ТКШ саласындағы жобаларды іске асыру мәселесі бойынша көпшілік тыңдаулар
14.09.2023
Астана қаласы мәслихатының депутаттары Владислав Сергеевтің төрағалығымен «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жобаларды іске асыру. Ескі тұрғын үйлерді бұзу, жалға берілетін тұрғын үй. Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту» мәселесі бойынша жария тыңдаулар өткізді.
Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әнуар Саипов сөз сөйлеп, тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Мысалы, 2023 жылы 5993 пәтер бөлу жоспарлануда. Апатты үйлердің тұрғындарын көшіру мәселесіне қатысты, спикердің айтуынша, жоспар жылдар бойынша бөлінген. 2023 жылға 4 үйдің тұрғындарын көшіру жоспарланып, олардың екеуі бойынша процесс аяқталды, қалған екі үйдің тұрғындары жыл соңына дейін көшіріледі. Сондай-ақ, басқарма басшысы елорданы қайта жаңарту бағдарламасы бойынша жеке қаулы дайындау тапсырылғанын атап өтті. Тұрғын үйді жаңғырту мәселесі бойынша Саипов заңнамадағы өзгерістерге байланысты басқарма жобалық ұйымды анықтауға және жергілікті бюджет қаражаты есебінен кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеудің ЖСҚ дайындауға мемлекеттік сатып алу порталы арқылы конкурс өткізетінін хабарлады. Ол депутаттардан қолданыстағы тұрғын үй заңнамасына өзгерістер енгізу мәселесін қолдауды сұрады.
«Өркен қала» ЖШС-нің директоры Рамазан Әсіп ағымдағы жылғы істердің жай-күйі туралы хабардар етті. 26 КПТҮ (шатыр, жертөле, инженерлік желілер) күрделі жөндеу және 29 бірлік лифтіні ауыстыру жүргізілуде. 2024 жылға 6 КПТҮ және 16 лифт бойынша ЖСҚ әзірлеу жоспарланған.
Депутат Азамат Айтхожин Қошқарбаев көшесі, 80/1 мекенжайындағы үйді жекешелендіру мәселесін көтерді. Үйдің тұрғындары үйге ортақ техникалық паспорттың жоқтығына, жертөле үй-жайларының заңсыз сатылуына қатысты бірнеше рет жүгінген. Депутат тұрғындармен жиналыс өткізіп, барлық мәселелерді талқылап, үйлеріне қатысты проблемалар қалай және қандай ретпен шешілетіні туралы баяндауды ұсынды.
Отырыс модераторы Владислав Сергеев тұрғын үй басқармасы қасбеттермен жұмысты бастағанын атап өтті. Осыған байланысты ол үйлердің қасбеттерін ауыстыру кезегін, минималды тарифтер мәселесін айқындау үшін (нақты соманы анықтау керек) жұмыс тобын құруды ұсынды. Сондай-ақ, Сергеев Қоғамдық кеңес мүшелерімен тарифті қайта қарау мәселесі бойынша отырыс өткізуді ұсынды, онда осы мәселе бойынша толық ақпарат беру қажет.
Депутат Сәуле Самидин басқарма басшысына лифттерді ауыстыруға өтінім беру алгоритмі бойынша ақпарат дайындауды ұсынды, өйткені көптеген МИБ төрағалары өтінім беру тәртібін білмейді. Сонымен қатар, ол келісімшартта лифтке қызмет көрсету кепілдіктерін ескеруді сұрады.
Депутат Қанат Естек Фаворит ТК маңындағы үйлердің тұрғындарынан көптеп келіп түскен шағымдарға байланысты сөз қозғады. Соңғы жаңбырлар кезінде көптеген пәтерлерде шатырдан су аққан. Депутат осы азаматтардың тұрғылықты жерінде жиналыс өткізіп, олардың барлық сұрақтарына жауап беруді ұсынды.
Депутат Мәдина Әжікенова «Багыстан» ТК-нін тапсыру мерзімдері және бөлінген пәтерлер саны туралы сұрақ қойды.
Депутат Кендебай Адамбеков қайта жаңарту жоспарына қатысты, оны іске асыру қандай сатыда екендігі туралы сұрақтар қойды. Жоспар 2029 жылға дейін орындала ма және ақша қаражаттары қандай бюджеттен бөлініп жатыр.
