Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының 2021 жылғы есебі
28.04.2022
Отчет постоянной комиссии маслихата города Нур-Султан по вопросам социально-культурного развития за 2021 год
Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының
23 сессиясында қарастырылды
2022 жылдың 30 наурызы
Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясымен 2021 жылы 17 отырыс, көпшілік тыңдау, Депутат күні және 5 көшпелі іс-шара өткізілді.
Тұрақты комиссияның қызметі есепті кезең ішінде қолданыстағы заңнамаға, Регламентке және Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының жоспарына сәйкес жүзеге асырылды.
Тұрақты комиссия мүшелері елорда әкімдігі жанындағы 23 түрлі комиссия мен жұмыс тобының құрамына кіреді.
Тұрақты комиссияның отырыстарында келесі мәселелер қаралды:
- елорданың атқарушы органдары жұмысының негізгі міндеттері мен бағыттарын талқылау;
- мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын құру және іске асыру шеңберінде Нұр-Сұлтан қаласының мәдениет және спорт объектілерін табыстаудың тиімділігі мен орындылығы туралы;
- техникалық және кәсіптік білім беру түлектерін дуалды оқытуды іске асыру және дамыту, жұмысқа орналастыру туралы;
- Нұр-Сұлтан қаласында мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруді дамыту перспективалары;
- алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігін арттыру жөніндегі шаралар кешенін және «Үй жанындағы дәрігер» жобасын іске асыру туралы және т.б.
Жетінші сайланымның тұрақты комиссиясының алғашқы екі отырысы елорданың атқарушы органдары жұмысының негізгі міндеттері мен бағыттарын талқылауға арналды. Депутаттар елорда әкімдігі бөлімшелерінің жетекшілік ететін салалар бойынша қызметімен танысты. Отырыс барысында Гуманитарлық колледжге, Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясы жанындағы спорт алаңының жоқтығы, инватакси жұмысындағы кемшіліктер, теміржол ауруханасын қайта жаңарту, кітапхана жүйесін жаңғыртуға қатысты түрлі проблемалық мәселелер анықталды. Комиссия қалалық әкімдікке бірқатар ұсыныстар берді, нәтижесінде спорт алаңын салу үшін жер учаскелерін сатып алу туралы шешім қабылданды, сондай-ақ депутаттар жұмыс топтарының құрамына енгізіліп, онда аталған проблемалық мәселелерді кешенді шешуге үлес қосты.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын құру және іске асыру шеңберінде Нұр-Сұлтан қаласының мәдениет және спорт объектілерін табыстаудың тиімділігі мен орындылығы мәселесі «Astana Venue Management» ЖШС бас директорын шақырумен тұрақты комиссия отырысында қаралды, ол депутаттарға әкімдіктің сенімгерлік басқаруына берілген объектілердің (Бейбітшілік және келісім сарайы, Тәуелсіздік Сарайы, Астана-Бәйтерек кешені) қызметін дамыту стратегиясын ұсынды.
Тұрақты комиссия жұмысының қорытындысы бойынша әрбір МЖӘ жобасының тиімділігіне бюджеттік, коммерциялық, қоғамдық, салалық бағалау жүргізу, елорданың спорт объектілерінде қала жастарын 50% жеңілдікпен қамтамасыз ету бойынша ақпарат беру, сенімгерлік басқаруға және мәдениет және спорт объектілерінің қызметтерін пайдаланғаны үшін шығыстарды өтеу бойынша бірыңғай әкімшіні айқындау мүмкіндігін қарастыру, коммуналдық шығыстарды өтеу қағидаларын әзірлеу, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған Паралимпиадалық жаттықтыру орталығы мен «Тарлан» мұз аренасы қызметінің тиімділігін бағалау бойынша талдамалық ақпарат дайындау ұсынылды.
