Әбден Қарақат Жақсылыққызы Мәдени-инабаттылыққа тәрбиелейтін «Қазақ қызы» ҚБ қыздар институтының құрылтайшысы, Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты
02.09.2020
Президент Жолдауы: Еңсені көтеретін экономикадан ұлт құндылығына дейін нақ айтты
Бүгін қос палатаның біріккен отырысында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар өте маңызды, өткір мәселелер көтерді деп ойлаймын. Еліміздің еңсесін көтеретін экономикадан бастап білім, ғылым, денсаулық, адам құқығын қорғау, бала тәрбиесі мен ортақ ұлттық құндылықтарды сақтау жайын түгел нақ қамтыды.
Көп мәселелер бүгінгі қоғамда көтеріліп, талай талқыланып жүр. Оларды Президент бірінен соң бірін тізбектеп айтқанда, көбі мемлекет басшысының шын мәнінде елдің сөзіне құлақ асатынын байқады.
Алдымен адам құқығын қорғау мәселесіне келейік. Қасым-Жомарт Тоқаев осы тұрғыда жаңа шара қабылдау қажеттігін шегелеп айтты. Әсіресе, интернеттегі балаға жасалған қысымдар, мазақ ет у сияқты оқиғалар бүгінде өте қайғылы жағдайларға әкеп соғатынын жеткізді. Бала түгілі ересек адамдарға қарсы жазылып жүрген балағат сөздерді көтерудің өзі ауыр екенін айтқым келеді. Сондықтан, интернеттегі бейсауыт, негізсіз жазбаларға заң тұрғыдан тосқауыл қоюды қос қолдап қолдаймын.
Бала демекші, сәби сүю мүмкіндігіне жете алмай отырған талай отбасының бағы ашылайын деп тұр. Президентіміз «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын жариялап, бүлдіршінге зар болып отырған отбасыларға арнайы квота санын жеті есеге көбейтуде. Мемлекет басшысының бұл шешімі бала үшін ажырасу санын қысқартып, медицинадағы эко саласына үлкен дүмпу әкелері сөзсіз. Мұндай мүмкіндік басқа елдерде жоқ екенін, өзге мемлекеттегі отбасылар қарадай қаражатын жинап, аурухана аралаумен күндері өтіп жатқаны анық.
Президентіміз нені қысқартып, нені көбейту қажеттігін нақты, дәл халықтың мұқтажымен байланыстырып айтып берді. Әсіресе, мемлекеттік қызметкерлер санын азайту қажеттігі уақыт талабымен сай келген қадам деп ойлаймын. Басымыздан өтіп жатқан пандемия мемлекеттік аппараттың өзі қалай ықшамдала алатынына көз жеткіздірді. Президенттің бұл сөзіне аз болып, саз іс атқарып отырған халық та қолдайтыны анық.
Аз уақытта цифрлы дамуымызға да айтарлықтай қан жүрейін деп тұр. Жолдауда алдымен әлеуметтік көмектің барлығы түгелдей сандық форматқа ауыстырылады делінді. Шын мәнінде, халық көмекті тізерлеп тұрып, жалынғандай қиналып алғанын білеміз. Әлі де азаматтар құжаттарын жеткіземін деп талай есікті тоздырып отыр. Сол үшін уақытынан кешігіп, алмай отырғандары қаншама. Президенті олардың да мүддесін қорғап, әділдікті цифрландыру арқылы реттемек.
Онлайн жиын дегенге етіміз де үйренді. Карантин кезінде мәслихат депутаттарымен біраз отырысты экран арқылы өткіздік. Бірақ Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, жиынымыздың барлығы бірдей ашық өтпейді. Ол үшін алдымен мәслихат аппаратын жан-жақты нығайту қажеттілік мәселесі бар екенін айтқым келеді. Өзіміз барынша әлеуметтік желілер арқылы ақпарат таратуға тырысамыз. Алайда ол да аздық етіп отырғанын Мемлекет басшысының өзі айтып отыр. Егер барлық өтетін жиналыстар тікелей халыққа көрсетілетін болса, азаматтар өздері дауыс беріп, сайлаған депутатының атқарып отырған жұмысын, қаншалықты белсенді екенін көзімен көруге жағдай туар еді. Одан басқа, халықпен кері байланыс та әлдеқайда артар еді. Әдетте депутаттар тек азаматтарды қабыллау кезінде ғана олардың мұң-мұқтажын біліп отырады. Ашық отырыстарға тұрғындар да қатысып, талқыланып отырған мәселелерді біліп отырар еді. Сондықтан айтылған ұсыныс өте орынды деп айта аламын.
Шағын және орта бизнес өкілдеріне берілген зор мүмкіндіктерді айтпай кетуге болмайды. Жақында ғана осы мәселені көтерген едім. Мен оған әйелдер айналысып отырған бизнеске ерекше мән берілсе екен деп қосар едім. Әрине, бизнес жынысқа бөлінбейтіні хақ. Бірақ, осы жолы әйелдер арқалап жүрген іс ерекше қолдауды қажет етіп отыр.
Жердің шетелдіктерге сатылмауы, жалпы жерді икемдеудің түрлі жолдары да айтылды бұл жолы. Президент агроөнеркәсіпті жаңғыртуға бөлінген ерекше назарды мен де құп көремін. Жаңа ұлттық жоба қала маңындағы ауылдар мен кішігірім қалашықтарға жан бітіреді деген үміттемін. Сонда ғана азаматтар үлкен мегаполистерге құлшынбай, отырған жерін көркейтуге, туып өскен мекенін дамытуға тырысар еді. Экономка, инновация керек әрине, бірақ бізге бәрінен тез ауыл шаруашылығымыз көбірек пайда мен молшылық береді. Тек оған қажетті көңіл мен қаражат жетіп отырса.