Депутат Бекзат Жолжақсынов «Өркен қала» директорын отандық өндірушілерді қолдауға шақырды, өйткені қазіргі уақытта қытай өндірісінің лифттері сатып алынып жатқаны белгілі.
Отырыс төрағасы әріптесінің отандық өндірушілерді жаңғырту бағдарламасын іске асыруға тарту туралы ұсынысын қолдады.
Мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов ТКШ мәселелері өте маңызды екенін атап өтті, өйткені ол қаланың көптеген тұрғындарына қатысты мәселе. Мемлекеттік органдар үлкен жұмыс жасады, бірақ қасбеттер бойынша бірқатар ұсыныстар бар. Аудан әкімдіктерінде декоративті жарықтандыру бағдарламасы бар, Каналимов оны қасбеттерді ауыстырумен біріктірудің орындылығын қарастыруды ұсынды. Өткен жылдан бері Шаңырақ ТК бойынша шағымдар көп түсуде, лифттер жұмыс істемейді, көптеген пәтерлер жалға берілген, үйдің абаттандырылуы да нашар жағдайда. Қалада иесіз үйлер, аз пәтерлі, шағын отбасылық үйлер бар, оларда МИБ-гін құру мүмкін емес. Мәслихат төрағасы осы үйлер бойынша шешім қабылдау қажеттігін айтты, тұрғын үй басқармасы бұл үйлердің болашағы туралы ұсыныстар енгізуі тиіс. Жария тыңдаулар қарсаңында IKomek 109 ағымдағы жылдың 8 айында сумен және электрмен жабдықтау бойынша келіп түскен өтініштерге талдау жасады, ең көп шағымдар саны қала аудандары бойынша. Сумен және электрмен жабдықтау мәселелері бойынша кейбір үйлердің тұрғындарынан 8 айда бір үйден 400-470 шағым түскені белгілі болды. Сондықтан Каналимов қыстың басына дейін тұрғындарынан шағым түскен үйлердің дайындық паспорттарын тексеруді ұсынды.
МИБ қалалық орталығының басшысы Гүлвира Әбетова басқарма мен «Өркен қала» ЖШС-нің жаңғырту бағдарламасы бойынша қызметіне қатысты сын айтты. Оның пікірінше, құжаттаманы дайындау рәсімі тым ұзақ - заңнамаға мерзімдер бойынша өзгерістер енгізу уақыты келді.
«Степной-2» ТК МИБ төрағасы Ерлан Қарбаев «Өркен қала» ЖШС жұмысы үшін алғысын білдірді, бірақ кемшіліктер бар екенін де атап өтті: техникалық қабаттарды ПИК алып, тұрғын үйлер ретінде сатып жіберген. Сондай-ақ, соңғы уақытта «Управ.дом» қосымшасы ұсынылуда, алайда барлығы тегін еGov порталымен жұмыс істеуге дағдыланған. Қоғамдық кеңестің құрамында МИБ-дің бірде-бір төрағасы жоқ, ал күн тәртібінде ТКШ проблемаларына қатысты мәселелер жиі көтеріледі. «Астанаэнергосбыт» қызметіне үлкен наразылықтар бар, ол ең төменгі сомамен болса да, жазда да жылыту ақысын есептейді. МИБ төрағасы пікір алмасу үшін барлық аудандардың МИБ төрағаларын жинап, отырыс өткізуді сұрады.
Владислав Сергеев барлық мүдделі органдар мен ұйымдардың кездесуі үшін ортақ платформа құруды ұсынды.
Мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов қазан айының басында 35-40 проблемалық көппәтерлі тұрғын үй кешендерінің мәселелерін дөңгелек үстел барысында талқылау туралы ұсыныс айтты, оған МИБ, ПИК, ТЖ және басқа да мүдделі ұйымдардың өкілдерін шақыру қажет. Әр үйде шамамен 45 мәселе бар, оларды бірлесіп шешуге болады. Аумақтық округтердің депутаттары да қосылатын болады.
Отырыс төрағасы Владислав Сергеев Facebook-ке келіп түскен сұрақтарға тұрғын үй басқармасына жазбаша түрде жауап жолдауды ұсынды.