Әлеуметтік қызметтер порталының жұмысына қатысты мәселелер және мүмкіндігі шектеулі адамдарға сапасыз қызмет көрсетілуіне қатысты көптеген сұрақтар туындауына байланысты «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің мүгедек адамдарға арналған қызметтерді жақсарту жөніндегі өтініштері қаралды.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мен қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ұсынған мүгедек адамдардың саны туралы статистикалық деректердегі елеулі айырмашылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдау; мүгедек балаларды және бірінші топтағы мүгедектерді алып жүретін адамдарға мүгедек адамдардың диагнозын ескере отырып, өз қалауы бойынша көлік шығыстарына, тамақтануына немесе тұруына 35 АЕК-тен аспайтын мөлшердегі қаражатты пайдалануға қатысты нормаға өзгеріс енгізу туралы шешім жобасын мәслихатқа енгізу; IKomek 109 орталығына келіп түскен өтініштер бойынша шаралар қабылдау; инватакси қызметтерін жақсарту жөніндегі мәселені ерекше бақылауға алу; Тексеру комиссиясына сыртқы мемлекеттік аудит шеңберінде және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері баяндаған фактілер бойынша мемлекеттік сатып алу туралы заңнама талаптарының сақталуына бақылау жүргізу ұсынылды.
Тұрақты комиссияның «Техникалық және кәсіптік білім беру түлектерін дуалды оқытуды іске асыру және дамыту және жұмысқа орналастыру туралы» отырысының қорытындысы бойынша тұрақты комиссия Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне дуалды оқыту шеңберінде тәлімгерлерге қойылатын біліктілік талаптарын бекітуді, өңірлік кәсіпкерлер палатасының, барлық мүдделі тараптардың ұжымдық жауапкершілігін дамыту жөніндегі салалық қауымдастықтардың жұмысын жандандыруды, жұмыс беруші мен білім алушы үшін ынталандыру шараларын әзірлеуді ұсынды.
Отырыс барысында депутаттар дуалды оқыту үшін тәлімгерлер дайындауда Білім беруді жаңғырту орталығының қатысуының төмен деңгейін атап өтті. Сонымен қатар, аталған орталықтың жұмысында елеулі жүйелі проблемалар анықталды.
Сондай-ақ депутаттар еңбек нарығының нақты сұраныстары мен экономиканың перспективалық бағыттарының даму үрдістерін ескере отырып, жұмысшылар мен мамандарға деген қажеттілік болжамын есептеу әдістемесін әзірлеуді, елорданың жетекші компанияларындағы кадрларға деген қажеттілікті зерделеуді, дуалды оқыту саласындағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша орталық атқарушы органдарға ұсыныстар енгізуді ұсынды.
Мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруді дамыту мәселелері уәкілетті орган тарапынан мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қызметін тұрақты бақылауды және бағалауды талап етеді. Алайда Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің тексерулері барысында мектепалды даярлық сыныптары бар, бірақ қызметінің басталғаны туралы хабарламаған 34 мектеп анықталды. Сонымен қатар, осы мектептердің жарғыларында мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру бағдарламасының іске асырылуы көрсетілмеген. Педагогтардың 32,6%-ында арнайы білім жоқ. Ата-аналардың Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіне, Полиция департаментіне және Прокуратураға жазған өтініштері бар. Орын алған проблемалық мәселелерге байланысты депутаттар мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстар беруді; қызметтің басталғаны туралы хабарлама бермеген адамдар мен ұйымдарды жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қабылдауды; INDIGO жүйесінің жұмыс істеу тәртібін талдауды және оның жұмысын жақсарту жөнінде ұсыныстар енгізуді, елорданың мектепке дейінгі мекемелерінің рейтингін енгізу үшін критерийлер әзірлеуді ұсынды.
Тұрақты комиссияның «Алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігін арттыру жөніндегі шаралар кешенін және «Үй жанындағы дәрігер» жобасын іске асыру туралы» отырысы барысында қалалық әкімдікке медицина қызметкерлері үшін профилакторийлер және олардың балалары үшін күндіз болу бөлмелерін құру мәселесін қарау, сондай-ақ елорданың медицина қызметкерлерінің жалақысына қосымша төлем мәселесін зерделеу ұсынылды.
