» мәселе шығарылды.
Жария тыңдаулар елорда тұрғындарының, мәслихат депутаттарының және қала жұртшылығы өкілдерінің қатысуымен онлайн форматта өткізілді.
Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп қалалық ономастика комиссиясының отырысы өтіп, онда Астана қаласының құрамдас бөліктеріне атаулар беру туралы ұсыныстар мен өтініштер қаралғанын хабарлады.
Ономастикалық комиссия біртуар тұлғалар - екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангер-жазушы, журналист, прозашы, жауынгерлік ерлігі үшін ордендермен және медальдармен марапатталған Әскен Нәбиевтің; ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жауынгерлік ерлігі үшін наградалардың иегері Сырбай Мәуленовтің; белгілі қазақстандық энергетик ғалым, ҚР Ғылым академиясының академигі, Қазақстандағы энергетика ғылымының негізін қалаушы Шапық Шөкиннің; белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, талантты тарихшы ғалым, профессор, педагог Санжар Асфендияровтың; балалар жазушысы Бердібек Соқпақпаевтың; 17 жыл Египетті басқарған, мәмлүктердің төртінші сұлтаны, көрнекті қолбасшы Сұлтан Бейбарыстың, Мағжан Жұмабаевтың (жобалық көше мен М.Жұмбаев даңғылы біріктіріледі) есімдерін мәңгі сақтау туралы ұсынысты қолдады. Е12 көшесіне (ұзындығы 721 м.) – КСРО Батыры, Невель қаласы үшін шайқаста ерлікпен қаза тапқан пулеметші Мәншүк Мәметованың есімін беру. Бұрын Мәншүк Мәметова есімімен аталған көшеге Іле өзенінің солтүстік бөлігінде тұрғызылған XII-XIII ғасырлардағы Қарамерген қаласының атауын беру. Сондай-ақ, Сауран көшесінің Бұқар жырау көшесінен басталатын бөлігіне Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы ынтымақтастық пен достықты нығайтуға елеулі үлес қосқан Әзірбайжан Республикасының Тұңғыш Президенті Гейдар Әлиевтің есімін беру туралы ұсыныс түсті. Бұрын Гейдар Әлиевтің есімімен аталған көшеге Қостанай облысындағы Диханкөл жерінің, бұрын Сәбит Мұқановтың есімімен аталған көшеге Қостанай облысындағы Қостомар жерінің атауын беру ұсынылды.
Қоғамдық кеңестің, қалалық ономастика комиссиясының мүшесі Мәдина Әжікенова сөз сөйледі. Ол отырыс қорытындысы бойынша комиссия мүшелері қаланың құрамдас бөліктеріне атау беру және олардың атын өзгерту бойынша ұсыныстарға оң тұжырым бергенін айтты.
Депутат Ерлан Дәкенов қалалық ономастика комиссиясының қорытындысын қолдап, бұл жұмыстың жалғасатынын, өйткені қарқынды өсіп келе жатқан қалада атау берілетін көшелер көп екенін атап өтті.
Депутат Азамат Айтқожин Қостомар атауына қарсылығын білдірді. Сонымен қатар, депутаттың пікірінше, қаладағы бірқатар көшелерге елорданың дамуына үлес қосқан қала тұрғындарының есімдері берілуі керек.
Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов та Қостомар атауымен келіспейтіндігін мәлімдеді, өйткені атау жағымсыз естіледі және оның ерекше тарихи құндылығы жоқ.
Депутат Ләззат Оразбекова-Төлеуханова оның пікірінше әлдеқайда үйлесімді болатын бірнеше жергілікті жер атауларын атады. Осыған байланысты депутат отырыстардың бірінде жергілікті жердің атауын таңдап, қалалық ономастика комиссиясына ұсыныс енгізуді ұсынды.
Мәслихат хатшысы көшені қайта атау жөнінде түпкілікті шешім қабылдау үшін жергілікті жер атауларының тізімін ономастикалық комиссияға жіберу туралы ұсынысты қолдады. Каналимов депутаттардың халықпен тікелей жұмыс істейтінін және азаматтардың мүдделері туралы нақты білетінін атап өтті, оның үстіне қазіргі уақытта азаматтардың сұраныстарына жедел және тиімді жауап беруге бағытталған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы іске асырылып жатыр. Сондай-ақ, Каналимов ономастикалық комиссияның мүшелері болып табылатын депутаттардың ғана емес, сонымен қатар қала көшелеріне атау беру бойынша ұсыныстары бар басқа депутаттардың да комиссия отырыстарына қатысуын ұсынды. Есімдері көшелерге берілген тұлғалар туралы мәліметтерді ақпараттық тақталар орналастыру арқылы халыққа жеткізу керек. Қалалық нысандар атауларының тарихи-мәдени маңызы ономастикалық комиссия мүшелеріне үлкен жауапкершілік жүктейді.
Депутат Владислав Сергеев халық арасында жүргізілген сауалнама барысында депутаттардың көптеген ұсыныстары қолдау тапқанын, мұндай тәжірибені барлық жерде енгізу қажеттігін атап өтті. Бұл жұмысты басқарманың ресми сайты арқылы ұйымдастыруға болады, ол қала тұрғындарын біріктіріп, ортақ іске қатысуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, депутат үлкен көшені әртүрлі атаулармен бірнеше бөлікке бөлуге қарсы пікір білдірді. Жаңа көшенің бір атаумен М. Жұмабаев атындағы ескі көшеге біріктірілуін депутат мысал ретінде келтірді.
Отырыс төрағасы Гүлжамал Жапарова Мәншүк Мәметова есімінің үлкен көшеге қайта берілуіне қанағаттанушылығын білдірді, сол сияқты Тоқтар Әбуәкіров көшесінің атауын да көшіру қажет.