Нүктелі құрылыс, Бас жоспар мен Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасының сақталуы мәселелері бойынша көпшілік тыңдаулар
Қалалық мәслихатта Владислав Сергеевтің төрағалығымен «Нүктелі құрылыс проблемалары, Бас жоспар мен Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасының сақталуы туралы» мәселесі бойынша көпшілік тыңдаулар өтті.
Тыңдау жұмысына мәслихат депутаттары, мүдделі мемлекеттік органдар мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың өкілдері, сарапшылар, қоғамдық бірлестіктер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Алтынбек Ахметов баяндама жасады. Оның сөзінше, бұған дейін қалада 23 тығыз құрылыс салу фактісі анықталған. Бей-берекет құрылысқа жол бермеу мақсатында барлық қала құрылысы жобалары тұрғындардың пікірі ескеріле отырып қаралады және қоғамдық талқылау рәсімдерінен өтеді.
Бұдан бөлек, қала құрылысы құжаттамасын кешенді түрде қарауды көздейтін бірыңғай қала құрылысы сараптамасы тетігі енгізілді. Жаңа талаптарға сәйкес, егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары Бас жоспарға, құрылыс нормаларына, инженерлік, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту талаптарына, сондай-ақ аумақтарды тұрақты дамыту қағидаттарына сәйкестігі тұрғысынан жан-жақты сараптамадан өтеді.
Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Ғани Тәжиев астананың тұрғын үй құрылысы көлемі бойынша көшбасшылық позициясын сақтап отырғанын атап өтті. Бүгінгі таңда 1,5 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. 228 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, олардың қорытындысы бойынша анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берілді.
Рұқсат құжаттарынсыз құрылыс салу фактілеріне ерекше назар аударылуда. 2024-2025 жылдары осындай 40-қа жуық объект анықталды. Қазіргі уақытта құрылыс саласындағы мемлекеттік бақылау күшейтілді, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау шаралары қабылдануда. Осы жылдың шілде айынан бастап Құрылыс кодексінің тиісті рұқсат құжаттарынсыз құрылыс жүргізгені үшін жауапкершілікті қатаңдатуды көздейтін нормалары өз күшіне енеді.
Мәслихаттың құрылыс, экология, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Владислав Сергеев көппәтерлі тұрғын үй кешендерінің орнына әлеуметтік нысандар салынған Оңтүстік-Шығыс тұрғын үй алабын мысалға келтірді. Ол әрбір сайлау округі бойынша әлеуметтік нысандар, қоғамдық кеңістіктер, гүлзарлар және қалалық инфрақұрылымның басқа да элементтерін құру туралы ақпаратты ұсынуды тапсырды.
Талқылау барысында депутаттар әлеуметтік желілерде азаматтардан түскен көптеген өтініштерге байланысты жаңа әуежай құрылысына қатысты мәселелерді көтерді. Сондай-ақ, Нәжімеденов пен Қалдаяқов көшелерінің қиылысында тұрғын үй құрылысы жобасын жүзеге асырып жатқан «Инжу Инвест» құрылыс салушысының қызметі бойынша да өтініштер айтылды. Депутаттар барлық қажетті рұқсат құжаттарының бар-жоғын және жобаның жүзеге асырылу заңдылығын сұрастырды.
Сонымен қатар, депутаттар iKomek қызметінің деректеріне назар аударды, оған сәйкес 2025 жылы және 2026 жылдың екі тоқсанында құрылыс мәселелері бойынша азаматтардан айтарлықтай көп өтініш түскен. Осыған байланысты қоғамдық тыңдаулардың тиімділігі және тиісті округтердің депутаттарын қоғамдық талқылау процестеріне белсендірек тарту қажеттілігі туралы мәселе көтерілді.
Сондай-ақ, бақылаушы органдардың өкілеттіктерін кеңейту кадрлық әлеуетті нығайтумен қатар жүруі тиіс екендігі атап өтілді, себебі қызметкерлердің қазіргі саны барлық құрылыс нысандарын толыққанды бақылаумен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді.
Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы мәселелеріне бөлек назар аударылды. Азаматтардың көппәтерлі тұрғын үйлердің жанында автожанармай құю станцияларын орналастыру, контейнерлік алаңдардың жай-күйі, құрылысты жоспарлау кезінде аумақтардың желдетілуін және жел өрнегін ескеру қажеттілігі туралы өтініштері талқыланды. Сондай-ақ, су объектілерінің жанындағы су қорғау аймақтары мен белдеулерінің сақталу мәселелері көтерілді. Осы бағыт бойынша комиссияның жеке отырысын өткізу ұсынылды.
Көпшілік тыңдаулардың қорытындысы бойынша көтерілген мәселелердің басым бөлігі уәкілетті мемлекеттік органдармен, депутаттық корпуспен және қала тұрғындарымен өзара іс-қимыл жасай отырып пысықталып жатқаны атап өтілді. Қатысушылар қалалық ортаның жайлы әрі орнықты дамуын қамтамасыз ету мақсатында, қоғамның қатысу тетіктерін одан әрі жетілдіру және қала құрылысы заңнамасының сақталуына бақылауды күшейту қажеттігін баса айтты.