Мәслихаттың үшінші кезекті сессиясы шеңберінде Нұр-Сұлтан қаласында отбасына тәрбиелеуге (асырап алуға, қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронатқа) берілген жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты қамтамасыз ету мәселесі қаралды.
Депутаттар интернат мекемелері тәрбиешілерінің төмен жалақысы, жетім балалардың тұрғын үймен және жұмыспен қамтамасыз етілмегендігі туралы проблемалық мәселелерді атап өтті. Жергілікті атқарушы органға жетім балаларды институционалдандыру, қамқоршыларға, патронат тәрбиешілерге, жетім балаларды асырап алушы отбасыларына ақшалай төлемдерді ұлғайту жөнінде бірқатар ұсынымдар берілді.
Мәслихаттың кезектен тыс бесінші сессиясында ҰОС ардагерлеріне, басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, басқа да тыл еңбеккерлеріне әлеуметтік көмекті ұлғайтуды, сондай-ақ жүріп-тұруы қиын 1-топтағы мүгедектерді және санаторий-курорттық емдеу қызметін алатын мүгедек балаларды алып жүретін адамдарға шығындарын өтеуді көздейтін шешім қабылданды.
«Коронавирустық инфекция кезеңінде мектептерде оқытуды ұйымдастыру мәселесі, проблемалары мен шешу жолдары бойынша» Депутат күні.
Депутаттар бірқатар ұсыныстар мен ескертулер айтып, уәкілетті орган, кейбір мектеп басшылары бюджеттен айтарлықтай қаржы бөлінгенімен, профилактикалық іс-шараларды өткізу бойынша тиісті түрде бақылау ұйымдастырмағанын атап өтті. Педагогтер арасында вакцинациялау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстары жеткіліксіз жүргізілуде.
«Педагог қызметкерлердің әлеуметтік мәртебесін арттыруды қамтамасыз ету туралы» көпшілік тыңдаулар.
Тұрақты комиссия әкімдікке еліміздің басқа өңірлерінің тәжірибесін ескере отырып, білім беру ұйымдарының әкімшілік және басқарушылық персоналының жалақысын арттыру жөнінде шаралар қабылдауды, оның ішінде салалық кәсіптік одақпен келісімдер жасай отырып, педагог қызметкерлердің әлеуметтік мәртебесін арттыру жөніндегі мәселені пысықтауды ұсынды.
Тұрақты комиссияның әрбір отырысына қала тұрғындары, отырыста қаралатын қызметтің қандай да бір саласының өкілдері шақырылады, депутаттар түрлі объектілерге шығуды жүзеге асырады. Сонымен қатар, отырыстарға дайындық кезінде тұрғындардың Ikomek бірыңғай байланыс орталығына келіп түскен өтініштері зерттеледі, бұл қоғамның шешуді талап ететін өзекті мәселелерін анықтауға мүмкіндік береді.
Мәселен, тұрақты комиссия мүшелері «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығында болды, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімділікті тексеру бойынша қоғамдық көлік және әлеуметтік нысандарға рейдтер жүргізілді, ескертулер жауапты органдарға, бизнес-құрылым өкілдеріне жолданды.
Тұрақты комиссияның мүшелері өздеріне бекітілген учаскелердің тұрғындарымен тығыз байланыста, оларға бағдарламалық құжаттарды, Мемлекет басшысының Жолдауларын түсіндіреді, келіп түскен өтініштерді қарайды, азаматтарды қабылдайды, округте өткізілетін барлық іс-шараларға қатысады.
Бекітілген учаскелерде орналасқан барлық ұйымдармен: мектептермен, емханалармен, әскери бөлімдермен, демалыс орталықтарымен, аула клубтарымен байланыс орнатылды, депутаттар оларға мүмкіндігінше демеушілік көмек көрсетеді.
Қорытындылай келе, қалалық мәслихат депутаттарына бірлескен жұмыс үшін алғыс айтқым келеді, барлығына денсаулық пен амандық тілеймін.
Назарларыңызға рақмет.